ӘОЖ:372.8:3.Ж-11
Жананова Ализа Мухаметхалиевна
Шымкент,
Қазақстан
«Тәртібі қиын оқушыларды
адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеу»
Резюме
В этой статье рассматриваются воспитание гуманности
у трудных учащихся
Resume
The bringing up the children in the
spirit of humanist in considered in this
article
Өсіп келе жатқан баланың
бойында түрлі қасиеттер пайда болатындығы мәлім.
Мектепте жұмыс істейтін педагогтар, тәрбиешілер балаларды
оқытып-тәрбиелеу барысында, сабақтан көп қалатын,
тәртібі нашар, білім деңгейі төмен, тіл табыса алмайтын,
ашуланшақ, бұзақылық жасайтын балаларды жиі кездестіреді.
Психолог мамандар мұндай оқушыларды «Қиын балалар»,
«Мінез-құлқында ауытқуы бар оқушылар» деген
атаумен 0иын балалар қатарына жатқызады. Қиын бала деген кім?
Қиын баланың пайда болуына не немесе кім ықпал етеді? деген
сұрақтар заңды түрде туындайды. Қиын балалар
және мінез-құлықтағы қиындық
ұғымы 1920-1930 жылдары П.Блонскийдің еңбектерінде
пайда бола бастады. Оның зерттеулерінде қиын балалардың
мінез-құлық тарихын мектеп, отбасы арқылы ашып
көрсетеді. Ол қиын балаларға мұғалімнің қатынасы
арқылы қиын оқушы терминін нақтылауды ұсынды.
Бұл балаларға былайша мінездеме береді: обьективті
көзқараспен қарағанда қиын оқушы - мынадай,
ол мұғалімнің жұмысының жемісті еместігіне
байланысты. Субьективті көзқараспен қарағанда
қиын оқушы - мынадай, онымен мұғалімге жұмыс
істеу өте қиын, мұғалімнен көп жұмыс
істеуді талап ететін оқушы.
Қазіргі кездегі жас ата-аналар
өсіп келе жатқан баласын аса тым еркелетіп өсіріп жатыр деген
ұғым жаңсақ пікір емес. Аса тым артық
мадақтау мен шектен тыс мәпелеуде өскен бала ешқандай
күш жұмсамай-ақ көзге түскісі келеді. Егер
мұғалім ескерту айтатын жағдайда жылай салатын әлсіз,
өздігінен еш нәрсеге қол жеткізе алмайтын, бала әлі де
өз «мені» қалыптаспаған бала санатына жатады. Сондықтан
«Қиын бала қайдан пайда болды?» - деген сұраққа
жауап бермес бұрын жалпы, отбасы беріктігі, ерлі-зайыптылар
арасындағы қарым-қатынас, ата-ана мен бала арасындағы
қарым-қатынастың түп-төркініне
үңілген абзал. Ең алдымен, балалардың
мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда
болу себебі, біріншіден, отбасы тәрбиесі десек, екіншіден, мектептегі
оқу-тәрбие жұмысындағы кемшіліктер болып табылады.
Бала мектепке келген кезден бастап
оқушы - мұғалім және оқушы-оқушы арасында
қарым-қатынас қалыптаса бастайды. Бұндай
қарым-қатынасты орындау оқушыға бастапқы кезде
аса қиын соғады. Жалпы мектептегі мұғалімнің
барлық балаларға қойылатын талаптары да
көзқарастары да бірдей болуы керек. Зерттеуші Д.Б. Элькониннің айтуынша, баланың дамуы
кезінде оқу процесінің алатын орны ерекше. Бала мектепке келгенде
оның ойында оқуға деген қызығушылық
әлі толық қалыптаспаған, тек оқу барысында
мұғалімнің ықпалымен қызығушылғы
біртіндеп қалыптасады дейді. Мұғалімге психологиялық
білім өзіне-өзі белгілі талап қоя білу үшін де
және оқушыларға білу, білім беру және тәрбиелеу
үшін де қажетті өзіндегі жеке адамдық қасиеттерді
дамытуға да керек. Ал оқушының оқуға қызығушылығын
тудыру мұғалімнің педагогикалық шеберлігі мен
қабілетіне байланысты. Бұл негіз ең біріншіден
педагогтың жеке қасиетіне, қабілетіне, оқушымен
қарым-қатынасына, олардың әрекеттерін дұрыс
ұйымдастыруына қарай құрылады. «Бала білімінің
бастапқы іргетасы бастауышта қаланатыны бәріне белгілі.
Бастауыш сыныпта сабақтың бір элементтерін түсінбеуі
оқуда қиындық тудырады, ал оқу бағдарламасы
сыныптан сыныпқа ауысқан сайын күрделене береді, бұл
баланың оқу үлгерімі нашарлап, сабақтан қашу,
сабаққа келмеу және т.б. әрекеттері арқылы
көріне бастайды» [1].
Бірқатар
қазақстандық педагог зерттеушілер А.Жұмабаев,
К.Жүкенова, А.Карабаева, Л.К.Керимов және т.б өздерінің
зерттеу еңбектерінде қиын балалардың
қиқарлық сияқты жағымсыз
қасиеттерінің қалыптасуына әлеуметтік-педагогикалық
факторлардың әсер ететіндігін айтқан. Қазіргі кезде
мектепте бала өрескел қылық жасаса, тәртіпсіздік
көрсетсе кінәні ата-аналар мұғалімдер не
тәрбиешінің тәрбиесі деп санайды. Қоғамда болып
жатқан өзгерістерге байланысты, балаларды заманымызға сай
етіп оқытып-тәрбиелеу үшін педагогтарға кәсіби
және жеке тұлғасына талаптар қойылады (жоғары
білімді, іздемпаз, жаңашыл, креативті және т.б. Педагогтың жұмысы
табысты болуы үшін әрбір баланың психологиясын жақсы
білуі тиіс.
Егер де бала мұғалімнің
тілін алмай жатса, бұл қиын бала деген жаңсақ пікір
қалыптасып, психологтың кабинетіне баруды нұсқайды.
Бірақта бұл жағдайда бала мүлдем қиын бала емес
шығар, мәселенің түп тамыры педагогтың
өзінің жеке басына қатысты болуы мүмкін, яғни,
педагогтың оқушылардың психологиясы туралы
ақпараттардың таяздығынан оқушылармен жұмыс
істеуде біршама қиындықтарға кезігеді. Ол үшін педагог,
психологпен бірлескен іс-әрекетте жұмыстар атқарып,
педагогтың психологиялық білімін жетілдіруі тиіс. Жоғарыда
ғалымдардың зерттеулерінде айтылып кеткендей, қиын
баланың пайда болуын отбасы және мектеп тәрбиесімен де
байланыстырады. Сондықтан қоғам, мектеп және отбасы
үйлесіп, бірігіп жұмыс істегенде ғана атқарылып
жатқан жұмыс тиімді болады. Демек, баланың жан-жақты
дамыған, еліміздің көк байрағын биікке көтеретін
дарынды тұлға етіп тәрбиелеу отбасынан, мектеп
табалдырығын аттағаннан кейін басталады және ол
баршаның, көпшіліктің ісі. Тәртібі қиын
оқушыларды тәрбиелеуде адамгершілік мәселесі бірінші орында
тұрады, ол заңды да. Себебі, барлық мейірім мен шапағат
адамгершіліктен, ананың ақ сүтінен, күннің
шуағынан тарайды. Адам баласының тарихында болашақ жеткіншек
пен жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің
педагогикалық-психологиялық негіздері ерте заманнан-ақ
ойшылдар, ғұлама ғалымдардың назарында болған. Ол
тарихтан мәлім. Сол атақты ғұламалардың
жазған еңбектері, яғни құнды дүниелері
ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып,
бүгінде бізге жетіп отыр. Отырардың перзенті, әлемге мейірім
мен ізгілік дәнін себуші ғұлама ұстаз әл-Фараби
өзінің шығармаларында адам баласын
жақсылыққа, адамгершілікке баулу мәселесін
кеңінен үгіттеп, насихаттаған. Ғалымның айтуынша,
«Жақсы мінез-құлық пен
ақыл-күші бұлар адамшылық қасиеттер болып
табылады. Егер осы екеуі бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және
өз әрекеттерімізден абзалдық пен кемелдікті табамыз
және осы екеуінің арқасында біз ізгі игілікті және
қайырымды адам боламыз, біздің өмір бейнеміз қайырымды,
ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады» - деп
мәлімдейді [2].
Адамгершілік атты құнды қасиетті ойшыл ұстаз Ж.Баласағұн өзінің
атақты «Құтты білік» дастанында адамгершілік тәрбиесін
адамның бойында кісілік, парасаттылық, имандылық, тектілік
және ізгілік қасиеттердің толық қалыптасуымен
бағамдайды. Оның «Адамшылық жаса адамға адам бол, Адам атын мақтаныш
қып адал бол» деген
ой-пікірлері ғұлама ғалым, шығыстың екінші
ұстазы атанған әл-Фараби идеяларымен ұштасып жатыр [3].
Адамгершілік сынды асыл қасиеттер туралы тың пікірлер
алғаш рет қазақ даласында алғаш мектеп ашып,
қазақ хрестоматиясын жазған ұстаз-педагог Ыбырай
Алтынсарин, ақын Абай Құнанбаев, қазақ
әліпбиінің негізін қалаушы, көрнекті тіл майталманы
Ахмет Байтұрсынұлы, қазақ топырағында алғаш
рет педагогика, психология пәндерiнiң негізінің
қалануына сара жол салған Мағжан Жұмабаев шығармашылығынан да кеңінен
кездестіреміз. Ұстаз-оқытушы
Ы.Алтынсарин өзінің педагогикалық
көзқарасында
тәлiм-тәрбиенiң деңгейi гуманистiк
көзқарас, яғни шәкiртке жылы жүректi болу,
мұғалiм мен оқушы арасындағы ынтымақтастық
ұстанымдары кеңінен көрініс тапқан. Ол
өзінің еңбегiнде: «Мен балаларды жазалауды сүйетiн
қатал адам емеспiн. Бiрақ тентек етiп өсiрсең,
балалардың адамгершiлiк қасиетiн бұзып аласың» деп
жазған [4].
Ұлы ойшыл, ақын Абай адамның өсiп жетiлуiндегi
тәрбиенiң рөлiне айрықша тоқталған.
Айрықша тоқтала келе, адам баласы бiр-бiрiнен ақыл, ғылым, ар-мiнез
арқылы озады, одан басқа жолмен озамын демектiң бәрi -
ақымақтық дей келе, адамды тәрбиелеудегi
қоғамдық ортаның рөлiнiң ерекшелiгiн
даралап, айқындап көрсетіп берген. Адамның жақсы, жаман
болуы, ақылды, ақылсыз болуы генетикалық негiзге байланысты,
ақсүйек тұқымынан шыққандар ақылды,
алғыр болады дейтiн теріс көзқарасқа
қарама-қарсы Абай Құнанбайұлы адам мiнезiнiң қалыптасуы
тәрбиеге байланысты екенiн дәлелдедi» [5].
Тәлiм-тәрбие ғылымына теориялық
тұрғыдан алғаш қалам тербеген тұлға
Мағжан Жұмабаевтың пiкiрiнше, тәрбие саласы
тұтасымен дене, жан, ақыл
тәрбиесi, сұлулық пен әдеп-құлық
тәрбиесi деп бөлінетіндігін айтқан. «Егер де адам
баласына осы төрт тәрбие тегiс берiлсе, оның тәрбиесi
түгел болғаны. Егер де ол ыстық, суық, аштық,
жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын
көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу
ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу
сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат
алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп,
жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты
болса, міне осылай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие
алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын дейтін ата-ана осы
төрт тәрбиені дұрыс орындасын...». «Тәрбиеден мақсұт - баланы
тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес,
келешек өз заманына лайық қылып шығару» деген пікірді
белгілі жазушы М.Жұмабаев айтқан. Кез келген адамзат
қоғамы бұрынғы ата-бабасының ақыл-ойы, тәрбиелiк
тәжiрибесiн мейлінше сарқып, пайдаланып, қажетіне жаратып
келеді.
Қиын балаларды тәрбиелеу мәселесі ХХ ғасырдың
соңынан бастап, күні бүгінгі дейін педагогтардың,
психологтардың және заңгерлердің зерттеулеріне
арқау болып, ғылыми зерттеу мен тұжырымдаудың әр
қырынан қарастырылуды. Сондықтан мұндай
оқушыларға қолайлы жағдай туғызып, тиімді
тәрбие әдістерін қолдану арқылы оқуға,
өзінің айналасындағыларға қатынасын
өзгертіп, тәртібін жақсартуға әбден болады.
Әрине, ол тәжірибелі, білікті, білімді
ұстаз-оқытушыға байланысты. Бала
тәрбиесі қашанда да жауапты іс. Қазақ халқы
қашаннан бала тәрбиесіне бей-жай қарамаған. Қиын
балаларды тәрбиелеу мәселесімен айналысқан
қазақстандық белгілі ғалым Л.Керімов психологиялық және
педагогикалық әдебиеттерге талдау жасай отырып, кәмелетке
жасы толмаған құқық тәртібін
бұзушылар, тәртібі нашар оқушылар, «қиын» балаларды
атайды. Біріншісіне кәмелетке жасы толмаған
құқық тәртібін бұзатындар небір
жағымсыз жағдайларға байланысты дау-жанжал шығаратын,
арақ-шарап ішіп, жеке меншік пен қоғамдық
мүліктерге қол сұғатындарды жатқызады.
Олардың мінез-құлықтарында,
жүріс-тұрыстарында жалқаулық, қатыгездік,
бастаған ісін аяғына дейін атқармау, әртүрлі
ұрлықтар жасау, т.б. қылықтар кездесіп отырады.
Педагогикалық тәртібі нашар балаларға айналасымен
қарым-қатынастарда жағымсыз қылықтар мен
әдет-дағдылар көрсеткенімен, мұндай ерекшеліктер
мінез-құлықтарында тиянақты
қалыптаспағандар жатады. «Қиын» балалар қатарына
психикалық дамуы уақытша баяулаған, тез ашуланшақ,
уайымшыл, өзін төмен санайтын, мінез-құлқында
психопатиялық формалар кездесетін, дәрі-дәрмек беру
арқылы қозу күйін тежейтін балаларды жатқызады [6].
Сонымен қатар Л.Керімов қиын оқушылардың
адамгершілік сапаларының төмендеуіне отбасы тәрбиесінде
кеткен қателіктермен қатар, мұғалім мен олардың
арасындағы қарым-қатынастар жүйесіндегі кемшіліктерді
де бөліп көрсетеді:
1. Мораль белгілері мен заң ережелерін ұстамауға
бейімділігі бар оқушыларды
алдын-ала айқындай алмау. Мұғалімдердің
кейбіреулері оқушының дара
ерекшеліктеріне, адамгершілік
тәрбиесі нормасынан ауытқу себептеріне көңіл
аудармаған. Мектеп ұжымы тәрбие жұмыстарын жоспарлы
қадағаламаған.
2. Қиын оқушылармен тіл табыса алмай, жеке психологиялық
ықпалдар жасай алмаудан барып, этикаға жатпайтын тәсілдерді,
атап айтқанда ұрысу, әрбір «қылықтарын»
талдауға алу, орынсыз жазалау, қандай да бір жөнсіз
«әрекеттер» болсын оны сол балаға жабу, кемсіту және т.б
қолданған. Дұрыс қолданылмаған шара жас
өспірімнің ыза-кегін туғызып, қарсылық
көрсетеді.
3. Кейбір педагогтардың кәсіптік деңгейлерінің
төмен болуы және психологиялық тұрғыдан
балалармен жұмыс жүргізуге дайындығының
жеткіліксіздігі, өз пәндерінен білімдерінің таяздығы,
тәрбие жұмыстарын өткізу мен ұйымдастыруда
әдістемелік шеберліктерінің төмен болуы себеп болған.
Олар қиын балалардың денсаулық жағдайынан хабардар
болмаған. Себебі, көптеген педагогтар жұқпалы
аурулардың түрлерін, олардың барысын білмейтіндігі
анықталды.
Қорыта келгенде, адамгершілік - адамның
рухани арқауы, оны тәртібі
қиын оқушылар
тәрбиесінде қалыптастыруда ғалым-педагогтардың,
қиын балаларды зерттеуші-ғалымдардың еңбектерін
пайдалана отырып, теориялық және практикалық
тұрғыдан бірлестікте жұмыс атқарудың маңызы
айрықша. Педагогтар, психологтар тәртібі қиын балаларды адамгершілікке тәрбиелеу әлеуметтік-педагогикалық
тұрғыдағы өткір мәселе екендігін түсіне
отырып, балалармен, олардың ата-аналарымен, қоғамдық
мекемелермен тығыз байланыста, тәрбие жұмыстарын
жүргізуі қажет. Мектеп, ата-ана, психолог триадасы қосыла
атқарған жұмыс оң нәтиже береді.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі:
1.Ахметжанова Н. Мінез-құлқы
қиын балалар. - Алматы, 2001. //Ұлағат № 1.
2.Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. - Алматы,
1973.
3.
Баласұғын Ж. «Құтты білік» дастаны. Ауд.А.Егеубаев. -
Алматы, 1986.
4.Алтынсарин Ы.
Таңдамалы шығармалары. - Алматы, 1994.
5
Құнанбаев А. Шығармалар жинағы. - Алматы, 1991.
6.Керімов Л.К.
«Қиын» оқушылар және оларды қайта тәрбиелеу мәселелері. - Алматы, 1991.