Педагогические науки/ 3.Методические основы воспитательного процесса
Асетова
Ж.Б., Тойчбай К
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті
Халық педагогикасы
құндылықтары - бастауыш сынып
оқушыларының шығармашылық қабілетін
дамытудың негізі
Қазақстан Республикасында білім беруді
дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында «Жалпы
білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік,
дене бітімі жəне
рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез
өзгеретін əлемде оның
табысты болуын
қамтамасыз ететін білім
алудағы қажеттілігін қанағаттандыру, еліміздің
экономикалық əл-ауқаты үшін бəсекеге
қабілетті адами капиталды дамыту», [1.Б.5] - міндеттері атап
көрсетілген. Бұл
міндеттерді жүзеге асыру үшін білім беруді дамыта,
тұлғалық-бағдарлы, іс-әрекеттік
тұрғыда жетілдіру қажет екенін бүгінгі заман талабына
сай білім парадигмалары айқындай түсуде. Ал іс-әрекеттік тұрғысынан негізгі компоненті
ретінде шығармашылық іс-әрекеті қалыптасқан
тұлға тәрбиелеуді негізгі қажеттілік деп есептейміз.
Халқымыздың
мәдени мұрасы ретiндегi халық педагогикасы
құндылықтары бастауыш сатыдағы бiлiм мазмұнында
алатын орны ерекше. Мұның өзi туған
халқының тәлiм-тәрбиесiн, салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын
қастерлейтiн жас ұрпақ тәрбиелеу жауапкершiлiгiн
қояды.
Халық педагогикасы
құндылықтары - асыл да мол мұра,
қымбат қазына. Ол талай - талай ғасыр жемісі.
Қоғамдық- әлеуметтік, экономикалық
өмірдің ілгерлеуіне адамның ой санасының өсуіне,
өзін қоршаған табиғаттың сырына терең
бойлауына байланысты этникалық тәрбиенің
құралдары мазмұны, формасы жағынан байып, дамып
отырған.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының негізгі
міндеттерінің бірі баланы интеллектуалдық және
шығармашылық қабілеттерін дамытуды міндеттесе, білім беру
жүйесі шығармашылықпен дамыған жеке тұлғаны
қалыптастыруды көздеп, Қазақстан Республикасының
дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетіп
дамыту концепциясы шығармашылық қабілетті дамытуға
бағытталған білім беру кеңістігін туғызуды талап етеді.
Соған сәйкес Қазақстан Республикасының білім
саласындағы нормативті-құқықтық құжаттары
адамның шығармашылығын дамытуды басым бағыттардың
бірі ретінде қарастырады.
Бастауыш сынып мұғалімі оқыту
үдерісінде оқушылардың шығармашылық
іс-әрекетін ұйымдастыру үшін, біріншіден, тұлғаның жеке қасиеттерін
ескере отырып, оқушы
тұлғасын сипаттай білуі қажет, екіншіден, өзі ұйымдастырған
шығармашылық әрекеттің оқушылардың
шығармашылық қабілетін дамыту үдерісі мен оның
нәтижесіне әсер ететін мынадай маңызды факторларын білуі
және ескеруі қажет:
· шығармашылық белсенділік және шығармашылық
іс-әрекетке сұраныс;
· оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту
шарттары;
· оқушылардың шығармашылық қабілетін
ынталандыру көздері;
· оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту
әдістері;
· оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту
құралдары;
оқушылардың жас ерекшеліктері мен
қызығушылықтары.
Балалардың жас ерекшелігіне сай
тұлғасын қалыптастыруда халықтың
құнды мұраларының (ертегілер, жырлар, аңыздар,
жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар, мазақтамалар,
мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, этнографиялық,
мәдени-тұрмыстық, ұлттық салттар мен
дәстүрлері, рәсімдер, әдет-ғұрыптар,
халықтық ойындар мен мерекелер, әлеуметтік тағылымдар
мен тәжірбиелер, үлгі-өнегелер т.б.) педагогикалық
іштей ашылмаған баға жетпес мүмкіндіктері бар. Олар
біріншіден, оқушылардың білім, білік, дағдысын қалыптастырады;
екіншіден, логикалық ойлау қабілетін дамытып, ақыл-ой
ұшқырлығына, шапшаңдығына баулиды;
үшіншіден, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен
мағлұмат беріп, ата салт-дәстүріне аялы
көзқарасты қалыптастырады; төртіншіден, әрбір
оқушы осы ата дәстүрі мен әдет- ғұрпы
арқылы жалпыадамзаттық әлемге аяқ басып, өз
халқының игілігін басқа халықтарға жақын да
түсінікті ете алуға мүмкіндік алады; бесіншіден, оқушыда
ұлттық сананы, адамгершілік ізгі қасиеттерді,
отансүйгіштікті дамытуға жәрдемдеседі. Біздің пайымдауымызша,
бастауыш мектепте ұлттық салт-дәстүр мен
мәдениетті меңгерген мінез-құлық дағдылары
қалыптасқан, шығармашылық қабілеті дамыған
тұлғаны қалыптастыру үшін, оның рухани
байлығын жетілдіру үшін бастауыш мектептен бастап көңіл
бөлу керек. Себебі адам өсіп кеткен соң, оның бойына
ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіру, ұлттық
сана-сезімді, мәдениетті, тілді қалыптастыру өте қиын.
Ал, бастауыш мектеп шағында бала жарқын эмоционалды өте
күшті өмір сүреді. Бұл материалдарды бастауыш мектепте
оқытудың әртүрлі формаларында пайдаланудың
мәні зор.
Бастауыш мектеп пәндерін оқытуда
мазмұны қазақ халқының ұрпақ
тәрбиелеудегі өмір тәжірибесінен,
салт-дәстүрінен, шаруашылық жүргізу тәсілдерінен,
сондай-ақ ұлттың табиғи, экономикалық,
экологиялық ерекшеліктерімен көрініс бере отырып
оқытқан тиімді.
Мұның өзі халқымыздың асыл қазынасын
тиімді пайдалану, оның салт-дәстүрі мен мәдениетіне
құрметпен қарауға үйретуі сөзсіз.
Сонымен,
осы айтылғандарды негiзге ала отырып, халық педагогикасы
құндылықтары негізінде бастауыш сынып
оқушыларының шығармашылық іс-әрекетін тиімді ұйымдастыруға болады,
яғни бастауыш сыныптарда оқушылардың
шығармашылық қызығушылығы мен белсенділігі
артады, халықтың мұрасымен тереңiрек танысып,
олардың рухани қөзқарасы қалыптасады,
шығармашылық қабілеті дамиды.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың
2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. –
Астана, 2010. – 52 б.
2. Әмірова Ә.С. Бастауыш сынып оқушыларының
шығармашылық іс-әрекетін
қалыптастырудың теориясы мен практикасы: пед.ғыл.докт…дисс.автореф.
– Алматы, 2009. – 45 б.
3.
Дюсембінова Р.Қ. Қазақ
этнопедагогикасын мектептің оқу – тәрбие процесіне
ендірудің ғылыми педагогикалық негіздері. –
Пед.ғыл.докт. дисс.автореф.- Алматы, 2001. – 46 б.