ӘОЖ   2-754:35.073.537

Заманға сай маман дайындайтын орта арнаулы оқу орны

 

Бейсебаев Өмірзақ Махамбетұлы

М.Әуезов атындағы ОҚМУ 2 курс магистранты

Шымкент қаласы

 

Резюме

Мақалада 42  жылдан астам уақыт бойы автокөлік, жол шаруашылығы салаларына орта білімді мамандар дайындап келген Шымкент көлік,  коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің тарихы қарастырылған

 

КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде  он бес одақтық республикалар өз алдына тәуелсіз мемлекеттерге айналып, дамудың әр түрлі жолдарын іздестіре бастады. Өйткені тоталитарлы жоспарлы социалистік экономика  қоғамның барлық саласына өз көлеңкесін түсірген болатын. Сол себепті Қазақстан  жеке секторға басымдық берілген нарықтық экономиканы таңдады. Ал бұл жай ғана көшу емес еді, ол бір қоғамдық құрылым екіншісіне ауысқанда оның саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-рухани өмірін жаңа уақыт талабына сай бейімдеу объективтік қажеттіліктен туындаған  құбылыс  болатын. Сондықтан бұл мәселе ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1992 жылы жарық көрген «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты еңбегінде жан-жақты негізделіп тұжырымдалды.

М. Әуезовтың «адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін-білім» дегендей, қоғамды алға сүйрейтін білім мен ғылым саласының алатын орны ерекше. Сондықтан еліміз тәуелсіздік алысымен, халықаралық стандартқа және нарық қатынастарының талабына бейімделу үшін бұрынғы кәсіби-техникалық училищелер мен техникумдардың атқаратын қызметіне сай атаулары кәсіби лицейлер және колледждер деп өзгертілді. Екіншіден, олардың бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен орта білімді мамандарды дайындаудағы міндеттері айқындалды. Себебі, нарық жағдайында кәсіби оқудың сапасы мен құрылымы, болашағы жеке меншік иелеріне байланысты болатыны белгілі  [1].

Колледждерді мамандарды оқытуға лайықтап, өндіріспен тәжірибе алмасу барысын ұйымдастыру, оларды оқуға қажетті жабдықтарымен қамтамасыз ете отырып, осы оқу орындарына лайықты ұстаздар дайындау және оқушылардың үлгерімін, кәсіпті игерудегі икемділіктерін арттыру, бағалау жұмыстарын жүзеге асыру басты міндетке айналды. Сондықтан ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт» [2] деген болатын.

Қазір еліміз 2010-2020 жылдарға арналған жаңа экономикалық Бағдарламаны іске асыруға кірісті. Ол үшін кәсібі жоғары жұмысшылар мен орта буын мамандарын дайындау кезек күттірмейтін міндетке айналып отыр. Ондай мамандарсыз жаңа технологияны енгізу мүмкін емес.

Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша  68 колледж бар, оның  12-сі  мемлекеттік, 56 мемлекеттік емес колледждер. Осылардың ішінен 42 жылдық тарихы бар, өз жұмысын еңбек нарығы мен кәсіби білім беруді ұштастыра білген  Шымкент Көлік,  коммуникация және жаңа технологиялар колледжін  жеке зерттеу нысаны ретінде алып отырмыз. Оның да өзіндік себептері бар. 1971 жылдың 2 шілдесінде ҚССР жоғарғы және орта арнаулы министрлігінің № 751-ші бұйрығымен Шымкент қаласында Шымкент автомеханикалық техникумы атауымен ашылған бұл оқу орны 42  жылдан астам уақыт бойы автокөлік, жол шаруашылығы салаларына орта білімді мамандар дайындап келген іргелі оқу орны.

Колледж 1971 жылдан 1997 жылға дейін автокөлік және жол шаруашылығының  «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мен  «Автомобильдерді техникалық пайдалану», «Көтеру-транспорттық, құрылыстық жол машиналары және жабдықтарды пайдалану, техникалық күту және жөндеу» мамандықтарына орта буындағы білікті, кәсіби шыңдалған мамандар дайындаса, 1997 жылдан осы күнге дейін «Көтеру-транспорттық, құрылыстық жол машиналары және жабдықтарды пайдалану, техникалық күту және жөндеу»;  «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану»; «Тасымалдауды ұйымдастыру және теміржол көлігіндегі қозғалысты басқару»; «Тасымалдауды ұйымдастыру және автомобиль көлігіндегі қозғалысты басқару»; «Автомобиль жолдары мен аэродромдар салу және пайдалану»; «Вагондар мен жылжымалы рефрижераторлы құрамдарды жөндеу және техникалық күту»; «Темір жол көлігіндегі автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару»; «Мұнайгаз және май құю станцияларының жабдықтарын пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандықтарына білікті мамандар дайындауда.

Осы өткен 42 жыл ішінде колледж атауы бірнеше рет өзгерді:  1971 жылдың 2 шілдесінде ҚССР жоғарғы және орта арнаулы министрлігінің № 751-ші бұйрығымен Шымкент қаласында Шымкент автомеханикалық техникумы атауымен ашылса, ҚР Оқу министрлігінің 1995 жылғы 11 желтоқсандағы № 312 бұйрығымен Шымкент автомеханикалық техникумы Оңтүстік Қазақстан автомеханикалық колледжі, ҚР Үкіметінің 08.05.1997 жылғы № 814 қаулысы және ОҚО әкімінің 18.06.1997 жылғы № 14 шешімімен  Шымкент аграрлық-техникалық колледжі, ал ОҚО әкімінің 14.03.2003 жылғы № 120 қаулысымен Шымкент аграрлық-техникалық колледжі - Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі болып аталды.

Осы аралықта колледжді (техникумды) білікті, тәжірибесі мол басшылар басқарып, алдынғы қатарлы білім ордасына айналдырды. Атап айтатын болсақ, 1971-1972 жылдар аралығында И.К.Донских,  1972-1981 жылдарда С.М.Волочаев, 1981-1988 жылдарда А.А.Пшеничный, 1988-1997 жылдарда А.Т.Жолдыбаев,  1997-2009 жылдарда К.С.Сейтжанов,  2009 - 2012 жылдары К.Т.Тойшиев, ал 2012 жылдан  колледжді  Гүлзат Үкібайқызы Искакова  басқарады.

Қазіргі кезеңде колледжде 8 мамандық бойынша 2570-тен аса оқушылар білім алуда. Колледжде 4 ғылым кандидаты, 12 магистрлік біліктілік, 35 жоғары санатты, 17 бірінші санатты және 31 екінші санатты оқытушылар қызмет етеді.

Осы жылдар аралығында колледжде оқушыларға білім берумен қатар кәсіби білім беру оқытушыларының біліктілік деңгейінің сапалы қалыптасуына көп көңіл бөлінген. Соның нәтижесі автокөлік және жол құрылыс мамандықтарында С.Тишков, Қ.Сарғалдақов, М.Сырымбетов, С.Тілепбергенов, С.Мырзагелдиев, М.Елекеев, Б.Манкараева, теміржол мамандықтарында Я.Романенко, М.Огурките, А.Бейдалиева, А.Стамкулова, экономика пәндерінен О.Федоренко, Г.Окаева, жалпы білім беру пәндерінен Б.Жанова, Р.Ешимов, А.Пернеев, Ж.Рыстанбекова, Г.Есжанова, А.Омарова, Е.Бакбергенов, Г.Есенаманова сияқты кәсіби білім беру оқытушылары қызмет етеді.

Колледждің материалдық техникалық базасы оқу ғимараты, жатақхана, гараж кешені, оқу шеберханасы, спорт алаңшалары және автомобиль жүргізіп үйретуге арналған кіші алаңшалардан құралған. Колледждің оқу -материалдық базасын жақсарту және өндірістік кешенінің жаңа технологиялық құрал - жабдықтарымен жабдықталуы 2009 - 2010 оқу жылынан бастап жандана түсті[3].

Колледжде оқушылар негізгі мамандық алумен қатар, өз мамандықтарына сәйкес «В», «ВС» категориялы автомобиль жүргізушісі, автокөлік саласының слесары, жол машинасының машинисті және т.б. жұмысшы кәсіптерін игереді.

Мамандықтардың түрлеріне қарай өндірістік технологиялық, диплом алды практикалар кәсіпорындар  базаларында өткізіледі. Алайда, кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерінің, материалдық - техникалық базасының ескілігі, бүгінгі күн талабына сәйкес келмеуі, кәсіпорындардың жүйелі бір қалыпты жұмыс істемеуі және кейбір кәсіпорндардың жас мамандар дайындаудан сырт қалуы, өндірістік практика өткізуге келісім бермеуі салдарынан мамандарды сапалы дайындауда, оқытуды өндіріспен ұштастыруда шешімі қиын мәселелер де кездесіп отыр. Осы мәселелерді шешуге колледж облыстағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, әлеуметтік серіктестік қарым - қатынас туралы 20 кәсіпорынмен келісім-шарт түзген. Солардың ішінде жастар тәрбиесі мен білікті мамандар дайындауға жауапкершілікпен қарайтын «Корпорация Береке - А» ЖШС, «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ-ның Шымкент жол бөлімшесі, «Қазығұрт» станциясы, ҚР көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті, РММ «Қазақавтожол», «Оңтүстік Қазақстан жол зертханасы» кәсіпорындарда оқушылардың өндірістік - технологиялық машықтануларды өтуі, олардың мамандығына сәйкес кәсіби шыңдалуы, біліктілігінің артуы, нәтижесінде білікті сапалы білімді маман дайындауға үлкен көмегін тигізуде.

Осы бағытта колледжде «Әлеуметтік әріптестік - сапалы маман даярлаудың кепілі» тақырыбына әлеуметтік серіктестердің қатысуымен семинар өткізілді. Семинардың мақсаты - «Қазақстан Республикасында білім беру жүйесін дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыруда, бәсекеге қабілетті техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа моделін қалыптастыру.

Колледждің әлеуметтік серіктестері: «Казақавтожолдары», «Қалалық жол жөндеу шаруашылығы», «МАN Оңтүстік», «Арғымақ», «Көлік», коммуникация басқармасы, «Қазақ теміржолы» Шымкент бөлімшесі. Толық алғанда колледж қаладағы 23 кәсіпорынмен тығыз байланысты болған. Оларды көптеген білікті мамандары оқушылардың тәжірибе  жұмысын,  диплом жұмыстарын басқарған. Колледж түлектерінің 85 пайызы жыл сайын жұмысқа орналасып келеді, ал 12 пайызы жоғары оқу орындарына түскен. «Осының бірі, -   дейді   колледж   директорының   орынбасары   Қ.Сырғалдақов,   - колледждің әлеуметтік серіктестік қатынасты дұрыс ұйымдастырудың, дайындалып жатқан мамандардың кәсіби сапасының, біліктілігінің нәтижесі [4].

42 жылда техникалық мамандық иелерін дайындаудың ұясы, кәсіптік шеберханасы болған оқу орны бүгінгі күнге дейін 14 мыңнан аса білікті мамандар дайындады. Олар ел экономикасын  көтеруде  қажырлы еңбек етіп жүр.

Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің алыс және жақын шетелдік оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастығы жолға қойылған. Соның ішінде Германия мемлекетінің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесімен байланысы 2009 жылдан бастау алады. 2009 жылдың мамыр айында директордың орынбасары Елекеев Марс Атымтайұлы Германия мемлекетінің Маннгейм қаласында In Went қоғамының (интернационалдық даму және біліктілікті арттыруға жәрдемдесу қоғамының арасындағы ниет білдіру) ұйымдасырумен өткен «Орта арнайы оқу орындарын басқару және менеджмент» атты біліктілікті арттыру курсына қатысты. Бұл тәжірибе алмасудан кейін колледжде көптеген оңды өзгерістер орын алды. Айта кететін болсақ, «Автомобильді диагностикалаудың техникалық құралдары», «Электротехника және электроника негіздері» және т.б. бірнеше арнайы пән кабинеттері мен зертханалар қайта жабдықталып, соңғы үлгідегі зертханалық жабдықтармен қамтамассыз етілді.

2012 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жобасы аясында «Кәсіптік білім берудегі әріптестік» бағдарламасы бойынша Қазақстандағы кәсіптік-техникалық құрылыс және автомобиль көлігіне қызмет көрсету мамандықтары бойынша мамандар даярлайтын оқу орындарының басшыларына арналған Трир қаласындағы ұсталық палатаның және шаруашылықты ұйымдастырушылардың өткізген курсына колледж директоры Гүлзат Үкібайқызы Искакова қатысып, нәтижесінде, колледжде 1201000- «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу пайдалану» мамандығын оқытудың дуальді жүйесін енгізу бойынша өзара ынтымақтастық туралы 2012жылы 27 маусымда  №1854292 келісім-шарт түзілді. Бұл келісім-шартқа сәйкес, колледж оқытушылары жүйелі түрде Германияға барып өз біліктіліктерін арттыратын болады және заманауи талаптарға сәйкес келетін жабдықтар бөлініп, оқу практикасын сапалы ұйымдастыруға  арналған жұмыс орындары мен шеберханалардың саны арттырылып,  жабдықталады. Бұл келісім-шарт аясында немістер жағы құны 5 000 евроны құрайтын зертханалық жабдықтарды алып беруді өз міндеттеріне алды.

Колледж тарапынан дуальді оқыту жүйесін енгізуді жеделдету мақсатында гараж кешенінде «Техникалық қызмет көрсету бөлімшесі» ұйымдастырылып, ол жерге Германияның NussBaum фирмасының «Автомобильдерге техникалық қызмет көрсетудің желісі» орнатылып іске қосылды. Алдағы уақытта, бұл бөлімше базасында дуальді оқыту жүйесінің басты элементі теориялық және практикалық сабақтарды лезде-ауыспалы түрде өткізуге мүмкіндік береді.

Осы жылдар аралығында колледж кәсіби - техникалық білім беру саласында көптеген жетістіктерге жеткен, атап айтсақ, 2009 жылы 2 қарашада Облыстық Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Таңдаулы техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі» атты облыстық сырттай байқауында колледж бас жүлдеге, 2009 жылы 13 қарашада Астана қаласында Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнының үздігі» атты Республикалық конкурста колледж «Оқу орнын материалдық - техникалық базасын жаңартқаны үшін» номинациясы иегері,  2010 жылдың 11 наурызында Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтары федерациясының «Үздік ұйым, кәсіпорын» номинациясы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 2009 жылғы республикалық қоғамдық байқаудық жеңімпазы,  ал  жылдың ең үздік номинациялары иегерін іріктеу жөніндегі облыстық комиссияның шешімімен, 2009 жылы 30 желтоқсанда ОҚО - ның әкімі А.Мырзахметовтың атынан «Білім саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін» 2009 жылдың «Үздік колледжі» атанды.

Қорыта  айтқанда, колледж  өзінің 42 жылдық тарихында заман талабына сай   бәсекеге қабілетті 14 мыңнан аса орта кәсіби маман дайындаған  оңтүстік өңіріндегі бірден-бір орта арнаулы оқу орны болып табылады.

Әдебиеттер

1  Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы. – Алматы: РГЖИ «Дәуір», 1992. - 56 б.

2 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жылдарында. Қазақстан халқына Жолдауынан // Егемен Қазақстан.   – 2005.  – 16 мамыр.

3.http://zhuldyz.kz/?aid=799&iid=32&type=magazine

4.http://transkol.kz/about/halyk

 

 

.