Мусалимов Т.Қ - педагогика ғылымдарының докторы, профессор

жолдас Е -  магистрант

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Қазақстан, Астана

Кескіндеме пәнін оқытудағы компьютерлік технологияның мүмкіндіктері

 

Уақыт озған сайын ғылым да қарыштап дамып, адамның білім өресі мен интеллектуалдық мүмкіндіктері бұрын соңды болмаған белестерді бағындыруда. Кез келген елдің экономикасы мен әлеуметтік саладағы дамуы, қол жеткен табыстары оның ғылым мен білім беру жүйесіндегі жетістіктеріне тікелей қатысты екендігі бүгінгі күннің шындығы болып отыр. Бүгінде заманауй біліммен, ғылымның озық жетістіктерімен жан-жақты қаруланып қоймай, оны іс жүзінде қолданудың тетіктерін меңгеріп, рационалды ойлауды нақты тәжірибеде жүзеге асырудың жолдарын таба білген қоғам өзгеден озып тұр. Сол себепті бүгінде әлеуметтік қоғамның барлық саласына дендеп енген жаһан­дану дәуірінде әр егеменді ел әлемнің білім кеңістігінде өз орнын айқындап алуы керек.

 Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «... білім берудің тиімді жұмыс істейтін қазақстандық жүйесі қалыптасып, қазіргі әлемде Қазақстанның лайықты орын алуына мүмкіндік беретін оқыту мен кадрларды даярлаудың сапалық білім деңгейіне қол жеткізетін болады» делінген. Яғни, «жаңа» қоғамға «жаңа» адам керек. Мұндай адамды қалыптастыру – қазіргі заманғы білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет [1].

Біздің зерттеу жұмысымыздың басты мақсаты – «Кескіндеме» пәнін оқытуда инновациялық технологияларды кеңінен пайдалана отырып, оның тиімділігін арттыру, бәсекеге қабілетті, шығармашыл ойлай алатын тұлғаны қалыптастыру. Соның ішінде сурет өнерін заманауи негізде жаңғыртуда компьютерлік технологиясының алатын орны ерекше. «Компьютерлік технология» ХХ ғасырдың соңында, ғылым мен техниканың ерекше дамып, ғылыми-техникалық революцияның негізі қаланған кезеңде кең өріс ала бастады.

А.С.Махмудовтың пайымдауынша, компьютерлік технология кешенді ғылым мен инженерлік, немесе арнайы пәндерден тұрады, шығармашылықты, жобалауды, ойлап табуды, баға берудің, жасап шығаруды, компьютерленген жүйені функционалдау (іске қосу),  олардың әлеуметтік тәжірибедегі әсері мен қолдану аясының негізі болып табылады [2]. ЮНЕСКО-ның құжаттарында «компьютерлік технология» терминіне үлкен мағына берілген: ақпарат жинау, талдау мен өңдеу, оған қоса ақпаратты өңдеу құралдары, микропроцессорларды басқа да электрондық жүйелермен үйлестіре білу [3].

Компьютерлік технологияның тарихи даму жолына жасаған талдау, оның қолданылуы мен бағытталуына қарай күннен-күнге өркендеуіне байланысты жаңарып отырады. Мысалы, графикалық редакторлауға жаңа түс, материал немесе жаңаша бояулардың әдістері енгізілсе, бұның өзі үлкен жаңалық болып есептеледі.

Көркем-компьютерлік технология негізінен кескіндеме, сурет, сәндік-қолданбалы өнер, көркем және кітап графикасы, мүсін және т.б. графикалық пәндерге бағытталады. Әйтсе де, ол компьютерлік пәндерді толығымен ауыстыра алмайды. Өзіне тән «Adobe Photo Shop», «Adobe illustrator», «Corel Draw». «Fractal Design Painter», «3D Studio Max» және т.б. мүмкіндіктеріне қарай бағытталап жасалған арнайы бағдарламалармен шектеледі [2,6 б].

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін ақпараттандыру еліміздің даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі, себебі ХХІ ғасыр – білім беру жүйесін ақпараттандыру ғасыры. Орта білім беру жүйесіндегі информатика пәнінен алынған ақпараттық білімнің, ақпараттық орта мен адамның өзара қарым-қатынасын үйлесімді етудегі және жаңа ақпараттық қоғамда кәсіпкерлік қызметтің басты құрамды бөлігі болып табылатын ақпараттық бейнесін қалыптастырудағы алатын орнымен қамтамасыз етіледі. Бұл ақпараттық білімдер кескіндеменің негіздерін қалыптастыруға септігін тигізеді.

Жаңа компьютерлік технологияны күнделікті өмірде (киноиндустрия, компьютерлік моделдеу және кескіндеме, білім беру саласы, полиграфия, үш көлемдегі графика және анимация, сәулет, видео өндіріс, мультимедиа және т.б.) кең көлемде пайдалануға болатынын дәлелдейді.

Ғалымдардың пайымдауынша, соңғы жылдары «мәтіндік өркениеттен»«бейнелеу өркениетіне» ауысу байқалады. Мәселен, егер ғалым В.Паранджанов, И.Г.Песталоццийдің іліміне сүйене отырып, білім беру саласында бейнелеу жолымен білім беру кеңінен қанат жая бастады деп ескертсе, суретші П.Вайбел өнер мен жаңа компьютерлік технологиялардың арасындағы байланыс сонау Леонардо-да-Винчи заманында-ақ тамырын тереңге жайғанын, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында суретшілер мен компьютер мамандарының бірлесуі арқасында күш жиғанын айтады. Компьютер виртуалды шынайылықты көрсетумен шектелмей, оны трансформациялайтынын атап көрсетті. П.Вайбелдің сөзімен айтқанда: «Жаңа компьютерлік технологиялар суретшілер қабылдауына әсер еткені сонша, өнер саласы толығымен өзгерді. Адам баласының қабылдауы – технологиялық процестердің, компьютерді қолдану көп нәрсеге шындық тұрғыда қарау, ойлау және қиялдау – барлығы бірнеше мыңдаған жылдардағы эволюцияның өнімі». Бұл келтірілген деректемелерді компьютерлік технологиялардың өнер саласына қатысты бір қыры ғана деп қабылдауға болады. Ал жалпы адамның компьютерлік технологиямен жұмыс жасау техникасы жылдар бойы, қызықты өркендеу дәуірлері арқылы дамыды.

Ақпаратты тіркеу және сақтау әдісі де сонау тасқа белгі, ою, өсімдіктер мен папирустардың қабығына сурет салу кезеңінен бастама алады. Қазіргі заманда ақпарат тасушылардың міндетін қағаз, фотопленка, магниттік таспалар, магниттік дискілер, оптикалық дискілер, желілер атқарады, оларға ақпарат лазерлік сәулелердің көмегі арқылы жазылады және қолданыс табады.

Компьютерлік технологияның даму деңгейі, алдымен, түбегейлі жаңару мен жетілдіру тенденциясына апаратын ақпараттық және бағдарламалық құралдардың жағдайымен айқындалады. Ақпараттық-бағдарламалық сипаттама арқылы білім жүйесіндегі дидактикалық процесті дамыту бағытына септігін тигізіп отырады.

Компьютерлік технология құрамы үш бағытты қарастырады:

- жеке техниканы пайдалану арқылы ақпараттық жүйенің техникалық жағдайын қамтамасыз ету;

- ақпаратты бағдарламалық өңдеуден өткізу техникасы;

- негізгі ақпаратты белгіленген бағдарлама бойынша техникадан өңдеп шығару [2,69 б].

Астана қаласы Балалар көркемсурет мектебі (ЮНЕСКО – клубы)  III курс оқушыларына арналған  «Кескіндемедегі ауа переспективасы және түстік диаграмма» тақырыбын «3D Studio Max» бағдарламасы арқылы түстік  төртбұрыштарды  жыл мезгілдеріне  және  ауа переспективасына  арнап жасау арқылы түстік гамманы тану-білуге үйретуге болады.

3ds Max бағдарламасы төмендегідей функция атқарады:

- кез-келген керекті обьектінің моделін және сплайндік моделін құру;

- натюрморттарды визуалдау арқылы түс беру;

- берілген объектіні хромдау және олардың көлеңкесін шығару;

- лазерлік сәуле түсіру;

- фрагменттер мен кадрларды қозғалту арқылы анимациялау;

- динамикалық эффектілер көмегімен судың толқыны мен желдің бағыттарын жасау;

- адамның келбеті мен шаштарын «Hair and Fur» эффектісімен жүзеге асыруд, т.б. [2, 67-68 б].

Міне, сол себепті менде өзімнің диссетрациалық жұмысымда осы 3ds Max бағдарламасының күрделі тарауының бірі «Геометриялық сахна моделдерін құру» және «Үш өлшемді кеңістікті бейнелеу» бөлімдерін жоғары математикалық пәнімен байланыстыру мүмкіншілігі қарастырылған. Геометриялық фигураларды үшөлшемді түрде құрып олардың кескіндерін қалай етіп шығуын көруге болады.

Барлық өндірістік міндеттер, алдымен, функционалдық жүйе бөліктерімен біріктіріледі. Ал, функционалдық жүйе бөліктері басқарудағы міндеттермен және іс-әрекеттің түрлерімен белгіленеді. Жүйе бөліктері немесе міндеттері өндірістік, маркетингтік, қаржылық, есептік, кадрлық, шұғыл болып келеді.

Функционалдық міндеттерді атқаруда үш жүйе бөліктері қызмет атқарады:

- бағдарламамен қамтамасыз ету;

- ақпаратпен қамтамасыз ету;

- техникамен қамтамасыз ету [4].

Қорыта келе айтарымыз, ұлттық нақыштағы және этномәдени дизайнерлік өнерде компьютерлік технологияны пайдаланудың орны ерекше. Компьютерлік технология компьютерлік өңдеу базасындағы технологиялар оқу-тәрбие процесіне өзіндік ерекшелік енгізіп отыр.

Бейнелеу өнері, соның ішінде, ұлттық нақышта көркемдік білім мен тәрбие беруге дайындаудың басты мүмкіндігі осы мәселені шешуге арналған арнайы курс ұйымдастырудың педагогикалық жағдайларын іздестіруге жол ашады.

Тәуелсіз Қазақстан кескіндеме мәселелері бойынша арнайы курсты оқытудың негізгі міндеті Балалар көркемсурет мектебі (ЮНЕСКО – клубы)  оқушыларына қажетті өнертанымдық дайындық мазмұнымен, формасымен, әдіс-тәсілдерімен таныстыру, өнертанымдық білімді, дағдыларды оларға меңгертумен сипатталады.

 

Әдебиеттер:

 

1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. – Алматы, 2010.

2. Мухаметжанов Б.А. Мүсін және қыш материалдарынан бұйымдар жасаудың теориясы мен технологиясы: Оқу құралы. – Алматы, 2010. – 80 б. (4,5 б/т).

3. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі:Информатика және компьютерлік техника. – Алматы: Мектеп, ЖАҚ, 2002. – 456 бет. ISBN 5-7667-8284-5

4. Исаев С., Мұхамади А.Н., Ахметова О.С.Компьютерлік технология негіздері курсына арналған практикум: әдістемелік оқуқұралы. – Алматы: Абай атындағы АлМУ, 2000. - 235 б. - ISBN 9965-512-77-9.