Педагогические науки/5. Современные методы преподавания

 

 

Г. Альмурзина, Ф.Байбатанова

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Өскемен, Қазақстан

 

 

СТУДЕНТТІҢ  ӨЗДІК ЖҰМЫСЫН ТҰЛҒЫЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІН ДАМЫТУ НЕГІЗІНДЕ ҰЙЫМДАСТЫРУ  

 

 

   Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқып –үйрену мен үйретуде сапалы, әлемдік стандартқа сай білім беру ең алдымен оқыту үрдісін кредиттік жүйеде ұйымдастырумен байланысты.  «Кредиттік жүйемен оқытуда студенттің өз бетінше атқарар жұмысының көлемі - күрт өседі...» [1,5].  Осы жағдайда білімді орыс тілінде алушы студенттерге қазақ тілінде кәсіби қарым - қатынасты меңгерту барысында өздік оқу әрекетін қалыптастыру, олардың оқудағы өзбеттілігі сияқты тұлғалық қасиеттерін дамыту маңызды мәселе болып табылады.

  Қазақ тілін меңгертуде тіл үйренушілердің өзбетінше атқаратын әрекеті мәселесі зерттеушілердің назарынан тыс қалмаған. Тіл үйрету әдістемесінің теориясы мен тәжірибесінде өздік жұмысты (ӨЖ) ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері және лексика, грамматика, сөйлесім әрекеті түрлеріне байланысты тапсырмалар топтамасы, т.б. мәселелер қарастырылған.    Бірақ ғылыми-әдістемелік әдебиетке талдау жасағанда байқағанымыз, ескі жүйемен оқытуда тіл үйренушілердің өздік әрекеті мәселесі көбінде оқытушы тарапынан қатаң басқарумен жүргізілетін ӨЖ төңірегінде қарастырылған. Бұл ретте оқу үрдісінің құрылымына көп мән берілді де, оқыту субъектісі, тұлғының өзіне, аз назар аударылды.   Сондықтан оқушы оқу нәтижесіне жауапкерлік алмады: яғни, оның оқудығы өзбеттілік  сияқты тұлғалық қасиеттері дамымады. Осылайша, оқытушы студентке қаншалықты шеберлікпен  «сырттай әсер еткенімен» ол объект негізінде қала береді. Тіл үйренушіде мектеп кезеңінен диплом алғанға дейінгі уақытта тілді өздігінен оқудан гөрі, тілді біреу үйрету керек деген ұстаным қалыптасады. Оқушы есейген шағында да жоғары оқу орнында білім нәтижесіне оқытушы жауапты деген пікірде болады.

    Осылайша оқытудың ескі жүйесінде: 1) басты әрекет етуші тұлға оқытушы болды, сағаттың көбі міндетті дәрісханалық сағаттарға, ал өздік жұмысқа аз сағат бөлінді; 2) өзбетінше атқаратын оқу әрекеті жүйесіне көп мән берілмегендіктен, тіл үйренуші нәтижелі қатысымдық-танымдық әрекетке талпынбады; 4) тіл үйренуші оқыту нәтижесі мен үрдісіне жауапкершілікті алмады; 5) студенттердің білімді өздігінен зерттеу арқылы жаңа білімді ізденуіне бағытталған оқытудың белсенді әдістері толық қолданылмады. 80- жылдары ұсынылған жеке тұлғалық, ізгілік бағыттағы тұжырымдар толық мәнінде тәжірибеде іске аспады.

Кредиттік жүйе бойынша оқытуда да бакалаврлардың қазақ тілінен өзбетінше   жұмысы -  олардың тілдік білімін, біліктілігін, дағдыларын қалыптастыру формасы болып табылады. Бірақ бұрын қолданыста бар өзбетінше атқаратын жұмыс ұғымынан өзгеше.

    Жаңа талаптар шеңберінде өзбетінше әрекет мазмұнын ашу үшін зерттеушілер әлеуметтік тапсырысқа сараптама жасауға көп мән береді.      Орыс тілінде білім алушы бакалаврлардың қазақ тілін меңгерудегі өздік оқу әрекеті мәні, рөлі қазіргі жағдайдағы мемлекеттік тілден білім сапасына қойылатын талаптарға деген әлеуметтік тапсырысты саралаудан айқындалмақ.

   Білім беру жүйесіндегі дағдарыс жалпы адамзат дамуындағы жаңа жол, бағытты таңдаудағы дағдарыстармен астасып жатыр. Жаңа экономикалық өзгерістер, өмірдің қарқынды дамуы алынған білімнің тез ескі тартуына әкеледі. Сондықтан қоғам жаңа бағыттарға тез бейімделгіш, кәсіби және тұлғалық қасиетттері жаңа талаптарға сай белсенді мамандарды қажет етеді. Бүгінде қоғам ұлтаралық қарым-қатынастың жоғары мәдениетіне ие мамандарға зәру. Ал ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің аса маңызды құрамдас бөлігі – тіл жағынан дайындығы, сондай-ақ, қоғамның әртүрлі саласында, әсіресе кәсіптік салада мемлекеттік тілді қолдануға әзірлігі болып табылады. Техникалық жоғары орындарында қазақ тілін оқытуда басты міндет «қатасымдық құрал ретінде меңгерту» екені белгілі. Бірақ қазіргі таңда  «қатасымдық құрал ретінде меңгерту» ұғымы жаңа қырынан танылады. Қоғам сұранысына сәйкес тіл үйренушілерге тек пән көлемінде білім берумен шектелмей, оларды  әлеуметтік және шығармашылық тұрғыда дамуына жағдай жасау мақсаты тұр. Сондай-ақ тіл үйренушілер қазақша сөйлеуге үйреніп қана қоймай, өздігінен білім алу, алған білімін жетілдіру, білім нәтижесіне жауапкершілікті алу, серіктістікте жұмыс істей алу  іскерліктерін меңгеру қажет. Сонда маман жоғары оқу орнында алған білімге негіздеп, мемлекеттік тілден іскерліктерін үздіксіз өмір бойында жетілдіріп отыруға, іскерлік-кәсіптік аяда тілді ауызша және жазбаша түрінде кеңінен қолдануға қабілеттенеді. Осылайша өз білімінің, сонымен қатар өз өмірінің сапасын жақсартуға мүдделі бола алады.

  Осы айтылғандардан студенттің өздік жұмысын ұйымдастырудағы негізгі бағыт  – тіл үйренушінің білімге деген ізденушілігін, жауапкершілігін, оқудағы өзбеттілігін дамыту болып табылады.

  Біз оқу әрекетіндегі өзбеттілікті саналы түрде өз бетімен немесе өзгелермен серіктестікте оқу әрекетінің барлық кезеңдерінде өз қызметін басқара білуі, әр түрлі оқу жағдайларында өздігінен шешім жасап, тапсырмалардың орындалуы мен нәтижесіне жауапкершілікті алып, оқу, кәсіби-қатысымдық әрекет тәжірибесін кең көлемде қолдана білуі, шығармашылық сипаттағы оқу тапсырмасын орындай алу қабілеті, өздік жұмысты орындауда қажетті жеке тұлғалық қасиеттерді өз бойында дамытуы деп түсінеміз.

   Бакалаврлардың қазақ тілінде кәсіби қазақ тілін меңгерудегі өзбеттілік төмендегідей іскерліктерді қамтиды: 1) силлабуста көрсетілген мемлекеттік тілді үйрену мақсаттарын түсініп, саналы түрде қабылдай білу; 2) топтағы серіктестерімен біріге отырып оқытушының тіке басқаруынсыз шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды орындай білу; 3) өзінің  жетістіктерін, өзбетінше жұмысын атқарарда қолданған әдіс-тәсілдерін сыни тұрғыда бағалап, өзіне тиімді тәсілдерін іздестіре білу; 4) тіл үйренуде оқытушымен бірлесе жұмыс істей алу; 5) өзбетінше орындалған тапсырмаларына өзі бақылау жасай білу; 6) өз оқуының сапасына жауакершілікті өзі ала білу; 7) өзін-өзі тәрбиелеу; 8) өздік жұмысын іске асырудын тиімді стратегияларын пайдалана білу.

   Осы арада қазақ тілін меңгеру барысында студенттің   өзбеттілігін дамытудың жолдары қандай деген сұрақ туындайды. Қазіргі өздік жұмыстың белсенділігі әрі студентке, әрі оқытушыға байланысты. Ал нақтырақ айтсақ, шығармашылық біріккен жұмысқа, яғни оқытушы мен студенттің, студент пен студенттің біріккен жұмысына байланысты. Оқу үрдісінің мүшелері арасында авторитарлы қарым-қатынас орнына өзара тұлғалық бағытқа негізделген субъект-субъект үлгідегі қарым-қатынас орналады. Тіл үйренушлердің өзбеттілігін дамыту үшін оқытушы рөлінің сапалы өзгеріске түсуі талап етіледі. Оқытушының басты бағыттағы рөліне тіл үйренушіге тек оқу материалын ғана үйрету емес, өз бетінше оқу іс-әрекетін тиімді ұйымдастырудың жолдарын көрсету, сондай-ақ оқып-үйрену құзіретін қалаптастырудағы көмек  жатады. Оқытушы көмекші, кеңесші ретінде студентке қолұшын беріп отырады. Оқу үрдісіндегі осындай байланыста оқытушының “үлесі” азайып, оқушының әрекеті белсенді сипатқа ие болады,  өзбеттілігі  шыңдала түседі.

 Тіл үйренушінің өзбеттілігінің дамуы өз бетінше орындауға ұсынылған тапсырмаларының сипатына да байланысты.  Тұлғаның өзбеттілігі шығармашылық тұрғыдағы өздік жұмысы жағдайында ғана дамымақ. Сондықтан студенттің өз бетінше жұмысында шығармашылықпен, ізденіп, зерттеу арқылы орындауға бағытталған тапсырмалары басым болуы жөн. Өз тәжірибемізде шығармашылық сипаттағы ӨЖ –тары қатысымдық тұрғыдағы әдістемелерді (қатысым, жедел оқыту, жобалық) қолдануымен жүзеге асырылады. Кәсіби-ресми тілдесімге үйрету мақсатын ескере отырып, студенттердің жеке басы үшін мәнді, болашақ қызметіне байланысты  проблемалық жағдаяттарды, жобалық тапсырмаларды ұсынамыз. Студенттер оларды орындау барысында оқу міндетін шешу жолдарын таңдап, мәтіндерден негізгі қажетті ақпаратты іздестіреді, оны ұйымдастырады; қатысым мақсатына қарай әртүрлі мәтін құрастырып, өзге тілдегі айтылымдардың мазмұнын анықтап, мазмұнға сәйкес керекті сөздерді, синтаксистік құрылымдарды таңдап, оларды қолданып өз түсініктерін, ойларын білдіреді. 

    Шығармашылық сипаттағы тапсырмалар проблемалық жағдаяттардың туындауына түрткі болатын шарттарымен ерекшеленеді. Қатысымдық проблемалық жағдаяттарды ұсынудың жолдары әртүрлі болуы мүмкін: проблемалық мәселе нақты, ашық түрде қойылады;  проблема тапсырмада айқын берілмейді, бірақ  студент тапсырмамен танысып, оны ізденіп орындау барысында проблемамен беттеседі, шешу жолдарын іздестіреді; т.б. жолдары.

    Өзбеттілікті дамытудың тағы бір маңызды шарты – оқу-әдістемелік материалдардың сапалығы. Жаңа жүйе бойынша орыс бөлімдерінің студенттеріне қазақ тілін оқытудың  тәжірибесі оқу-әдістемелік материалдарды дайындаудың жаңа тұжырымдамасын жасау керек екенін байқатты. Бұл мәселені шешуде ең алдымен қазіргі қолданыстағы оқу құралдарын жасаудың ғылыми зерттелімдері мен тәжірибесі ескерілуі қажет. Талдау нәтижелері оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауда төмендегідей жайттарды ескеруді талап ететін көрсетті. Біріншіден, мемлекеттік тілді оқытудың жаңа мақсаттарына сәйкес педагогикалық қарым-қатынас құралдарын айқындау, екіншіден, оқу-материалы-силлабусты жасаудың талаптары мен қызметін қарастыру, үшіншіден, жаңа жүйеге сәйкес оқу құралдарының белгілерін анықтап, көрсету. Бұл ретте біз мақала көлемінің шегіне байланысты мемлекеттік тілді жаңа жағдайда оқытудағы оқу құралдарын дайындау мен қолданылуына қатысты негізгі бағыттарды тізіп береміз: 1) құрылымы жағынан - қолданылатын оқу құралдарының кешенді түрде берілуі, 2) қызметі жағынан - негізгі сипаты: өздігінен білім алу, дамыта-тәрбиелеу, бақылау-түзету мүмкіндігіне ие болуы.

   Студентке арналған оқу құралдарын дайындау мен қолданылуына қатысты екінші бағыт, яғни оқу-әдістемелік материалдардың қызметі біздің бұрын жарияланған мақаламызда сөз етілген [2]. Біздің түсінігімізде, студентке арналған әдістемелік материал - қазіргі психологиялық-педагогикалық зерттеулерге, ең алдымен оқу іс-әрекетінің теориясына қатысты зерттеулерге негізделген оқу-әдістемелік құжат. Ол – ең алдымен, оқу үрдісінің белсенді мүшесі ретіндегі студентке бағытталған. Мысалы, силлабустың құрылымы, мазмұны, айрықша түйінделген мақсаттары студенттің өзінің оқу іс-әрекетін басқаруына, пәнді үйренудің өзіндік бағытын анықтауына және оқу үрдісінің тең дәрежелі әріптестері – оқытушы мен оқушы қарым-қатынасын белгілеуге мүмкіндік береді. Біз студентке арналған ОӘК –нің ақпараттық, реттеушілік, өз бетімен білім алуға бағыттаушылық, бақылаушы – түзеушілік қызметтерін атап көрсетеміз.

  Мақаламызда айтылғандарды қорытындылар болсақ, төмендегідей тұжырымға келеміз:

 1. Мемлекеттік тілді оқытуда студенттердің шығармашылық өздік әрекетін қалыптастыру, өзбеттілігін дамытудың өзектілігі әлеуметтік тапсырыстан айқындалып тұр.

 2.  Тіл үйренушінің оқудағы өзбеттілігі –оқытушы мен студенттің, студент пен студенттің шығармашылық сипаттағы бірлескен қызметінің нәтижесі болып табылады. Сондықтан, оқытушының басты міндеті студентке өздік жұмысын өзі басқара білуіне көмектесу, оны (СӨЖ-ді) шығармашылық сипатта ұйымдастыру. Бұл оқу әрекетінде оқытушы “үлесінің” біртіндеп азайыуына, ал студенттің өзбеттілік дәрежесінің артуына, оның белсенді тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайды.

 

Әдебиет:

1. ГОСО РК 5.03.001-2004 „Образование высшее профессиоанльное. Бакалавриат. Основные положения” С.5.

2. Әлмұрзина Г. Кредиттік жүйемен оқыту.//Қазақстан мектебі.-2006.-№2