Ф.ғ.к. Рустемова Ж.А., студент Смақова Т.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік универсиеті, Қазақстан
Батырлар жырын оқытудың
өзіндік ерекшеліктері
Батырлар жырын
оқытудың қиындығы оның
ұзақтығына, тілінің бүгінгі балалар үшін
сонылығына және поэтикалық ерекшелігіне байланысты. Батырлар жырын оқытуда
көңіл бөлінетін басты
мәселелер мәтінмен жүргізілетін жұмыс кезеңдерінде қарастырылады.
Ол кезеңдер
кіріспе жұмыстар, жыр мазмұнын меңгерту
бағытындағы жұмыстар, қорытынды жұмыстар болып
табылады. Кіріспе кезеңде оқушылардың жас ерекшеліктері
ескеріле отырып батырлар жыры туралы
алғашқы әдеби-теориялық ұғым беріледі,
батырлар жырында халық арманы, халық тарихы жататыны түсіндіріледі.
Жыр мазмұнын
меңгерту бағытындағы жұмыс жоспар жасаудан басталады. Жырдың
сюжеттік-композициялық жоспары жасалады да, оқушылардың
көз алдына қойылады. Алтыншы
сынып оқу бағдарламасында «Қобыланды батыр» жырына 3
сағат берілген.
Жырдың
төмендегідей сюжеттік-композициялық жоспары ұсынылады: 1)Қобыландының
дүниеге келуі. 2)Қобыландының алғашқы
күресі. 3)Қобыландының тұлпары - Тайбурыл. 4)Тайбурылдың
шабысы. 5) Қобыланды және қазақ
хандығы. 6) Қобыландының тұтқынға алынуы.
7) Көбіктінің ащы сөзімен жеңілісі. 8) Алшағыр
ханның сарайында. 9)Қобыландының Құртқа
сұлуға үйленуі. 10) Қобыланды батырдың ұлы –
Бөгенбай.
«Ұзақ
жырға, әрі оқиғалары да күрделі жырға
осындай жоспар құру балалардың жырдағы басты
оқиғаларды тез қабылдауы, аңғаруы, сол бойынша
мазмұнын жүйелі түрде тұжырымды етіп айтып беруіне
көмек-нұсқау рөлін атқарады» [1,141б.].
Ары қарай жырдың оқылу
мәнері таныстырылады. Жырды
интерактивті тақта арқылы
аудиожазбадан тыңдатуға
болады.
Одан кейінгі
жұмыс - оқушылардың жырды мәнерлеп оқуы.
Басты-басты эпизодтарға бөлгізіп оқытып, арасында өз
сөздерімен мазмұндатып
отыру қажет. Мазмұндауды сұрақ-жауап әдісімен
жүргізу тиімді саналады. Сюжеттік-композициялық
жоспар бойынша басты оқиғаларын айтқызу - келесі кезең тапсырмасы. Жыр оқылып
болған соң, мазмұны толық айтқызылады.
Мазмұндау жүйелі болу үшін, жауап тезисіне, жоспарына қарап
айтқыздыртқан жөн. Жыр мазмұнын айтқызу барысында
оқушылардың жауабын бір-біріне толықтыртып отыру, бір-біріне
қоятын сұрақтарын
әзірлету, ұнаған жерлерін жатқа айтқызу, жауаптарында
да жырдан үзінді келтіре отырып айтқызуды дәстүрге айналдырған
жөн.
Келесі кезең - жырға
әдеби талдау жасау. Әдеби талдау жырдың идеясын,
тақырыбын ашу, жыр кейіпкерлері туралы пікір жинақтау, тіл
көркемдегі, өлең құрылысына талдау жасау
негізінде жүргізіледі. Жырдың идеясын, тақырыбын ашу
мұғалім әңгімесі мен сұрақ-жауап арқылы жүзеге асырылады. «Қалай
ойлайсыңдар, жырда қандай проблемалар қоюға болады?», «Жырдың
негізгі ойы қай бейнеден көбірек көрінеді?» деген
сұрақтар жырдың идеясы мен
тақырыбын ашуға мүмкіндік береді.
Жыр кейіпкерлері туралы
пікір «Қобыландының қандай
қасиеттерін ерекше бөле-жара айтар едің?», «Қобыланды
бейнесін жасай отырып халық не айтпақшы болған?», «Құртқаға
қарап бұрынғы қазақ әйелдері қандай
болған деп ойлайсың?», «Қазан, Көбіктілер
бойындағы жек көрінішті қасиеттер іс-әрекетін
ашудағы маңызына, орнына тоқтал» тәрізді
сұрақтар мен тапсырмалар
негізінде жинақталады.
Жырдағы
әсірелей суреттелінген жерлерін
табу, теңеулерді, эпитеттерді , диалогтерді табу, олардың
жырдағы орнын, маңызын ашу,
оқушылардың өздеріңе ұнаған айшықты
сөздер мен сөз тіркестерін
тапқызу, сөздік жұмыстарын жүргізу тіл көркемдегі, өлең
құрылысына талдау жасау жолдары мен тәсілдері болып табылады.
Жырды талдау кезінде
дайын суретті пайдалана отырып, оқушыларды
сөйлетуге болады. Оқушыларға жыр бойынша өздеріне
ұнаған эпизодтарға суреттер салғызудың
маңызы зор. Жыршы-термешілермен кездесу өткізіп, жырдан
үзінді жаттатып, оқушылады да жырды мақаммен
айтқызуға талаптандыруға болады.
Батырлар жыры
тоғызыншы сыныпта да
оқытылады. Бұл сыныптарда оны оқытудың өзіндік өзгешеліктері
бар. Жыр мазмұнын меңгерту алдын-ала үйден оқып келу арқылы
жүзеге асырылады. Жыр толық беріледі, оны талдау да күрделене
түседі. Жыр мазмұнын тез, әрі өз мәнінде
толық меңгерту үшін мұғалім бұл жолы да басты-басты эпизодтарын қамтыған сюжеттік жоспар
ұсына алады.
Жырдың тарихи
негізі, яғни халқымыздың басынан өткен тарихи
оқиғалары осы батырлар жырларынан көрінетіне айрықша тоқталу
керек. Бұл мәселені дуэт
сабақ негізінде түсіндіруге болады. «Соңғы кездерде туыстас
пәндерді бір арнада біріктіре оқыту тәжірибеге жиі еніп
келеді. Сондай-ақ интегративтік оқытудың бір тәсілі –
дуэт сабақтар, трио, гармония сабақтары да кең етек алуда.
Әдебиет пәні тақырып ерекшелігіне байланысты кейде тіл,
тарих, муззыка, бейнелеу өнері, география пәндерімен дуэт, трио
сабағы ретінде өткізіліп келе жатыр» [2,10б.].
Тақырып
бойынша пікірталас туғызу да тиімді. Бұл жағдайда іздендіретін,
ойландыратын танымдық сұрақтар алдын-ала беріледі.
«Қарлыға - өз жақындарын(әкесі Көбіктіні,
інісі Быршымбайды) өлтірткен қатігез жан» немесе
«Қарлыға - өз
махаббаты үшін күрескен батыл, өжет қыз» деген
аргументтерді негізге ала отырып, дебат сабағын өткізу де оқушылардың белсенділігін арттырады.
Ғылыми
материалдармен жұмыс
жүргізу негізінде мұғалім
өтіліп жатқан тақырыпты қамтитын еңбектің
нақты жерлерін көрсетіп беріп, оқушылардан оны үзінділер
келтіру арқылы пайдалануды талап етеді. Ғылыми материалдарды қысқаша
конспектілеу, жоспар-тезис жасау пайдалы нәтиже береді. Мұғалім
оқушылардың бірнеше ғылыми материалдар бойынша өз
пікірлерін ортаға салып салыстыртады.
Батырлар жырын
талдауда, әсіресе образдарды талдауда салыстыру жұмыстарының
маңызы зор. Салыстыру
жұмыстары үшін мынандай сұрақтар мен тарсырмалар
ұсынылады:
- Батырлар
жырындағы әйелдер бейнесіне тән ортақ қасиеттерді сарала. Эпостық
жырларда батырларға көмектесетін әйелдердің
ақыл-айласы жөнінде не айтасыңдар? Поэтикалық тіліне
назар аудар, яғни портреттеуде
қандай айшықты
сөздер пайдаланған? Жырдағы әйелдерге берілген
портреттеуді салыстыр. Ұқсас портреттеулер бар ма?
«Образдарды
талдағанда да, немесе тіл
көркемділігі сөз болғанда да, үнемі мәтінге
сүйенудің маңызы зор. Мұғалім өз
түсінігінде де, бала жауабында да мәтінді басшылыққа
алған дұрыс. Үнемі нақты мысалдар келтіріп, дәлелді
сөйлеудің орны бөлек. Себебі, жырдың тілі
күрделі, оны тіпті мәтінге жақын мазмұндау да қиын болып келеді» [2,132б.].
Төменгі
сыныптардағы ұғымды тереңдету мақсатында әдеби-теориялық
ұғым беріледі. Қанатты сөздерді теріп жазу, оның
маңызын анықтау, архаизм, историзм сөздерді тауып,
қолдану орны, маңызы, мәнін түсіндіру, батырлар
жырының ауыз әдебиетінің басқа түрлерінен
басты-басты айырмашылық, ерекшеліктерін саралау, аллитерация, ассонас,
гипербола, литото, тропа, фигура түрлеріне поэтикалық талдау жасау
және , олардың қолдану орны мен маңызын дәлелдеу
тәрізді практикалық тапсырмалар орындатуға болады.
Қорыта
айтқанда, батырлар жырын оқыту барысында жүргізілетін жұмыстардың
барлығында да шығармашылық, іздендірушілік сипат болғаны
жөн.
Әдебиеттер:
1.
Бітібаева
Қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытудың
инновациялық әдістемесі мен технологиясы. –Алматы: Дәуір-Кітап, 2012. 314 б.
2.
Бітібаева
Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі мен технологиясы.
–Алматы: Мектеп, 2003. 336 б.