ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ

ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ

 

  Қырықбаева Ж.М.,                                                                                                                 Х.Досмұхамедов атындағы                                                                                                          Атырау мемлекеттік университеті

Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,                                                                                                                  Абай атындағы ҚазҰПУдың доценті                                                                                        Kulyanda2009@mail.ru                                                                                                                                                                                                                                                                                                                             famous-scientists.ru /11624/

              

       Бұл мақалада  тілдерді оқытудың көпдеңгейлік бірыңғай стандарттық оқыту жүйесіне көшуіне орай  студенттердің пәнге қызығушылығын арттыруда,  олардың  білімдік қажеттіліктерін қамтамсыз етуде, танымдық іс-әрекеттерін ұйымдастыруда жаңаша оқыту технологияларының тиімділігі туралы баяндалған. 

 

 Тірек сөздер: Грамматикалық-аудармалы, аудио-лингвалды, тікелей-қатынас әдісі, көпшілік ортада оқыту әдісі, суггестопедия, коммуникативтік, жобалау, интерактивті, шығармашылық, проблемалық.

  

      Бүгінгі таңда тіл тағдыры, оның болашағы мәртебесі бәрімізді толғандырады. Қазақ тілінің ертеңі қалай болады, оның қолдану  аясы мен қызметі қандай, «Тіл туралы» заңның мемлекеттік дәрежеде орындалуы қалай жүргізілуде сияқты т.б. сұрақтар барлық жұртты ойландыратыны белгілі, өйткені бүгінгі таңда  егеменді   елдің  XXI ғасырдағы саяси-әлеуметтік, қоғамдық, мәдени келбеті қазақ тілімен тікелей байланысты  екенін ұғынып келеміз. Елбасы Н.Назарбаев «Білім беру реформасы Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың  бірі» –  деп атап көрсетті. Әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатында білімді жеке тұлғаға қарай бағыттау көзделіп, оқу-әдістемелік жүйесіне жаңа талаптар қойылды Осындай кінәратсыз саналы тілдік ахуал қалыптасып отырған жағдайда туған тілдік қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қолданылу қызметінің артуына, өзге тілді аудиторияларда тілді үйрету, оқыту ісінің бұрынғыдан да оңтайлы түрде жүргізілуіне белсене араласу- қазақ тілі оқытушыларының парызы. Әдістеме  ғылымындағы жаңалықты терең сезіне қабылдау, оны дер кезінде пайдалану  қазақ тілі әдістемесінің бүгінгі заман талабына сай қазақ тілі жүйесін жетілдіріу шараларына үн қосу әрбір әдіскердің ғылыми шығармашылық жұмысының  өзегіне айналды. Тілді оқытудың озық технологияларымен танысу, тәжірибелер алмасу, сабақтарды ұйымдастырудың, жүргізудің оңтайлы тәсілдерін ұсыну, тың әдістерді сарапқа салу ізденімпаздықты, шығармашылықты талап етеді. Әрбір әдістеме үлкен шығарымпаздық өнер іспеттес болса, әдістеме бағытында да тілді оқытудың, оның қадір-қасиетін шәкірттерге түсіндіріп, ұлылығы мен кеңдігін ұқтыру үшін қазақ тілін оқытқанда қойылатын талап-тілектерге жаңаша көзқараспен қарауымыз керек.

     Ол үшін оқытушы қай тілдің болсын оқыту стратегиясын жақсы білуге, оқыту процесіне шығармашылық тұрғыдан қарауға бүкіл әлемдегі басқа тілдерді оқытудың әртүрлі тиімді әдістемелерін білуге тиіс. Бұл – уақыт талабы. Тілді үйренемін деп ықылас білдірген адам өз бетінше қазақ тілін оқып үйрену үшін қазіргі кезде  электронды оқулықтарды пайдалана алады.          Алдымен, әрине оқулықтарға аса зор көңіл бөлгеніміз жөн. «Тіл туралы» заң қабылдаған соң қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне қандай көлемде, қалай үйрену мәселесі ғылыми тұрғыдан қарастырыла бастады. Бұл салада бірнеше әдістемелік еңбектер, оқулықтар шығып, бағдарламалар жазылып, диссертациялық жұмыстар қорғалды. Әр кітап, оқулық, сөздік, бағдарлама, өз үлесімді қоссам, ісімді тәжірибемді көпке ұсынсам деген ниеті бар ұстаздың, ғалымның әдіскер еңбегінің жемісі. Бірақ, қазіргі әдістемелік ғылым оқытудың әдіс-тәсілдерін бүге-шүгесіне дейін үйрететін, мәтінмен, жаттығумен қалай жұмыс істеу керектігін, оқытушыға қажеттінің бәрі  кітаптың ішінде бәрі дайын болуы мүмкін еместігін ашық айтады. Шындығында да оқыту ісі бір сарынды үлгі емес. Бұл ретте студент, мектеп оқушысы үшін де, жеделдете үйрену курстарындағы тыңдаушыларға арнап та, тіл үйренушілер үшін де   пайдалануға болатын, тіл үйретуді жетілдіру                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                               үшін жаңа типтегі оқулықтардың ішінде тіл теориясы мен практикасын қатар ұстап келе жатқан ұстаздардың бір тобы Ғ.Д. Сүлейменованың, Қ.Қадашеваның және Д.Х.Аханованың «Қазақ тілі»  кешенді оқу-әдістемелік құралдары  (Тіл үйрету, Анықтағыш, сұхбат, Бейнесабақ және Үн жария т.б), сондай-ақ  өзгелерге ұқсамайтын ғылымда өзіндік орыны бар профессор Ф.Ш.Оразбаева басқарған авторлар құрамының тілді оқытудың алты деңгейіне арналған  «Қазақ тілі» әмбебап  оқулық кешенін атауға болады. Арнаулы аудиторияның ерекшелігін, кәсіп пен мамандықтың айырмашылығын ескере отырып жазылған З.Күзекова, Г.Қарақұсованың «Қазақ тілі», К.С.Ныязбекованың «Кәсіби қазақ тілі» (ЖОО-ның қаржы-экономика факультетіне арналған) оқулығы, «Кәсіби қазақ тілі» (ЖОО-ның география-экология, химия-биология мамандықтарына арналған) оқу құралы, тілді арнаулы мақсатта оқытуды діттегеніне байланысты  тіл үйренушінің кез келген сөйлесу жағдайына қарай тілдік дағдылануына мүмкіндік береді.

     Әрине, оқулық кешенін тиімді пайдалану, әдіс-тәсілдерді түрлендіріп отыру әр оқытушының сабақ барысын қалай ұйымдастыруына байланысты. Бұрынғы тілді оқыту  бағдарламаларында тілдік материалдарға көбірек көңіл бөлініп, қазақ тілінің жалпы салалары бойынша мағлұмат берілетін, лексикалық тақырыптар жүйесіз топтастырылып келгендігі мәлім, яғни тілді оқытудың теориялық негіздеріне сүйене отырып, сөйлеуге үйретудің әдістемесіне, қазақша сөйлеуге үйретуге байланысты студент тілінің дамуына тиімді жұмыстар түрлерін анықтауға көңіл бөлдік.

     Ол үшін  тілді үйретудің ең қолайлы амалдары мен принциптерін таңдап алу керек. Бұл күнде оқытуда оқыту мақсаттарын кешенді түрде практикалық білімдік, тәрбиелік мақсаттары тоғысқан тіл үйретудің тиімді жағын толық қамтылған бағдарламалар да аз емес.

    Соның ішінде  Халықаралық стандарттардың  әдіснамалық  нұсқалары  басшылыққа  алына  отырып, «көпдеңгейлі  білім  беру  жүйесінде мемлекеттік  тілді  оқыту  сапасын жақсарту» мақсатында  ф.ғ.д, профессор  З.Ш.Ерназарова, ф.ғ.д, профессор  Б.Қасым,  п.ғ.д, профессор    К.Б.Жақсылықова, п.ғ.к, доцент М.А.Мұхамбетқалиева, ф.ғ.к, доцент Ғ.И.Иманалиева, ф.ғ.к, доцент Н.А.Егіншібаева, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті  Ж.М.Қырықбаеваның    авторлық  бірлестікте жоғары оқу орындарының орыс бөлімі студенттеріне арналған «Қазақ  тілі  курсының  типтік  бағдарламасы» дайындалды. Бұл деңгейлік  бағдарламада қазақ тілін орыс аудиториясында оқыту барысында  функционалды-жүйелік әдісті қолдану көзделген, яғни тілдік материалдарды қолданымдылық жүйемен іріктеп, ыңғайлап меңгерту кезеңдік және жеңілден күрделіге қарай принциптерін жүзеге асыру, және заман талабына сай кәсіби-лексиканы меңгертуге, мамандыққа бағыттап оқыту негізге алынған. Сондықтан да тіл үйренушілердің қажеттілігінен туындайтын белгілі мақсаттарға бағытталып жасалатын бағдарлама оқытудың негізгі көздерімен, тіл игеру қабілетінің түрлерімен, олардың деңгейімен қамтамасыз етілуі шарт. Қазақ тілін үйретудегі осындай сұрыптау, таңдау, талдау т.б. қорытындылары (түрлі әдістер, материалдар т.б.) бір-бірімен тоғысқан жағдайда туындайтын оқыту бағдарламасы сәтті болып, алдына қойған нысаны айқындала түседі.

       Бүгінгі заманғы білім берудің басты мақсаты – мамандарды әлемді  шығармашылық тұрғыдан өзгертудің әдістемесімен қаруландыру. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі  жаңа білім беру өте-мөте қажет», – деп ел Президенті атап көрсеткендей, жаңа технологиялық   әдіс-тәсілдерді  шығарымпаздықпен   оқытушының тиімді пайдалана білуі бүгінгі таңда білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы.

Тіл үйретуде белгілі бағдарламамен сәйкес келетін амалдар мен әдістерді анықтау үшін мынандай жәйттарды ескерген жөн. Мына әдіс тілді игерудің қай аспектісіне бағытталған.

- Бұл әдіс тілді игерудің қай деңгейіне ыңғайлы, топтардың бастауыш, негізгі, орта, жоғары жетік  қайсысына пайдалы?

- Оқушының қай категориясына (жас ерекшелігіне, психологиялық типтеріне) аталған әдіс сәйкес келеді?

- Қандай жағдайларда мына әдіс тиімді? (Мысалы, көптілді немесе көпұлтты топтар үшін).

- Оқытушылар мен студенттердің осы әдіске деген көзқарасы қандай?

- Қарастырылып отырған әдіс өзге оқыту әдістерімен қалай сәйкеседі және арасында қандай айырмашылық бар?

     Тілді үйретуде әдістердің теориялық анықтамасы сияқты амалдардың да теориялық маңыздылығы мен өзіндік табиғаты бар.Нақтырақ айтқанда, тілдік, құрылымдық теориясы, тілдік компетенцияның модельдері мен психолингвистикалық теориялар жүйесі және тілді оқып-үйрену теориясы т.б. Егер тілді үйретуде амалдар оқытудың теориялық базасын сипаттаумен ғана шектелсе онда әдістер оқыту жүйесінің оқытушылар мен студенттерге арналған бағытын айқындайды. Мұнда көптеген практикалық тәжірибе мен теориялық дәлдіктерге сүйенеді. Мұндай әдістердің барлығы оқытудың міндеттерін, яғни мазмұн өрісі мен оның берілуін, тапсырмалар мен арнайы жұмыстардың түрлерін, оқыту процесіндегі оқытушы мен студенттің рөлін және оқу материалының құндылығын қамтиды.

   Жалпы әдістеме саласында оқытудың көпшілікке танылған:

- Грамматикалық-аудармалы;

- Аудио-лингвалды;

- Тікелей-қатынас әдісі;

- Көпшілік ортада оқыту әдісі;

- Суггестопедия;

- Коммуникативтік;

- Жобалау, интерактивті;

- Шығармашылық;

 - Проблемалық және т.б. айтуға болады.

       Грамматикалық аударма әдісінде грамматика дедуктивті түрде белгілі бір жүйемен, жекелеген мысалдармен, иллюстрациялық ережелер көмегімен жүзеге асуы керек. Негізінен сөз тіркестерін, сөйлемдерді  ана тіліне немесе керісінше аудармалар жасалады. Бірақ, грамматика жақтан септігін тигізгенмен, ауызекі сөйлеу дағдысыз мұндай тәсілмен өзге тілді меңгеру ешқашан мүмкін емес. Психолингвистикалық бағытта  тілді үйрену үшін мынадай  төмендегідей теориялық қағидалар басшылыққа алынады.

1. Ауызекі сөйлеу тілі бірінші болуы қажет, ол оқыту әдістемесінде тіл үйренушінің сөйлеу дағдысын қалыптастыруға ұтымды.

2. Тіл үйренуші алдымен үйренетін тілін көзбен көргеннен гөрі, құлақпен естігені дұрыс.

3. Сөз презентациясы тек сөйлем ішінде, ал сөйлем тиянақты контекст шеңберінде болуы шарт.

4. Грамматикалық ереже,грамматикалық құбылыс контексте қарастырылғаннан кейін барып, индуктивті түрде түсіндірілуі қажет.

5. Ана тілі тілдегі жаңа сөздер мен түрлі ұғымдарды түсіну үшін қолданылады.

     Көпшілік ортада оқыту әдісі тілді үйретуде басшылыққа алынатын әдіс-тәсілдердің ішіндегі ең негізгілерінің бірі болып табылады. Өйткені, мұнда адамның жеке өмір сүру дағдысы, мәдениеттану білім беру процестері және қоғамдық жағдайда қамтылады. Сондықтан, аталымыш тәсілде қатысымдық     құралына қарағанда тіл туралы түсінік кең түрде ұғынылады.

      Суггестопедия немесе Лозанов әдісі екінші тілді үйретуде психолингвистикалық теорияны басшылыққа алады. Бұл жерде оқытушы мен студент арасында бір-біріне тікелей әсер ететін өзара сенім туындауы қажет. Өйткені адамның санасына әсер ету сол арқылы тілді үйренушіге бағыт-бағдар  беру оқытушының негізгі мақсаты болып саналады. Тіл үйретудегі суггестопедия әдісін қазіргі кезде сабақ үрдісінде кеңінен қолданып жүрміз.

   Соңғы оқыту тәжірибесі көрсетіп бергеніндей тілді үйретудің негізгі бағыты – коммуникативтік тұрғыда ауысты. Оқу процесін белсендірудің және оған жетекшілік жасаудың коммуникативтік әдісі талап қою, тапсырма беру, сұрақ қою, ынталандыру болып келеді. Бұл қатысымдық бағыт қазақ әдістеме ғылымы үшін сопылық емес, бұл ғасыр басындағы біртуар тұлға А.Байтұрсыновтың айтқан мәселесі. Өйткені қазақ тіліне деген сұраныс танымдық-мәдени шеңберде ғана емес, сұраныс саяси-әлеуметтік, қоғамдық сипатқа ие.

      Бұл әдіс тіл үйренушінің де оқытушының да барлық әрекеті арқылы жүзеге асырылады. Коммуникативтік бағыттылық принципті тіл үйренушілерден фразалардың типтік құрылымдарын жаттанды түрде қолданбай, сол тілдің заңдылықтары бойынша өзіндік формаларын да жасап, қолдануды талап етеді. «Тіл білімі ереже жаттау түрде үйретілмей, сөздік тұлға  мағына, қисын жағын тану түрде үйретілуі керек деген болатын», – А.Байтұрсынов.  /Тіл құралы/.

   Жобалау әдісі –бұл әдіс оқушының белсенді дербес  ойлау қабілетін   дамытуға және оның алған білімін  есте сақтап қана қоймай тәжірибеде қолдана алуына бағытталған.Жобалау үстінде топ мүшелері белсенді коммуникативтік өзара әрекетке түседі. Жоба тақырыбы бір пән айналасында  болуы мүмкін немесе пән аралық сипатта болуы мүмкін. Тақырып таңдауда оқытушы  студенттің қызығушылығын, олардың мүмкіндіктерін және жоба нәтижесінің практикалық маңызын ескеруі  қажет. Орындалған жоба, мақала, альбом, буклет, баяндама, мәнжазба түрінде болуы мүмкін. Жобаны көрсету, қорғау түрлері де әрқилы: конференция, қойылым, сайыс және т.б. Жоба жұмысы бірнеше  кезеңнен тұрады: жоба тақырыбын таңдау, бекіту; орындаушылар тобын белгілеу; жоба жоспарын құру; мерзімін анықтау, студенттерге тапсырма бөліп беру, тапсыраларды орындау және талқылау, бірлескен нәтижені рәсімдеу, жоба бойынша есеп беру, жоба орындалуын бағалау. Жобалау әдісі студенттердің  дербес  ізденушілік әрекетін жоғары деңгейін, зерттеу, орындау қабілеттерін белсендіруді талап  етеді. Оқытушы студенттерге жоба тақырыбын таңдауға,жұмысты жоспарлауға ғана көмектеседі. Бұл әдіс студенттердің бірлескен шығармашылық әрекеті нәтижесінде ойлау әрекетін дамытады.

   Интерактивті оқыту жүйесі (жоғары белсенділікті дамыту) сабақта барлық білім алушының белсенді қатысумен ұйымдастырылатын оқу үрдісі.  Интерактивті әдіснама студенттің оқу процесіндегі тәжірибе негізінде оқылатын пәнге білімі, дағдысы және қатынасы қалыптасқаннан соң, өзара қатысу арқылы жүзеге асырылуын білдіреді. Интерактивті оқыту технологиясын қолдану арқылы өмірде болып жататын түрлі жағдаяттарды дидактикалық талаптар тұрғысынан екшеп алған соң, тілдік жағдаят жаттығуларына айналдыра білу керек. Интерактивті әдіс студенттердің бойына төмендегідей әдет-дағдыларды қалыптастырады:

1. Студент өзін-өзі еркін, батыл сезінеді. Тілге деген қызығушылығы арттады.

2. Студенттер топ болып, жұп болып әрекет етуге үйренеді. Топпен не жұппен жұмыс істеу кезінде оқушылар арасында өз пікірін дәлелдеп қорғау немесе қателігін көрсете білу мен мойындауға, пікірлесе отырып ұжымдық шешім қабылдауға үйренеді.

3. Білімі төмен студентке, білімі жоғары студент көмек  көрсетеді.

4. Студент өз білімін бағалау және бақылау дағдысын меңгереді. 

   Қазақ тілі сабағында студенттер болашақ мамандығы бойынша ғылым негіздерімен танысып, білімді игеруде түрліше оқу әрекеттерін орындай отырып, өзінің шығармашылық  қабілеттерін жетілдіреді. Бүгінгі таңда білім саласының алдында дайын білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Өйткені әркім өмірде бір қиын жағдай кезінде икемділік пен ойлаудың талдағыштық қабілетін қажет етеді. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі педагогикалық жүйеде «білім беру» ұғымы  жаңа мазмұнмен толығуы тиіс. Бұл дегеніміз – шығармашылық қабілеттерін дамытып, шығармашыл тұлға қалыптастыруға жағдай жасау. Оқыту үрдісі «ойлап табу» немесе «жаңалық ашуға» мүмкіндік туғызуға жағдай жасауы керек. Студенттердің шығармашылық ойлауын табысты дамыту тек оқу-тәрбие үрдісі кезінде студенттің жүйелі түрде белсенді интеллектуальды ізденіске тартылуы арқылы ғана мүмкін. Студент осы кезде туындаған оқу проблемасын салмақтап, негізделген және жан-жақты тексерілген шешім қабылдайды, оны практикада жүзеге асырады. Сөйтіп,студент «жаңа» ғылыми білімді игеруші орнына қойылады да, шығармашыл зерттеушілік тәсілдерін үйренеді. Студент шығармашылығы дегеніміз – ой бостандығы мен еріктілік болған жағдайда ойлау үрдісін бір ізділіктен шығарып, логикалық ойлауды талдағыштық тұрғыға жетелеп,өзін-өзі дамытатын ой еңбегі. Осындай еңбектің негізінде білімді игеруге, оқуға, оқи білуге тәрбиелеу білім беру үрдісінің негізіне айналса, баланың жан-жақты дамып,шығармашыл адам болып жетілуінің негізі болады [3].

  Оқу-тәрбиесінде мынандай өзекті проблемалар бар,ол оқушылардың өз бетінше ойланып, әрекет етулерінің жеткіліксіздігі. Осы тұрғыда  ғылыми міндеттерді дәстүрлі емес әдістермен шешудің жолы ретінде проблемалық оқыту жүйесін қолдануға болады. Проблемалап оқыту жүйесі – оқушылардың  ой – өрісін, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық әрекетін дамытуға негізделген. Проблемалық оқыту процесі былай жүреді:

      Проблемалық оқытудың негізгі ерекшелігі – мұнда мұғалім білімді дайын түрде баяндап бермейді, студенттердің алдына проблемалық міндет қояды. Шешімді және шешу құралдарын оқушы өзі іздестіруі тиіс. Проблемалық оқытуды  ойдағыдай іске асыру үшін оқушыларға ұсынатын проблемалық сұрақтар жүйесін жасап шығу қажет. Онда кез келген сұрақ проблемалы бола бермейді әрі проблемалы сұрақтың жауабы дайын болмайды.Сондықтан оны оқушы міндетті түрде өзі іздеуі шарт. Ол сұрақ баланың сана-сезімінде қиындық туғызуы қажет. Оқушы іштей түйсінген ойлау  қиыншылығы  проблемалық жағдаят деп аталады. Проблемалық жағдаятты құру үшін жаңа білім мен әрекетті таныстыратын теориялық және практикалық тапсырмалар беру қажет. Олай болса сөйлеуге қажет материал тек дайын үлгілерді қолданумен ғана емес, соларды өз тәжірибесінде жағдайға сәйкес түрлендіре, өзгерте пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру арқылы да байып отырады екен.

      Қорыта айтқанда тілді үйретудегі күнделікті туындап, дамып келе жатқан түрлі әдіс-тәсілдер мен оқыту түрлері лингвистикалық тұрғыдан шартты болып табылады. Қоғамдағы тілдің қызметі мен даму деңгейі тармақтары мен күнделілігі қандай болса, оны оқытып үйретудегі әдістер мен тәсілдердің табиғаты да сондай болмақ.

                                

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасындағы Тіл саясаты. // Құжаттар жинағы. – Астана, 1999. – 216 б.

2. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. – Алматы, 2000.

3. Мырзабаев А.Б. Шығармашылықты дамытуда белсенді оқытудың дидактикалық мүмкіндіктері дис. автореф. 2004.

   4. Махмутов И.М. Проблемное обучение. // М, Педагогика,1975.                                                         

   5. Нағымжанова Қ.М. Инновациялы-креативті технологиялар. – Өскемен, 2005.                       

 

 

                                      Резюме

В этой статье рассматривается социальная роль государственного языка, а также использование инновационный технологии в обучении государственному языку на основе кредитной системы образования.    

                                          Summary

This article is about social role of  State   Language  and  innovative  technologies  in  teaching  Kazakh  language    in credit  system  of  education.