Асетова Ж.Б., Садуақасова Б.С.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті
Бастауыш сынып оқушыларының
шығармашылығын дамытуда деңгейлеп-саралап оқыту
технологиясын пайдаланудың тиімділігі
ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Сондықтан
жас ұрпаққа, жас буынға жаңаша білім беру жолында
түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Жеке тұлға,
яғни, дарынды, шығармашылық тұлға
қалыптастыру білім мен тәрбие берудегі мемлекеттік істің
ең маңыздысы. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын
жүзеге асыратын мәселе. Адамзат баласының өз
ұрпағын оқыту тәрбиелеудегі ең озық тиімді
ізденістерін, тәжірибелерін жалғастырып, тың жолдар іздеу
педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамыту
жалғаса бермек. бүгінгі мектеп алдындағы басты міндет –
бастауыш сыныптарда оқытудың жаңа технологияларын басшылыққа ала отыра,
оқушылардың шығармашылығын дамытуға жағдай
жасау.
Бастауыш мектеп -
бұл оқушы тұлғасы мен санасының дамуы
қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбайтын
кезеңі. Сондықтан да бастауыш білім- үздіксіз білім
берудің алғашқы басқышы. Осыған сәйкес
оқушыға белгілі бір көлемдегі білім, білік, дағдыларды
меңгертумен бірге, оларды шығармашылық бағытта
жан-жақты дамыту- бүгінгі күннің талабы.
Қазіргі кезде мектептің
оқу-тәрбие үрдісінде 50-ден астам педагогикалық
технологиялардың қолданылып жүргені мәлім. Бұл
технологиялардың бәрін бір сабақта қамту мүмкін
емес. Сондықтан, мектептегі әрбір пәнді оқыту
технологиясын таңдап, іріктеу және оны іс-әрекеттік
тұрғыда жетілдіру арқылы оқушының білім
жетістіктерін арттыруға болады. Мұнда оқушының
әрекеті – технологияны қабылдауы, ынтасы,
құштарлығына көңіл бөлінуі тиіс.
Біз басшылыққа алып отырған саралап
оқытудың жүйелік негізін Б.Ананьев, Л.Выготский, А.Леонтьев,
С.Рубинштейн, т.б. ғалымдар жасаған. Ал бастауыш мектеп
кезеңіндегі оқу әрекеті Ш.Амонашвили, В.Давыдов, Л.Занков,
т.б. зерттеулерінде қарастырылады.
Саралап оқытудың шектерін 1946 жылы
Н.К.Гончаров ұсынды. Ал М.А.Мельников, А.М.Арсеньев, Н.К.Гончаров 50
жылдардың ортасынан бастап саралап оқыту жөнінде
эксперименттер жүргізе бастады. В.М.Монахов, В.А.Орлов, В.В.Фирсов
саралап оқыту концепцияларын қарастырды.
Қазіргі таңдағы профессор
Ж.А.Қараевтың «Деңгейлеп саралау» технологиясының
мынадай тиімді жақтары бар:
оқушылар өз бетімен жұмыс жүргізуге дағдыланады;
жеке дара қабілеттері айқындалады; оқушылар нақты
өз деңгейінде бағаланады; даму мониторингі айқын
көрініп отырады; сабаққа деген қызығушылығы
артады.
Оқушының даму деңгейіне сай білім беріп
қана қоймай, сонымен бірге олардың белгілі ғылым
саласына қатысты қабілетін дамытуға, алған білімін
өз бетінше жетілдіруге, толықтыруға және оны жаңа
жағдайларға шығармашылықпен қолдана білуге
мүмкіндік жасау қажет.
Деңгейлеп
саралап оқыту технологиясының өзіне
тән ерекшеліктері: бір жағынан оның көмегімен жеке
тұлғаның белгілі бір сапалары (зейіні, есі, ойлауы,
ізденімпаздығы, белсенділігі, байқағыштығы)
қалыптасса, екінші жағынан педагогикалық технологиялар білік
пен дағдыны қалыптастыру, білімді іс-жүзінде пайдалану,
оқушылардың оқуға деген ынтасын,
қызығушылығын, шығармашылығын арттыру, жаңа
материалды оқып-үйрену мен өткенді қайталау міндеттерін
көзделеді. Оқу деңгейлері ортақ топтар үшін
арнаулы тапсырмалар мен оқу әрекеттерін ұйымдастыру
арқылы жүзеге асады. Деңгейлеп саралап оқыту әр
оқушыға өз мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып білім алуына жағдай
жасап,мүмкіндік береді.
Сондықтан
оны әрбір оқушы меңгеруі тиіс. Бұл деңгей оқушыға өзінің
қызығушылығы мен қабілітін ескере отырып, уақыты
мен күшін дұрыс пайдалануына
мүмкіндік береді. Орыс тілі мен әдебиеті, қазақ
тілі мен әдебиеті, математика пәндерінде қолданылады.
Деңгейлеп саралау - мұғалімнің
де, оқушының да белсенді шығармашылық қызметін
дамытады. Оқушының сабаққа
қызығушылығы артады, жеке қабілеті айқындалады,
өз бетімен жұмыс істеуге үйренеді, оқушы білімі
нақты өз деңгейінде бағаланады. Әр баланың
өз деңгейі болатындай, әр балаға берілетін
тапсырманың көлемі оның деңгейіне лайықтап
беріледі. «Әр баланы өзінің даму зонасында жетілдіру керек» деген А.С.Выготскийдің пікіріне
сай, саралап-деңгейлеп оқытудың тиімділігі өте
көп. Бастауыш мектеп шығармашылық ойлауға
дайындықта үлкен роль атқарады. Дәл бастауыш мектеп жасында психологиялық іскерлік
негізі жатыр. Осы кезде елестету мен фантазия, шығармашылық ойлау,
әдістік, құбылыстарды бақылау және анализдеу
қалыптастырылады, салыстыру, фактілерді біріктіру, қорытынды жасау,
іскерлікті, белсенділікті практикалық бағалау.
Қызығушылықтар мен қабілеттер бірге не дифференциалана
бастайды, шығармашылық
негіздегі талаптар қалыптаса бастайды. Саралап оқыту оқушы
мен мұғалімнің белсенді шығармашылық
қызметін дамытумен қатар, оқушыларға өз білімін
жаңа әдіспен бағалауға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезеңде мұғалімге
білімді, білікті, шығармашыл болған жарасымды. Ал,
ұстаздың әр сабағы – оның ізденісінің,
еңбегінің айнасы. Уақыт талабын ескерсек, оқытудың
жаңа технологиялары түрлерін меңгеру және оны ендіруге
әрбір мұғалім жауапты. Өйткені, қолданылып
жүрген қай технологияны алсақ та, дүниежүзілік
білім деңгейінде қалыптасқан азамат, тұлға
тәрбиелеуге бағытталған. Саралап оқыту технологиясы –
баланың шығармашылық бағыттылығын
қалыптастырады және белсенді оқу қызметін
ұйымдастырады, бала өз әрекетін жоспарлай, талдай, өзі
бақылай білуге үйренеді.
Бүгінгі күн талабына сай нақты,
терең білім беруде жаңа технологиялар, яғни саралап
оқыту технологиясы бірден-бір ұстаз сүйенер
тұтқа.
Әдебиеттер тізімі:
1. Мәулетқызы Б. Саралап деңгейлеп оқыту технологиясы.
– Ұлағат. – 2009. - №6. – Б.16.
2. Қараев Ж.А. Оқытудың педагогикалық
технологиясының жаңа тұрпатты мектептерді дамытудағы
рөлі. - Бастауыш мектеп. – 1999. - №1. – Б.19.
3. Кобдикова Ж. ДСО педагогикалық технологиясы талаптарына сәйкес
өтетін тақырыптардың үлгісі. -Бастауыш мектеп. – 2003.
- №9. – Б.32.