Шынтаева Н.А., оқытушы п.ғ.магистрі

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Дарибаева А., Оспанова Б.Ж.

С.Сейфулин мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Қаратау қ.

 

ДАМЫТА ОҚЫТУ ТЕХНАЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ АРҚЫЛЫ БАЛАЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ.

 

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас  

 ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың  

 тағдыры ұстаздардың қолында»

 Н.Ә.Назарбаев

 

    Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Қазақстан халқына жолдауында: Заманауи білім беру жүйесінің және кадрларды қайта даярлаудың негізгі бағдарында «Балапан» бағдарламасы 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылданғанын көрсеткен [1].

      Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының негізгі міндеттерінің бірі баланың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуды міндеттесе, Қазақстан Республикасының дарынды балаларды анықтап, оларды қолдау көрсетіп дамыту концепциясы шығармашылық қабілетті дамытуға бағытталған білім саласындағы нормативті-құқықтық құжаттары адамның шығармашылығын дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Сондықтан жеке тұлғаның шығармашылық мүмкіндігін, шығармашылық қабілетін, шығармашылық ойлауын әрбір адамның жаңа білімді игеруіне, интеллектісі мен ойлау қызметінің артуына қажетті ықпал ретінде дамыту өзекті мәселелердің біріне айналып отыр [2].

       Болашақтың бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты.

        Оқу – адамның психикалық дамуының формасы, элементі. Кез келген оқыту белгілі бір мөлшерде адамды дамытады.

       «Даму» ұғымының психологиялық анықтамасы – жаңарту процесі, жаңаның өмірге келіп, ескінің жоғалуы деген мағынаны береді. Барлық табиғат құбылыстары сияқты бала психикасы да үнемі диалектикалық жолмен дамып, өзгеріп, бір деңгейден екінші деңгейге өтіп отырады.

      Оқыту мен дамыту арасында тығыз байланыс бар екенін психология ғылыми жеткілікті дәрежеде дәлелдеп берді деп айтуға болады. Бұл мәселені түбегейлі зерттеп, бала дамуындағы оқытудың рөлін, алар орнын анықтаған көрнекті психолог Л.С.Выготский болатын.

       Ол дамуды оқытумен тең, керісінше оқу мен даму екі бөлек процесс деген көзқарастарды қатты сынға алды. Ең алғаш рет бала дамуының төмендегідей екі аймағы болатындығы жайлы теория ұсынды.

 1. Бала дамуының жақын аймағы – баланың тек үлкендердің көмегі арқылы атқара алатын істері.

 2. Бала дамуының қол жеткен аймағы – баланың үлкендердің көмегінсіз істей алатын істері.

 Баланың дамуы бірінші аймақты меңгеру арқылы жүзеге асады. Дамудың қол жеткен аймағы жақын аймақпен өзара қызметтесе отырып, оны игерген кезде дамуға өріс ашылады [3].

      «Дамыта оқыту» деген термин психология ғылымының қойнауында туып, баланың дамуын қарастырған (Ж.Пиаже), ойлаудың әртүрлі деңгейін, типтерін (Л.В.Выготский, А.Н.Леонтьев, С.Л.Рубинштейн) және басқа да психиканың функциясын зерттеген (Б.Г.Ананьев, Г.С.Костюк, А.А.Люблинская, Н.А.Менчинская) және т.б. іс-әрекет теориясының психологиясын жасаған (А.Н.Леонтьев, П.Я.Гальперин) еңбектерінде жан-жақты талданды. Нәтижеде дамыта оқыту проблемасына арналған екі іргелі эксперимент жасалып, оның бірін Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов, ал екіншісін Л.В.Занков басқарды [4].

      «Дамыта оқыту дегеніміз – ақыл – ойдың дамуының көрсеткіші ретінде жинақтай,қорытындылай алу дағдысы» - дейді. Дамыта оқытуда баланың ізденушілік - зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің осы кезге дейінгі білетін тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезініп, содан барып оның білім алуға деген ынтасы артып, білім алуда әрекет жасайды. Дамыта оқыту техналогиясын пайдалану арқылы баланың шығармашылық құзыреттілігін қалыптастырамыз.

       Құзыреттілік -латын тілінен аударғанда «құзырлық – өз ісін жетік білу, танымы мол, тәжірибелі» деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір саладағы құзырлықты меңгерген тұлға өз саласына сәйкес білім мен біліктілікпен қаруланған қандай да бір негізі бар ой-тұжырым жасайтын және тиімді әрекет ете алатын адамды есептеуге болады. Енді осы ұғымдардың мәнін тереңірек талдайтын болсақ, онда «құзыр» – тұлғаның белгілі бір пәндер шеңберіне қатысты білімі, біліктілігі, дағдысы мен іс-әрекеттері тәсілінің өзара байланысқан сапаларының жиынтығы, ал «құзырлық»–адамның іс-әрекеті саласына сай құзырлықтарды меңгеруі. Бұл екі ұғымды керек болған жағдайда бөліп қарастырады. Мысалы, құзырлық балалардың  дайындығына алдын-ала қойылатын талаптарды, ал құзыреттілік олардың қалыптасқан тұлғалық сапасын және белгілі бір саладағы іс-әрекетке қатысты жинақталған тәжірибесін айтады.

     Құзыреттілік – мектеп жасына дейінгі баланың тәрбие, даму білімділік деңгейі, қалыптасқан жеке басының қасиеттері, білім нәтижесінің типі.

     Негізгі құзыреттілік – күнделікті кәсіби  немесе әлуметтік  өмірлік жағдайларда қолданылатын, өмірдегі әралуан проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін білім,шеберлік, дағды, қабілет жиынтығы.

     Құзыреттілік тәсіл – стандарт талаптарына сәйкес оқу- тәрбиелеу прцесін өз бетімен ұйымдастыру, педагогикалық әдіс- тәсілдерді таңдау.  Шығармашылық құзыреттілікке   тоқталатын болсақ.      

   Шығармашылық құзіреттілік:

-музыка, өнер туралы білімдер негізіне қызығушылық танытуға;

-көркем туындылар және халықтық шығармашылыққа өзінің қатнасын білдіруге мүмкіндік береді.

«Шығармашылық» білім беру саласының  базалық ұйымдастырылған оқу іс- әрекетінде: сурет салу, мүсіндеу,  жапыстыру, музыка сабақтарында жүзеге асырылады [5].

       Дамыта оқыту технологиясын ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде қолдана отырып баланың шығармашылық құзыреттілігін қалымтастыра аламыз. Қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру барысында 6 жастағы бала саусақ қимылдарының жетілгендігі соншалық, бала өздігінен  түрлі пішіндерді дөңгелек, сопақша, тіктөртбұрыш т.б қия алады адам мен жануарлар мүсіндерін жасап, қарандаш пен еркін сурет сала алады.

   Түзу сызықтардың түрлі байланыстарымен құрылған қазақтың «Тұмар», «Балта», «Жұлдыз» , «Бес жапырақ», өрнектерінің суретін салу. Элементтерді пішіндермен сұлбалардың ортасымен шеттеріне орналастыра білуге үйрету.

     Қорыта айтқанда, аталған педагогикалық технологиялар мен инновациялық құралдар балабақшада  балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, әр сатыға балалардың қабылдау мүмкіндіктеріне сай пайдалануға болады. Мектепке дейінгі балалардың есте сақтау қабілеті әлсіз, қабылдау процестері тұрақсыз келеді. Сондықтан олар затты қолмен ұстап, көзімен көргенді ұнатады. Осыған сәйкес, мектепке дейінгі балалардың оқу іс-әрекеттеріне көрнекілік, ойын технологиясын кеңінен қолданылады. Пайдаланған әдебиеттер.

1.Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты жолдауы. – Астана, 15 желтоқсан, 2012.

2.Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы - Астана, Ақорда, 2007. жылғы шілденің 27-сі. №319 ІІІ ҚРЗ. /Егемен Қазақстан. 15.08.07

3.Алимова Қ. «Дамыта оқыту» мәселесінің педагогикада зерттелу жайы //Бастауыш мектеп. №4, 2009,32 б.

4.Аманжол К. Бастауыш мектептегі дамыта оқыту технологиясы //Бастауыш мектеп. №11, 2005, 3 б.

5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. – Астана, 2009.