Шет тілін оқытудағы мәтіннің ролі

 

Қазақстан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Ф.ғ.к. доцент Г.А. Машинбаева

 

         Шетел аудиториясына тіл үйретуде оқытушының ең  алдыңғы кезектегі  міндеті  – студенттердің  қарапайым мәтіннен бастап күрделі мәтіндерді құрастыра алу мүмкіндіктеріне жол ашып жұмыс істеуі. Мәтіннің аяқталған категория екендігін ескерсек, студенттің тіл үйренуінің алғашқы апталарында айтқан ең қысқа екі үш сөйлемнен тұратын ойлары да мәтін болып табылады. Демек ойды мәтін ретінде айту тек жарты, немесе бір беттен тұратындай болуы  міндетті емес. Себебі тіл үйренуші өзінің ауызша мәтінін құрастырғанда үйреніп жатқан тіліндегі білетін сөздерін қолданады. Ендеше ол алғашқы күні-ақ үлкен көлемді мәтін болмауы әбден мүмкін. Мәтін көлемі мен оның күрделілігі студенттің оқып жатқан тілінің граматикасы бойынша алған білімімен бірге өсіп отыратын динамикалық құбылыс.

         Сабақта пайдаланылатын мәтін ғылыми тұрғыда сұрыпталған, өңделген, түсінікті  болуы керек. Мәтіннің түсініктілігі дегеніміз ең алдымен ол мәтіннің құрамына енген сөздердің айқын, оқытылып отырған тілдің әдеби нормасына сай  таңдалынып алынуы немесе құрастырылуы. Бұл мәтінде қабылдаушының түсінуіне қиындық туғызатын диалект сөздердің, жаргон сөздердің болмауын немесе терминдердің шамадан тыс көп болмауын қадағалау деген сөз. Мұндай мәтіндерді сұрыптауға зерттеушілер әр қырынан келіп, көптеген талаптар қояды: «Мәтін шартты түрде екі қырынан: мазмұндық-әдістемелік және лексика-синтаксистік, стильдік жағынан тексеріліп, бағаланады» [1; 43].  Мәтіннің мазмұндық-әдістемелік сипатына: оның ғылыми мазмұны, қажеттілігі, қайталаусыз, жүйелі баяндалуы, теориялық абстракциялық деңгейі, өткен материалмен сабақтастығы, күрделірек деңгейі, студенттердің білімі мен логикалық ойлау деңгейіне сәйкестілігі, терминологияның бірізді қолданылуы, түрлі ақпараттық және фактілік материалдардың мөлшері т.б. мәселелер жатады. Ал лингвистикалық-стильдік сипатына: студенттердің лингвистикалық әзірлік деңгейінің ескерілуі, сөйлемдердің тым ұзын, шұбалаңқы немесе кілең қысқа студенттік толық та сапалы сөйлеуін дамытпайтын қысқа  сөйлемдердің ғана  болмауы, оқылуы мен жазылуы қиын көп буынды сөздердің сирек қолданылуы, абстракт мағыналы және бейтаныс сөздердің қажетті мөлшерде әрі мағынасы мәтін ішінде түсінікті болатындай етіп жұмсалуы, сөздердің бір мәтінде екіұшты мағына беретіндей қолданылмауы жатады. Сабақта қолданылатын мәтін студенттің жас ерекшелігіне психикалық, физиологиялық ереекшелігіне, тіптен кей жағдайда ұлттық ерекшелігіне де  бейімделіп алынуы ескерілуі  керек. Әдістемелік әдебиеттерде мамандар мәтінді сұрыптағанда  студенттердің мамандығы бойынша актив сөздер мен түсіндірме терминдердің ауқымы; лексико-грамматикалық материалдың ерекшелігін қамтамасыз ету; мәтіннің қиындық деңгейін анықтау критерийі; мәтіннің семантикалық моделін құру мүмкіндігі; мәтінде ойлау-танымдық мәннің болуы; контекстік көркемдік пен жанрлық шектеулік; тақырыптық принцип; мәтіннің композициялық-мәндік құрылымы мен стилі сынды  факторларды ескеру керектігін басып айтады.  [2; 18] Студенттің тіл үйренуіндегі ең басты назар мәтіннің сұрыпталуына баса назар аударсақ мәтінмен  жұмыс істеуде  қиындық болмайды. Қосымша әдебиеттер мен баспасөз беттерінен алынатын мәтінді белгілі деңгейде қолданғанда сол тіл оқушы топтарға сәйкес қайта бейімдеп сұрыптап қолданған жөн. Мәтінге тән тілдік зерттеулерде кез-келген мәтінге төмендегі талаптар қойылады:

1. Мәтіннің лингвистикалық мақсатқа;

2. мазмұнының танымдық-педагогикалық ұстамға;

3. әдістемелік нысанаға сәйкес болуы керек [3; 111].

Жалпы тіл үйретуде мәтінмен жұмысқа тілдің фонетика, лексика, морфология, синтаксис, пунктуация, фразеология бөлімдері тұтастай қатыстырылады. Сондықтан оқытушының алғашқы сабақтардағы тіл дыбыстарымен, сөз мағыналарымен жұмыс істеуінің нәтижесі кейінгі мәтін  мазмұнымен жұмыс істеу, мәтіннің мазмұнын айту, мәтінге ұқсас мәтін құрастыру сынды тапсырмаларда көрінуі әбден мүмкін болғандықтан әрбір сабақта мәтін алды, мәтінмен жұмыс , мәтіннен кейінгі жұмыс түрлері дұрыс, мақсатты ұйымдастырылуы тиіс.

         Оқытушының алдындағы  мәтінмен жұмыс істеуде  тұрған бірінші кезектегі міндет – мәтіннің қандай түрімен жұмыс жүргізетінін білу міндеті. Яғни сабақта жұмыс жасалатын мәтіннің қай стильде жазылғандығын айырып алу бірінші кезектегі мәселе. Мәтіннің түрлері ондағы сөз қолданыстарға, лексикасына қарай ажыратылады. Осыған байланысты мәтіннің ауызекі,  ресми, көркем, публицистикалық, ғылыми мәтін  сынды түрлерінің әрқайсысын студенттің сол уақытқа дейінгі білім деңгейіне сай ұсынуы мәтін талдауды жемісті ететін басты элементтердің бірі. Бұған қоса оқытушы тіл үйренушінің сабақтарда, сипаттау, әңгімелеу, пайымдау элементтері бар  мәтіндерін қай сабақтарда қалай орынды  қолдану керектігін  білгені дұрыс. 

Кез-келген тіл үйрету сабақтарындағы мәтінмен жұмыс мынадай сатылай  тәсілдерге өту арқылы орындалуы  тиіс.

1. Қазақ тіліндегі төл дыбыстармен жұмыс.

2. Жаңа сөздермен жұмыс.

3. Сөздік қорларын жетілдіру. 

4. Тіл дамыту.

5. Сөйлеуге шығару.

Мәтін  алды тапсырмалары мәтінмен жұмыстың алғашқы сатысы болып табылады. Бұл бөлімдегі тапсырмалардың барлығы мәтінді қабылдауға дайындық жаттығуларының легінен тұруы тиіс. Олар фонетикалық тапсырмаларда болуы мүмкін, немесе сөздің мағынасын анықтауға, сөздің көпмағыналығымен, синонимдік қатарлар құруға, антонимдерін табуды сұрайтын жаттығулар түрінде құрастырылуы мүмкін.  Мәтін алдындағы жаттығулардың ең қарапайым түрі  жаңа сөздерге берілетін жаттығулар. Мұндай  жаттығулар қарапайым түрде беріледі. 

Мысалы: Сөздердің мағынасын сөздік арқылы түсініңіз.

майлы бояу          сия

қыр-сыры            сызық

жарық                   көлеңке

Оқытушының бұл тұстағы құралы  сөздік болады. Студенттер сөздіктен қарап сөздің мағынасын білген соң, сурет  көрсету арқылы да жаңа сөздің есте сақталып қалуы үшін қосымша жұмыстар жүргізуге болады.  Жаңа сөзді қатыстыртып сөйлем құрастырту да артықтық етпейді.

Сөздердің жасалуына назар аударыңыз.

сезім – сезімтал – сезімтал суретші

кәсіп – кәсіби – кәсіби суретші

май – майлы – майлы бояу

сыр – сырлы  – деп берілетін жаттығуларды негізгі түбірден тараған түбірлес сөздер беріледі. Мұндай жаттығулар студенттердің грамматикадан оқыған қосымшалар туралы білімдерін қайта жаңғыртып, есте сақтауларына, сондай-ақ оны практика жүзінде қолдануына мүмкіндік алады. Жаттығуларда бір түбірден таралған сөздерді біріктіріп беру студенттің сөздерді оңай есте сақтап қалуына мүмкіндік туғызады.

 Етістіктердің мағынасын түсініп, басқа сөздермен байланысына көңіл аударыңыз.

бейнелеу – кім нені бейнелеу?

айнытпау – нені неден айнытпау?

көрсету – көрсете білу = көрсете алу

Ол суреттердегі сызықтардың, жарық пен көлеңкенің үйлесімділігін кәсіби суретшілер сияқты көрсете білген – деген үлгіде құрылған  жаттығулар сөздің контекстік мағынасын анықтауда ұтымды болып табылады, кейбір сөздер жеке тұрғандағы мағынасы мен контекске байланысты мағыналық сәл өзгешелікті саналы түрде ажырату үшін мұндай жаттығулардың орындалуы аса қажет.

         Мәтін мазмұнына кіріспе ретінде орындалатын тапсырмалардың тіл үйренушінің мәтінді қабылдауға дайындығында ерекше орын алады. Оқытушы мәтінде айтылатын ойды бірден мәтін ретінде оқып бермей, қысқа сөйлемдер мен көмекші құралдар арқылы (суреттер немесе слайд арқылы берілетін мәліметтер болуы да мүмкін) береді. Бұл оқылатын мәтіннен берілетін алғашқы мәлімет түсінікті болса студент мәтінді оңай қабылдай алады. Ондай кіріспе жұмыстың алғашқысыәңгіменің  тақырыбын анықтау.  Әңгіменің тақырыбын анықтау үшін сөздік қолданылады. Тақырып студенттің өз тіліне аударылады. Мұны әр студент өз бетінше орындайды. Екінші істелетін жұмыс – оқытушының кіріспе сөзі. Мұнда оқытушы тақырыпқа қатысты кіріспе сөз айтып, суреттер көрсетеді. Кіріспе сөз мүмкіндігінше үш-төрт сөйлемнен аспауы тиіс.

Берілген сөздердің антонимін табыңыз.

Ерте, жоғары, білімді, ақылдылық, ойлылық, қайырымдылық, қайраттылық, табандылық, әділдік, мейірбандық. – деп берілетін  бұл тапсырма  да мәтіндегі сөз мағыналарны толық түсінуге бір сөздің антонимин табу арқылы сөздік қорларын толықтыруға жағдай туғызатын жаттығулардың бірі болып табылады.  

Сөйлемдерді оқып, мағынасын түсініңіз.–  деген тапсырмалардың артықшылығы студент сөздерді жеке емес сөйлемде басқа сөздермен байланыста көре алады. Мұнда студенттер берілген сөйлемді басқаша екінші сөйлеммен қалай айтуға болады дегендей тапсырмаларды орындайды.  Мәтінге дейінгі тапсырмалардың тікелей мәтінге қатысты мынадай түрлерін құрастыруға болады:

1. Мәтін тақырыбын түсіндіріңіз.

2. Мәтінді оқып, мазмұнын өз сөзіңізбен айтып беріңіз.

3. Мәтінді оқып, Күләш Бәйсейітованың кім екендігін айтыңыз.

4. Сұрақтарға жауап беріңіз.

5. Сөйлемді толықтырыңыз.

6. Оқығанды суреттермен салыстырыңыз.

7. Мәтінді оқып, мазмұнына сәйкес жоспар құрастырыңыз.

         Жалпы мәтінге дейінгі тапсырмаларды құрастыруда бір ескеретін нәрсе, мұнда мәтіндегі маңызды элемент болып табылатын әрбір сөздер тобына, грамматикалық қосымшаларға т.б. бөліктерге тапсырмалар бергенде олардың әрбір топтарына жеке-жеке тапсырмалар берген дұрыс. Айталық,  сөздердің антонимдерімен жұмыс істейтін жаттығуларға мүмкіндігінше фразеологизмдерге қатысты тапсырмаларды бермеген дұрыс, себебі, бірден екі түрлі тапсырманы орындау студент үшін алдымен қиындық туғызса, екіншіден одан шығатын нәтиже де айтарлықтай сапалы бола  бермейді.

         Мәтіннен кейінгі тапсырмалардың орындалу мақсаты студенттердің мәтін бойынша алған материалды  қорытып,  қайта өндіріп шығаруға, яғни мазмұндауына мүмкіндік береді.  Мәтінді толық түсінуге мүмкіндік береді және тақырып бойынша өз ойын қосымша жеткізуге үйретеді,  шығармашылыққа жетелейді. Мұндағы тапсырмалардың басым көпшілігі өз бетінше мәтін құрастыруға, немесе өз бетінше әңгімелеуге, немесе салыстыра айтып беруге арналады.  Әрине тапсырмаларды түрлентіп құрастыруға болады. Олар мынадай болып келеді:

1. Еліңіздегі сурет өнерінің негізін салушы суретші туралы айтыңыз.

2. Өзіңіз білетін әлемге әйгілі суретшінің өмірі, шығармашылығы және салған суреттерінің тақырыбы туралы айтыңыз.

3. Сурет өнері (бейнелеу өнері) туралы не айта аласыз? Екі елдің сурет өнерін салыстырыңыз.

4. Мәтінде берілген суреттерге қандай ат қояр едіңіз?

5. Төменде берілген суреттерге басқаша ат қойып, сурет туралы өз ойыңызды, онда не суреттелгені жөнінде айтып беріңіз.

6. Төменде берілген абзацты диалогқа айналдырыңыз

7. Мәтін бойынша берілген сұрақтарға жауап беріңіз

8. Сөйлесейік!

а) Өз еліңізде бұлбұл атанған әнші бар ма? Сол туралы айтып беріңіз.

ә) 80 жасқа келгенше сахнада ән айтып жүрген әншілерден кімдерді білесіз? Сондай әншілер бар болса, айтып беріңіз?

         Мәтіннен кейін берілген тапсырмалардың алдыңғы тобы мәтінге тікелей қатысты болса, келесі тобы шығармашылық ізденіске, еркін әңгімелеуге бағытталып жасалады. Олар төмендегідей болып келеді:

1. Мәтіндегі ақпаратты толықтырыңыз.

2. Мәтін бойынша өз ойыңды жеткіз және өзгенің ойына пікіріңізді білдіріңіз.

3. Мәтінді рөлге бөліп оқыңыз, сахналаңыз.

4. Абзац бойынша жұмыс жасаңыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Құсайынов А.Қ., Асылов Ұ.Ә. Оқулықтанудың өзекті мәселелері.

Алматы. – 2000.

2. Жақсылықова К. Мәтінмен жұмысты ұйымдастыру.//Қазақ тілі мен

әдебиеті. N5-1999.

3. Шаханова Р.А. Қазақ тілін оқытуда мәтіндердің жалпы

сипаттамасы//Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы. N8-2004.