М.Әуезов - халықтық спорт ойындарының жанашыры

Ақажанова А.А.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агратехникалық университеті

 Астана қаласы, Қазақстан

 

Спорттық ойынның  даму тарихында  М.Әуезовтің өзіндік қолтаңбасы мол. Оны біз жазушының әйгілі роман - эпопеясынан және басқа да көптеген шығармаларынан және өзінің жеке басының өмірі жайында жазылғандардан байқауымызға болады. М.Әуезов халқымыздың ұлттық ойындары мен спорт түрлерінің шығу тегіне көз салып, олардың дамуы, қалыптасуы туралы пікір айтып қана қоймай, өз заманында біраз айтулы тойларды өткізуге қатысып, олардың құрамдас бөлігі іспеттес ұлттық спорт ойындарының білгір ұйымдастырушысы ретінде де үлкен үлес қосқан.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай сияқты М.Әуезов те аңшылықты,  яғни ит жүгіртіп, құс салып, аң аулауды қазақ халқы өнерінің негізгілерінің бірі деп білген. Аң аулауды Мұхтар Омарханұлы өзінің бірқатар шығармаларының арқауы еткен, әсіресе, саятшылықтың спорттық, демалыс қызығының маңызына зор мән берген. Бұл өнердің қыр-сырын үйрену үшін, тапқырлық пен төзімділік, амал-айла сияқты қасиеттер қажет болатынын, сонымен қатар, бұл өнердің адамды төзімділікке, сабырлыққа, кеңпейілділікке де тәрбиелейтінін терең сезінген.

М.Әуезов саятшылық мәселелерін «Бүркітші», «Бүркіт аңшылығының суреттері» және атақты «Көксерек» әңгімелерінде соншалықты әсерлі жазған. Мысалы, «Бүркіт аңшылығының суреттері» атты әңгімесінде: «Аңшылықтың үміт, қуанышы көп. Ыстық оттай қызулы минуты көп, мағыналы өмір. Аңшылықта кісіні қуаныш күйіне жеткізетін сезім күйі көп. Бұл салқындап кеткен кәрі ақылдың өмірі емес, сүйген ғашығыңды сағынып келіп, күліп-ойнап өткізген күндіз-түнгі ыстық сезім өмірі. Өйткені, бір минуттың ішінде қуантатын да, жүдететін де күйлер кешеді. Соның бәрін айтып жүргендіктен, аңшының тілі шешен, қиялы жүйрік», - дейді. Жазушы бүркіттің ұшқанына, түлкінің құтылмақ болған айласына, құсшының ебіне арналған талай тамаша көріністер жасаған. Аңшылық өмірінен ілгері - соңғыдан қалған талай қызықты, жанды, сұлу әңгімелері бар.

Қыранның түлкіні көргенде аспандап шығып, қағынып келіп түскені бір аңшыға биіктен сорғалағандай көрініпті, екіншісіне шаншылғандай, тағы біріне боздағандай, кейбіреулеріне ағылып еңірегендей көрініпті деп суреттейді [1, 210-213].

Мұндай суреттеуді бала кезінде асық ойнап, ай астында ақсүйек іздеп, әткеншек тепкен, асауды үйретіп, ит жүгіртіп, құс салған, доп ойнаған халықтық мәдениетті жоғары бағалаған адам ғана суреттей алады.   

Жазушының ағасы Ахмет Әуезов өзінің «Бала Мұхтар» атты кітабында Мұхтардың сонау балалық 8-9 жасынан бастап, көктем басталысымен, тай, асау үйретуді жақсы көргенін жазады. Сол кітаптың «Тайға міндік» деген тарауында былай дейді: «Күн бесіндікке таяғанда біз де терең сайға құлдилай келіп түстік. Жылқышы сол сәтте құрығын алып, алаяқ тайға салды. Әлгі жылқышы бұғалық тайға әбден түскенше, еркін жіберіп алды да, тартып қалды. Асау тай жығылып түсті. Сол сәтте біз де жетіп тайдың құлағынан бас салып ноқталадық.

- Алаяқ қажырлы екен, - деді жылқышы, - кім мінеді, кәне?

- Қажырлы деген сөзден тайсалып, іркіліп қалдық.

- Мен мінемін ,- деді Мұхтар.

- Абайла! - деп жылқышы Мұхтарды тайға мінгізіп жіберді.

Жүген, құрық тимеген асауға бала Мұхтар шап ете түскенде, асау мөңки жөнелді. Тай арқан бойы тулап жүріп, кейде кілт бұрылады. Мұхтар жалдан мықтап ұстап, ауып барып, қайта түзелді. Жылқышы ұзын арқанның бір шетін ұстап тұр.

- Айлалы, тісқаққан екен, - деп бағып тұрмыз алыстан - тақымыңды қыса түс.

Мұхтар тақымын қысса, алаяқ тай қоянша зытады, жалт береді. Мұны байқаған жылқышы, арқанды қиып жібереді» [2].

 «Аққасқаның тұқымын алдырайық, - деп Ағзам Мұхтарға қолқа салумен болды. Бүркітпен аң аулап, азулы тазыны жүгіртіп, жарыса қасқыр қууды Мұхтар о бастан жақсы көріп, жаны сүйетін еді. Ол үлкен серуен деп сыйлап, жақсы көретіні де сондықтан болса керек. Мұхтар Ағзам ойын бірден қоштай кетті. Арада көп уақыт өткен жоқ, Мұхтар қаражат жинап, Керекуге адам жіберді. Сөйтіп, Аққасқаның хабарын алдырды. Мұнан соң Мұхтар ит иесіне арнайы хат жазып, кемемен Аққасқа, Сарықасқа деген екі тазы алдырды. Аққасқа болса Ағзамға тиді. Сарықасқаны Мұхтар Жағыпар Мағауияұлына берді. Аққасқаны Ағзам жетегіне алып, Мұхтар екеуіміз де жараулы атқа мініп,  қызығына әбден батып, соққанымыз бар», - деп еске алады. Осы кітаптың 25 - бетінде жас Мұхтардың аңшылыққа байланысты кітаптарды қызығып оқығанын ағасы Ахмет: С.Т.Аксаковтың «Орынбордағы мылтықшы - аңшының жазбалары» әңгімелерін сүйіп оқитынын, Мұхтар С.Т.Аксаковтың «Тазы ит» әңгімесін қазақша сөзбе-сөз аударып бергенін жазады [2,25].

А.Әуезовтің шығармаларынан оның саятшылыққа,  құс салып, ит жүгіртуді еріккеннің ермегі емес, өнердің бір түрі деп есептегенін аңғарамыз. Ұлы Абай тағылымының Мұхтар Омарханұлына қаншалықты әсер еткенін жазушының шығармаларынан, саналы өмір парақтарынан, замандастарының естеліктерінен байқауымызға болады. Оның мысалы өте көп. Мұхтар Омарханұлының замандасы, қазақтың белгілі ақыны Ғ.Тәжібаев та естелігінде: «Ол жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазылар туралы сөйлегенді ұнататын және біреу осы хайуандар туралы сөйлессе, рақаттанып тұрып тыңдайтын» деген [3].  

1997 жылы 30 қыркүйекте «Спорт» газетіне шыққан Ө.Сұлтановтың «Физкультура - менің бұзылмас намазым»атты мақаласында, қазақтың атақты ғалымы Қ.Сатпаев Мұхтар Омарханұлының «Абай» роман - эпопеясы туралы айта келе: «Құс салып, саяттық құрған, қыз ұзатып, ас беруді суреттейтін тараулардың әрқайсысы жеке-жеке - ақ ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге парапар» - деп үлкен баға бергендігі жайлы жазылған [4].

Ғ.Мүсіреповтің «Бошайдың үш қарасы» атты әңгімесінде М.Әуезовке байланысты деректер кездеседі. «Әлі есімде, 50-ші жылдан аз ғана әрірек, Алматы ипподромында болған бір үлкен бәйгеде Кәрім Мыңбаев әкеліп қосқан торы төбел ат бір айналым жалғыз дара озып келгенін көрген Мұхтар марқұм Кәрімді көкжелкеден түйгіштей бастады. Аузына «әй-әй!» дегеннен басқа сөз түспепті. Көзінде парлап кеткен жас еді»,- деп жазады [5].

Міне, атақты сөз шебері Ғ.Мүсірепов  Мұхтар атамыздың бәйгеден озып келген жүйрікті көргендегі ой-сезімін, қимылын, қуанышын осылай суреттейді. Иә, бұл жай ғана қуану емес, теңеуі жоқ үлкен сезім. Бұл сәттен Мұхтар атамыздың ат поэзиясын қалай сезінгенін, ат сұлулығын, ат құдіреті алдында қалай бас игенін көреміз десек те артық айтқандық емес. М.Әуезовтің атқұмарлығы жайында орыс жазушысы Павел Лукницкийдің естелігінде де жазылған [6].  

Сонымен қатар, М.Әуезов қазақтан шыққан алғашқы футбол ойыншыларының бірі. Осы сөзімізге дәлел ретінде 1999 жылы 6 сәуірде шыққан А.Нысаналиннің «Тектұр» [40] атты мақаласынан үзінді келтірейік: «Жұмасына екі рет базар, шіркеу алаңдарында бас қосатынбыз. Онда әркім өз үлесін қосатын, - деп еске алады өзбек ғалымы Қасым Мұхаммедов. Футбол ойнау ақсүйектен гөрі орыс мәдениетіне жақындата түсті. Сабаққа аса зейінді Мұхтар «Ярыш» командасында ойнап жүргенде, өзінің тағы бір талантын көрсеткен... Еңбекпен, спортпен денесі шыныға түсті». Егер бұл бірлі - жарымның куәлігі болса күмәндануға болар еді, Алайда, онымен иықтас, тұрғылас серігінің тағы бірі ағынан жарылып отырса ше? С.Хисматуллин сол күмән  бұлтын ыдыратып жібергендей: «Менің Мұхтар Әуезовпен екінші кездесуім «Ярыш» футбол командасында болған еді, бұл бізді одан сайын тонның ішкі бауындай жақындатып кетті. Мен сол қанаттағы  шеткі шабуылшы болдым да, бәлкім, Мұхтардың мығымдылығы ескерілген шығар, оған жартылай қорғаушылық міндеті жүктелді» [8]. Оның сол кездегі ойыншы серіктері: А.Кәрімов (капитан), Ю.Ниғматуллин, Ә.Сыздықов, Ғ. Ғаббасов, М.Құрманов, Я.Ямбушев, С.Ахмедшин, Қ.Мұхаммедов, С.Хисматуллин және басқалар[7].                           

Жұртшылыққа белгілі, М.Әуезов  «Өскен өркен»  романын жазу барысында деректер жинау мақсатымен Оңтүстік Қазақстан өңірінде сапарлармен бірнеше  рет болған. Соның бірінде 1959 жылы М.Әуезовпен  сапарлас болған  жергілікті  журналист Әбілдей Омаров  естелігінде: Темірлан  селосындағы « Ленин туы»  колхозына барғанда Мұхаң Қажымұқанның  Мінәй деген әйелінің үйіне соғып, атақты балуанның бейітін көреді. М.Әуезов қабір басында тұрып, облыс басшыларының  атына сын айтты. Ол бұл мәселені ескерусіз тастаған жоқ. Тиісті орындарға айтты да, көп ұзамай Қажымұқанға ескерткіш  салынып, бөлінген қаржы толық игерілді  дейді [9].

Халқына үлкен  еңбек  сіңірген, талай  мемлекеттерде өткен  жарыстарда  қазақ  елінің  намысын  абыроймен  қорғаған Қажымұқан дүниеден  озған кезінде, Мұхтар атамыз  оның  рухын  аласартпай, аруағын  риза  қылуға  үлкен  еңбек  жасап, зор адамгершілік  көрсете  білген.

М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында қысқы аңшылық, жазғы саятшылық оларға қатысты салт-жоралғылар суреттеуде қанша атаулар мен қайталама тұрақты сөз тіркестерін қолданған. Мысалы,  қаршығамен үйрек - қаз аулауда: «Кезіккеннің қолында өлгелі тұр екен», «Түлегі жақсы екен», «Көк қаршыға лып етіп, аңшы қолынан жерге қарай етпеттей берді », «Қанатымен жер сызып, жасырына жөнелгендей болды», «Тұрғыға кетті, тұрғыға кетті!», «Екі сары ала қаз арасында көк қаршыға ұйқы-тұйқы, сарт-сұрт майданда екен», «Құсы тағы бұның қолына етпетінен түскенде», «Әдемі тастады, шебер тастады»,  т.б.

Қыста қыран бүркітпен аң аулауға байланысты: «Қанжыға майланайын деп тұр екен!», «Үйірімен үш тоғыз», «Қос қанатымен тас соға жаздап, ауыр салмақпен салпылдап ұшып, сабаланып келе жатыр екен», «Бұл ұшуда ол жанбауыр емес, күйі қайтқан көп сабалақ қараның біріндей». «Қарашолақтың құлағына сіңген өткір жіңішке үнімен, қысқа ғана «кеу» деп қалды». «Екі қағушы ... бір түлкіні шаттан айдап шықты», «Құс тіленіп талпынса да», «Алды, бүктеді! десті», «Қарашолақ жанбауыр Шөгелдің тұқымы», «Жанбауырдың тұяғынан түлкі кетпейді, бірақ бұталы жерге түспейді» т.б.

Бұрынғы замандарда халықтың қуанышы, сауық-сайраны, той-жиыны спорт ойындарынсыз өтпегенін қазақтың өмір салтын жырлаған ауыз әдебиетінің қай нұсқасынан болсын айқын көреміз. Халықтық спорт, ойындардың ізгі қасиеттерін, халық өмірінде қалай бағаланғанын Абай, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ә.Диваев сияқты халық мәдениетінің  жанашырлары үлкен сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен талдап, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп отырған.

 

        

В данной статье  автор приводит рассуждения М.Ауезова о формировании и истории  казахских национальных игр.

In this article the author quotes the arguments of  M.Auezov about formation and history of the kazakh national games.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Әуезов М. Шығармалар. 12 томдық. Алматы: Жазушы, 1967.

2.      Әуезов А. Бала Мұхтар. Алматы: Жазушы, 1997. – 93 б.

3.      Тәжібаев Ә. Жылдар, ойлар... Алматы: Жазушы, 1967. – 472 б.

4.     Сұлтанов Ө. Физкультура менің бұзылмас намазым // «Спорт»          газеті. 1997, 16, 30 қыркүйек.

5.     Мүсірепов Ғ. Бошайдың үш қорасы // Лениншіл жас, 1972, 19 тамыз.

6.     Лукницкий П. Біздің Мұхтар. Аяулы жан. Алматы: Жазушы, 1976. –  50 б.

7.     Нысаналин А. Тектұр // «Спорт» газеті, 1999, 6 сәуір

8.     Баллизюк Г. Народные обычаи, имевшие отчасти и ныне имеющие в Малой киргизской орде силу закона // Записки Оренбургского Русского геогр.общества. вып. 2, СПб, 1872. С. 162-165.

9.     Омаров Ә. Біздің Мұхтар. Оңтүстік сапары. Алматы: Жазушы, ** 404 б.