Алимхожаева
Арайлым Смабековна
Орталық Азия университетінің
магистранты. Алматы қ.
Дидахмет Әшімханов прозасы және
отбасылық құндылықтар
Жазушы Дидахмет
Әшімханұлының «Ағайындар» әңгімесінде
халық өміріндегі елеулі өзгеріс – туыстық
қарым-қатынастардың өзгеше сипат ала
бастағандығына оқырман көзін жеткізді.
Қалаға орныққан екі ағайынды ауыл баласының
екі түрлі тұрмысы мен екеуінің ел-жұртқа,
туған-туыспен байланысы арқылы ашылатын бұл күрделі
мәселе ағайындылар сезіміндегі алшақтықтарға
дейін жеткізілген. Халқымыз: «Ағасы бардың жағасы бар,
інісі бардың тынысы бар», «Үлкен тұрып, кіші
сөйлегеннен без. Аға тұрып, іні сөйлегеннен без»,
«Ағаға қарап іні өсер, апаға қарап
сіңлі өсер» деп тегін айтпаған. Туысқандар
арасындағы өнегелі қарым-қатынас үлкенді-кішілі
адамдардың өзара сыйласуынан, қайырымдылығынан,
кішіпейілділігінен, адалдығынан туындайды. Жас ұрпақтың
ақыл-есінің, мінез-құлқының
қалыптасуы өскен ортасына, алған тәрбиесіне байланысты.
Сондықтан да қазақ ежелден ағалы-інілі,
апалы-сіңлілі арасындағы татулықты, бауырмалдықты
дәріптеген. Ағасына қарағанда көңілшек, ел
жанды мінез иесі Дүйсеннің амалсыз жүрген
көңіл-күйіне елден келген хат түрткі болып, елге сапар
шектіреді. Хат – психологизмнің көркемдік амалдарының бірі.
Жазушы соны сәтті пайдалана алған.
Сөйтіп қарадай
қайғыланып жүргенде, алдыңғы күні үйден келген хат өзі де
шығайын деп тұрған көзге шыбықтай тиген. Хатты
жазған апасы екен. Апасы емес-ау, апасының сөзін
қағазға түсірген жеңгесі Бибіш екен.
Сойдақ-сойдақ жазумен қос парақты түгел толтырып
шығыпты. Дүйсен қатты қуанып, ал кеп оқысын.
Алғашқы бетте, «аса бек құрметті көретін»
бұны мен Сейсеннің, келіндері Қадиша мен
Ләззаттың, Сейсеннің үйіндегі «жаман қара
домалақтардың» хал-күйін ұзақ сұрастырыпты.
Бұдан соң екінші беттен бастап, өз жағдайларына
көшкен екен. Дүйсеннің одан ұққаны: «Биыл
жазда ел жақ жауынды болғаны. Әсіресе осы күзге қарай.
Жұрттың шапқан шөбі жиылмаған күйі шіріп
кеткен көрінеді. Оның ішінде «біздің шалдікі» де. Соны «шал»
қораға үйе алмай әуреленіп жүргенде,
қасқа биесі жоғалған. Оны іздеп «шалдың»
бармаған жері, баспаған тауы қалмаған.
Өртеншоқыш да, Ақшоқы мен Тасшоқыны да тегіс
адақтап шығыпты. Ақыры бір күн ауырып келген оны
балдызы өз машинасымен ауданға алып кетіпті Апасы осыны айтыпты да,
хатының соңында: «Білмеймін, қарағым,
қорқамын. Биылғы көрген түстерімде жақсы
емес. Басқа не дейін, сау бол», – депті [1,152].
Хаттан соңғы
кейіпкердің сезім күйлері ішкі монологқа
сиғызылған. Бұл ішкі монологтың – ағынынан бірден-бір
ерекшелігі автордың мақсатына сай жүзеге асырылып,
санадағы қозғалыс бақылауда болады. Жалпы, мұнда
кейіпкер тасасында автордың тұрғаны қатты
байқалады. Яғни, шығармада екі түрлі сана (әке
мен баланың), екі түрлі әлемді қабылдау жүйесі,
олар автордың бақылауында болады, ол процесс саналы түрде
жүріп жатады. Повесте ішкі монолог принципі басты көркемдік
мән иеленген.
Түстен кейін Ләззат
екеуі қырық шақырым жердегі аудан орталығына барып, екі
сумканы оны-мұны базарлыққа сықа толтырып та
қайтты. Бұл жайында Сейсенге ауыз ашқан жоқ, неге
өйткенін өзі де білмейді Жүрер алдыңда бір-ақ
айтармын деп ойлаған. Себебі ағасының туысқа
салқын мінезі өзіне мәлім [1,153]. Жазушы ағайынды екі
адамның екі түрлі болмысына көңіл аударту арқылы
дәстүрлі туыстық қатынастың өзгеру,
құлдырау сипаттарына ой қозғау еткен.
Негізінде қазақ
халқында «Қырық рулы елміз, қарға тамырлы
қазақпыз» деген қағида ұстанып туыстық
желіні үзбеген. Береке-бірлікті бұзбаған. Үлкен кісі сөз бастаған, кішісі
аға сөзін қостаған, сүттей ұйып,
ғұмыр кешкен. Ел шетіне жау келсе, даңқты
бабаларының атын ұран
ғып ұстап, қанымыз, жанымыз бір, руымыз, туымыз бір,
тегіміз, кегіміз бір, еліміз, жеріміз бір, суымыз, нуымыз бір,
түріктің ұрпағы, алаштың азаматымыз десіп
бәтуаласып, бес қаруын асынып, ат құйрығын
түйісіп, бір байрақтың түбінен табылған.
Бұның бәрі
халқымыздың қастерлеуге тұрарлық асыл
қасиеттері екені даусыз. Бүгінгі ұлттық
салт-дәстүрімізді жаңғыртып, барымызды түгендеп, жоғымызды
жоқтап жатқан кезде осы қасиеттерді көркемдік
тұрғыда әртүрлі тарапта әңгіме ету
бүгінгі қаламгерлер нысанына да іліккен. Ол архетип, мотив,
көркемдік деталь, поэтикалық сөз қолданыстары
түрінде көрініс береді.
Қазақ халқы қандас туыстық есепті,
әдетте, еркектер тарапынан жүргізген, оны жеті атаға дейін
жеткізген. Ал, жетінші ұрпақтың «немесе», яки «шөпшек»
(қураған ағаш бұтағы) атануы да тегін емес,
өйткені, сегізінші ұрпаққа қарай кеткенде
қандас туыстастықтың мәні жойылып, буыны үзіледі
деген сөз. Осы себептен де жетінші ұрпағынан кейінгі
ұрпақ «туажат» (туыс емес
жат) деп аталады. Алайда талданып отырған шығармада осы
заңдылықтардың тұтастығына нұқсан
келгендігін жеке кейіпкерлер тағдырымен бедерлеген. Қызмет, мансап
жолындағы уақыт тығыздығын алға тартқан
Сейсеннің ішкі болмысы – диалог арқылы ашылады.
Бұл да отыра беруден
жалығып Сейсеннің жанына келді де, сыртқа көз салды. Ала құйын жел тұра бастапты.
Көше ұйтқыған шаң. Терезені құм
тырс-тырс ұрып тұр. Сейсен жеңіл күрсініп қойды
да, кері бұрылды.
– Ну, что ж Жолың болсын. Ұшпақ болсаң зымыра.
– Үйге айтарың, тапсырарың бар ма? [1,154].
Қамшы мен аршаны
аңсаған Сейсеннің ісіне оқырман сүйсініп,
басқа қылықтарына кешрімменқарайды. Себебі,
қалаға келіп қоныстанып, қызметке жеткен
қазақ баласының көпшілігінің басына тән
мінез – қазіргі замандағы қарбалас күй кешкен
жандардың типтік бейнесі.
Типтендіру проблемасы секілді
типтің өзі де тым кесек һәм күрделі нәрсе.
Неге десеңіз, мінез, бітім, әрекет, ұғым, рух, парасат
жағынан байыптап қарасақ, нағыз суреткердің
қолынан туған әрбір әдеби тип – әрі әбден
жинақталған, сондықтан өзі секілділердің
бәріне ұқсайтын жалпы тұлға, әрі
әбден дараланған, сондықтан өзінен өзге ешкімге
ұқсамайтын жалқы тұлға. Демек, типтің
түрі мен мазмұнында «жалпы» мен «жалқының» бірлігі
жатыр. Оның көркем образ ретіндегі кесектігі де, күрделілігі
де осында деп білу керек [2,106].
– Сәлем айт. Егер атам
қаттырақ ауырса, хабарлаңдар...
Айтпақшы, аршаның бір
бұтағы мен атамның қамшысын ала қайтшы.
Ал осындағы қамшы мен
арша Сейсеннің жан түпкіріндегі елге, жерге деген
сүйіспеншілік сезімін таныту үшін алынған көркемдік
деталь. Бір сөйлем болса да көркем шығарма детальсіз
болмайды. Әрине, көркем шығарма бір-біріне әсіресе
тұтасып тұрған ылғи ғана детальдан
құралады десек, ағат айтқан болар едік. Әр
детальды қабылдау үшін оқырманға, белгілі
дәрежеде дайындық керек. Бұл ретте, деталь кейде
авторлық баяндаудың суретке айналған түйіні секілденіп
те кетеді. Қалай болғанда да, әйтеуір, деталь – затты
шындықтың бір қыры арқылы бар сырын тұтас,
түгел және бірден шапшаң танытатын нақты штрих. Кейіпкердің
аласапыран күй кешкен психологиялық жай күйін автор жол
үстіндегі, түс, елес күйінде бейнелейді. Себебі, адам қиялына симайтын небір фантастикалық ой-арманға, өмірде қол жетпейтін қиял-ғажайыпқа, тіпті адамның ақылдан айрылу,
сандырақтау, ессіздік, өң мен түс
аралығындағы бейсаналы сәттер, елес, елестету, рухани
тоқырауға ұшырау т.б секілді
күрделі психологиялық түзілістерге де мүмкіндік беретін Түс
көру тәсілі кейінгі
кемелденген, көркемдік
әлемі жан-жақты байытылған
өркениетті өнер үлгісіндегі психологиялық
прозаға тән эстетикалық
көркемдік құндылықтар [3,173]. Суреткердің ойына алған идеясын
тереңдету мақсатындағы ұлын күткен қарияны
Дүйсенге кезіктіру оқиғасында қорғансыз,
қараусыз қалған қарттардың жиынтық бейнесі
жатыр. Яғни, адам тағдыры – жазушы үшін шығарма
арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше
тәсілі ретінде алынып,
олардың хал-күйі, кескін-кейпі туралы сол адамдар өмір
сүрген қоғам туралы көзқарасы нәтижесінде
сол қоғамдық шындықты көркем жинақтау
мақсатындағы творчестволық шеберлігін танытқан.
Яғни қаламгер шағын әңгіме сюжетіне тән
ықшамдылық пен жинақылықтың шарттылығын
сақтай отырып, айтар ойын дәстүрлі дүниетаным арқылы
санаға сіңдіреді.
Пайдаланған әдебиеттер
1.
Әшімханұлы Д. Самырсын сазы. А. 2000.
2.
Қабдолов З. Сөз өнері. А. 2004.
3.
Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір
мәселелері. А 2003.