Филологические
науки/3.
Теоретические и методологические
проблемы исследования языка
А.А.Ахметова
аға оқытушы, магистр
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Астана қаласы
Энергетика саласы терминдерінің лингвокогнитивтік сипаты
Терминология-ғылымның
өзекті салаларының бірі.
Ғылымның барлық салаларының жан-жақты дамуы
терминология мәселелерімен тығыз байланысты, өйткені қандай
да бір жаңа ұғым
терминмен белгіленіп, сол саланың терминологиялық жүйесінен көрінеді.
Ұғым
атауы термин болса, сол ұғым атауына берілген дәл
ғылыми анықтама-терминнің дефинициясы. Термин
сөзінің мағынасы оның дефинициясымен анықталады.
Белгілі бір ғылыми зерттеуші сол ғылымдағы
ұғымдарды ғылыми зерттеу арқылы түсіндіріп
береді, оның қыр-сырын айқындайды. Термин мағынасы ұғым мағынасын дәл
қамтуы тиіс. Сонда терминдерге
тән қасиеттер: 1) терминдер ғылыми ұғымның
атауы; 2) оларға жүйелік
тән; 3)термин тура мағынада
қолданылады; 4) оның мағынасы дефинициясы нақты
болады; 5) терминдерге ауыспалы
мағына, бейнелілік, образдық, эмоция дегендер жат; 6) термин бір
мағыналы болады, оған көп мағыналық тән
емес; 7) термин бір тұлғалы болады, яғни оған
варианттық тән емес; 8) термин стильдік бейтарап болады т.б.
Әрине,
бұл қасиеттердің бәрі белгілі бір терминологиялық
жүйе құрамында ғана болатын құбылыс, егер
олар өзі қатысты терминдік жүйе ауқымынан
шықса, онда олар жоғарыда
айтылған қасиеттерінен айырылып қалады да көп
мағыналық, көп варианттық, көп стильділік
сияқты ерекшеліктерге ие болады.
Яғни, терминдердің
өзіндік құрылымдық, семантикалық,
деривациялық, функционалдық ерекшеліктері бар. Аталған ерекшеліктерді ескерусіз термин
жасау, басқа тілден терминдер алу, калькалау, терминдерді ұтымды
қолдану мүмкін емес. Терминдер адам қызметінің ерекше
түрін атап көрсететін болса, ең алдымен, ғылыми,
кәсіби деңгейлерін айқындайды. Терминдер ғылым мен
техниканың, кәсіби және өндірістік салалардың,
ғылыми таным мен әлем көрінісінің дамуын бейнелейді.
Термин тілдің ерекше негізін құрайды, терминологиялық жүйесіз
бірде-бір ғылымның, техникалық, кәсіби,
өндірістік саланың дамуы мүмкін емес.
Қазақ
тілінің терминдері семантикалық, құрылымдық
тұрғысынан жүйелі түрде зерттелді. Ш.Құрманбайұлы қазақ тілінің
терминдерін терминологиялық
аталымның соңғы нәтижесі, өнімі ретінде қарастырса, Ө.Айтбаев лингвистикалық бірліктер ретінде олардың тілдік
қасиеттері мен белгілерін толық зерттеді. Дегенмен, қазақ терминдерін аталымдау мен
функциялауда адамның танымдық және менталдық
қызметі (когниция) лингвистикалық зерттеу пәні болып
қалыптаса қойған жоқ.
Терминологиялық
жүйенің тіл білімі ғылымында әлеуметтану, психология,
логика, философия, ономасиология, семасиология т.б. экстралингвистикалық факторлармен байланыстырыла
қаралуын осы саладағы жаңа бағыттардың бірі
ретінде қарастыруға болады. Терминдік ұғым, терминологиялық жүйе,
терминологиялық өріс көптеген басқа
ұғымдармен, тәсілдермен бірге зерттеліп жүр.
Соның ішінде термин мен концепт, терминология мен когнитивтік лингвистика
ұғымдарының бір қатарда қарастыру болып табылады.
Когнитивтік
лингвистика – «тілді жалпы когнитивтік механизм ретіндегі когнитив
құрал, яғни, ақпарат етіп көрсету,
репрезентациялау және трансформациялауда маңызды рөл
атқаратын таңбалар жүйесі ретінде қарастыратын
лингвистикалық бағыт» [1,53].
Когнитивтік
лингвистика терминдерді зерттеуде жаңа бағыттарға жол ашады,
яғни терминологиялық
жүйені жаңа
қырынан зерттеп ұғынуға
ұмтылыс жасайды.
Әр
ұлт тілінде дүние, әлем туралы түсініктер,
ұғымдар түрлі тілдік фактілер арқылы таңбаланып,
қоршаған әлемнің тілдік бейнесі, негізінен, адамдар
санасындағы дүниенің логикалық бейнеленуі жағынан
ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы
ұқсастықтар ұғым категорияларын жасайтын
лексемалардың толығуына әсер етеді. Сол ұғым
түрлерінің тұтастай алғандағы атаулары
тілдің негізін құраса, құбылыстардың тілдегі
бейнесінен ұлт ерекшеліктерін танып білуге болады.
Ғаламның
ғылыми бейнесі мен тілдік бейнесі арасындағы айырмашылықтар
турасында ғалым В.В.Воробьев төмендегідей тұжырымдаманы
ұсынады [2, 9]:
1)
когнитивтік жүйе әмбебап сипатта болады, оның көлемі
мен тұтастығындағы айырмашылық түрлі ұлт
өкілдері өркениетінің деңгейіне байланысты.
Лексикалық жүйе ұлттық сипатта болады, түрлі
тілдердің лексикалық жүйелері арасындағы
айырмашылық, алдымен, ішкі бөліктерге бөлінуіне байланысты
(Осы тұрғыдан келгенде, терминдер әмбебаптық
сипатқа ие болғандықтан, когнитивтік жүйенің
негізгі бір бөлігін құрайды);
2)
функционалдық айырмашылықтарға келсек, когнитивтік жүйе
тану процесі мен еңбек әрекетіне бағытталған болса,
лексикалық жүйе коммуникацияға бағытталған
(Терминдер аталған екі қызметті де атқаруымен ерекшеленеді);
3)
генетикалық тұрғыдан когнитивтік жүйе лексикалық
жүйеге қарағанда алғашқы болып табылады
және табиғатынан консервативтік саналатын лексикалық
жүйеге қарағанда тезірек қарқынды жетіліп, дамып
отырады (Генетикалық тұрғыдан терминологиялық
жүйе лексикалық жүйенің бір бөлігі болып
табылады. Бірақ даму тұрғысынан когнитивтік
жүйенің құрамдас бір бөлшегі деп
қабылдауға болады);
4)
когнитивтік жүйе лексикалық жүйеге және жалпы тілдік
жүйеге қарағанда толығырақ, байырақ болып
көрінеді, лексикалық жүйе когнитивтік жүйенің
құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады
(Терминологиялық жүйе терминдік қоры жағынан
лексикалық жүйе секілді когнитивтік жүйенің бір
бөлігі болып саналады).
Терминдердің
концептуалдық құрылымын анықтауда ұғым мен
мазмұн мәселесінің маңызы зор. Себебі терминнің
концептуалды құрылымы дегеніміз – белгілі бір
ұғымдық сала иелерінің коммуникативтік байланысын
қамтамасыз ететін референциялардың инвариантты жүйесі, оны
концептуалды құрылымды тіл жүйелері мен арнайы
ұғымдар арасын байланыстыратын негізгі буын деп
қарастыруға болады. Бұл арада тілмен тікелей байланыс
мазмұнды аспект арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан
концептуалдық құрылымның өзі де белгілі бір
семантикалық және ұғымдық категориялармен сипатталады.
Егер терминді
тек жеке сөз ретінде ғана қабылдамай, оны белгілі бір
терминологиялық жүйе бірлігі ретінде қабылдайтын
болсақ, онда ол өзінің негізінде бүкіл сол
жүйенің құрылымдық және
мазмұндық жақтарын сипаттауымен қоса, онымен
семантикалық қатынаста болуы тиіс. Яғни, бір жеке
терминнің концептуалдық құрылымын айқындау
арқылы сол терминологиялық жүйенің де
концептуалдық құрылымын анықтауға болады.
Терминологиялық концепті
біз арнайы білім туралы түсінік беретін мәдени-ментальдық
және тілдік құрылым деп қарастырамыз.
Терминологиялық
концептің құрылымы күрделі. Ол бес
құрылымдық компоненттен тұрады. Оларға
ұғымдық компонент, мәндік компонент,
ментальды-мәдениеттік компонент, тілдік компоненттерді
жатқызуға болады. Терминологиялық концептінің
ұғымдық компоненті белгілі бір ғылым саласындағы
ұғымдар туралы түсінік береді. Мысалы, «қуат» термині
энергетика саласында энергетика
мағынасында қолданылады, қараңыз:
«Қуат-
тұрақты тоқ тізбегінде тізбектің
қысқыштарында кернеудің тізбекте ағатын
тоққа көбейтіндісі» [3,134]. «Қуат» сөзі жалпы
тілдік қолданыста «күш», «әл», «тірек» мағыналарына ие
болса, мысалы, қуаты әлі бойында, достық
сөзі-үлкен қуат, қуаты кетті (әлсіз болды),
құдай қуат берсін.
«Қуат» сөзі әлеует, күш, қуаттылық
мағынасында қолданылады.
Энергетика
саласында «қуат» сөзі ерекше түрде концептуализацияланады. Ол
арнайы ғылыми білім туралы түсінік береді. «Қуат» сөзі
терминологиялық мағынаға ие болып энергетика ісімен
байланысты «өлшем бірлігі», «белгілі бір жұмыс көлемін
орындау қабілеттілігін анықтайтын сипаттама», «белгілі бір
қасиеттерге ие, кодалау теориясындағы көрсеткіш берілген
жиында элементтер санын сипаттайды» [3,118].
Концептің
мәндік құрылымында «қуат» сөзінің тілдегі
орны, терминология саласындағы қатынастарға кіру
дәрежесі. «Қуат» термині терминология саласында иерархиялық
және сөзжасамдық қатынастарға кіреді. Иерархиялық қатынастар біз бастапқы- бағыныңқы
қатынастар деп түсінеміз. Олар терминология саласында келесі
түрде жүзеге асырылады: 1) терминологиялық топта негізгі,
іргелі термин басшылық етеді. Оны тақырыптық-номинативтік
бірлік деп атайды, себебі ол доминанта ретінде бір тақырыптық топты
басқарады. Осы тақырыптық топқа кіретін басқа
сөздер онымен бағыныңқы қатынаста болады, мысалы, радиотехника саласында
күшейткіш термині доминанта
ретінде күшейткіш тақырыптық терминологиялық топты
басқарады. Ол негізгі термин, басқа күшейткіш каскадтық
динамикалық сипаттамасы, күшейткіш қуатының
динамикалық диапазоны, күшейткіш элемент, күшейткіштегі кері
байланыстар, күшейткіштердің күшейтуін реттеу,
күшейткішті автоматты реттеу, күшейткіштің амплитудалық
сипаттамасы, күшейткіштің амплитудалық-жиіліктік сипаттамасы,
күшейткіштің динамикалық диапазоны, күшейткіштің
жиіліктер диапазоны, күшейткіштің кірістік құрылғысы,
күшейткіштің номиналды шығыс қуаты,
күшейткіштің өзіндік бөгеуілдері т.б. терминдер іргелі
терминмен бағыныңқы қатынаста болады. Олар негізгі
ұғымның қырларын анықтайды. Ал
тақырыптық-номинативтік бірлік негізгі ғылыми
ұғым туралы толық түсінікті береді.
Сөзжасамдық
қатынастар іргелі термин
негізінде жаңа терминдерді жасау әрекеті арқылы
жүзеге асырылады, мысалы, күшейткіш термин сөз тудырушы негіз
болып табылса, онда осы түбірге жұрнақтар жалғау
арқылы жаңа терминдер туындайды, қараңыз: күшейткіш-күшейту,
күшейтілу, күшейткіштер т.б.
Жаңа
терминдер терминологиялық сөзжасамдық тіркесті
құрастыру арқылы да жасалынады. Терминологиялық
сөзтіркесімдер екі-үш, төрт сөздерден
құрастырылады, қараңыз:
1.
күшейткіш элемент (екі сөз);
2.
күшейткіштердің күшейтуін реттеу (үш сөз);
3.
күшейткіштің сызықтық емес бұрмалануы (төрт
сөз).
«Қуат» концепті де
иерархиялық және
сөзжасамдық қатынастарға кіреді. «Қуат»
сөзі «қуат» атты
тақырыптық терминологиялық топта іргелі термин болып
саналады. Ол қуат бөлгіші, қуат күшейткіші,
қуаттың нөлдік деңгейі терминдерімен
басыңқы-бағыныңқы қатынастарға кіреді.
«Қуат» сөзі бағыныңқы қатынастағы терминдермен сөзжасамдық
қатынастарға кіреді. Осы сөз негізінде келесі тіркестер пайда болады: активті қуат,
синусоидалы тоқтың активті қуаты, сәулелену
қуаты, комплексті қуат, радиосигналдың
қуаттылығы.
«Қуат»
концепті ментальды-мәдени құрылымында арнайы ғылыми
білімдермен қатар экстралингвистикалық білімдер де
көрсетіледі. Бұндай экстралингвистикалық білімдер келесі
мәліметті жүзеге асырады: 1) ғылым саласы; 2)
ғылымның даму тарихы; 3) терминнің жасалу тарихы; 4)
энергетика саласындағы теориялардың авторлары
экстралингвистикалық білімдерді фондық білімдерге
жатқызуларына болады.
«Қуат»
концептісінің тілдік құрылымдық компоненті «қуат»
сөзі негізінде жасалған тіркестер, жұрнақтарды
қосу арқылы өңдеген терминдердің санын, топтарын
көрсетеді, мысалы: активті қуат, синусоидалы тоқтың
активті қуаты, сәулелену қуаты, комплексті қуат,
симметриялы үш фазалық қабылдағыштың толық қуаты,
кернеу трансформаторының номинал қуаты, айнымалы ток
тізбегінің қуаты, айнымалы ток тізбегінің толық
қуаты, айнымалы ток тізбегінің реактивті қуаты.
Қорыта
айтқанда, терминнің лингвистикалық және когнитивтік
қасиеттерін атауға болады, сондықтан да терминді
лингвокогнитивтік белгі деп қарастырамыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Воробьев В.В. О русской
национальной личности в языке и культуре // Язык и культура. – 1998. – ч.1.-
С.52-57.
2.
Кубрякова Е.С., Демьянков В.З., Панкрац Ю.Г., Лузина Л.Г., Краткий словарь
когнитивных терминов / Под общей ред. Е.С.Кубряковой. – М.: Наука., 1996. – 340
с.
3.
Электротехника, электроника және байланыс. Орысша-қазақша
түсіндірме сөздігі.-Павлодар, 2006.- 288 б.