Галымова Раушан Манаткызы

Қазақстан Инновациялық Университетінің

2 курс магистранты

 

ШӘКӘРІМ МЕН ГЕТЕНІҢ КӨРКЕМДІК ТАНЫМЫНДАҒЫ

ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚ

 

Шәкәрім мен Гете поэзиясындағы ең басты типологиялық ортақ белгілердің бірі – қарама-қайшылық мәселелері. Мысалы, Шәкәрім үшін өмiр толы сынақ екенiн адам еркiн жоққа шығарғандықтан айтпайды. Осы екi айыр жолда әр уақытта адамда таңдау бар екенiн ақын:

Жаратылыстың берген еркi сол,

Талап ет сен таза жол. [1.216],-деп түсiндiредi.

Адам үшiн соңғы аялдама - өз еркiңдi ғаламдық құдайылық ерiкпен астастыру болғандықтан, ол ешқайда адастырмай  мақсатқа тура апарады. Бұл - ұлы құрбандықтың жолы:

Таза жолдан

Таймай барғаның, -

Жетпесе де алғаның. [1.216]

Өмiрде кездейсоқтық болмайтынын, бәрiн жоғарыдан келген символ ретiнде қабылдау Гетенiң ой жүйесiнде “Батыс-Шығыс диуанын” дүниеге әкелуден бастап мықтап орнайды. Сондықтан өз еркiн ақын құдай еркiне сенiп тапсыру, аяндап сезiлiп тұратын әрбiр сәт, әрбiр кезеңдi ешбiр қайғы-қапасыз қабылдауы тиiстiгiн досы Цельтерге жазған хатында айтады: “Құдайдың еркiне бүтiндей мойынсыну, спиральды айналып келiп отыратын жер бетiндегi өзгермелi абыр-сабыр тiрлiкке қайғысыз көзқарас, махаббат, екi әлемнiң арасында тұрақтай алмай бiр-бiрiне тартылу құдыретi, барлық шындық жарқырап символмен берiлген. Ендi, саған қартым, тағы не керек?” [2.535]

Гетенiң “Диуанындағы” кейiпкерлерi белгiлi бiр мағынада өз “Менiнен” бас тартып бүтiнмен бiрiгудi қалайды, жаңа қалыптағы “Мендi” iздейдi. әсіресе, “Зылиха кiтабында” құрбандық тақырыбы айқын көрiнедi. Мұнда ғаламдық ерiк, әлем - жар идеясы - Зылиха бейнесiнде өрнектелген. Сондықтан, Атымтай өзiн ұмытып, жар-Зылиханың еркiне құрбан болғысы келедi:

Да, я слышал это мненье,

Но иначе я скажу:

Счастье, радость, утешенье -

Все в Зулейке нахожу.

Чуть она мне улыбнется,

Мне себя дороже нет,

Чуть нахмурясь, отвернется -

Потерял себя и след.  [3.662]

Бұл ой Шәкәрiм өлеңiнде  де осылай жырланады:

Жар қараса тiрiлушi ем,

Қарамаса, мен - өлiк. [1.244]

Диалогта Атымтай мен Зылиха бiр-бiрiне сай болғанда ғана бiрiге алатын шарты бар. Атымтай Зылиханың махаббатына ену арқылы, Зылиханың ұшқыны арқылы әлемдi тани отырып, “қалыптаса” алады. Гете өзiнiң “Демон” атты өлеңiнде сайтан деп жан сипатын бiлдiретiн әрбiр адамның жеке өзiне ғана тән ерекшелiгiн айтқан. Әркiмнiң өз жұлдызы, өз тағдырындағы “демоны” - монада, энтелехия, адамның туа бiткен қасиеттерiн ашуға көмек беретiн дамытушы күш. Яғни, қандай жағдайға да итермелейтiн қажеттiлiк. Ал, қажеттiлiк ақылға қозғау салады. Сол себептен, Мефистофель - құдайға қарсы шығушы емес, құдайдың рұқсатымен адамды сынаққа алушы. Ол адамның тоқтап тұрған творчестволық қуатына қозғау салушы. Академик З.Ахметов Фаусттың алға ұмтылуына Мефистофель кедергiсi пайдалы даму үшiн қажеттiлiгiн: “Қайта өзiнiң удай ащы кекесiнiмен, дөрекi, арсыздығымен, өмiрге деген күмәншiл сенiмсiздiгiмен Фаустты толқытып, тыным бермейдi, таласуға, күресуге, өз көзқарасын дәлелдеуге итермелейдi, сөйтiп, оны үнемi алға және биiкке өршелендiредi”, -деп түсiндiредi.[4.9] “Аспандағы прологта” сайтан құдайдан Фаустты түгелдей өз құзырына беруiн сұрағанда Тәңiр былай деп келiседi.

Еңбектен адам оңай тоқырайды,

Кейде ол жек көрмейдi жан тынышты,

Сен барсаң, тiзе бүгiп отырмайды,

Сайтанның азғыруға салты күштi. [4.19]

Сонымен, Гетеде сайтан - қажеттiлiкке итермелейтiн қозғаушы күш. М.Мағауин мұндайда ұғымға сайтан сөзiнен гөрi “аруақ қонды” деп айту керектiгiн дұрыс санайды. Жазушы Гетенiң 1823 жылғы түсiнiксiз сырқатының мәнiн қазақтар айтатын аруақтың қысуымен ұқсас екенiн айтады: “Аруақ қысқан, - дедiм. Бiздiң тiлмен айтқанда, Гөтенiң жазғаны бар: ұлы адамдардың бойында Демон болады деп; демон - шайтан емес, дию - перi емес, дүлей рух болса керек, Гете ұнамды мағынада қолданған, яғни, қуатты, iзгi рух. Қазақ аруақ қонған деп өте дәл белгiлеген”.[5.13-14] Одан әрi қазақта пыс деген, қасиет деген бар, олар бiрақ аруақтан төмен, аруақтың жолы әуелi тазарту, тәубасына түсiру, жаңғырту, соңынан қосымша, жаңа мiндеттерге бағдар бередi, аруақ миллионнан бiреуге қонады деген жазушы: “Соңғы үш жүз жыл тарихта қазақта аруақ қонған - Абылай хан, Кенесары хан және Абай ғана болды”,- дейдi.

Л.В.Кириллина “Моцарт және Гете: кейбiр сюжеттiк параллельдер” деген мақаласында табиғат пен данышпандық, “мөлшерден тыс күш” ұғымдарының арасындағы байланыстың сыры туралы: “Данышпандық сайтандық күшi” тiркесi романтизм дәуiрiнде адамдағы қайшылықты қалыпқа байланысты айтылса, Гете заманында бiр ғана мағынаны бiлдiрмейтiн. “Демонизмдi” Наполеон, Байрон, Лист, Паганини сияқты тұлғаларға қаратып айтатындар бiрiнше кезекте табынған адамдарының “сайтандық күшке” ие екенiне байланысты солай дейтiн”, - деген мысал келтiредi.[6.193] Гректерде “даймон” - құдайылық қасиет, аруақ қонған сияқты болатыны Сократтың өмiрбаянында бар. Сократтың iшкi даусы - “даймон” үнемi не iстеу керек, неден қашуға тиiс екенiн ескертiп отырған. Гете үшiн “демонизм” - иррационалды күш. Ол өз өмiрiнде Наполеонмен болған кездесуiн тамсана еске алып отырған. Оның Наполеон туралы көзқарасында саяси пiкiрлерi мен метафизикалық ой-толғамдары қатар келiп, бір жағынан жүздеген княздықтар мен уақ мемлекеттерге бөлiнiп берекесi

И.С.Тургенев үшiн “Фаустағы” Мефистофель негiзгi жағымды кейiпкер болып шығады. Жазушы Мефистофель сөздерiнiң арғы мағынасынан Гетенiң өзiне тән көзқарастарын тануға болатынын айта келiп, жалпы Мефистофель батылырақ сөйлеп тұрған Фаусттың өзi емес пе екен деген сауалды тастайды. Бiрақ, Тургенев Мефистофельдi зұлым күш ретiнде “Ұлы әзәзiл” дегеннен гөрi, өз басының тыныштығын күйттеген ұсақ жын, Мефистофель қылықтары өзiндегi кiшiгiрiм қайшылықтарымен әуре болып, бүтiн бiр халық аштан қырылып жатса да, философиялық селқостықпен қайрылмай кете беретiн өзiмшiл адамдiкiне ұқсас деп баға бередi.[7.402]. Сонымен, “Фауст” трагедиясына тұтас талдау жасай отырып, Мефистофельдiң өне-бойынан тек жағымды көмекшiлiктi көру - объективтi көзқарас бермейтiнiн байқаймыз. Академик З.Қабдолов “Сөз өнерi” атты әдебиет теориясына байланысты еңбегiнде образды жағымды, жағымсыз деп бiр беткей түсiндiрудiң ерсi екенiн айтып: “Образ дегендi бiз тiрi адам деп ұғар болсақ, ойлап қараңыз, өмiрдегi адам атаулының бәрiн жағымды, жағымсыз дегендей ап-анық екi топқа, дәлiрек айтқанда, екi сортқа бөлуге бола ма? Осының бәрi тiптi мүмкiн бе? Жоқ, бұл қиын: әлдебiр дайындау мекемесiнiң елден жиған терi-терсегiн сортқа бөлгенi тәрiздi өмiрдегi тiрi адамдардың жағымдысын бiр бөлек, жағымсызын бiр бөлек iрiктеп, сорттап шығу мүмкiн емес”, - деген сияқты әдiлеттi қөзқарасқа шақырады.[8.123-124]

Л.В.Кириллина Мефистофельдiң бiр басына жететiн сұмдығы демонизмнен асып түсетiн күш екенiн, Гете Эккерманның Мефистофельдi демондық бастамаға жатқызғанына келiспегенi туралы былай дейдi: “Алайда, Гете оған қарсы шыға отырып, Мефистофель “тым терiс әрекеттiң иесi” екенiн айтады, ал, демондық тек жағымды iс -әрекетте көрiнедi”.[6.193] Гетенiң өзi Мефистофельдi жас кезiндегi барлық достарының iшiнде Меркке көбiрек ұқсатады. Табиғатынан ақылды да талантты Мерк, адам айтқысыз екi жүздi, құбылмалы мiнездiң адамы болған. Әрi, тiлi ащы, қу, жылпостығымен талай адамның жүрегiн шайлықтырған. [9.109]

Гетенiң досы, немiс халқының ұлы ақыны Ф.Шиллер Фауст пен Мефистофельдiң қарама-қайшылығына үңiле отырып, сайтанның өз қарама-қайшылығына мән берген екен. Мысалы, сайтанның сұмырай қылықтарының бiр жағы белгiлi бiр ақылға сиымды себеппен де, атап айтқанда сайтандық ақыл-ойдың алдында шындыққа жарасымды реалистiк көзқарасы үшiн ақтап алуға болатын болса, ал, Фаусттiкi тек жүрек iсi дей келе: “Бiрақ кейде екеуi рольдерiн ауыстырып алатын сияқты және сайтан Фаустқа қарсы ақыл-ойды жұмсап отырады”, -дейдi. [9.116] Шиллер Фауст пен Мефистофельдi екi түрлi типтiк адаммен - идеалист пен реалист ретiнде қарастырады.  Ал немiстiң атақты жазушысы Т.Манн қарама-қайшылықтың бұл тұсын Гетенiң өз басынан iздеуге тырысады. Бүкiл жаратылыс әлемiн қамти алатын Гетедегi ақыл-ой фаусттық бастамамен қоса, мефистофельдiк бастаманы тең ұстап отыратынын жасырмай жазады. Ол Гетенің сайтан образын өзiнiң сыни көзқарастарын беру үшiн сомдағанын айтады. [9.117] Т.Манның “Веймардағы Лотта” атты Гетенiң өмiрбаяны туралы жазған алғы сөзiнде Н.Вильмонт: “Гетенiң өзi айтарлықтай қарама-қайшы құбылыс едi, бұны Энгельс толық негiзбен “күлкiлi гений” және қорғақ филистер деп қараған”, - деп Энгельстiң сыншылдық көзқарасын еске түсiредi. [10.13] Ең дұрысы - Мефистофель Гете - трагедиясында оқырманды адамдағы нәпсi табиғатына үңiлуге шақыратын кейiпкер.

Әлемдi тану жолы - Сократша “өзiңдi-өзiң тану” деп қараған  Шәкәрiм, Абай, Гете сынды ой иелерi адамның өз бойындағы шайтанды аластату күресiн - ақиқатқа жеткiзер бiрден-бiр жол деп түсiнген.

Ғ.Есiм “Адамға өлген соң рахат, бейнет, “сауап, азап” бар ма?..” деген  Шәкәрiмнiң үшiншi сауалына жауап iзденiстерiнде: “Нәпсi рухқа сөзсiз бағына бермейдi, ол жалған дүниенiң жарығы болып, адамды тауға да, тасқа да соғатын дүлей күш. Нәпсi-қуат, онда бәрi бар, бiрақ, онда бiр нәрсе атымен жоқ, ол - тойдым, болдым деп тыйылу, яғни, тәубаға түсу. Дәл осы iс - Гетенiң “Фаустында” негiзгi тақырып болған”, - деп жазады. [11]

Нәпсiнiң жан талабымен бiрге өмiр сүретiнiн Шәкәрiм:

Арақ-ақыл, мастық - ой, жар- хақиқат

Жан-нәпсi, шатақ - иман, дiн - қиянат, -

деп жырлай отырып, “жан-нәпсi” деп тура айтқан. Құранда: нафс - жан, тiршiлiк, демалыс, ынта, әдемi екендiгi 245 жерде айтылады.[12] Гетенiң нәпсi жайлы көзқарасын толықтыру үшiн Мефистофель бейнесiне тоқталу көп сұраққа жауап бередi. Шығармада Мефистофель Фаустпен тең дәрежеде орын алған. Мефистофель сөзi эллиндiктер тiлiнде “жарықтың жауы”, қарама-қарсы күш деген ұғымды бiлдiрген екен.

Антика қоғамындағы атақты рапсод Гесиод “Еңбек пен күндер” атты дидактикалық дастанында тiршiлiк атаулының екi ұлы қуаттың күресiнен тұратынын Эрида - жанжал кұдайының мысалында түсiндiредi. Гесиод әлемде екi түрлi Эриданың ықпалы барын, жер бетiндегi зұлымдық, соғыс ашушы Эридадан бұрын басқа жағымды Эриданың жаратылғанын былайша жырлайды:

Первая раньше второй рождена многосумрачной ночью;

Между корнями земли поместил ее кормчий всевышний,

Зевс в эфире живущий, и более сделал полезной. [13.59]

Гетенiң тұтастық идеясы жалпы мен жекелiк, дерексiздiк пен нақтылық, әрбiр образдың арасында сапалық ерекшелiктерi арқылы доминанттық роль атқарады.

 

Әдебиеттер

1.          Құдайбердиев Ш. Шығармалары. Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. М.Жармұхамедов, С.Дәуiтов, (А.Құдайбердиев). А.: Жазушы, 1988. - 560б.

2.          Конради К.О. Гете. Жизнь и творчество. т.2 Итог жизни. М.: Радуга, 1987. -648с.

3.          И.В.Гете. “Фауст”. Лирика. М.: Худ.лит, 1986. -767с.

4.          Гете И.В. Фауст. Немiс тiлiнен аударған М.Құрманов. А.:Жазушы,1982. - 200б.

5.          М.Мағауин. Шипалы арасан. //Жұлдыз - 2000.-№1 -3-35б.

6.          Кирилина Л. Моцарт и Гете: некоторые сюжетные параллели. Гетевские чтения. 1993. Под.ред.С.Тураева М.: Наука, 1994.с.193-195.

7.          Жирмунский В. Гете в русской литературе. Л.: Наука, 1982.-- 559с.

8.          Қабдолов З. Екi томдық таңдамалы шығармалар. Сөз өнерi. А.: Жазушы, 1983. -456б.

9.          Аникст А. “Фауст” Гете. Лит.коммент. М.: Просвещение, 1979. -240с.

10.      Манн Т. Лотта в Веймаре. М.: Книга, 1983. -304с.

11.      Есiм Ғ. Адамға өлген соң рахат, бейнет, “сауап, азап” бар ма?.. Қажының үшiншi сауалына жауап-iзденiстер.// Абай.- №4.- 1998. -17б.

12.      Құран Кәрiм. Мәдина. 1991.

13.      Античная литература. Греция. Антология. ч.1. М.: Высшая школа, 1989. - 512с.

14.      Школьная библиотека. Иоганн Вольфганг Гете. Фауст. Предислов. С.Тураева. М.: Детская литература, 1973. -352с.