Филол.ғ.к., доцент Ақкөзов Ә.Ә.,

магистрант Лақбаева Ж.

 

ҚИПХДУ, ҚАЗАҚСТАН

 

Терминжасам мүмкіндіктерінің альтернативтілігі және  терминологиялық синонимия.

 

 

         Ақиқат болмыс құбылыстарының тілдік белгіленуі кез келген тілде белгілі бір стандартты жағдаяттардың болуы мен стандартты тілдік үлгілерді қолдану және олардың берілу жолдарымен байланысты болады. Сондықтан да неғұрлым осы тілдік үлгілер жүйесі кең болса, соғұрлым тілдік белгілену формалар жүйесі де мол болып келеді. Аталым түрлері мен үлгілердің  молдығы ақиқат болмыс элементтерінің тілдік белгіленуін түрлі деңгейдегі амал-тәсілдер мен үлгілер арқылы жүзеге асырып, кең әлеуеті зор аталымдық жүйені айқындайды. Бұл әлеуетті жүзеге асыру мүмкіндігі көптеген факторларға тәуелді болып, бір тілдегі аталым вариативтілігі қандай жағдайларға бағынышты болатын лингвистикалық мәселелер әлі де болса толық зерттелмегені анық.

Аталымның көптеген өзгеше тәсілдерінің пайда болуы, оның мынадай түрлерін жіктеп көрсетуге себеп болды: лексика-семантикалық, фразеологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік. Осы күнге дейін аталған тәсілдердің әрқайсысы арнайы зерттеулерде немесе тіл білімі саласының жеке мәселелерін зерттеуге арналған еңбектерде қарастырылған. Терминологияда синоним және вариативтілік формалардың пайда болуы мен жалпы бір жағдаятты, құбылысты немесе нысанды түрлі тәсілдермен сипаттау мүмкіндігін арнайы зерттеген ғалым Е.С.Кубрякова төмендегідей қорытынды жасайды: «…белгілі бір нысан немесе бір жағдаяттың альтернативті формалармен сипаттауын қарастыру (оларды түрлі формалармен беру мүмкіндігі) – осы формалардың семантикалық тұрғыдан мағыналарын зерттеудің бірден бір жолы болып табылады» [1, 21 б.]. Ақиқат болмыстың түрлі атауларының болуы бір қарағанда Ф.де Соссюрдің тілдік таңба еріктілігі принципіне толық сәйкес келеді. Дегенмен ғалымның өзі жасаған қорытындысына ерекше назар аудару қажет. Ғалымның пайымдауынша: «тілдік таңбалардың бір бөлігінің ғана абсолюттік еріктілікті білдіруі таңбаның уәжділігіне байланысты, ал нақты тілдік жүйеге қатысты тілдік таңбаның еріктілік қасиетін шектеу қажет» [2, б.100-101].

Семиозис тұрғысынан таңбада тілдік құрылымның элементі ретінде ойлау мен тілдің өзара байланысы жүзеге асырылады. Э.Бенвенист атап көрсеткендей: «… жалпы ойлау мүмкіндігін тілдік қабілеттіліктен бөліп қарау мүмкін емес. Себебі тіл – мағына беруші құрылым, ал ойлау бұл тілдік таңбаларды дұрыс пайдалану дегенді білдіреді» [3, 114 б.].

Таңбаның жасалу тетігі, таңбаланушы мен таңбалаушының бірігуі қалай жүзеге асады? Бұл тілді зерттеудің семиотикалық аспектісінің негізгі сұрағы болып табылады. Сондықтан да семиотиканың тіл ғылымының дамуы үшін семиозис қандай жағдайларда жүзеге асырылып және оның барысында қандай үдерістер орын алатынын айқындайтын зерттеулер өте маңызды және аса қажет. Бұл сұрақтарға жауапты тек мына үш тағанды жете талдау арқылы табуға болады: ақиқат болмыс – адамның ойлау қызметі – тіл – заттық-идеалды құрылым.

Бір сөзді немесе бірнеше сөзден құралған атаулар білдіретін ұғымдардың тілдік белгіленуі – белгілі бір дискурстық ортада жүзеге асырылатын адамның ойлау мен сөйлеу қызметінің нәтижесі. Аталымның әрбір актісі ақиқат болмыс құбылыстарына бағытталып, адамның тілдік құралдарды пайдалануы арқылы жүзеге асырылады. Ал бұл аталым актісіне қатысатын негізгі факторлар: атау беруші субъект, аталатын нысан және тіл (тілдік материал). Осы ретте аталымның тағы бір маңызды факторы – аталым үдерісінің орындалу ортасы. Өйткені сөйлеуге қатысушылардың сол зат туралы білім жиынтығы, сөйлеуші интенциясы, аталым адресатының тілді білу деңгейі т.б. аталым барысында өте маңызды рөл атқарады. Ғалым Н.Д.Арутюнова атап көрсеткендей, дискурс дегеніміз: «… өмірге бағытталған сөйлеу (өмір сүруді айқындайтын сөйлеу)» [4, б.136-137].

Дискурс – сөйлеу барысында туындайтын, сөйлеу актісімен (аталым актісімен) тығыз байланысты тілдік құбылыс. Ал бұл актінің орындалуы сөйлеушінің іс-әрекеті болып табылады. Сондықтан да дискурс, бір жағынан, сөйлеуші қызметімен байланысты (тілді қолдануы), екінші жағынан, «оның бүкіл интенцияларымен, білімімен, мақсаттарымен, жеке тәжірибесі мен өзі атқаратын когнитивті-коммуникативтік үдерісті білу деңгейіне» байланысты болады [5, 15 б.].

Таңбаның тілдік формасы ұғымның бүкіл қасиеттері мен қатынастарын біртұтас бірлік ретінде көрсетеді. Бірақ ақиқат болмыс элементтерінің таңбалық белгіленуі тек жартылай ғана жүзеге асады. Бұл жөнінде В.Г.Гак: «… бір мағынаны білдіретін атаулар өзінің ішкі формасына заттың түрлі белгілерін негізге алуына байланысты әртекті болуы мүмкін», – деп көрсетеді [5, 82 б.]. Осы ретте бір мағынаны беретін түрлі тілдердегі әр алуан атаулардың болуын атап көрсетуге болады. Әдетте тілдік форма сияқты ішкі мән-мағыналық мазмұн да белгілі бір ғана маңызды белгінің актуалдануы негізінде құрылады. Ал бұл заттың маңызды бір белгісінің атау негізіне алынуы аталым субъектісінің аталымдық интенциясына, аталушы нысанның қасиеттеріне, тіл жүйесі мен сөйлеушінің сол ортаның қоғамдық тұлғасы ретінде ғаламның тілдік бейнесі мүмкіндіктерін білу деңгейіне байланысты болып келеді.

Аталым теориясын зерттеушілердің пікірі бойынша, аталым үдерісі ақиқат болмыс жағдаяттарын бақылаудан, ол туралы түсінікті қалыптастыру, оны қабылдау мен концептуалдануы сияқты бастапқы кезеңдерден тұрады. Ғалым К.А.Переверзев айтып көрсеткендей: «… сол себепті де бір нақты жағдаят түрлі сөйлеу аталымға ие болуы мүмкін» [6, 24 б.]. Ақиқат болмыстың табиғи қалыптасқан қатынастары мен қасиеттерін аталым субъектісі өзіне мәлім ақпарат арқылы қабылдайды. Ал өз кезегінде бұл ақпарат тіл жүйесінде сақталып, сол тілдік ұжымның қоғамдық және жеке тәжірибе негізінде қалыптасқан ғаламның тілдік бейнесі арқылы сұрыпталады. Бұл адамның жаңа ақпаратты өзінде бар ақпарат негізінде қабылдауымен байланысты болады. Бұл ақпарат адам санасында қоғамдық-тарихи тұрғыдан тұрақты түрде тек тіл жүйесінде ғана сақталады. Осымен байланысты В.Г.Гактың тұжырымы бойынша: «Сөйлеуші субъекті жаңа нысандарға атау беруде, оларды топтастыру мен жіктеуде тілде бар тұрпат межесі мен мазмұн межесінің элементтерін қолданады» [6, 84 б.].

Экстралингвистикалық ақиқат болмыстың тілдік жіктелуі әрбір жеке тілде өзінше жүзеге асырылады. Ал аталымдық қызметті жүзеге асыру үшін әрбір тілдің өзіне тән ақиқат болмыстың жіктелуін, саралануын, оның элементтерінің таңбалық белгіленуін қамтамасыз ететін бейнелі-репрезентативтік және тілдік амал-тәсілдер жиынтығы болады. Аталушы заттың бірнеше белгісінің аталым барысында маңызды рөл атқара алатын мүмкіндігі бірнеше эквивалентті формалардың қатар пайда болуын қамтамасыз етіп, тілдің икемділік тетігімен түсіндіріледі. Бұл ретте сөз артық дублеттік формалардың жай пайда болуында емес, бір нысанды немесе жағдаятты бірнеше амал-тәсілдер арқылы сипаттауға мүмкіндіктің болуында. Мысалы: бұрғышы – бұрғылаушы,  жалдап – алыпсатар – пайдакүнем (спекулянт), бітуажа – дәнекер (брокер), дәрісші –дәріскер (лектор), міршаһар – қала мәрі (мэр), ілкімді – кәсіпкер – бизнесші (бизнесмен), сақшы – қорғаушы – сақтаушы – күзетуші (милиционер), мұхаррир- мұхартир (редактор) және т.б.

 Аталымдық таңбаның ішкі және сыртқы формасының таңдалу еркінділігі аталым субъектісіне, оның ақиқат болмысты қабылдауына, аталым үдерісі жүретін дискурсивті ортаға байланысты болатындығын бір тіл ішіндегі немесе екі басқа тілдегі бір топқа немесе шағын топқа жататын денотаттар атауларын салыстыру негізінде айқындауға болады. Өйткені жалпы адамзат тіліне тілден тыс болмыстың екі рет белгілену қасиеті тән. Бұл қасиет тілдік тәсілдер жүйесінде, аталым бірліктерінде (жалпылама атаулар), сөйлеу мен коммуникация үдерістерінде (нақты, актуалданған атау) көрініс табады. Осы ажыратылмас байланыс пен өзара сабақтастықта жүретін үдерістердің жүзеге асуы тілде бір таңбаланушының түрлі атауларының пайда болуы мен қалыптасуына алып келеді. Жаңадан пайда болған нақты атау жалпыланып, тұжырымдалып, ұғымның екі кезеңдік даму жолын айқындайды: аталым субъектісінің қоғамдық және тілдік тәжірибесінің арқасында оның жасалуы кезінде және оның қолданылуы кезінде (ұжымның игілігіне айналған кезінде).

Өзінің аталымдық интенцияларын жүзеге асыратын тілдік тұлғалар бір тілдік қауымдастықтың түрлі ұжымдарының тілінде бірнеше альтернативті атаулардың қалыптасуына себеп болады. Сөйтіп сөйлеу коммуникациясының барысында пайда болған альтернативті номинативтердің ішінен нақты жағдайлар мен мақсаттарға байланысты ең қолайлысы, сәттісі таңдалып алынады. Яғни белгілі бір нысанды белгілеуде оның тек бір формасын ғана қолдануға (ең ықшам және айқын формасын) бағытталған тілдік үнемдеу заңы коммуникация қажеттігіне бағытталған тілдің барлық мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін вариативтілік формалар заңдылығына қарама-қарсы қойылады.

Сонымен бірге атаулар синонимиясы мен вариативтілігі психологиялық факторларға да байланысты болуы мүмкін: «Атау негізі тек атауланушы ақиқат болмыс нысанның айқын белгіленуінен ғана емес, сонымен қатар атау беруші субъектісінің эмоционалды көңіл-күйі мен сезімінен де тұрады (метафоралар)» [7,34 б.].

Сөйлеушінің аталымдық интенциясына сәйкес нысанның белгіленуі тілде бар көптеген түрлі үлгілер негізінде сипаттамалы (таратылған, бірнеше сөзден тұратын) немесе бір лексемалық атау (семантикалық деривация, аффикстену, универбтену және т.б.) ретінде бір белгісінің актуалдануы негізінде жасалады. Сөйлеушінің интенциясы өзгерген жағдайда түрлі терең белгілер мен ассоциациялар актуалданып, аталым негізі өзгеріп, аталмыш нысанның тілдік әлеуеттік шеңбері кеңейеді. Ақиқат болмыс құбылыстары мен заттары туралы тілдік пайымдау өте күрделі тілдік тетік екендігі белгілі. Кез келген тілдік формасы бар ұғым – осы пайымдаудың ықшамдалған көрінісі.

Сонымен атаулар синонимиясы мен вариативтілігін зерттеу әрбір тілдік аталым тәсілін және бұл тәсілдердің бәсекелестік қабілеттерін семиотикалық бағытта жете әрі терең талдауды қажет етеді. Осы мәселелерді жан-жақты зерттеу қазіргі лингвистиканың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

 

 

                               Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Кубрякова Е.С. Словообразование и другие сферы языковой системы в стуктуре номинативного акта // Словообразование в его отношениях к другим сферам языка // И.С.Улуханову к 65-летию со дня рождения. Innsbruk, 2000. С. 13-26.

2. Соссюр де Ф. Труды по языкознанию /переводы с франц. языка под ред. А.А.Холодовича. М., 1977. – 272 с.

3. Бенвенист Э. Общая лингвистика. М., 1974.

4. Арутюнова Н.Д. Дискурс // Лингвистический энциклопедический словарь. М., 1990. – С.136-137.

5. Гак В.Г. К диалектике семантических отношений в языке // Принципы и методы семантических исследований. М., 1976. – С. 73-92.

6. Языковая номинация (Общие вопросы). М.: Наука, 1977. – 224 с.

7.  Оралбаева Н. Тілдің сөзжасам жүйесі // Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы: Ғылым, 1989. – Б. 8-64.