Филологические науки/ Теоретические и методологические
проблемы исследования языка
А. ЖҰМАҒҰЛОВА
ф.ғ.к., доцент
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы, Қазақстан
ҚАЗАҚ ТІЛІН ШЕТ ТІЛІ РЕТІНДЕ ОҚЫТУДЫҢ КЕЙБІР
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Түйін: Мақаланың кіріспе бөлімінде автор Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаевтың мемлекетті басқаруға
қатысты сындарлы саясатының
аясында жүргізіліп отырған Қазақстандағы Тіл
саясаты, «Үш тұғырлы – тіл» бағдарламасы туралы
баяндайды. Қазақ
тілінің мемлекеттік мәртебесі мен қолданыс аясы туралы
нақты мысалдар келтіреді. Мақала авторы тілді оқытудың әлемдік
тәжірибесінде орныққан тілді
кәсіби бағытта оқытудың тәжірибесін
негізге ала отырып, қазақ тілін кәсіби бағытта
оқытудың кейбір
ерекшеліктеріне, әдістемесіне
тоқталып, өз тәжірибесінен мысалдар келтіреді.
Тірек сөздер:
тіл саясаты, мемлекеттік тіл, ана тілі, кәсіби бағыт,
қатысымдық тәсіл.
EğitimprofesyonelyabancıdilolarakKazakçaodaklı
Ozet:Bu makaleninyazarı, ülkenin
Cumhurbaşkanı Nursultan Nazarbayev tarafından
yapılmaktadır Kazakistan, yaklaşık yapıcı bir dil
politikası konuşuyor. Makalede ayrıca Kazak
üniversitelerdekredi programı altında ikinci bir dil olarak
profesyonel odaklı Kazakça öğretimsorunları
tartışır. Yazar Rusça
konuşan gruplarKazak dili öğrenme bazı yöntemleri
açıklar vesınıfta kullanımı için sistem
görevleri ve çalışmaları sunmaktadır.
Ayrıca,makale,disiplin odaklı profesyonel odaklı
eğitiminözelliklerini ortaya koymaktadır .
Anahtar Kelimeler: dil politikası, ikinci
bir dil, kazak dili, yöntemleri, profesyonel odaklı.
Abstract:The author of this article talks about constructive language politics in
Kazakhstan, which is maintained by the country's President NursultanNazarbayev.
The article also discusses the problems of teaching professionally oriented
Kazakh as a second language under the loan program in Kazakh universities. The
author describes some methods of learning the Kazakh language in
Russian-speaking groups and offers its system tasks and exercises for use in
the classroom. Additionally, the article reveals the specifics of the
discipline -oriented professional- oriented training.
Key Words: language politics, professionally oriented, second language,
Russian-speaking groups, system tasks and exercises.
Кіріспе
ХХ ғасырдың
соңындағы әлемді дүр сілкіндірген ең бір
маңызды оқиға – Кеңес Одағының ыдырауы
болды. Ал Кеңес Одағының құрамында болған
он бес республика бүгінде өз тәуелсіздігін алған жеке
мемлекеттер ретінде дамып келеді. Бүгінде олардың
әрқайсысы экономикасы дамыған, әлемдік аренада
әлеуметтік-саяси бағыты анықталған, кейбірі саяси
тұрақтылығымен де әлемге танылған іргелі, ірі
мемлекеттер болып табылады. Осындай мемлекеттердің бірі –
Қазақстан.
Қазақстан
1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіз мемлекет болып
жарияланғанда бірнеше сағаттан кейін-ақ Түркия бірінші
болып еліміздің тәуелсіздігін мойындап, сол кездегі Түрік
президенті Сүлеймен Демирел бірінші болып ел президенті
Н.Ә.Назарбаевқа құттықтау жолдаған екен[1].
Қазақстан Евразиядағы
ең ірі мемлекеттердің бірі болып саналады. Өзінің
геогрфиялық орналасуы жағынан Ресей, Қытай секілді
әлемге танымал алпауыт мемлекеттермен, сондай-ақ
Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Азербайжан секілді
Орта Азия мемлекеттерімен шектеседі.
Қазақстан
Республикасында қазақ тілі
– қазақ халқының
ана тілі. Қазақстанның Ата заңында
қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі – түркі
тілдері тобына жататын бай да құнарлы тіл.
Қазіргі уақытта бұрынғы Кеңес Одағы
құрамында болған барлық мемлекеттер секілді
біздің елімізде де мемлекеттік тілдің дамуына, қолданыс
аясының кеңеюіне баса назар аударылады. Олай болатын себебі, Кеңес Одағы кезінде Одақ
құрамына енген өзге республикалардың барлығында
дерлік орыс тілі – ұлы тіл ретінде үстемдік еткен. Қазіргі
уақытта әрбір мемлекет өз халқының ана тілі –
мемлекеттік тілді дамытуға, оның мемлекеттік деңгейдегі
қолданыс аясын барынша кеңейтуге атсалысуда.
Елімізде қабылданған Ата Заң – Конституцияда
қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілген. Қазақ
тілінің құзіреттілігін арттыру мақсатында «Тіл туралы» Заң
қабылданған. Іс қағаздарын, құжаттарды
рәсімдеу қазақ тілінде жүргізіледі, қазақ
тілі әр түрлі қызмет көрсету саласында (банк,
денсаулық сақтау саласы, тұрмыстық қызмет
көрсету, білім, ғылым және т.б. салаларда) қолданылады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына
жолдаған 2013 жылғы дәстүрлі Жолдауында 2025
жылға қарай латын әліпбиіне көшуді халық
алдына мақсат етіп қойды.
«Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге
кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті
мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды
жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім
қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе
түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін
жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін
жаңғыртуға жағдай туғызады.
Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп,
терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар,
әбден орныққан халықаралық және шет тілінен
енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола
шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған
қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны
реттегені жөн.
Бүкіл
әлемде бірдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген
тілді байытады»,-деді өз Жолдауында ел Президенті Н.Ә.Назарбаев[2].
Мұндай
шешім Қазақстан секілді
ұлы халықтың әлемге танылуына, дүниежүзілік
ақпараттық кеңістікте «еркін жүзуіне», әлемдік
өркениет көшінен кейін қалмауына зор ықпал етпек.
Түркі халықтарының әдебиет, мәдениет,
ғылым, өркениет бағытында өзара жақындасуына,
жаһандану барысында өзара ықпалдастыққа қол
жеткізуіне, түркі әлемін
зерттеуде, түркі әлеміне ортақ мәселелерді шешуде
ортақ шешімге келуге қол жеткізуге жол ашпақ.
Бүгінгі
таңда ғылым тілінің шұбарлануы мен термин
сөздердің тілімізде қолданылу және аударылу
мәселесі де түркі тілдес ғалымдардың назарында
болғаны дұрыс. Кеңес одағы кезінде термин
сөздердің дені латын, грек тілдерінен енген сөздер болса,
қазіргі уақытта бізге келген терминдердің көбі
ағылшын тілінен енген сөздер болып табылады. Термин мәселесін
шешу үшін халықтар арасындағы тіларалық байланысты
жолға қою, яғни түбі бір түркі тілдерінен,
сондай-ақ Еуропа халықтары тілдерінен енген терминдерді
жүйелеу, оларды ғылым тілінде қолдану барысында ортақ мәмлеге
келіп, ортақ бір терминді қолданысқа таңдап, бекіту
керек шығар. Мысалы, «...қазақ тіліндегі «шығыс
пошталық жәшігі» (out-boх) деген термин түрікше – giden
kutusu, әзірбайжанша - gondәrәm kutusu, қырғызша –chukkan kattar
kutusuchasu,өзбекше -chigish kutusuchasu, түркіменше - giden kutusu
деп аталады. Қазақ тілінен басқа бес түркі тілінде
«құты», «құтыша» сөздері қолданылады екен.
Ал біз «inbox» сөзін «кіріс
қорабы»деп алдық. Біз кіретін хаттар мен шығатын хаттар
жиналатын ұяшықтың бірін «жәшік», екіншісін
«қорап» деп жүрсек, аталған түркі тілдерінде осы екі
ұғым атауы ретінде «құты», «құтышақ»
сөздері қолданылады екен. Мұндай атаулар өте
көп»,-дей келіп, ғалым Ш. Құрманбайұлытүркі
тілдеріне ортақ терминдер жүйесін қалыптастыруды
ұсынады[3].
Ел президенті Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының
арқасында бүгінде білім беру саласында өткізілген реформалар
да өз нәтижесін беріп жатыр. Білім
саласындағы мұндай реформалардың басты мақсаты –
отандық білім беру жүйесін әлемдік білім беру жүйесіне
жақындастыру, Болон үдерісі арқылы еуропалық білім беру
стандартына көшу.
Мұның өзі
еліміздің жастарына әлемдік білім беру кеңістігіне
жарқын жол ашпақ, демек
еліміздің білімді жастарының алған дипломдары
олардың маман ретінде шет елде жұмыс жасауына, оқуын
жалғастыруына, тәжірибе жинақтауына, өзара
тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызады. Қазіргі замандағы әлемді жайлап келе
жатқан жаһандану үдерісінің көшінен
қалмауға жағдай жасайды.
Осындай ұлы
мақсаттардың орындалуы үшін біздің елімізде
қазақ тілін, орыс тілін, ағылшын тілін меңгеру
мақсатында үш тілділік саясаты сәтті жүзеге асырылуда.
«Үш тұғырлы –тіл» саясаты – заман талабы.
Бұл бағдарламаның мақсаты –біріншіден,
қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде таралып, қызмет
етуін ғана емес, сонымен қатар қазақ тілі арқылы
қазақ халқының мәдениетін, тарихын,
ата-бабамыздан ұрпақтан ұрпаққа қалған рухани байлығы ретінде танылып, мәңгі өшпеуін
қамтамасыз ету; екіншіден, орыс тілі көпұлтты Қазақстан
халықтарының халықаралық қатынас
құралы ретінде қолданылуы үшін, ақпараттар
ағымында тез және сенімді ақпарат көзі ретінде
пайдалану үшін қажет;
үшіншіден, ағылшын тілін үйрену арқылы жастардың
әдебиет, мәдениет, ғылым, білім саласы мен іскерлік
әлемінде дүниежүзілік деңгейде өз орнын табуы үшін,
кәсіби шеберлігін шыңдау үшін қажет.
Үш тілді
оқыту елімізде бала бақшадан басталып, мектепте, жоғарғы оқу орнында
жалғасын табады.Елімізде қазақ, орыс, ағылшын тілі
мектептері қатар жұмыс
жасай береді. Алайда, қазақ тілін білу ұлтына және азаматтығына қарамастан кез келген адамның міндеті болып табылады. Жас
бүлдіршіннен бастап жасамыс азаматқа дейін қазақ тілін
оқып үйренеді. Кейбір жұмыс орындарында, әсіресе,
қызмет көрсету саласында қазақ тілін жақсы
білетін өзге ұлттың
азаматтарының еңбекақысына үстеме ақы
төленеді. Банктерде, әлеуметтік қызмет көрсету
саласында, іскерлік әлемінде қызметкердің қазақ
тілін білу деңгейіне үнемі баса назар аударылады.
Қазақ тілін шет тілі ретінде кәсіби бағытта
оқытудың әдістемесі туралы
Білім беру саласында
соңғы жылдары ҰБТ (Ұлттық бірыңғай
тестілеу) тапсыру талаптарына сәйкес
орыс мектебін бітірген
өзге ұлттың өкілдеріне қазақ тілінен
тест тапсыру міндетті болып табылады. Қазақ тілінің
мемлекеттік мәртебесі биік
және тұрақты болу үшін, әрине, жас
ұрпақтың қазақ тілін өз деңгейінде
білуі - міндет. Сондықтан
мемлекеттік мәртебесі бекітілген қазақ тілінің
сапалы және нәтижелі оқытылуы - мемлекеттің басты
мақсаты. Қазақ тілін оқыту біздің елімізде екі
бағытта жүзеге асырылады: өзге тілді ұлттарға шет
тілі ретінде оқыту және орыс тілді қазақтарға ана
тілі ретінде оқыту. «Орыс тілді қазақтарға ана тілі
ретінде оқыту» деген мәселе
кейбір халықтар үшін таңғаларлық
жағдай болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл –
шындық. Кеңес Одағы кезінде жастар болып, отбасын
құрғандардың бүгінгі ұрпағы – сол
қазақша білмейтін қазақтар.
Көпұлтты
Қазақстанда қазақ тілі балабақшада, бастауыш
сыныпта, орта мектепте, орта арнаулы мектепте, жоғарғы оқу
орнындатілді оқытудың еуропалық стандартына сәйкес А1,А2; В1,В2; С1,С2; жүйесімен деңгейге
бөлініп оқытылады. ЖОО-да
қазақ тілі кәсіпке бағытталып В2, С1
деңгейінде меңгертіледі.
Бұл пән кәсіби бағдарлы қазақ тілі
(профессионально-ориетированный казахский язык) деп аталады.
«Профессионально-ориетированное
обучение» деген термин әлемдік білім беру жүйесінде кез келген шет
тілін тілдік емес мамандықтарды
дайындайтын жоғары оқу орындарында мамандыққа қатысты
әдебиеттерді, кәсіби лексика мен терминдерді немесе кәсіптік
бағытта тілдік қарым-қатынас жасауды нақтылайтын термин
ретінде қолданылады[4].
Алайда, тілдік дайындық шеңберіндегі кәсіби бағытта оқытуға қатысты
терминдерді біршама нақтылап алған дұрыс болар. Біріншіден,
тіл меңгеру үшін білім алу
мен тілдік дайындықтың ара жігін ашып алған жөн.
Тілді меңгеру үшін алатын
тілдік және лингвистикалық білім
беруді кәсіби жоғарғы оқу орындары мен
факультеттер береді және олардың болашақ мамандары –
оқытушылар, аудармашылар, тілдік қарым-қатынас
шеңберіндегі мамандар. Ал тілдік дайындықтың жалпы білім беру сипаты басымырақ,
сондықтан да оның пайдалану аудиториясы кеңірек және ол
лингвистикалық біліммен байланысты емес, яғни өзге
мамандық иелері болып келеді. Кәсіби бағытта тілді
үйрену соңғы топқа жақын болып келеді.
Қазіргі таңда тілді оқытудың ең басты
бағыты – қатысымдық бағыт. Тілді қатысымдық
бағытта оқытудың нәтижесі – тілдік қатынас. Кез
келген тілді үйретуде тілдік қатысым әдісінсіз жаңа
әдістеменің болуы мүмкін емес. Қатысымдық
әдіс туралы ресейлік ғалым А.Р. Артюмов: «қатысым әдісі
дегеніміз – ерекше ұйымдастырылған тілдік әрекет, оның
мәні тіл үйренушілердің өзара түсінісіп,
әрекет етулері үшін ақпаратпен алмасу болып табылады» деген
пікір айтады[5].
Жоғарғы оқу
орындарында өтетін кәсіби
бағдарлы қазақ тіліауызекі сөйлеу мәнері
қалыптасқан, тілдің ішкі грамматикалық ережелерінен
хабары бар, өзара тілдік қатысым жасай алатын студенттермен
жүргізіледі. Сондықтан да оқыту барысында студент
қажеттілігін өтейтін тиімді әдістер қолдану
көзделеді. Кәсіби бағыттағы тілді үйренуде
қойылатын негізгі талаптардың бірі –үйренетін тілде
қарым-қатынас жасай білу. Қатысымдық
әдістің ең басты ұстанымы – тіке байланыс
ұстанымы.
Тіке байланыс
сөйлесім әрекеті арқылы жүзеге асады, себебі тіке
байланыс болмаса, студенттердің
өзара сөйлесім әрекеті, яғни ақпарат алмасу,
өзара сұхбаттасу және т.б. тілдік қатысымдық
әрекеттер жүзеге
аспайды. Тіке байланыс арқылы
студенттер өз ойларын жеткізеді, пікір алмасады, жаңа кәсіби ұғымдарды
түсініп, ой қорытындылайды, терминдерді қолдану арқылы
ғылыми хабарлама жасауға
бейімделеді.
Орыс ғалымы Е.И. Пассовтың
пікірінше, «... любой речевой поступок должен совершаться только в условиях
соответствующей речевой ситуаций»[6].
Сондықтан оларға
кәсіби бағыттағы тілді өз мамандығына
қатысты лексиканы меңгерте отырып, мамандық аясында тіл
ұстарту, кәсіби сөздер мен терминдерді түсініп, сауатты
да ұтымды қолдана білу,
кәсіпке қатысты ұғымдарды түсіне және
түсіндіре білу, ғылыми бағытта ақпараттар дайындау
секілді біршама күрделі, шығармашылық бағыттағы
тапсырмаларды орындату арқылы меңгертеміз.
Бұл ретте,
әрине, сөздік қорды ұлттық және
интернационалдық терминдер есебінен байыту, кәсіби бағытта
сөйлеу мәнерін қалыптастыру, қисынды (логикалы) ойлап,
сауатты да жүйелі ой жеткізу секілді тіл үйренудің басты
талаптары негізге алынады. Осы оқыту әрекеттерінің бәрі
де тіл үйренудің негізгі қағидаттары болып саналатын айтылым, жазылым, оқылым,
тыңдалым, сөйлесім арқылы жүзеге асырылады.
Қазақ тілі пәнін кәсіби бағдар аясында
оқыту барысында оқытушы мәтіндердің
қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени, тарихи
танымдық тақырыпта болуын ғана емес, таза
мамандыққа, ғылым саласына, кәсіпке байланысты
ғылыми-танымдық бағытта болуына да баса назар аударуы
керек.
Оқытушы
танымдық-тақырыптық мәтінді таңдау барысында
алдына нақты мақсат қоя білгені жөн. Яғни,
мәтін жалпы ғылыми тақырыпқа байланысты ма, әлде
мамандыққа байланысты ма; алдағы бағытта бұл
мәтінмен қандай бағытта жұмыс жасалмақ деген
мәселелерді анықтап алу қажет. Мәтінмен таныспас
бұрын мәтін мазмұнына қатысты мәтін алды ой
түрткі сұрақтар, мәтін алды әр түрлі
тапсырмалар (синоним, антоним сөздерге, сөздің тура
және ауыспалы мағынасына қатысты және т.б.) орындалуы
тиіс. Содан кейін ғана мәтінді меңгеруге байланысты әр
түрлі жаттығу
жұмыстары жасалады. Студентке ұсынылатын кез келген
мәтін дәрісханадағы
студенттердің тілді білу
деңгейіне сәйкес ықшамдалған, икемделген болуы керек.
Бұл дегеніңіз, біріншіден,студенттің мәтіндегі ақпаратты
түсінуіне, қабылдауына, аударуына және қайта
әңгімелеп беруіне ыңғайлануы тиіс. Сонда ғана
студент мәтін негізінде ұсынылған тапсырмаларды еркін орындай
алатын болады. Екіншіден, оқытушы мәтіннің қай
басылымнан алынғанын (кітап, газет, журнал, ғылыми
ақпараттық басылым,
интернет және т.б.), авторы кім екенін, мәтінде қандай
мәселе қарастырылғанын
айтып өтуі тиіс. Үшіншіден, мәтінмен және
мәтін бойынша түзілген сөздікпен сабақта отырған
әр студент қамтамасыз етілуін қадағалау керек немесе
студент жұмыс істеп отырғанда
оқу құралы я болмаса оқу материалы енгізілген
ноутбук болуы керек. Оқытушы материал таңдау және оны
аудиторияға икемдеу барысында
аудитория тыңдаушыларының кәсіби бағыттағы
тыңдаушылар екенін есте ұстағаны дұрыс. Себебі тіл
үйренудің алғашқы деңгейіндегілер мен кәсіби деңгейінің
оқыту әдістемесі әр түрлі екендігі мәлім.
Жалпы,тіл үйренушілерге өзге тілді үйрету барысында ол
тілдің қандай тілдер тобына жататынын, ол тілдің қандай
тілдермен туыстас екенін,
олардың қандай айырмашылығы мен
ұқсастықтары бар екенін, тіпті географиялық орналасу
ретін де үнемі айтып отыру керек. Мысалы, түркі тілдеріне жататын
қырғыз, қазақ, өзбек, ұйғыр тілдері
секілді Орта Азия мемлекеттері тілдері өте ұқсас,
сондықтан оларды үйренуде олардың ортақ тілдік
белгілері оларды тез үйренуге
оң ықпал етеді.
Кез келген тілді үйрену
үшін сол тілдің тарихын білу, мәдениетімен таныс болу,
әдет-ғұрып, салт-санасын білу де аса маңызды. Тіл
үйрену үрдісі өте күрделі болғандықтан тіл
үйренушілерге өзге тілді үйрету тәжірибесінде
мәтінді лексикалық талдаудың үш кезеңі
қалыптасқан:
1.
Мәтіндегі жаңа сөздердің
дыбысталуына, жазылуына баса назар аударту. Қазақ тілінде
дыбыстардың жуан-жіңішкелігі
сөз мағынасына әсер ететіні бәрімізге белгілі.
Сондықтан сөздің айтылуы, әр түрлі
мағыналық қырлары тіл үйренушіге таныс болуы тиіс.
2.
Жаңа сөздердің мағыналық
қырларын, басқа сөздермен тіркесімділік қабілетін, ол
тіркестердің қолданылу жиілігін, ерекшелігін нақты контексте
түсіндіру.
3.
Мәтінде кездескен, талданған сөздермен
жеке жұмыс жасау, яғни мәтін алды жұмыстарын
жүргізу (олардың синонимдік қатар жасау қабілетін
анықтау, қарсы мағыналас сөздерді табу, олардың
грамматикалық түрленуіне жаттығулар жасау, сөз тіркесін
жасау, сөйлем құру және т.б.) Осы бағытта
біртіндеп тапсырмаларды күрделендіре отырып, мәтін деңгейіне
дейін жету.
Үйренушінің сөйлеу мәнерін
қалыптастырудың тыңдалым, жазылым, айтылым, сөйлесім
секілді кезеңдері де белсенді жүзеге асырылуы тиіс.
Мұның өзі студенттің сөйлеу мәнерін,
нақты тақырып бойынша ойын жүйелі, сауатты, қисынды
жеткізу қабілетін ұштап, қалыптастырады.
Лексикалық тақырыпты меңгерту үшін
оқытушы тақырыптық-танымдық материалдың
мазмұнына байланысты әр түрлі мәтін алды тапсырмаларын
ойластырғаны жөн. Олар: ойтүрткі сұрақтар,
сөздікпен жұмыс, өткен тапсырманы еске түсіру,
өзара сұхбаттасу және т.б. болуы мүмкін. Мысалы,
сөздікпен жұмыс жасау үшін мынадай тапсырмалардың
орындалғанын қадағалаған дұрыс:
-
сөздіктен қарайтын әрбір
сөздің мағыналық қырлары мен олардың
аудармаларының сәйкестілігін нақтылау;
-
бар болса кейбір сөздердің антонимдерін
немесе синонимдерін, синонимдік қатарын беру; тура және ауыспалы
мағыналарын ашу;
-
сөздердің басқа сөздермен тіркесу
жиілігін анықтау;
-
сөздердің контекстегі мағынасын басқа
мағыналарымен салыстыру.
Мысалы, ахуал сөзін орыс тілінде сөйлейтін өзге
ұлттың өкілі емес, қалада өскен қазақтың да түсінуі
екіталай. Сондықтан бұл сөздің жағдай, жай-күй, қалы секілді синонимдері бар
екендігін және олардың сөйлемдегі мағынасының
реңктері қандай екендігін
айтып өткен жөн. Сол секілді қолғабыс ету етістігі де осындай түсіндіруді
қажет етеді. Мысалы, қолғабыс
ету – жәрдемдесу, көмектесу, көмек ету, жәрдем ету,
қол ұшын беру және т.б.
Геогрфия факультеті студенттерімен сабақ өткізу барысында күрт сөзі жиі
қолданыста болады. Күрт сөзі тез деген мағынада
қолданылады. Мысалы: Теңіз
деңгейі күрт төмендеді. Ауа райы күрт өзгерді. Теңгенің
бағамы күрт төмендеді. Осы сөйлемдерде әр
түрлі жағдайларды сипатталған. Ол ойын күрт
өзгертті. Аузына сол бір сөз күрт түсті. Ол
көшеден күрт бұрылды.
Ал мұндай сөйлемдер қолданыста болмайды. Осы сөйлемдерден күрт
сөзінің тіркесімділік қабілеті
мен мағынасының әр түрлілігін байқауға
болады.
Мәтіннен жинақталған сөздерді жинақтап
жүйелеу арқылы сөздерді топтастырып әр түрлі
бағытта тапсырмалар беруге болады.
1.
Мәтіннен
таныс емес кез келген сөз табына жататын сөздерді
топтастырып, тапсырма беру: мысалы,
-
1-тапсырма:қабылдау, душар болу, көңіл
бөлу, қамтамасыз ету, қолғабыс ету, ұшырау, шабу
етістіктерін зат есімдермен тіркестіріңіз.
-
2-тапсырма: бар болса осы сөздердің
синонимдерін, антонимдерін жазыңыз, сөйлем
құраңыз.
2.
Берілген зат есімдерден қатыстық сын есім
жасаңыз да оларды басқа сөздермен тіркестіріңіз:
экономика, өркениет, ұлт, экология, химия, тұрмыс, геология
және т.б.
3.
Мәтіннен тура мағынада қолданыста
тұрған сөздер мен тіркестерді тауып, олардың ауыспалы
мағынадағы нұсқасын жазыңыз.
Кез келген грамматикалық тапсырма мәтіннің
құрамынан алынады, яғни грамматикалық тапсырма
мәтінге негізделеді. Сондықтан тапсырмаларды көптеп
түрлендіру оқытушының әдістемесіне, шеберлігіне тікелей
байланысты.
Мұндай жаттығулар
студенттің сауатты жазу
мәнерін қалыптастыруға және есте сақтау
қабілетін ұштауға оң ықпал етеді. Мәтінді
баяндау барысында, сол тақырыптың аясында өздігінен пікір
айтып ойын түйіндеу барысында, өзге біреумен пікір алмастыру
жағдайында мәтін бойынша кездескен кейбір сөздерді
ұмытып қалса, синоним, антоним сөздер арқылы еске
түсіре алады. Мәтіннің мазмұнын баяндау да
кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын үрдіс. Мәтін
мазмұнын баяндауды жүйелі жолға қою үшін де
арнайы тапсырмалар беріледі. Ондай тапсырмалардың мазмұны
«жеңілден күрделіге» принципімен берілгені дұрыс.
Мәтінді жүйелі, сауатты
баяндауды қалыптастыру үшін берілетін тапсырмалар:
1.
Мәтіннің әрбір бөлігін
оқып, мазмұнын баяндауға негіз болатын тірек сөздерді
жазып, есте сақтау.
2.
Мәтіндегі күрделі сөздерді
ықшамдап, басқа сөздермен ауыстырып, есте сақтау
үшін жазып алу: ақ халатты абзал жандар –дәрігерлер;
ғылым мен техника өкілдері – ғалымдар; теңіз жануарлар
әлемі мен өсімдіктер әлемі – теңіз фаунасы мен флорасы;
топырақ, ауа, су, орман-тоғайдың ластануы –
қоршаған ортаның ластануы – экологияның ластануы
және т.б.
3.
Тірек сөздерді пайдаланып, мәтінде берілген
ақпаратты қамтитын сұрақтар дайындау.
4.
Тірек сөздерді пайдаланып, жаныңыздағы
жолдасыңызбен сұрақ-жауап арқылы мәтін
ақпаратына қатысты сұхбат құру.
5.
Студенттерді сол мәтіндегі ақпаратқа
қатысты өздері білетін мәліметтерді пайдалана отырып,
өзара сұхбат құруға машықтандыру.
Дәрісханада отырған студенттің барлығы дерлік
тапсырманы бұлжытпай орындап, қазақша сөйлеп кетеді
десек, әрине, қателесеміз. Орта мектепті бітіріп келген
олардың тілді білу деңгейі әр түрлі
болғандықтан, мұндай тапсырмаларды орындауға кез
келгенінің білімі жете бермейді. Алайда,
дәрісханада отырған өзге ұлт
өкілдерінің шет тілі ретінде қазақ тілін белгілі бір
деңгейде меңгеретіндігі анық. Сондықтан оларды назардан
тыс қалдармай, оларға көбіне бірігіп жасайтын өзара шығармашылық
тапсырмаларды көбірек берген жөн. Өзара көмектесу арқылы да
олардың тілге деген қызығушылығы, тілді үйренуге
деген қызығушылығы оянады. Оқытушы кез келген
топқа келгенде, оның сол күнгі сабаққа
дайындаған тапсырмаларының да әр түрлі деңгейде
болғаны дұрыс. Студенттің сөйлеу тілін дамытуға
мақал-мәтелдердің, жаңылтпаштардың, шағын
қысқа өлеңдердің, әдеби шығармадан
алынған шағын үзінділердің, нақты ғылыми
ұғымның анықтамасын жаттату да оң ықпал
етеді.
Қазақ тілін кәсіби бағытта оқыту –
қазіргі уақыт сұранысының жемісі, заман талабы.
Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық
қызметінің аясын кеңейту және дамыту оның
ғылымда, өндірісте, іскери әлемде, халықаралық
қатынастар аясында белсенді қолданылуына жол ашады. Қоғамның
әр түрлі саласындағы тілдік қолданыс –
тілдің қажеттілігін
туғызады. Қазақ тілін нәтижелі оқытудың
басты көрсеткіші - тілді
оқытудың әлемдік озық технологияларын таңдап,
талғап, жүйелі пайдалану, студенттердің тілді үйрену
барысындағы белсенділігін
арттыру мақсатында ұтымды
әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдап, сабақта белсенді
қолдану.
Бүгінгі таңда қазақ тілін кәсіби
бағытта шет тілі ретінде өзге ұлт өкілдеріне
оқыту тілдік емес жоғары оқу орындарында қолға
алынып отырған оң үрдіс және оның тіл
үйренуші үшін ұтымды жақтары да бар:
-
тіл үйренуші қазақ тілін кәсіби
қатынас құралы ретінде
қолдана алады;
-
кәсібіне қатысты меңгерген кәсіби
сөздер мен терминдерді жұмыс барысында пайдалана алады, өз
мамандығына, ғылым саласына байланысты ойларын жүйелі,
сауатты, нақты, қисынды жеткізу дағдысы қалыптасады;
-
қазақ тілінің танымдық
қызметі арта түседі;
-
тіл үйренуші Қазақстан туралы,
оның мәдениеті мен әдебиеті, өнері, ғылымы,
қоғам қайраткерлері, қазақ халқының
ірі тарихи тұлғалары, салт-дәстүрі туралы көбірек
ақпарат алады;
-
қызмет барысында ресми сөйлеуге,
жазуға, іс қағаздарын, ресми құжаттарды
толтыруға машықтанады;
-
сөйлесім арқылы өз мамандығын
жан-жақты білуіне, тұлға ретінде қалыптасуына,
өсуіне, дамуына мүмкіндік туады.
Қазақ тілі - жаңа ғасырда
қалыптасқан, әлемге танымалҚазақстан Республикасы
деп аталатын жас, тәуелсіз
мемлекеттің мемлекеттік тілі, қазақ - деген ұлы
халықтың ана тілі, рухани тілі.
Қазақстанда қазақ тілінің
мәртебесі мемлекеттік деңгейде
қорғалады және оның мемлекеттік деңгейдегі
қолданыс аясының кеңеюіне барлық мүмкіндік
жасалған. Бүгінде көпұлтты Қазақстан
Республикасында кез келген ұлттың өкілі қазақ
тілін үйренуге, күнделікті өмірде қолдануға
ниетті және қызығушылығын танытуда.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. История
Республики Казахстан (с 199 года...). Википедия, Google арқылы.
2.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» Стратегиясы:
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»
атты Қазақстан халқына
жолдаған дәстүрлі Жолдауы.
14 желтоқсан 2012 жыл.
«Егемен Қазақстан» газеті, 2012 жыл 14 желтоқсан.
3. Покушалова
Л.В. Обучение профессионально ориентированному языку в техническом вузе.
Молодой ученый. - 2012. -№5. http/www.moluch.ru/arch3ve/40/4759/
4. Ш. Құрманбайұлы. «Жасампаз
ұлттың тілі де жасампаз болу керек», мақала. «Айқын»
республикалық қоғамдық-саяси газеті, № 230 (2141), 7
желтоқсан 2012 ж.
5. АртюновА.Р. Коммуникатвный интенсивный курс РКИ для
заданного контингента учащихся (мет. пособие). –М.,1989.
6. Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному
говарению. –М. Просвещение, 1985.
[1]История Республики Казахстан (с 1991 года...). Википедия, Google арқылы.
[2]Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі Жолдауы. 14 желтоқсан 2012 жыл. «Егемен Қазақстан» газеті, 2012 ж, 14 желтоқсан.
[3]Ш. Құрманбайұлы. «Жасампаз ұлттың тілі де
жасампаз болу керек», мақала. «Айқын» республикалық
қоғамдық-саяси газеті, № 230 (2141), 7 желтоқсан 2012
ж.
[4]Покушалова Л.В. Обучение профессионально ориентированному языку в
техническом вузе. Молодой ученый. - 2012. -№5. - с.305-307.
[5]АртюновА.Р. Коммуникатвный интенсивный курс РКИ для заданного контингента
учащихся (мет. пособие). –М.,1989. – 97 с.
[6]Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говарению. – М.,
Просвещение, 1985. -208 с.