Қадырқұлов Қайсар

                          ҚазҰУ-дың доценті, Қазақстан,Алматы қаласы

 

Емле ережесі – сауаттылық кепілі

                                                                       

        Қандай кезеңде болса да қазақ тілінің емле ережесі туралы мәселе көкейкестілігін жоғалтқан емес. Араға 6-7 жыл салып  басылым беттерінде орфография өзекті тақырыпқа айналып, құзырлы орындардың (Тіл білімі институты, Тіл комитеті) ынталы әрекеті болмағандықтан, шарасыз күйде нәтижесіз қалады. Әсіресе, бұл тақырыпты «Ана тілі» газеті 2007-2008 жылдары ғалымдар мен оқырмандардың  ой-пікірлерін қатар жариялау арқылы көпшіліктің назарына талқылауға жиі ұсынды. «Аулы емес,ауылы»,                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                            «Біріккен, тіркескен сөздер жыры», «Оңалу ма, омалу ма?» секілді мақалалар тіліміздегі сауатты жазудың түйткіл тұстарының шешімін табуға әрекет жасайды. Ағымдағы жылы бұл мәселе тағы да елеулі тақырыпқа айналып, басылым беттерінен «Орфографиялық сөздікке» және сол басылымдарда кездесетін емле қателеріне тиесілі сындар айтыла бастады. Дұрыс жазу, дұрыс жазуға үйрету, дұрыс жазу ережесін нақтылай түсу – үзіліссіз үдеріс. Бұл үдеріске атсалысу әр қазақтың міндеті болып табылады.                                                                                                   Міндетімізді сын айтудан гөрі жөнді ұсыныс айтумен атқарғанымыз жөн секілді.

       Қазақ тілінің орфоэпия заңдылығының басым күшке ие болғандығы сондай,емле ережелерінің сақталуына әжептәуір кедергілер келтіретін тұстары жетіп артылады.Соның салдарынан дұрыс жазу ережесінің талаптарын айқындайтын  « Орфографиялық сөздігіміз » әр басылымы сайын өзгеріске ұшырап отырады.Өйткені қолданыстағы сөздердің жазылуындағы кейбір ерекшеліктер нақты ереженің болмағандығынан,құбылмалы сипат алады.Осыдан келіп,мектеп,жоғары оқу орындарында дұрыс жазу ережесін оқыту барысында емле ережелеріне қайшы келіп қалатын тұстар жиі ұшырасады.Ал біздің «Орфографиялық сөздігіміз» / 2005 жылғы.Ереже берілгені – осы сөздік / «олай да дұрыс,былай да дұрыс» көзқарасынан ауытқудың орнына,керісінше,өршелене түседі.Мысалы: шекара-шегара, көкөніс-көгөніс, қыркүйек-қыргүйек, көкет-көгет сөздерінің қатар жүруін қате деп санамауды ескертеді. Дұрысы - бұлардың бірінші сыңарлары. Сөздерді айтылуы бойынша жаза берсек, емле ережесінің қажеттілігі де шамалы болып қалар еді.

    Қазақ тілді қауымды әлі күнге дейін мазалап жүрген мәселенің бірі- екінші буынында Ә дауыстысы бар араб тілінен енген сөздерге қосымша жалғау күрделілігі.Қаншама жылдар бойы осы үдеріс құбылмалы болып келгені белгілі. «Орфографиялық сөздікте» бұл сөздерге барыс,жатыс,шығыс септіктері мен етістік тудыратын ла жұрнағы ғана жуан,басқалары жіңішке жалғанады делінген.Әрине,бұл ереже дұрыс жазу қалпына қайшы келмейді.     Бірақ  Күләштай, Іңкәрдай  секілді тұлғадағы сөздердің қосымшасын қайда апарып,қандай ережеге сыйғызарымыз туралы ойланғанымыз жөн болар еді.Нақты ереже болмаса, оқыту әдісі де, дұрыс жазу үлгісі де тұрақты болмайды.Дұрысы-« Екінші буынында Ә дауыстысы келген сөздерге қысаң дауыстылы қосымшалар жіңішке,ал ашық дауыстылы қосымшалар жуан болып жалғанады» деген ереже.

     Тағы бір жазылуы жағынан ала-құлалық байқатып жүрген сөздер – біріккен тұсында екі дауысты қатар келген күрделі сөздер.Бұны «Орфографиялық сөздікте» :- Алдыңғы – сыңары дауысты дыбысқа аяқталып, екіншісі дауыстыдан басталатын негізінен кісі есімдерінде келетін екі дауыстының бірі/алғашқысы/ түсіріліп жазылады.Мысалы: Қожахмет, Торайғыр, Мырзәлі,Дәметкен,Ұлмекен. Ал қай кезде түсірілмей жазылатындығы туралы ештеңе айтылмайды.

Дұрысы: Егер сөздердің біріккен тұсында екі ашық дауысты қатар келсе,алғашқысы түсіріліп жазылады:

Қожа+ахмет – Қожахмет

Мақта+арал -  Мақтарал

Дәме + еткен – Дәметкен

Ұл+ ма+ екен – Ұлмекен

    Молда+ахмет – Молдахмет

 

Ал сөздердің біріккен тұсында қысаң және ашық дауыстылар қатар келсе,екеуі де түсірілмей жазылады:

Сары+ағаш – Сарыағаш

                                              Сары+өзек – Сарыөзек

    Қанды+ағаш – Қандыағаш

                                              Өлі+ара – Өліара

Осы жерде сөздердің біріккен тұсында дауыстылардың ашақ-қысаң түрінде сирек кездесетінін айта кеткен жөн.Бұндай біріккен сөздердің айтылу ерекшелігі де өзгерек.Мысалы: Қара+үңгір (айтылуы: Қараңгүр). Ал басқа тілден енген тірек сөз үлгісіндегі бөлшек пен қазақ тіліндегі сөздердің біріккен тұсында екі ашық дауысты қатар келсе, екеуі де қатар жазылады:

                                             Био+отын – биоотын

            Агро+өнеркәсіп – агроөнеркәсіп

                                             Агро+ереже – агроереже

Ендігі бір жазылуы жағынан шешімі табылмай келе жатқан мәселенің бірі- соңы қатаң Қ,К,П–ға бітіп,қосымша тәуелдіктің Ы,І жалғауынан басталғанда қатаңдардың кейде ұяңданып,кейде ұяңданбауы :

                                     Балық+ы- балығы

                                     Көрік + і – көрігі / ұстаның құралы /

                                     Қалып+ ы – қалыбы / кірпіш құятын құрал /

                                     Құлық + ы – құлығы / құлаққа қатысты /

Немесе

                                     Халық + ы- халқы

                                     Құлық + ы – құлқы / мінезге қатысты /

                                     Көрік + і – көркі / адамның келбеті /

                                     Қалып + ы – қалпы / адамның күйі /

 

Сонда бұдан қандай тұжырым жасауға болатындығы әлі күнге дейін беймәлім. Аталмыш құбылыстың тобына жататын сөздерді есептеп, санын 21 данаға шектеген жарияланымдар да кездесті («Ана тілі» газеті,12.07.2007 ж.). Бұлайша шектеу сөздік қорымыздың молдығына шектеу болатынын ескермегендіктен туындаған әрекет деп түсінеміз. Қалпы, шырқы, қырқы тәріздес сөздермен жалғастыра беруге болады.  Сондықтан қатаң дауыссыздардың ы мен і жалғанғанда ұяңдану немесе  ұяңданбау құбылысын алдында тұрған қысаң дауыстыға байланыстыра айқындасақ көңілге қонымдырақ болар еді. Өйткені ережеге лайықты бұдан басқа жол жоқ сияқты.Сонымен ереже:

- Егер сөздің соңындағы қатаң дауыссыздан кейін қосымша тәуелдіктің ы және і жалғауынан басталып, қатаңның алдындағы қысаң дауысты түсірілсе, сөз соңындағы қатаң ұяңданбайды (халқы,ғұрпы). Ал түсірілмесе, сөз соңындағы қатаң ұяңданады (балығы,салығы). Егер ауыл – аулы, ерін – ерні, дауыс – даусы  тұлғасындағы құбылыстардың сырын білгіңіз келсе, орфоэпия заңдылығына жүгінген орынды болар еді.

     Өзінің «Оңалу ма, омалу ма?» («Ана тілі»газеті, 13.03.2008 ж.) атты екі беттік мақаласын жазушы Бексұлтан Нұржеке И дыбысының орнына қосарлы ЫЙ мен ІЙ дыбыстарын қоя отырып жазып шығады. Қазақ тілінде И-дің дауысты бола алмайтындығын нақтылайды. Шынында да, И дыбысын дауыстылар қатарына енгізу арқылы фонетика былай тұрсын, морфологиядағы ережелеріміздің тең жартысын теріске шығарып жүрміз. Буын түрлеріне тән ерекшеліктер, тасымалға қатысты  әдістер тек И дыбысы жоқ сөздер арқылы түсіндіріліп келді. Ал биік, қиын,киік секілді сөздерді буынға бөліп, тасымалдаймын деуіңіз – бос әурешілік. Сондықтан, оқыту барысында біп –биік, тып-типыл тәрізді мысал келтірген соң, біп пен тып күшейткіштеріндегі І мен Ы – ның қайдан пайда болғанын ашық айтуыңызға тура келеді. Олар – бійіктегі І, тыйпылдағы Ы. Өйткені күшейткіш буындағы П жұрнағы түбірдегі бірінші дауыстыдан (бірінші буыннан кейін емес) кейін жалғанады. Бұны қазақ тілінің төл сөздеріне қатысты қабылдағанымыз жөн. Басқа тілден енген сөздердің жазылуындағы И дыбысы туралы мәселенің күрделілігі өзгеше ережені қажет етеді.

     Оқытушының оқу үдерісі барысында тығырыққа тірелетін тағы бір сәті – У дыбысын дауыстыға жатқызатын тұсы. Бұл дыбысты өткен ғасырдың 50- жылдары академик Н.Сауранбаев «ашық дауыстыдан кейін дауыссызға айналады» деп, қысаң дауыстыдан кейін қандай болатынына күмән туғызған (1).Біз қысаң дауыстыдан кейін де дауыссыз болатынын ескермей, қысаңдарды жазбай (айтылғанда сақталады), дауысты дыбыс ретінде оқытып келеміз. Жоғарыда көрсетілген И дыбысының кейпін У-ға да кигіздік. Профессор А.Айғабылұлының «...У дыбысы ешқашан өзінен бұрын тұрған дауыссыз дыбыспен тіркесе алмайды» деген пікірін де ескермедік(2). Сұп-суық, құп-қу, жұп-жуас түріндегі сын есім шырайларын басқаша жазу мүмкін емес.

       Орфографиямыздағы көкейкесті мәселелердің бірі – сөз тіркесі мен біріккен сөздерді ажыратып жазу. Егер екі сөз қатар келіп, алдыңғы сыңары анықтауыштық мән иеленетін болса оларды бөлек жазып, ал екеуі бір заттың не құбылыстың тұтас атауы болса бірге жазуға тиіс екенімізді ережеміз нақтылап берсе де, ала – құлалық сөздіктеріміздің өзінде жиі кездеседі. Дене мүшесі – сегізкөз, қырыққабат бірге жазылып, асық жілік, бас сүйек   бөлек жазылады (3). Мүмкін профессер М.Балақаевтың мына пікірін басшылыққа алған жөн шығап: - Сөздер түйдегінің біріккен, бірікпеген тіркес екенін айыру үшін оларды оқшау тұрған күйінде емес,сөз тіркесінде, сөйлем құрамында, басқа сөздер қоршауында қараудың пайдасы бар.Кеййде сөз тіркестері мен біріккен сздердің құрамы бірдей болуы да ықтимал: ақ сүйек – ақсүйек )ойын), біз тұмсық – бізтұмсық (зоол.), сегіз аяқ – сегізаяқ (зоол.ән), сегіз көз – сегізкөз (дене мүшесі), соқыр теке – соқыртеке (ойын), ақ сақал – ақсақал (қария). Осылардай құрамы бірдей сөздер тобының  мағыналық айырмашылығын бөлек, бірге жазу арқылы белгілейтін болса, сол тәсілдің баяндылығы контексте дұрыс айқындалады (4).

      Емле ережесінің тұрақтылығы дәлелді қағидаға негізделеді. Біз сол қағидалардың мыңнан бір үлгісін ғана ұсындық. Дұрыс жазу – тіліміздің әдеби нормасын бір қалыпта ұстап тұратын басты тетік. Орфографиялық сөздік түзу барысында осыны ескергеніміз орынды.

 

Әдебиеттер:

1. Н.Сауранбаев, Қазақ тіл – Алматы: 1953, 220 б.

2. А.Айғабылов, Қазақ тілі морфонологиясы мен лексикологиясы – Алматы: 2006, 272 б.

3. Орфографиялық сөздік, - Алматы: Тіл білімі институты, 2007, 480 б.

4. М.Балақаев, Қазақ әдеби тілі – Алматы: 1987, 272 б.

 

Резюме

 

       В этой статье объектами исследования будут актуальные вопросы орфографии казахского языка. Будут подвергаться  критике недостатки «Орфографического словаря». Будут предлогаться выгодные условия для правил написания слитных и сокращенных слов. Большое внимание будет уделяться теории о том, что орфография – правило, а орфоэпия – закон. Четко показаны  все моменты, вызывающие затруднение  в системе звуков казахского языка. Доказано, что звуки И и У не могут быть гласными. Известно, что они всегда выполняют функцию согласного звука, произносятся как дифтонги вместе с гласными  Ы - І  и  Ұ – Ү. Поэтому И и У никогда не могут быть слогами.

       Главная цель этой статьи – открыто показать, что правильное решение орфографии – это гарантия грамотного письма. Правильность орфографических правил  основывается на устойчивости законов орфоэпии и правильности грамматических и фонетических правил.

 

Resume

 

      In this article, the objects of research will be actual questions of Kazakh languages orthography. Will be criticized shortcomings of  «orthographic dictionaries» . Will be offered beneficial conditions for the rules of spelling of merged and shortened words. A lot of  attention will be given to the theory, where orthography is a rule, orthoepy is a law. Will clearly shows the all moments which cause difficulty in the sounds system of the Kazakh language. Will be proven that «И»and  «У» are could not be vowels. It is known that they always execute function of consonant and pronounced as diphthongs with vowels «ы – і» and  «ұ– ү». Therefore «и» and «у» could not be syllables. The main purpose of this article is the openly show that warranty of competently writing is the right decision of orthography rules are based on the stability of laws of orthoepy  and correctness of grammatical and phonetic rules.