ғылыми-инновациялық
жұмыс және халықаралық ынтымақтастық
жөніндегі кафедра меңгерушісінің
орынбасары,ф.ғ.к.,доцент Р.Қ.Өмірбекова
ЕСІМДІКТІ
ЕСІМШЕЛІ ОРАЛЫМНЫҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ-ТҰЛҒАЛЫҚ
ҚҰРЫЛЫМЫ
Есімдік заттың өзін немесе
белгісін көрсеткенімен оның атын атамайтын сөз табы болып
есептеледі. Әдетте, есімдіктер есімдердің немесе атауыш
сөздердің орнын алмастырушы ретінде қолданылады.
Есімдіктерді ерекше сөз табы ретінде
тани отырып академик Н.Сауранбаев былай деді: "Есімдіктердің
мағынасы әрқилы, қиын. Бұлардың өзінше
бөлек мағынасы болмайды. Олар сөйлемде басқа
сөздердің орнына жүреді. Мұның себебі есімдіктер
заттың, құбылыстың аты я болмаса олардың сынын,
сипатын білдірмейді. Әр сөздің абстрактыққа айналғанын
білдіреді" . Мұның себебі адам сөйлегенде әрбір
сөзі зат деп, болмаса заттың сипаты, белгісі деп ұрынбайды, ұғым
деп түсінеді.
Есімдіктер мағынасына қарай
жіктеу есімдігі, сілтеу есімдігі, сұрау есімдігі, өздік есімдігі,
белгісіздік есімдігі, болымсыздық есімдігі, жалпылау есімдігі болып
бөлінетіні белгілі.
Есімдіктер аса көп емес, оның
үстіне өзгеріп, дамып отыратын мүмкіншіліктері де шектелген.
Солай бола тұрсаесімдіктердің жасалу тәсілдері күрделі
екендігі сезілді. Есімдіктердің әр мағыналық тобы
жөнінде айтылған көптеген пікірлер бар.
Есімдіктердің синтаксистік
жағынан барлық сөйлем мүшесі қызметінде жұмсалуы үнемі айтылуда.Ол морфология саласындағы
еңбектерде нақтылай айтылса, ал синтаксистік еңбектерде олар
әрі сөз тіркесі, әрі сөйлем мүшесі
тұрғысынан едәуір дәрежеде айтылуда.
Есімдік туралы біздің арнайы
қарастыратын мәселеміз сөйлем ішінде оның
есімшенің алдындағы синтаксистік қызметі.
Есімдіктің барлық
түрлерінің синтаксистік қызметінің бар екендігі
мәлім. Бұл тұрғыдан есімдіктер зат есім, сын есім, сан есімдердің
орнына жұмсалатын болғандықтан, толық синтаксистік
қызметі бар сөз табы болып саналады. Егер есімдіктердің
әрқайсысының белгілі бір сұрақтарға жауап
беріп, белгілі сөйлем мүшесі болады деп айтылғанымен, енді
олар сөйлем ішінде есімшелермен бірлікте арнайы бір сұрауға
жауап беріп сөйлем мүшесі болуы ойлануды қажет етеді. Тіпті
бастауыш қызметінде жұмсалатын мен, сен, ол секілді жіктеу
есімдіктерінің өзі кім?
деген сұраққа жауап бермей, есімшенің жетегінде кетіп,
күрделі анықтауыш болуы оның басқа сөз
таптарындағы ерекшеліктерімен ұштасып жатады.
Күрделі анықтауыш жасауда
есімдіктер есімшемен екі түрлі бағытта тіркеседі.
1. Есімдіктердің
өзі ғана есімшемен тіркеседі.
2. Есімдіктер
тағы да басқа сөз таптарымен бірлікте, есімше алдында
күрделі анықтауыштың құрамында келеді.
Осылардың ішіндегі ең күрделісі есімдіктердің
есімшелермен бірлікте жұмсалуы. Әрине, есімдіктер есімді сөз
тіркесінде қабыса, меңгеріле, матаса байланысса, етістікті
сөз тіркесінде әрі меңгеріле, қабыса байланысатыны
белгілі. Есімдіктер енді есімшемен күрделі анықтауыш құрай
келіп, олар іштей бастауыштық, пысықтауыштық,
толықтауыштық қатынаста жұмсалады. Осыған
байланысты осындай күрделі анықтауыштарды
қабыса байланысқан,
қиыса байланысқан,
меңгеріле байланысқан –деп
үш топта қарастырамыз.
Есімдіктің
қабыса байланысуы
Сілтеу есімдігімен есімшелі
етістіктердің қабыса байланысуы.
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімше арқылы: Сол әкелген қазынасы, кейде
шырқап өрлеген Әмір, Оралбай үндерімен шығады
(М.Әуезов). Бұл құйындатқан жас жігіткеиттің
соңынан еріп, алыстан бұққан Құрмаш орнынан
түрегеліп қарады (Қ.Жұмаділов).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше арқылы: "Осы пермелеріңіз жұмыс істей ме, сіздердің
сол шешетін шаруалар емес пе бұл", - деп қайтарған
бір-екі рет (Т.Мәмесейітов).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімше
арқылы: Бұл өзгерер қаталдықты
Қойбағар бірте-бірте ұқты (Х.Есенжанов).
Ақшоқыға бұл әкелер жаңа хабардың
бір ауыр суығы да бар еді. Жалпылау есімдіктері де есімшелердің әртүрлі
тұлғаларымен келіп есімшелі оралым жасайды.
Жалпылауесімдігі
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы есімше арқылы:
Ешбір адам кіруге батпай, барша жиналған жұрт далаға
қамалып тұрды (С.Мұқанов).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше арқылы: Офицердің келіншегі болған соң ба, бәрі
жарасатын Талшын емін-еркін қозғалады (М.Байғұтов).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімше
арқылы: Бәрі жарар іске сен неге жарамай қалдың?
(Парасат).
Өздік есімдіктерінің
есімшенің әртүрлі тұлғаларымен оралым жасауы.
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімше арқылы: Өзі жығылған балажыламайды (Мақал).
Өзі тілеген жұмысын істейтін болсын - деп, бай күңгірлеп
сабадай пісілді (І.Жансүгіров).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше арқылы: Өзі тұратын қала типтес поселкеде
мұндай мүмкіндік, мынадай тыныштық пен сұлулық бола
бермес (М.Байғұтов).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімше
арқылы: Палуан өзі кірер есіктің алдында, күрес
алаңына қарай мойнын сөзып қарап тұр
(Қ.Әбдіқадыров).
Белгісіздік есімдігі + -ған,
-ген, -қан, -кен тұлғалы есімше + есім сөз тіркесі: Әрбір
ашылған курста қазақ тілінде кеңсе істерін
жүргізу тақырыпты нұсқалар көрсететін болу керек (С.Сейфуллин).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше арқылы: Әрбір қабылданатын студент көрсетілген
бағдарлама бойынша толық тексерілуден өтуі керек (Жас Алаш).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімше
арқылы: Әркім тіктірер күпейке мен балағы
ұзынды-қысқалы шалбар Серікке бұйырмады
(М.Сүндетов).
Болымсыздық есімдігі + -ған,
-ген, -қан, -кен тұлғалы есімше тіркесі: Ешкім көрінбеген
жолға қарап тұрды да, қара жолмен бұлкілдеп
ауылға тартты (Х.Есенжанов).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімшемен тіркесі: Бантигімді алып ешқайсысы білмейтін жерге
тығып қойдым,- деді өзіне сұқтана
қараған Жәнібекке бұрылып (Қ.Жұмаділов). Осы
жерде Айтбай атамның ешкім білмейтін бір күйін ыңылдап
саламын, - деді бала (М.Байғұтов).
Болымсыздық есімдігі -ар, -ер, -р
тұлғалы есімшелермен тіркеспейді екен.
Анықтауыштардың соңғы
сөзінің есімше тұлғалы болып келуі көп
нәрсені аңғартатындай. Өйткені есімшенің бойында
етістіктің қасиеті болғандықтан, өзінен бұрын
тұрған сөздерді игеріп әкету қасиеті бар.Сондықтан
есімше қимылдық сапаға ие бола отырып, өзінің
алдындағы сөздерді өзге мүше ретінде тануға
қарай жетелейді.
Проф. М.Балақаев
күрделі анықтауышқа үйірлі анықтауыштардың
бірі ретінде іштей бастауыштық, баяндауыштық қатынастары
үйірлі анықтауышты да жатқызу орынды. Автор: "Біз
көрген бала аса тәртіпті, таланты болатын" сөйлеміндегі біз
есімдігі мен көрген есімшесі арқылы күрделі
анықтауыш жасалуын алғаш көрсете білді. Әрине, бұл
басқа анықтауыштарға қарағанда есімдіктерді іштей
қиыса байланысқан деп беру орынды. Егер есімдіктер есімшемен
қабыса және меңгеріле байланысатыны сияқты енді қиыса
байланысқан есімшелі топтар туралы да айтатын боламыз.
Есімдіктің
қиыса байланысуы
Жіктеу есімдігінің есімшенің әртүрлі тұлғаларымен
оралым жасауы.
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімше арқылы: Сіз айткан өpic–менің де біраз
шарлаған жерлерім (М.Әуезов).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше арқылы: Мен шығатын қақпаға
қарай жақындайық (Қ.Әбдіқадыров). Мен
білмейтін Тана бар ма еді, алты ауыл Әлмембеттінің болмаса жеті
ауыл Жиембектінің? (Қ.Жұмаділов).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімше:
Міне, сіз діттер Кезең селосы осы, - деді инспектор Мыңзат
(М.Байғұтов).
Есімдіктің
меңгеріле байланысуы
Табыс жалғаулы есімдіктердің
есімшемен тіркесуі.
Жіктеу есімдігі + -ған, -ген, -қан,
-кен тұлғалы есімше: Мені байқамаған Халел
көшкен жұртта қалғандай көңілі құлазып,
өне бойы қалтырап отыра кетті (С.Жүнісов). Оны абыржытқан
оқиға кімді болса да таңқалдырмай қоймас
(Б.Тоғысбаев).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше: Бізді алаңдататын нәрсе–Жәнібектің
туған әкесін жек көруі (Қ.Жұмаділов). Бірақ
оны елейтін Жұман жоқ (М.Әуезов).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімше. Оны
елітер нәрсе–қыздың қарақаттай көздері,
айдай қабағы, аппақ тамағы еді (Г.Оралбаев).
Белгісіздік есімдіктері табыс
жалғауында есімшелермен тіркеседі.
а)
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы есімше: Әлдекімді
күткен қыз бір орнында тұра алмай тыпыршып жүр
(М.Байғұтов). Әркімді жалдаған жұмыс
қиюы қашып алға жүрмей-ақ қойды
(Ғ.Мүсірепов).
ә) -атын, -етін,
-йтын, -итін тұлғалы есімше: Әлдекімді күтетін
пиғылы болмаса да Шоң үйіне кірген қонағын
қос қолдап амандасып қарсы алды (Қ.Исабаев). Кейбір
тігілетін шатырлар Жуантөбедегідей ұсақ көріксіз
емес көлемімен де көркімен де ерекше көрінетіндей болуы
келісілді (А.Исабаев).
б) -ар, -ер, -р тұлғалы
есімше: Біреуді даттар жаман әдеті жоқ Жәнібек
қыранның күрсінгенін еститін, көңілдегі
қасиетті домбыраның қос ішегінен аңғаратын
адамдардың құрметтей түскендей болды (Қ.Жұмаділов).
Әлдекімдерді кондырар үйіне дастархан жайғызып, тайқазанын
толтыра ет асқызды (Қ.Әбдіқадыров).
Болымсыздық есімдіктері табыс
септігінде есімшелермен тіркеседі.
а) -ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімше: Ешкімді кездестірмеген Сәрсен еркіндеп жүріп атын
ерттеді (Ғ.Мүсірепов). Ешнәрсені байкамаған
Жәнібек туған даланың төсінде көкірегін көріктей
керіп, терең бір тыныс алды (Қ.Жұмаділов).
ә) -атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше:Ештеңені андамайтын Сұлтан өзі қылыш
суырған күні Сейтектің екі ортаға суық сөз
тастағанын қайдан білсін (М.Мағауин). Ешқайсысын
тындамайтын кіші баласы бүкіл ауылды дүрліктірді
(М.Қаназов).
Табыс септігіндегі болымсыздық
есімдіктері -ар, -ер, -р тұлғалы есімшелермен тіркеспейді екен.
Өздік есімдіктері де табыс
жалғауында есімшелермен тіркеседі.
а) -ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімше: Абай болса, күндізгі өзін көңілдендірген
күйінұмытпаған еді (М.Әуезов). Жиренше
қабағын суыта түсіп, өзін ширықтырған
ызамен сөйледі (М.Әуезов).
ә) -атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше: Дәрмен бағанадан бергі дауда өзін кадірлейтін
Базаралының бір мұңды күйлерін ойлап отырған
(М.Әуезов). Өзін танымайтын ортада жалғыз отыру
жігітті бұрынғыдан да қатты абыржытты (М.Сүндетов)
Пайдаланған әдебиеттер :
1. Сайрамбаев Т. Сөз
тіркестері мен жай сөйлем тіркесі. -Алматы:
Рауан, 1991.
2.Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі
күрделі сөз тіркестері. // -
Алматы, 1981
3. Томанов М. Т. Словосочетания,
выражающие временные
отношения в казахском языке. Автореф... канд.
филол.наук. -Алма-Ата, 1964
4. Шәукенов
Қ. Үйірлі мүшелер, олардыоқыту методикасы. -Алматы: Қазақ
университеті, 1991. 72-5. Ысқақов А. Қазіргі
қазақ тілі. - Алматы, 1991.