Р.Қ.Өмірбекова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
доценті, ф.ғ.к., Алматы, Қазақстан
САН ЕСІМДІ ЕСІМШЕЛІ ОРАЛЫМ
Сан есімдердің
де етістікті сөз тіркесінде бағыныңқы қызметте
жұмсалуы тілімізде кездесетін құбылыс болғанымен,
бұл мәселе туралы ең алдымен Н.К.Дмитриев, Л.Н.Кононов, М.Балақаев
сияқты ғалымдар сөз
етті. Олар сан есімнің тек есімді сөз тіркесінде жұмсалуын
ғана емес, етістікпен де тіркесіп пысықтауыштық
қатынаста берілуін алғаш айқындағандар болды. Кейіннен сан
есімнің етістікпен тіркесуі туралы Ә.Хасенов, Т.Сайрамбаевтың
диссертациялық жұмыстарында жеке қаралды. Онда сан есімдердің
тек есімдермен ғана емес етістіктермен тіркесіп пысықтауыш
қызметін атқаруы жан-жақты айтылды. Бұл зерттеулер
бойынша, етістіктің сан есімнің барлық мағыналық түрлерімен
тіркесе бермейтіні, оның ішінде есептік, реттік сан есімдері ғана
етістікпен тіркесіп жұмсалатындығы айтылған. Шынында,
қабыса байланысқан сөз тіркесінде сан есімдердің
есептік, реттік түрлері едәуір дәрежеде
қолданылатындығы белгілі де. Әрине, сан есімдерге
естістіктердің де басыңқылық қызметі оның
әртүрлі категорияларында әртүрлі. Әсіресе, сан есімдердің
етістіктің ішінде есімше түрімен тіркесуі бізге қажетті тұсы.
Егер бағыныңқы сыңарда көбіне есептік, реттік сан
есімдері ғана келсе, ал басыңқы сыңарда есімшелердің
-ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -итін, -ар, -ер, -р
түрлерінің бәрі бірдей басыңқылық ете бере
ме деген де өзіндік сауал пайда болады. Бұл жерде мына
мәселені де ескере кеткен жөн. Егер бағыныңқы
қызметте сан есімдердің жеті түрінің тек екі түрі
ғана қабыса байланысуға қабілетті болса, енді сан есімдердің
есімшелермен меңгеріле байланысуы да келіп туады. Мұндай кезде
есептік, реттік сан есімдері де қатыса алады. Есімшелердің
сөйлемнің ішінде өзіне қандай сан есімдерді
бағыныңқы қызметке алып, күрделі анықтауыш
болуы да өзіндік үлкен мәселе.
Зерттеулерге қарағанда, сан есімдер есімше алдында нөлдік тұлғада
да, септік жалғаулары арқылы да келе береді екен. Осыған
байланысты сан есім мен есімшенің күрделі анықтауыш болуын
іштей қабыса және меңгеріле байланысады деп бөлу
орынды.
Бір ескере кететін нәрсе, әрі қабыса, әрі
меңгеріле байланысқан сан есім мен есімшелі анықтауыштарды
сөз еткенде тек сан есімге қатысты түрлерін қарастырып
отырмыз. Ал аралас түрі туралы тек соңынан ғана сөз
етеміз.
Сан есімдерге
басыңқы қызметте күрделі анықтауыш жасауда
есімшелердің үш түрлі жұрнағының
қатысы әртүрлі. Яғни сан есімдермен
-қан, -кен, -ған, -ген
-атын, -етін, -йтын,
-итін
-ар, -ер, -р жұрнақты
есімшелердің бірімен мол, екінші бір жұрнағымен сирек, ал кейбір
жұрнағымен есімшенің тіркеспеуі де мүмкін екен. Дегенмен, есімшелі оралым жасауда ең көп жұмсалатын -ған, -ген, -қан,
-кен жұрнақты есімшелер екені айқын.
Сан есімнің қабыса байланысуы
1. Есептік сан есім
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы есімше + есім сөз
тіркесі: Өмір үшін жанталастың соншалық
шапшаңдықпен ұшқын атып, жүз
құбылған шағы (М.Әуезов).
Сараңның үш салған тұзы татымас (Сараи).
Есептік сан есім + -атын, -етін, -йтын, -итін
тұлғалы есімше + есім сөз тіркесі: Төрт
бүктелетін бірнеше сырмақ төрге төселіп
биіктетілген екен (М.Мағауин). Өз басым әлі күнге
шешемнің көп сөзіне құлақ қойып, мың
келетін ашуының бірін де елеп жүрген жан емеспін
(С.Сарғасқаев).
Есептік сан есім + -ар, -ер, -р тұлғалы
есімше + есім сөз: Бір салар қолқасының
орындалатынын сезген Назымның тас түйілген қабағы
жадырап, түнерген қайғысы түріле бастағандай
(Ғ.Оралбаев). Екі қайталар шамасының жоқтығын
сезген қарт ештеңені сезбеген адамша үндемей отыра берді
(Е.Домбаев).
2. Реттік сан есім + -ған,
-ген, -қан, -кен тұлғалы есімше + есім сөз тіркесі: Бірінші
қазылған құдық тереңдігінен ешкімге
күмән келтіре қоймады (Ғ.Мұстафин). Жаңа
Қарағандыда бірінші соғылған балға,
бірінші құрылған көрік сенікі (Ғ.Мұстафин).
Реттік сан есім + -атын, -етін, -йтын, -итін
тұлғалы есімше + есім сөз тіркесі: Бірінші келген кезде
көк сағынған мал, жусан, көбек, жалмаңқұлақ
сияқты ащылы шөпке әбден қонды (Шәкәрім). Екінші
талқыланған мәселе–ауыл жастарының тәртібі
туралы болмақ (Жас Алаш).
Реттік сан есім + -ар. -ер, -р тұлғалы
есімше + есім сез: Үшінші айтылар ой–көпшілікті қатты
толғандырары сөзсіз (М.Сқақбаев).
Келіншегі құрған жоспары бойынша бірінші кездесер
ешкінің мүйізінен ұстамаққа алға
қарай ұмтыла берді (Т.Мәмесейітов).
3. -дап, -деп, -лап,
-леп, -дай, -дейжұрнақтары жалғанған болжалдық сан
есімдермен тіркесіп келіп есімшелі оралым жасалады.
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімше: Мындап өрген қой кең даланы жауып кеткен болды
(С.Мұқанов). Екеулеп тартқан арқан үзілуге
шақ қалды (Шәкәрім).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше: Екі сағаттай оқылатын лекциямаужырап отырған
студенттерді сергітетіндей тартымды болуы керек (Ә.Нұршайықов).
Сегіз сағаттай жүретін жол Ережеп ақсақалды
қатты қалжырататын болды (М.Қаназов).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімше: Он
сағаттай орындалар істі сендер қалай тез бітіргенсіңдер
(Жас Алаш).
-даған, -деген тұлғалы
болжалдық сан есімдердің -ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімше арқылы жасалуы: Ондаған көшкен ауылдың
орны ойсырап, құлазып артта қалып барады
(Шәкәрім).
Есімшелі оралым жасауда болжалдық сан есімдер -атын, -етін, -йтын, -ар, -ер,
-р тұлғалы есімшелермен тіркеспейді екен.
Есімшелі оралым жасауда
бағыныңқы сыңардағы тәуелдік жалғаулы
сан есімдер есімшелермен үнемі қабыса байланыса бермей, былайша
айтқанда іштей "қиыса" да байланысатынын көруге
болады. Мұндай жағдай көбіне реттік және жинақтау
сан есімдеріне тән.
4. Әрине,
реттік сан есімдері көбіне қабыса байланысуға бейім болса, ал
олар тәуелденген кезде заттанып есімшелі топта бастауыштық тұлғаға
ие болады. Сонымен осы реттік, жинақтау сан есімдерінің тәуелденіп
келіп есімшелі оралымжасауға қатысатынын байқаймыз.
Реттік сан есімдердің тәуелді
формада тұрып есімшелі оралымжасауы.
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімше арқылы: Екіншісі салған сурет–аудандық
оқушылар үйінің көрмесіне қойылатын болды (газеттен).
Біріншілері туылған күн–естен ешқашан
шықпақ емес (Р.Сейсенбаев).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше арқылы: Біріншісі айтатын сөзді олар бұзып
жіберді (Жас Алаш).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімше
арқылы: Үшіншісі салар ән ел арасына тарай
қоймаған жаңа туынды көрінеді (Жалын).
5. Тәуелдік
формадағы жинақтық сан есімдердің-ған, -ген, -қан,
-кен тұлғалы есімшелермен тіркесі: Екеуі айтқан ән
даланы жаңғыртып жібергендей (М.Әуезов). Екеуі
шырамытқан жігіт осы ауылға жиен болып шықты
(М.Қаназов).
Тәуелдік формадағы
жинақтық сан есімдердің -атын, -етін, -йтын, -итін
тұлғалы есімшелермен тіркесі: Төртеуі кездесетін шақ
–сәске түске белгіленген болатын (С.Сарғасқаев). Екеуің
орындайтын іс–қалайда нәтижелі болуы керек (Ғ.Мұстафин).
Тәуелдік формадағы жинақтық
сан есімдердің -ар, -ер, -р тұлғалы есімшелермен тіркесі: Екеуің
айтар сөз, істер іс әлі алда (Жас Алаш). Үшеуің
тындырар шаруа бір күнге жетерлік (Е.Домбаев). Жинақтық сан
есімнің қосарланып келуі арқылы есімшелі оралым жасалады:
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімшелер арқылы: Дабырлаған көп халық, екеу-екеу
ойнаған балалар осынау кең даланың сәнін кіргізіп
жібергендей (Ә.Нұршайықов).
6. Қосарланған
жинақтық сан есімдердің -атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімшемен тіркесі: Екеу-екеу тұратын пішеншілер аяқ асты
күрт қозғалып Ықсанға қарай қауқалақтай
жүгірісті (М.Сүндетов).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімшемен
арқылы жинақтық сан есімдер есімшелі оралым жасауға
қабілетсіз болады екен.
Жалпы сан есімдердің бірнеше
түрінің синтаксистік қызметі бірдей еместігі айқын.
Солардың ішінде анықтауыш қызметінде тек есептік, реттік сан есімдері
ғана жұмсалатындығы барлық зерттеу еңбектерінде
үнемі сөз болды. Соның ішінде олардың етістіктің
алдында жұмсалып пысықтауыш болуы да ескерілуде. Сан есімдер осындай
синтаксистік қызметте үнемі жұмсалатын сөз табы десек,
ал енді сөйлемнің ішінде есімшенің алдында келіп
күрделі анықтауыш болған кезде сан есімдер сын есімдер
сияқты анықтауыштың сұрағына жауап бермей, енді
есімшенің жетегінде күрделі анықтауыш болып кетеді де, пысықтауыш
болудан қалады. Бұл жерде егер сын есім, сан есім, есімшелер
заттанса, өздерінің сұрауларына жауап бермей, олар
заттық мағынаға ие болған тәрізді сын есім, сан есімдер
сөйлемнің ішінде есімшемен бірлікте өздерінің сұрауларына
жауап бермей, есімшелі оралым құрауына сәйкес олар
есімшенің қандай? деген сұрағына
жауап беруге тиісті.
Сан есімдер
жоғарыдағыдай тек қабыса байланыспай, кейде меңгеріле
де байланысады.
Сан есімнің меңгеріле байланысуы.
Есімшелі оралым жасауда сан есімдер
барлық септік жалғауында келмей, көбіне, барыс, шығыс
септіктерінде ғана қолданылады. Септік жалғаулы сан есімдер
мен есімшелер күрделі анықтауыш болғанымен,
бағыныңқы сыңардағы сан есімдер іштей
көбіне пысықтауыштық қатынаста жұмсалып,
күрделі анықтауыш болады.
- Барыс жалғаулы
сан есім мен есімшенің тіркесуі арқылы есімшелі оралым жасалуы.
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімше: Он бесіне қараған түні Мария толғатқан
соң, он бесі күні Әділ Серікбайды ауылға тастап
Доғалаңға жалғыз кетті (Шәкәрім). Қырқына
шыдаған бастық, қырық біріне шыдамай ма? (С.Мұқанов).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше: Он жетіге шығатын бала Сұлтан асқақ ой,
тәкаппар көңіл жетегінде еді (М.Мағауин). Беске
толатын баласының тілінің әлі шықпағаны да шешесін
қатты абыржытады (Жұлдыз).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімше: Тоқсан
екіге шығар Өмірзақ қарт үрім-бұтағының
амандығын тілеп, табысына қуанып, ағайын-туғанын
аралап, көңіл сергітеді (М.Сқақбаев).
- Шығыс
жалғаулы сан есім мен есімшенін тіркесуі арқылы есімшелі оралымжасалуы:
-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы
есімше: Жиырмадан топталған әскерлер дуылдасып тұр
(Т.Ахтанов). Үштен бөлінген барлаушылар тез аттанып кетті
(Т.Ахтанов).
-атын, -етін, -йтын, -итін тұлғалы
есімше: Оннан бөлінетін балалар дереу өздеріне
тапсырылған іске жұмыла кірісіп те кеткен екен
(С.Сарғасқаев). Екеуден отыратын балалардың бар назары
мүғалімге ауған (С.Сарғасқаев).
-ар, -ер, -р тұлғалы есімше: Бестен
бөлінер тастар Әсем алдында бытырай шашылып жатыр (Д.Исабаев).
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Болатов Ж. Синтаксистің
кейбір мәселелері. //Қазақ тілі мен әдебиеті. Алматы.
1959, N4.
2.Дмитриев Н.К.
Грамматика башкирского языка - М., 1950.
3. Балақаев М. Қазіргі
қазақ тілі. - Алматы, 1992.
4.Сайрамбаев Т. Қазіргі
қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері. // - Алматы,
1981
5.Хасенов Ә.
Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер. -Алматы, 1959