Филол.ғ.к., доцент
ҚайырбековаҰ.С.,
магистрант Рай Ә.М.
ҚИПХДУ, ҚАЗАҚСТАН
Когнитивтік
терминтанымның негізгі категориялары
Термин – терминологиялық лексиканың бірлігі ретінде көп қырлы және күрделі
ұғым. Сондықтан да осы күнге дейін терминнің
мәнін көрсететін және оның барлық
типологиялық түрлерін қамтитын жалпы тіл білімінде
қабылданған бірізді анықтамасы жоқ. Термин мен терминологиялық
жүйесіз бірде-бір ғылымның, техникалық, кәсіби,
өндірістік саланың дамуы мүмкін емес. Әрбір
терминнің дефинициясы болады және күнделікті
қолданылатын сөздерден ерекшелігі терминологиялық
өрісінде бір мағыналылық қасиетке ие болады. Жалпы
лексикаға қарсы қойылған терминдер белгілі бір
ғылыми концепциясымен байланысты болып терминдерде ғылыми
зерттеулер мен олардың теориясы көрініс табады.
Белгілі
бір дефиниция берілген кез келген
сөз сол ұғымды анықтайтын термин бола алады,
сондай-ақ, жасалынды сөздер де термин бола алады. Білімнің
жаңа саласында нақты термин табылғанша сипаттамалы дефиниция
қолданылады. Ғылымның белгілі бір саласының
қарқынды дамуының нәтижесінде терминдер ғылыми
мәтіндерде, бұқаралық ақпараттық
құралдарда көрініс таба бастайды. Терминдер ғылыми
нақтылығын жоғалтқанда, қолданылу аясы
кеңейіп, олар бейтерминденуі процесінен өтеді, яғни
концептуалдылығын, жүйелілігін, бір мағыналығын
жоғалтады да термин
ұғымы жалпыланып, бұрынғы термин күнделікті
қолданылатын сөзге айналады. Сөйтіп мұндай сөздер
терминологиялық дефиницияны емес, жалпы лексикалық сөзге
берілетін түсіндірмені талап етеді. Терминологтар терминнің ерекше
сөз немесе сөз тіркесі ретінде мынадай белгілерін атап
жүргендігі белгілі:
- терминнің ұғыммен байланысы;
- термин ұғымының
нақтылығы;
- терминнің бір мағыналығы;
- стильдік жағынан бейтараптығы
және экспрессияның жоқтығы;
- терминнің аталымдық қасиеті;
- терминнің жүйелілігі.
Термин табиғатын анықтауда
дәстүрлі критерийлер қалыптаса бастағанымен
зерттеушілердің жұмыстарынан бірдей пікір кездестіру қиын.
Орыс тіл білімінде ғалымдардың айтуы
бойынша, терминге үш жүзден аса анықтама берілген екен,
бірақ әлі күнге дейін терминологтар бір мәмілеге
келмеген. В.Д.Табанкова терминнің ортақ анықтамасы
жоқтығын былай түсіндіреді: «Бұл, біріншіден,
терминтанымның теориялық негізі жеткілікті дәрежеде
зерттелмегендіктен, оның негізгі ұғымдарының
ажыратылмағандығы, ғылыми-техникалық термин дегеніміз
нені білдіреді дегенге бірдей жауаптың жоқтығы. Екіншіден,
қазіргі таңда ғылыми
әдебиеттерде берілген түрлі анықтамалар термин
ұғымының мәнін толық бере алмайды» [1,25 б.].
Ғылыми
лингвистикалық еңбектерде, әдебиеттерде терминнің
ұғыммен байланысы ең басты ерекшелік ретінде
айқындалады. Термин арнайы ұғымды
білдіріп, бұл ұғымның өзіне тән
қасиеті оның мағынасы арнаулы құралдар
арқылы берілсе де аталмыш байланыс өз тұтастығын
жоғалтпауы қажет. Термин құрылымы
тұрғысынан сөз не сөз тіркесі болғанымен онда
міндетті түрде бір ғана ұғымды білдіретін белгі болады.
Мысалы, логикалық сөздікте
терминге мынадай анықтама берілген: «Ғылыми тәжірибеде термин
деп белгілі бір ұғымның атауы қабылданады» [2,594 б.]. Терминге логикалық
тұрғыдан анықтама беруде кейбір зерттеушілер терминдер
ретінде кез-келген арнайы сөзді қарастырып, бұл ретте
терминдер әртүрлі бірліктерді құрайды: ғылыми
терминдерді (Н.Д. Андреев, Т.С. Коготкова, Р.И. Миськевич);
ғылымның, техниканың және ауыл
шаруашылығының арнаулы лексикасын (А.С. Герд, А. Натансон, Ф.П. Сорокалетов);
адамның қызметі мен мүддесіне байланысты, бірақ
ғылым мен техникаға қатысы жоқ лексиканың кейбір
семантикалық топтары (В.В. Замкова, Ю.А. Макатенко, Л.А. Шкатова);
адамның қызметі мен мүддесіне байланысты, кәсіби лексика семантикалық топтары - спорт, өнер лексикасы (Е.К.
Молдатаев, Г.И. Пядусова, Ф.Г. Шамин). Қорытындысында термин
сөзін өте кең пайдаланудың нәтижесінде көптеген
анықтамалар пайда болады. Термин білім немесе қызметтің
қандай да бір саласына жататын ұғымға қатысты
сөз немесе сөз тіркесі ретінде, түсінілетін
анықтаманың маңызы зор. Дегенмен, терминге берілген анықтамалардың
көп болуы термин ұғымының бірыңғай түсінілуіне
кедергі жасамайтындығын атап өткен жөн.
Сонымен ғылым саласында терминді белгілі ұғымды білдіретін сөз немесе сөз тіркесі
ретінде қарастыратын әртүрлі көзқарастар бар.
Оларды жүйелі түрде былайша түйіндеп беруге болады: 1) терминдердің лексикалық
мағынасы бар, бірақ олар білдіретін ұғымға сай
келмейді; 2) терминдердің ұғымды білдіретін лексикалық
мағынасы болады; 3) терминдердің мағынасында ұғым
бар, бірақ олардың лексикалық мағынасы жоқ; 4)
терминдер тереңдетілген ғылыми ұғымды білдіреді, сондай-ақ
қарапайым ұғымды да білдіруі мүмкін.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. Табанкова
В.Д. Понятие научно-технического термина и требования к его определению //
Термин и слово. - Горький: Изд-во ГГН, 1982. - С. 24-28.
2. Кондаков
Н.И. Логический словарь. Москва, «Наука», 1971. - 656 с.