Ыбырайым Ә.О., Кипчакбаева Ш.А.
М.Х.Дулати
атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан,
Тілдегі синтаксистік конструкциялардың синонимділігі
Тілдегі синонимия қазақ
тіл білімінің лексика саласында біршама зерттелгенмен, грамматика,
әсіресе, синтаксис саласында бұл мәселе әлі де
толық шешімін таппай келеді. Синонимия тілдің мәнерлегіштік
құралдарының бірі болып табылады, сондықтан ол
сөйлеу мәдениетімен, көркем әдебиет пен көпшілік
алдында сөйлеудің тілі мен стилін, стилистикалық
құрылымдардың міндеттерін
зерттеумен айналысады. Соған байланысты тіліміздегі
лексика-фразеологиялық, грамматикалық және синтаксистік
синонимдерді зерттеу теоиялық тұрғыдан ғана емес,
сонымен қатар практикалық тұрғыдан да маңызды.
Синонимдерді меңгеру тілдің даму бағытын, оның әр
қырының өзгеру жолдары мен тәсілдерін түсіндіруге
мүмкіндік береді, сондай-ақ, сөйлеудің мәнерлегіш
құралдарының байлығын тіл жүйесінде қолдана
білуді қалыптастырады.
Тілдегі синонимділік түсінігі
көбіне лексикологияға байланысты қолданылады және
бұл құбылыс онда жан-жақты терең зерттелген.
Соңғы жылдары бұл термин фонетика, морфология мен синтаксис
салаларында да қолданыла бастады. Дегенмен, синтаксистік синоним
терминінің лингвистикалық әдебиеттерде қолданыла
бастағанына біраз болғанмен, ол әлі күнге дейін бір
ізге түсіп жүйеленбей, әртүрлі түсіндіріліп
келеді. Синтаксистік синонимдер туралы кейбір ғалымдардың
тұжырымдарына тоқталып көрейік.
«Грамматикалық синонимдер» деген
терминді алғаш қолданған ғалым А.М.Пешковский болды.
Грамматикалық синоним туралы мәселелерді қарастыра отырып, ол
оған мынадай анықтама береді: «сөздер мен сөз
тіркестерінің мағыналары грамматикалық мәні бойынша
бір-біріне жақын». Ғалымды бір ойды қандай тілдік
құралдармен түрліше беруге болатыны
қызықтарған. Соның негізінде түрлі
конструкциялардың грамматикалық мағынасы бойынша
жақындығы белгіленеді. А.М.Пешковский грамматикалық
синонимдерді екі топқа бөледі: а) морфологиялық; б)
синтаксистік. Сонымен қатар, автор синтаксистің стилистикалық
мүмкіндігінің морфологияға қарағанда
әлдеқайда көпқырлы да маңызды екенін
көрсетеді [1,218].
Е.М.Галкина-Федорук, Г.И.Рихтер,
А.И.Гвоздева, И.И.Ковтунова, В.П.Сухотин, Е.И.Шендельс, В.Н.Ярцева және
т.б. ғалымдардың еңбектерінде тілдегі синонимдер,
әсіресе, синтаксистік синонимдер туралы тұжырымдар берілген.
Соның нәтижесінде синонимиялық конструкциялардың
белгілі бір классификациясы жасалды. Түрлі деңгейдегі синонимдер
ажыратылады: морфологиялық, лексикалық, сөз тіркесімді, жай
сөйлемді, құрмалас сөйлемді, сөзжасамды.
Синтаксистік синонимдердің анықтамасы, синонимділік
өлшемдері, сондай-ақ, синонимдік қатар мен синонимдік
өріс ұғымдары туралы кейбір ғалымдардың
пікірлеріне назар аударып көрейік. Мәселен, проф. А.Н.Гвоздев синтаксистік
синонимдерді: «Мағыналары бір-бірінен нәзік реңктермен
ажыратылатын және көп жағдайларда бірін-бірі ауыстыра алатын
параллельді сөйлеу оралымдары» деп түсіндірсе [2,163], кейбір
зерттеушілер синтаксистік синонимдерді
ажыратуда грамматикалық мағыналарының жақындығын
немесе бір-біріне барабар ұғымдарды білдіретін ұқсас
синтакисистік қатынастарды негізге алады. Осыдан келіп төмендегідей
анықтамаларды көруге болады: «Сөз тіркестері мен
сөйлемдердің синтаксистік синонимділігі деп біз тепе-тең
мағыналарды қамтитын, лексикалық мағыналары жақын
сөздерден жасалған, бірдей функцияларды білдіретін, бірақ
құрылымдық жағынан әртүрлі
құрылған, алайда бірін-бірі ауыстыра алатын конструкцияларды
айтамыз» немесе «әртүрлі модельдер бойынша
құрылған, бірақ ұқсас синтаксистік
қатынастарды білдіретін кез келген синтаксистік бірліктер синтаксистік
синонимдер болып табылады» [3,37].
Проф. Р.Г.Пиоторовский синтаксистік
синонимдерді қарастырғанда, ең алдымен оның
стилистикалық қырына қызығушылық танытады.
Оның пікірінше: «синтаксистік категориялар әдетте
әрқайсысының қосымша өзіндік дербес
стилистикалық реңктері бар стилистикалық синонимдер
формасында көрінеді». Ол синтаксистік синонимдерді талдау барысында сөйлемдердегі
сөздердің орын тәртібін әртүрлі позициядан
қарайды: сөздердің орын тәртібі сақталған
сөйлемдер, сөйлем мүшелерінің сөйлем
құрамындағы әртүрлі позициялары, сыңарларын
түрліше ауыстыруға болатын сөз тіркестері [4,127]. Орыс тіл білімінде сөйлем
мүшелерін түрліше орналастыруға болатынын көрсеткен
алғашқы ғалымдардың бірі – А.М.Пешковский. Ол
сөздердің орын тәртібінің еркін болуын «орыс тіліндегі
синтаксистік синонимнің негізгі байлығы» деп есептеген [1,224].
Синтаксистік синонимдерге берілген өлшемдер мен анықтамалардың
ішінде, И.М.Жилиннің тұжырымдарын толығырақ деп
айтуға болады: «Синтаксистік синонимдер – бұл мағыналары
тепе-тең немесе жақын, бір-біріне барабар грамматикалық
мағыналары бар, ұқсас синтаксистік қатынастарды
білдіретін және белгілі бір контексте бірін-бірі ауыстыра алатын
синтаксистік конструкциялардың (сөйлемдердің, оралымдар,
сөз тіркестері мен түрлі сөйлемдік-атаулық
тіркестердің) моделі» [5,84].
Синтаксистік синонимдерді ажыратуда негізгі өлшемдер
қандай болмақ? Бұл туралы да ғалымдардың
пікірлерінің ұқсастығы мен айырмашылықтарын
көруге болады. Мәселен, проф. В.Н.Ярцева бұл мәселеде
«грамматикалық мағыналарының ұқсастығы мен
құрылымдық жағындығын» негізгі өлшем деп
алса [6,78], Е.М.Галкина-Федорук төмендегідей негізгі белгілерін
көрсетеді:
1) синонимдік конструкцияға кіретін сөздердің көпшілігінің
лексикалық мағыналарының сәйкес келуіне негізделген
мағыналық ортақтық;
2) мағыналық
ортақтығына байланысты бірін-бірі алмастыра алу мүмкіндігі;
3) түрліше грамматикалық
рәсімделуі, бұл сөз таптарының түрлі формаларын
қолдануға ғана қатысты емес, сонымен қатар
түрлі сөз таптарын қолдануға да байланысты [7,9].
Орыстың тағы бір тілші ғалымы В.П.Сухотин «синтаксистік
конструкциялардың бірін-бірі өзара алмастыра алуы
синонимділіктің маңызды көрсеткіші» деп есептейді [8,96].
И.М.Жилин де осы пікірді қуаттай отырып, синтаксистік модельдердің
синонимділігін ажыратуға бес өлшемді ұсынады:
1) синтаксистік модельдердің бірдей синтаксистік ортада
бірін-бірі ауыстыра алу мүмкіндігі;
2) құрылымы бойынша
әртүрлі модельдердің мағыналық
мәндерінің тепе-теңдігі;
3) грамматикалық
мағыналардың бара-барлығы және модельдердің осы
негізде сөйлем
құрамында белгілі бір синтаксистік функцияны атқаруы;
4) модельдер
құрылымдарының ортақтығы;
5) синонимдік модельдердің
қатарын толтыруға жарайтын сөздердің жеткілікті
көлемін қамту [5,88].
Мұндағы бірінші өлшем негізгі деп есептеледі. Ол
көптеген тілдер үшін ортақ болып табылады және оны
барлық ғалымдар қолдайды. Ал қалған өлшемдер
тілдердің синтаксистік құрылымдарына қарай
өзгеріп тұруы мүмкін.
Синтаксистік синонимдерді зерттеуде
әлі шешімін таппаған мәселелердің бірі – олардың
классификациясы. Бұл бағытта ғалымдардың
пікірлерінің әртүрлілігін көреміз. Қазіргі
лингвистикалық еңбектерде синтаксистік синонимдерді
классификациялаудың төмендегідей бірнеше нұсқасын
көруге болады: бір аспектілі және ара аспектілі [9,20], ішкі
аспектілі [10,71], тең валентті және әр валентті [8,13], бір
типті және әр типті [11,8],
бір предметтілік немесе әр предметтілік [12,57], жүйелі синонимдер
және контекстік синонимдер [13,29].
Проф. Е.И.Шендельс синонимдерді
мағынасына қарай ара аспектілі және ішкі аспектілі деп ажыратады. Белгілі мағынаны
берудің тілдегі мүмкін болған барлық тәсілдерін
білдіруді, ол грамматикалық па, жоқ па оған қарамастан
ара аспектілі синонимдер деп түсінеді. Ішкі аспектілік синонимдер деп тек
біртектес тұлғаларды ғана атап, оларды екі топқа
бөледі: жүйелі және контекстік. Ғалымның
пікірінше, «өздерінің негізгі грамматикалық мағыналары
бойынша сәйкес келетін және қосымша грамматикалық
мағыналары мен мағыналарының көлемімен ажыратылатын»
біртектес грамматикалық формалар жүйелі деп аталады. Контекстке байланысты ұқсас
грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық формалар
(құрылымдар) контекстік синонимдерді құрайды [10,73].
Орыс ғалымы Л.Ю.Максимов
синтаксистік синонимдерді құрмалас сөйлем деңгейінде
қарастырады да, бір типті және әр типті синонимдерді
көрсетеді. Сонымен қатар автор құрылымдық
сипаттағы синонимдердің стратификациясын жүргізіп, бір
деңгейдегі синонимдік конструкцияларды ажыратады:
а) морфологиялық деңгейдегі
синонимдер;
б) сөз тіркестері
деңгейіндегі синонимдер;
в) жай сөйлемдер деңгейіндегі
синонимдер;
г) құрмалас сөйлемдер
деңгейіндегі синонимдер;
д) синтагматикалық мүшелену
деңгейіндегі синонимдер [11,13].
Р.Г.Пиоторовский синонимдерді тілдік
және сөйлеу синонимдері деп бөледі. Сөйлеу синонимдері
ретінде «белгілі бір контексте және ерекше метафоралық
қолданыста ғана тілдік синонимдердің баламасы болатын»
сөздер, сөйлемшелер мен грамматикалық формаларды
түсінеді [4].
Синтаксистік синонимдер туралы
зерттеулерде қазақ ғалымдарының ішінде проф.
М.Серғалиевтің орны ерекше екені анық. Ғалым
синтаксистік синонимияны синтаксистік параллелизммен бірлікте қарастырады
да, төмендегідей анықтама береді: «...синтаксистік синоним
дегеніміз – екі немесе одан да көп синтаксистік конструкцияның
лексикалық құрамы бірдей, мазмұны бір,
бірыңғай синтаксистік қатынаста келіп, құрылымы
әр түрлі болып, соған сай нәзік мағыналық
айырмашылығы байқалатын синтаксистік параллелизмнің
түрі» [13,27]. Сондай-ақ, автор «екі не одан көп сөз
тіркестері немесе сөйлемдер бір-бірімен синоним болу үшін, алдымен,
параллелизм болулары керек. Ал параллелизм болмаған
конструкциялардың синоним болулары мүмкін емес. Демек синоним –
параллелизмнің бір түрі» деп тұжырымдайды [13,25].
Қазақ тілі де
мағыналық жағынан бір-бірінен нәзік реңктері
арқылы ажыратылатын және кейбір жағдайларда бірін-бірі
ауыстыра алатын мәндес оралымдарға өте бай. Тіліміздегі
синтаксистік синонимдердің пайда болуына көптеген факторлар
әсер етеді. Ғылыми еңбектерді саралай келгенде, оған
төмендегідей негізгі себептерді көруге болады:
1) синтаксистік бірліктердің
көпмағыналылығы, яғни осы мағыналардың
компоненттерінен тұратын мағыналық
құрылымның күрделілігі;
2) қолданыстағы тілдік
бірліктерге ұқсас және оларға синтаксистік балама
ретінде жұмсалатын жаңа синтаксистік конструкциялардың пайда
болуы;
3) синтаксистік бірліктерді
қолданудың көпқырлылығы мен олардың
бірін-бірі трансформациялай алуы;
4) сөз тіркестері мен
сөйлемдердің құрылымдық элементтерінің
синонимділігі, яғни септеуліктер мен жалғаулықтардың
және жаңадан жасалған сөйлемшелердің
синонимділігі.
Синтаксистік синонимдер
стилистикалық тұрғыдан кітаби, сөйлеу және
бейтарап синонимдерге бөлінеді. Синонимдік қатарларды бір
синтаксистік қатынасты әртүрлі грамматикалық конструкциялармен
беру арқылы топтастырылатын модельдер жүйесі деп
қарауға болады. Синтаксистік синонимдер жалпы синтаксистік
жүйенің бір тармағы ретінде әлі де толық
зерттелмеген, тілдегі өзгерістерге байланысты өзгеруге,
толығуға бейім, ашық тілдік категория болып табылады.
Қазақ тілінің синтаксистік жүйесі бір ойды
түрліше құбылтып жеткізуде жазушыға көптеген
мүмкіндіктер береді. Қазақ тілінің тілдік
қолданысында синтаксистік синонимге көптеген қызықты
материалдар кездеседі. Оларды тауып, жасалу жолдарын түсіндіріп,
мағыналық реңктері мен синонимділік деңгейін ажырату –
қазақ тіл білімінің кезек күттірмес міндеттерінің
бірі.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Пешковский А.М.
Русский синтаксис в научном освещении. – М.: Языки славянской культуры, 2001. –С.544
2. Гвоздев А.Н.
Очерки по стилистике русского языка. – М.: Просвещение, 1965. -С.350.
3. Кононенко В.И.
Синонимия синтаксических конструкций в современном русском языке. –Киев:
Наукова думка, 1970. -143 с.
4. Пиотровский
Р. Г. Моделирование фонологических систем и методы их сравнения. – М.; Л., 1966.
5. Жилин И.М. Синонимика в синтаксисе современного немецкого языка. –Краснодар, 19747
6. Ярцева В.Н. О
грамматических синонимиях // Романо-германская филология. Вып.1. –М., 1957.
7. Галкина-Федорук Е.М. Синонимы в
русском языке // «Русский язык в школе», 1959, № 3, стр. 6-14.
8. Сухотин В.П.
Синтаксическая синонимика в современном русском литературном языке. Глагольгое
сочетание. –М.: Изд. АНСССР, 1956. –С.259.
9. Шендельс Е.И.
Синтаксические варианты // Филологические науки. –М., 1962. №1.
10. Шендельс Е.И.
Понятие грамматической синонимике // Филологические науки. –М., 1959. №1.
11. Максимов Л.Ю. О грамматической
синонимии в современном русском языке // Русский язык в национальной школе.
1966. -№2. — С. 7-15.
12. Винокур Т.Г.
Синонимия в функционально-стилистическом аспекте // Вопросы языкознания. —
1976. № 5. С. 54-65.
13. Серғалиев М.Синтаксистік
синонимдер. –Алматы: Мектеп, 1981. -200 б.