ӘОЖ: 82.01: 330.52 (574) (045)

 

Резуанова Ғ.Қ. - ф.ғ.к., доцент

 

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университет, Астана (Қазақстан)

 

И.Байзақовтың «Ақбөпе» шығармасындағы «ұлттық мінез»

 

Ұлттық мінездің қалыптасуына отбасы тәрбиесі, қоршаған орта, тіпті географиялық жағдайлар да өз ықпалын тигізері анық. Л.Н. Гумилев, М.Монтескье, Д.Кішібеков сияқты ғалымдар географиялық факторлар адамдардың мінез-құлқының қалыптасу бағытын белгілейтінін айтады [1, 544]. Мінез-құлық қоршаған ортаның жағдайына қарай, этностардың табиғатына сай, күнделікті тұрмыста орындайтын іс-әрекетінің бағытына, білім деңгейіне, ойлау жүйесіне байланысты қалыптасатындықтан, «ұлттық менталитет» ұғымы туындайды. Ұлттық менталитет көбіне-көп халықтардың тұрмыс-жағдайынан қалыптасқан мінез-құлқы, әлемдегі заттардың құндылықты мәнісі туралы түсініктері, өмірге деген көзқарастары, дүниетанымы (білімі), әдет-ғұрпы, ұлттық ойлау жүйесі, салт-дәстүрі, санасы, этностық рухани келбеті және соған орай сомдалған ұстанымдар, қағидалар мен үлгілер, ырымдар, наным-сенімдер, тыйымдар, жыл айыру арқылы көрінеді.

Қазақ даласы қандай кең болса, оның менталитеті де мол, рухани жағынан да өте бай. Ол А. Қасымжанов, Ж. Алтаев сияқты ғалымдар айтқандай дала кеңістігіндегі әрбір көріністің, әрбір іс-әрекеттің байыбына жетуге, олардың түйінді жағын анықтауға зор мән беруден болса керек [2,162-164].

Қазақ халқының ұлттық мінезіне байсалдылық, әр нәрсенің мән-жайын жете түсіну (көп жағдайда қойылған сұраққа тез жауап қайтармауыда осыдан), кешірімшілдік, кең пейілділік, қайырымдылық, қонақжайлылық (ешбір халықты жатырқамауы), намысқойлылық (ер азаматтардың жаяу жүргенді кемістік деп санауы), сондай-ақ сауықшылдық сияқты қасиеттер тән [3, 82].

Ұлттық мінезді қаламгерлердің туындылары арқылы анық аңғаруға болады. Мәселен, «ұлттық мінез» Иса Байзақов шығармаларында да тамаша көрініс тапқан. Қаламгерлердің ұлттық тақырыпта жырлаған жырлары, көркем шығармалары да өз құндылығын ешқашан жоймайтындығын айтуға болады. Ақынның бір ғана «Ақбөпе» поэмасынан қаншама ұлттық мінезді ашуға болады. Ол: өнерсүйгіштік, парасаттылық, намысқойлық, т.с.с. мінездер.

Қазақи ұлттық мінездің бастысы – қонақжайлылық. Қазақ қонақ келсе, ырыс келді деп қуанған. Себебі қонақтың берген батасы, «тәңір жарылғасыны» балаларына жол ашады деп түсінеді. Қазақтың қонақжайлық қасиетін И.Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасының мына тұсынан көруге болады:

Күнде той Әмірханның жүрген жері,

    Жанған от, жалыны ұшқан ердің ері,

    Елден ел Әмірханды шақырумен,

    Боп кетті бәрі жомарт, бәрі сері [4, 182].

Сол сияқты

Үй тігіп, көкмайсаға қойын сойып,

Күтуші алты-жеті жігіт қойып.

Маңайға ат шаптырып Құсан әлек,

Елшілер ерігуде етке тойып.

Ақын шығармасындағы «Қойнауы Қаратаудың қалың жайлау, Жанжалсыз, барымтасыз тұрмайды сау» деп ақын өзі суреттегендей барымташыл елде жәбір көрген Әмірхан есімді кейіпкерінің «Ақтарлан» атын қайтарып алған шақта жау малын олжаламауы, қиянатқа қия баспауы да қазақтың ұлттық мінезге тән ерекшелік. Оны ақын былайша суреттейді:

    Мінекей, Ақтарланға ерін салды,

    Маманы қажып келген жетекке алды,

    Олжаға бірер жылқы алсам ба деп,

Есіне кегі түсіп ойға қалды.

    Мінген соң Ақтарланға масаттанып,

    Қуанды тақымы толып, мейірі қанып,

    Қиналып қиянатқа баса алмады,

    Әуелде кіжінсе де күйіп-жанып [4, 162].

Бұл жерде сондай-ақ қазақ халқына тән малжандылық бой берген. Бұл да ұлттық мінездің бір қыры. Малжандылық қазақтың кез келген ақын-жазушыларының шығармаларынан байқалады. Исада ол:

    Қара құрт, қаптаған мал сонау дала,

    Бықырлап ақтылы қой толған сала,

    Шұбырып көлден жылқы шығып барад,

    Қиқулап жылқышылар беткейді ала.

    Көктілі, көкалалы төске толған,

    Сары қарын биелер мама болған.

    Бұлтылдап жұтқыншақтың жұмырындай,

    Жарысып құлын мен тай ойын салған, - деп суреттеледі.

Қазаққа тән ұлттық мінез-құлықтың бір түрі сауықшылдықты Иса «Ақбөпе» жырында:

Ат шабыс, көкпар тарту жұма сайын,

Танисың айтқызбай-ақ кедей, байын

Тай тулақ көбеңімен о да жүред,

Ал десе қошаметке болып дайын» деп жақсы көрсете білген.  Қазақ жай ғана сауықшыл емес, ол әнсүйер, өнерқұмар халық. Бұл ұлттық мінез-құлықтың ішіндегі ең бір жақсы, ең жайсаңы, сондай-ақ үлкен бір қасиет. Өнер десе, ән десе қазақ халқы ішкен асын жерге қойған. Оны Иса Байзақов мына жолдар арқылы тамаша бейнелей алған:

Аспандап дауыс кетті түнді жарып,

Тамылжып сорғалады жанға дарып.

Ұйқысын жым-жырт түннің бірден ашып,

Сезілді айқасқаны айға барып. Бұл шумақтан әнсүйер халықтың түн ұйқысын қиып, бойына әннің дәру болғанын байқаймыз. Ал:

Жаныңның бірге шертіп нәзік қылын

Ұйтқытып ойламаған ойға салды 

немесе

Әннен ән, ағытылды дене балқып,

Талықсып кейде тынып, кейде шалқып.

............................................................

Нәр тауып жанның шөлі мейірі қанып,

Тарады тұла бойға балдай тамып - деген жерден әннің құдіретті күшін аңғарғандайсың.

Алпыста аузын ашқан кемпірлердің,

Лап етіп қалды бір-бір оты жанып- деген жолдар арқылы қазақ халқының сөзге ұйи білетін, әнсүйер екендігін анық байқауға болады. Тіпті бесіктен белі жаңа шыққан бала екеш балаға дейін әнқұмар. Бұл қазаққа ғана тән ұлттық мінез. Оны мына жолдардан көреміз:

Әмірхан әр-берден соң әнге салды,

Сүйкімді ән тыңдаушының еркін алды.

Топырақ жеп, домаланып еңбектеген,

Аңырап жас бала да тыңдай қалды [4, 178].

Қазақи ұлттық мінездің бір қыры ынтымақшылдық, бауырмалдылық. Ақын оны «Ақбөпе» поэмасында:

Аталас үрім-бұтақ жанды, жақты,

Барлығы тату-тәтті ынтымақты [4, 175] - деп сипаттайды.

Қазаққа тән ұлттық мінез-құлық өлшемінің бірі, һәм бірегейі – намысқойлық, намыс. Намыс – ұдайы қалтаңда жүрер қайрақ тас тәрізді. Оны жоғалттым дегенше, жігерден жұрдай болдым деу керек. Әрбір ұлт «жақсы мен жаманды айырып», өзінің қадір-қасиетін бағалай білгенде ғана намысшыл келмек. Бұл қасиет «Ақбөпеде» бірде:

    Ақтарлан қойып еді бәйге бермей

    Үнемі тұрған емес жеке келмей,

    Күндеген күнде қызған бәсекешіл,

    Намыстан жүруші еді аз-ақ өлмей [4, 164] - деп берілсе, енді бірде:

    Кегі мен Әмірханның құнын алам,

    Қарғысты қанмен атам, қанмен ұрған.

    Арманнан шығатұғын кезім осы,

    Жігіттер, Мамакерді әкел маған [4, 221]- деп Ақбөпе заты әйел болса да, сүйгені үшін қайратына мініп, кек алады. Намысқойлық кейде кекшілдікпен астарласып жатады. Егер ол Отаны, елі үшін кек алу болса, бұл жағымсыз қасиет болып танылмайды. Жалпы, қазақ халқы момын халық, ешкімге тиіспеген, өзіне біреу тиіссе, кегін еш жібермеген.

Қазақ халқы үшін «аманат» деген  асыл да, қасиетті дүние. Мұны «Ақбөпедегі»:

    Даусымды естірт алыс жерге аманат,

    Балаңды ұмыттырма, елге аманат [4, 219] – деген жолдардан көруге болады.

Иса шығармаларында бой көрсететін ұлттық мінездің бірі сертке, уәдеге беріктік. Мысалы, Ақбөпенің сүйген жігіті Әмірхан:

Тіршілік сенсіз маған өлгенше дерт,

Жолыңда жан қиюға беремін серт.

Шешпесең өз қолыңнан тағдырымды,

Күл етер бойымдағы қаулаған өрт, - дейді.

Махаббат оты шарпыған жігіт сөзі Ақбөпеге де ішкі сырын айтқызады:

Білмеймін, ойламаушы ем мен де бұлай,

Қолыңа сенің қайдан түстім оңай.

Екі етпес әміріңді пендең болдым,

Мені ешкім алмас сенен ажал алмай - деп уәде беріп, жігіттің айтқан сүйіспеншілік сертіне махаббат шырмаған мүшкіл халін суреттеп жауап қатады.

«Арыстан айға шауып мерт болды» деп,

Көрем бе өмір өксіп өткелекті.

Жауса да, қысында қан, шілдеде мұз,

Екі етпен Ақбөпеге берген сертті - деп Әмірхан батыр берген серттен ешқашан айнымайтындығын паш етеді.

Қазақ халқының қанына сіңген қасиеті – сырмінезділігі. Қуанышта да, қайғыда да, басына түскен ауыртпалықты қайыспай көтере білетін – қайсарлылығы. «Ақбөпеде» де қазақтың сыршыл мінезі жақсы сипатталады.

    Салмақты Ақбөпенің жеңгесі де,

    Қасымның таңдап алған теңдесі де.

    Бар сырын Ақбөпе одан жасырмайтын,

    Сыр бермей сырт жеңгенің өңгесіне [4, 176].

Немесе:

    Айдынның аққуындай басын иіп,

    Сыр кілтін сылдыратпай ішке түйіп [5, 177] - деген жолдарда Ақбөпенің сыршыл мінезі арқылы қазақ халқының ұлттық мінезі сыр бергендей. Мұнда сол сияқты қазақ қыздарына тән ибалық, биязылық, әдептілік, салмақтылық мінез де орын алған.

     Қазақ халқы – мінезге бай халық. Ұлттық мінез-құлықтың бір қыры сыпайлық, әдептілік. Иса Байзақов оны Ақбөпе бейнесі арқылы былайша сипаттайды:

    Сыпайы, құдалармен амандасып,

    Әдепті сөзіменен үн жарасып.

    Сол үйге бақ айнасы орнағандай,

    Көңілін көпшіліктің жіберді ашып [4, 170].

Қазаққа тән ұлттық мінездің бір қыры махаббатқа беріктік болса, оны Ақбөпе мен Әмірханның азапты махаббатынан аңдағандаймыз:

    Моланың қандай суық түнде түсі,

    Белгілі күндіз дағы оның іші.

    Қайратқа қайрат қосып ер махаббат,

    Жетуге Ақбөпенің келді күші.

Немесе:

    - «Мен» деген Әмірхан даусын танып,

    Айқасты құшағына құшақ жайып,

    Жан десіп, ыстық жүрек соғысқанда,

    Кеткен жоқ денелері аз-ақ жанып [4, 211].

Өлең:

    Жүрегім сеніменен бірге болсын,

    Тынысым шаршағанда сенің молаң!

 

    Ақбөпе әнмен бірге жасын төгіп,

    Қайғыны кекке берді қайратқа егіп,

    Теңдік пен махаббатты жырлай, жылай,

    Қапасын қара күннің өтті сөгіп ... - деп аяқталады. 

Қазақ халқына тән келесі мінездің бірі – адамгершілік. И.Байзақовтың «Ақбөпе» туындысында Ақбөпенің Құдиярдай қатыгез адамның қолына түсіп, азап тартып жатқанда Құдиярдың әкесі Кәрібай келіп:

Әкелдің, адам қылып ұстау керек,

Мақсатың өлтіру ме, мұның қалай?

«Сұлуды ұрып өлтірді» деген атақ

Таңба, ой, сүйегіңе жыр болғандай - деп басу айтуы, мінезі қатты баласының ісін мақұлдамауы, Ақбөпеге сыйластық танытқанын қалауы, қызға әкелік мейірімі түсіп, жанашырлық танытуы адамгершілік боп танылады.

Сонымен, жоғарыдағы айтылғандардан байқағанымыздай, қазақ халқына тән ұлттық мінез Иса ақынның «Ақбөпе» шығармасында айқын өрнектелген. Өз туған халқының қадір-қасиетін, салт-дәстүрін бойына сіңіріп өскен айтулы ақын «ұлттық мінез» ерекшеліктерін ашуда қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған. Оның қай шығармасын алсақ та ұлттық сана, ұлттық рух айқын көрінеді. Иса халқының ізгі қасиеттерін ерекше қадірлеп, үлгі еткен сұңғыла ақын. Оның туындылары өзі өмір сүрген уақыттың айнасы іспеттес. Сондықтан да қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Иса желпініп, үзілмей соққан сар даланың желі сияқты, сол даладай кең, мол ақындықтың иесі. ...Айтылып қалған сөздері әдебиет туындысы. Иса сахнадан үгіт айтады, сын айтады. Өзі түсінген мөлшерде сұлулықты, жарастықты жырлайды. ...» [5, 47] - деп И.Байзақов өнерін мейлінше қадірлейді. Ақынның ұлтына деген жүрек қағысының дүрсілі оның әр туындысынан естіліп тұрғандай. Кейіпкерлері ұлттық танымды тереңнен сезінген жандар. Қаламгердің туындыларынан ұлттық мінездің көптеген асыл қасиеттерін кеңінен байқай аламыз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.     Гумилев Л.Н. Экосфера. История людей и история  природы. – М.: «Экопрос», 1993. - 544с.

2.   Касымжанов А., Алтаев Ж. Ежелгі қазақтардың дүниетанымы. –Алматы, 1996. – С.160-172.

3.   Кішібеков Д. Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең. – Алматы: «Ғылым», 1999. - 200 б.

4.   Байзақов И. Ақбөпе. Астана: «Елорда», 2000.

5.   Әуезов М. Шығармалар жинағы. - Алматы: «Ғылым», 1990. - 357 б.