Нурсеитова А.А.                                             

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің    аға  оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

А.Байтұрсынов шығармасындағы қара сөз бен дарынды сөз жүйесі (А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегі негізінде)

А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінде қазақ асыл сөз өнерінің ауызша шығарма, жазу әдебиет пен оны дәуірлеу мәселесі (діндар дәуір, ділмар дәуір, сындар дәуір), кезеңдік жүйесінің тегі мен түрлері (әуезе, толғау, айтыс жанрлары) сараланып, жан-жақты талданады. А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышта» асыл сөздің әлемдік мәдениетке тән белгілерін қазақтың әдебиетіне негіздеп, ұлттық рухта түсіндірді. «Қазақ әдебиетінің діндар дәуірі де, ділмәр дәуірі де халық әдебиетін дамытып, күшейтуден туған дәуірлер емес, басқа жұрттардың әдебиетінің әсерінен туған дәуірлер.                            «Әдебиет танытқышта» қазақ ауыз әдебиетінің дамуы, қалыптасуы «жұмсалатын орнына қарай»: «Сауықтама» (сауық үшін) – «Ермектеме» (ертегі, ертегісімек, аңыз әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш); «Зауықтама» (ертегі жыр-батырлар жыры), тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, үміт өлең, толғау, терме); «Сарындама» (салт сарыны) Салт сөзі: мысал, ділмәр сөз (афоризм), тақпақ, мақал, мәтел, жұмбақ; Ғұрып сөзі: той бастар, жар-жар, беташар, неке қияр, жарапазан, бата; Қалып сөзі (тұрмыс қалпында): жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыры деп бөлінеді.      А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышта» жазғандай, «жалаң лебізбен айтылған қара сөз «Сөйлеу» орнына, көрнекі лебізбен айтылған дарынды сөз «Толғау» [1, 252-б.] орнына» жүреді. Адам бір нәрсе туралы сөйлегенде «я тиіс жағынан алып, я түйіс жағынан түрін, түсін, тұрпатын, ісін алып сөйлейді. Көркем сөз – көңіл тілі, дүниеде болуға ықтимал деген нәрселерді сөз етеді, ал жалаң сөз – зейін тілі, дүниеде шын болған нәрсені тұрған қалпындағы айтылатын» [1, 253-б.] мәнісі түсіндіріледі.           Ғалым көркем шығарманы талдау барысында кездесетін лингвистикалық, стилистикалық ерекшеліктер мен әдебиеттану саласына қатысты теориялық поэтика мәселесінің (жанр, стиль, жазушы шеберлігі, сюжет, композиция) назардан тыс қалмауын  ескертеді. А.Байтұрсынұлы көркем сөзді сынағанда әдебиет түрінің осы төртеуі де түгел жұмсалатынын және көркем сөздің эстетикалық құндылығы мен оның қызметін де жан-жақты қарастырады. Қазақ сөз өнерінің түп-төркініне көз жүгірткен ғалым «... дарынды сөз ақындардың, арқалылардың сөзі болады. Ақындар ғалымдар сияқты болған уақиғаны яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, қақиқаттауға тырыспайды, тұрған нәрсе тұрған күйінде, болған уақиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты, жабайы көрінеді. ...ақын ғаламды сөзбен көрсетуге бар өнерін, шеберлігін жұмсайды, сүйтіп шығарған сөзі көркем сөзді шығарма болады. Оны шығаруға жұмсайтын өнердің аты ақындық болады» [1, 272-б.] деп, «сөйлеу жанрларын» нақтылайды. Ғалым қазақ сөз өнерінің эстетикалық мәнін және құндылығын осылай түсіндіреді.                        Көркем шығармаларды үлгілі жұрттар:  1. «әуезеленіп айтылуына қарай  әуезе яғни эпос; 2. толғанып айтылуына қарай  толғау яғни лирика; 3. ғамалдап айтылуына айтыс яғни драма» [1, 272-б.] деп, тегі (жанры) мен түріне (вид) қарай үшке бөледі. Бұлай саралау жазба әдебиет түрлеріне келгенмен ауыз әдебиетіне келмейді, сондықтан қазақ ауыз әдебиетінің шығармалары  ғалым жазғандай, «айтылу түріне қарай емес, тұтыну орнына» қарай бөлінеді.               Әуезе (эпос) – « ...тысқарғы ғалам турасындағы сөз» яғни «әуезелеуші айтатын сөзіне өзін қатыстырмай, өзінен тысқарғы ғаламда болған істі әңгіме қылады» [1, 273-б.] деп, әуезе жанрының ең басты қасиетін атап береді.                     А.Байтұрсынұлы эпостық жыр мен лирикалық күйдің ішкі иірімдерін теориялық парасаттылықпен пайымдайды. Әр нәрсені саңылап, санамызға алған уақытта ол нәрселер турасындағы ұғымдарымызға көңіл кіріспей тұрмайды. Адам дүниедегі көрген, білген нәрселерін байқап ой түйеді, адамды түрлі көңіл-күйге түсіреді.                                                                                                «Әдебиет танытқыш» лирикаға (толғауға) мынадай шарттар қояды: «айтатын нәрсесін толғаушы ішкергі ғаламнан алады; ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіру мақсатпен толғайды. Толғау – іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі»-дейді [1,274-б.]       А.Байтұрсынұлы саралаған толғау түрлері (сап толғау, марқайыс, налыс (мұңайыс), намыстаныс, сұқтаныс, ойламалдау) арнайы зерттеуді қажет етеді. А.Байтұрсынұлы бөлген «діндар дәуірдегі» айтыс пен «сындар дәуірдегі» айтыс-тартыс екеуі екі бөлек нәрсе, тек айтыс деген аты жағынан ғана ұқсас. «Айтыс бастапқы кезде шын екі ақынның айтысқаны болса да, соңғы кезде айтысты ақындар өз ойынан шығаратын болған. ... Сөйтіп айтыс шын айтыс емес, тек шығарманың түрі» болуға айналғандығын және «бара-бара айтыс өлеңде айтылатын келіссіз істерді, мінездерді алаң айнасына түсіріп көрсететін көбінесе өмір жүзінде, адам арасында болатын ұрыс-керіс, талас-тартыс, алыс-жұлыс, қуаныш-қайғы сияқты түрлі халдар болған себепті сөз өнерінің бір түрі Европа тілінде тек «Айтыс-тартыс, арпалыс» [1, Б.275-276] – теориялық тұрғыдан келгенде драматургия жанрына яғни театр өнеріне тән нәрсе. «Айтыс (драма) сөз өнерінің бір түрі ... қазақта ауыз әдебиет түрінде болғанмен, айтыс-тартыс, түрлі шығарма ауыз әдебиетінде жоқ» деп, ғалым «ақындар айтысы» мен «айтыс-тартыстың» айырмашылығын осылай анықтады.          Қазақ ауыз әдебиетін зерттеушілердің А.Байтұрсынұлы ұстанған бағыттан айырылып қалуы – «Әдебиет танытқыштың» алпыс жыл бойы баспа бетін көрмей, «шаң басқан архивте» жатуынан. Ғалым жазу-сызу жоқ дәуірде туған жырлардың ауыздан-ауызға, заманнан заманға көшу себептерін айта келіп: «көп өзгеріс көріп, алғашқы шығарған ақыннан түк белгі қалмағандықтан халық шығармасы, халық әдебиеті деп аталады. Ауыз шығарманы (анайы әдебиет) ауыз сөз деп, жазба шығарманы (сыпайы әдебиет) ғана әдебиет деп танушылар бар. Бірақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебінде жүріледі» [1, Б.280-281], – деп түйіндейді. Р.Нұрғали жазғандай, «ауызша сақталған қазақ әдебиеті туралы тұжырымның бастауында А.Байтұрсынов тұр. ... ауыз әдебиетін әдебиет деп танығысы келмейтін ғалымдардың бар екенін» [4, 28-б.] көрсетіп отыр. Сондай-ақ, А.Байтұрсынұлы олармен келіспейді, себебі оның кейін тұтас концепцияға айналатынын білген.             Бүгінде дүниежүзілік әдебиет тарихының алтын қорына қосылған мұсылман шығыс сөз өнерінің асыл жауһарлары осы «Діндар дәуірдің» аясында дүниеге келген. Х.Досмұхамедұлы орта ғасырлық түркі жазба әдебиетін «Діни сипаттағы әдебиет (литература религиозного характера)» деп атайды, ол: « ... ісләмнің негіздерін, шариғаттарын, қағидалары мен талаптары, тамұқтың азабын, жұмақтың рахатын және басқа о дүниелік өмірдің көріністерін суреттейді» [3, 29-б.], – деп нақтылайды.                                                                             Діндар дәуір әдебиетіміз араб, парсы әдебиетінен (Шығыс әдебиеті – О.А.) үлгі алып, соларға еліктегеннен пайда болған. Ділмар дәуір орыс әдебиетінен өнеге көріп, үлгі алып, соған еліктеуден пайда болған» [1, 318-б.]. А.Байтұрсынұлы үшін қазақ әдебиетінің хронологиялық шеңберін ғана емес, сөйлеу жүйесіндегі әуезе, толғау, айтыстың орнын айқындап, оны дүниежүзілік әдебиеттанулық ғылымға қатысты салыстыру маңызды болды.                       А.Байтұрсынұлы зерттеуші-ғалым ретінде қазақ әдебиетінің қалыптасу, даму кезеңдерін жеке бөліп қарастырмайды, барлық халықтар әдебиетіне ортақ, қатысты сипаттармен ұштастыра отырып, тереңнен талдайды. Өнерпаз елдер әдебиетіне тән көркемсөз түрлерінің қазақ әдебиетінде де бар екенін, бола бастағанын, келешекте дамитынын ғылыми негіздерге сүйене отырып жазған.          Қазақстанның Тәуелсіздік алуына байланысты қазақ әдебиетінің тарихын қайта жазу барысында «Әдебиет танытқышта» алғаш рет негізделген «діндар дәуір» (діншіл) мен «ділмар дәуірдің» (тілшең) ғылыми концепциясы уақыт талабына сай жаңа зерттеулермен толығуда. Қазақ әдебиеттану тарихын жаңаша бағамдап, бағалауда «Әдебиет танытқыш» ғылыми-методологиялық маңыздылығы мен құнын жоймай, керісінше ғылымға айрықша қызмет етуде.                                                                                                                          Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. /Құраст. А.Ісімақова, Г.Пірәлиева және т.б. – Алматы: Алаш, 2003. – І-том. – 408 б.              2Абылқасымов Б. Телқоңыр (Қазақтың көне наным-сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклоры). – Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1993. – 160 б.                    3  Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 176 б.                    4  Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. – Астана: Күлтегін, 2002. – 528 б.