Филол.ғ.к., доцент Қайырбекова Ұ.С.,
магистрант Мамбетова П.
ҚИПХДУ, ҚАЗАҚСТАН
Иран-Ғайыптың
«Хайуандық комедия» драмасындағы Шыңғыс хан
бейнесінің берілу ерекшеліктері
Бұл шығармада
автордың өзі айтқан кейбір сөз адамдары
өзгертусіз алынғаны болмаса идеясы тұрғысынан
түгелге дерлік ойдан шығарылған. Ол идея әрине,
Шыңғыс ханды қаралау жағында. Шыңғыс
ордасының адамдары шетінен «хайуан кейпіндегі» кейіпкерлер. Жалпы,
ақынның айтып отырған өзгертусіз алынған
диалогтары «Моңғолдың құпия шежіресінен»
алынған болса керек. Бірақ, ондағы идея мүлдем
басқаша оқиға мен бейне ұсынады.
Айталық,
Шыңғыс ханның сүйікті тоқалы Есүй бұл
шығармада жағымсыз кейіпкер. Тән
құмарлығына тойымсыз, нәпсіқұмар
әйел. Өзі Жошыға ғашық. Бірақ, Жошы
оның торына түспейді. Есүй ханымның сезімі арқылы
ардан аттамаған Жошының бейнесі сомдала түседі. Амал
жоқ, Жошыдан кек алу үшін Шағатайдың басын айналдыра
бастайды. Шағатай дастанда ойы таяз, көз алдындағыдан
арғыны көрмес саяз адам ретінде бейнеленеді. Есүйдің
Шағатаймен бір төсекте жатып айтқан:
«Шыңғыс болса –
Саған Шыңғыс,
Оған
Шыңғыс! –
Кең дүниеге, –
Күллі әлемге!
Бірақ маған
Шыңғыс емес –
Шегірткенің
айғыры! –
Шыңғыс –
Шыңғыс бола
алмайды әйелге!» [1, 43-44].
Шыңғыстың
ажалы әйелден болған-мыс аңыздың нәтижесінде
туған идея болса керек. Ұлы қаған туралы сөз
болғанда, оның ішінде әйелге қатысты сөз
болғанда қағанның әлсіз тұсының бірі
ретінде ұғындырылып келген идеологияның бір көрінісі
ретінде қарауға болады.
Енді осы
Есүйдің «Моңғолдың құпия
шежіресіндегі» бейнесін ашып көрейік.
«Бұдан соң
Шыңғыс хаған сартауыл (Ортаазиялық Түркістан)
еліне жіберген Ұқына бастаған жүз елшісі
өлтірілгенін естігенде: «...сартауылдармен соғысайық», – деп
дереу аттанғанда, Есүй ханым Шыңғыс хағанға:
Хаған-ау,
Ұлы асудан асарда,
Ұлы өзеннен
өтерде,
Ұзақ
жолға шығарда,
Елін қайтіп билеуді,
Етер өсиет алдымен.
...Пана тұтар
денеңіз,
Пәни кетсе
көнеміз.
Қасиетті туыңды
Кім ұстар деп
сенеміз? –
дегенде, Шыңғыс
хаған: «Қатын болса да Есүй тым орынды айтты. Бауырларым мен
ұлдарым, Борши мен Мұқылай, сендердің
бірде-біріңнің есіңе бұл сөз түспеді». [2,
176-177].
Осы сөз драмада да
айтылады. Бірақ, басқаша кейіпте. Есүй – сайқал,
Шыңғыс – иісалмас түйсіксіз, аңқау.
«Аты қатын
демесең,
Заты еркекке бергісіз,
Орынды айтты Есүйім!
Тірі пенде қашпайтын,
Саралыққа
бастайтын
Жолымды айтты,
Есүйім!» [1, 66].
Есүйдің
бұл сөзі шежіреде Шыңғыс ханның Отырарды
алуға аттанбақ кезінде айтылады. Ал, көркем шығарма
дәрежесіндегі драмада бұл оқиға Жошы
өлімінің алдында болады. Яғни, Жошыны қаланы шауып кел
деп жұмсайды. Әйтсе де, оның аман-есен ораларын біліп,
жорыққа аттанып бара жатқан кезінде өлім
құштырады. Бұл оқиға кейін хан баласы аң
аулап жүргенде өлген деп өзгеріп кетеді.
Одан ары Шыңғыс
хан ұлымның үлкені деп Жошыға сөз береді. Осы
тұста Шағатай шаптығады. «Меркіттің
қоқсығына неге бізден бұрын сөз бересің», –
деп. Одан арғы оқиға «құпия шежіреде» де ақын
шығармасында да бір бағытта өрбиді. Бұл автордың
өз драмасын шежіреге негіздеп жасағанын көрсетеді. Шежіреде
арпалысып, жағаласып тұрған екі ұлына араша
түспеген Шыңғыс хан бейнесі драмада одан ары ашылып, екеуін
арнайы арпалыстырады. Ара түсушілерге тоқтау салып, еркіне
жібереді.
Жошыны басқа
ұлдардан артық қылып көрсету идеясын басты мақсат
тұтқан Иран-Ғайып шығарма соңында Жошыны
Шыңғыстың жансыздары арқылы өлтіреді. Одан ары
аңыз-жырдағы «Ақсақ құлан, Жошы хан»
оқиғасын өзгертпей алады. Бұл жерде де арасындағы
сөздер өзгеріссіз алынған.
Жошының өліміне
автор ұйғарымы бойынша Есүй ханымның да қатысы
бар. Тіпті, соның бастамасымен, ханды азғырып, ұлы
екеуінің арасына от салып жүрген де сол. Ал, «құпия
шежіреде» Есүй ханым ханның тілеуін тілеп жүрген, керек кезде
ақыл қоса алатын білікті адам. Мына үзіндіні
оқыған адам бұған шек келтірмесе керек.
«Сол жылы қыстап
шығып, таңғыт елімен соғысайық деп, әскерін
қайта түгендеп дайындалған хаған ит жылы (1226 ж.)
күзде таңғыт елімен соғысуға аттанады. Ханымдардың
ішінен Есүйді ертіп жүреді. Жол-жөнекей Арбұқада
құлан аулаған кезде, Шыңғыс хаған
Теңбіл шұбарын мініп жүреді. Қалың
құлан сығылысқан кезде Теңбіл шұбар жалт
бергенде, Шыңғыс хаған атан жығылып, денесін
қатты ауырсынғандықтан, Сорқа деген жерге қонады.
Таңертеңінде Есүй ханым: «Ұлдар, нояндар,
ақылдасыңдар! Хағанның денесі түнде қызып
шықты», – дейді» [2, 186].
Драмада, Жошы
өлімінен кейін Шыңғыс хан өлімі. Жошының жары
Бектумышқа (яғни өзінің келініне) көзі
түскен қаған Жошыны өлтірткеннен кейін, Бектумышты
алдырады. Сол жерде жеңіне қанжар жасырып кірген Бектумыш
қағанның енегіне сұғады. Хан қансырап
жатқанда таққа талас басталып кетеді. Елден бұрын
үлгерген Үгедей хан болады. Шыңғыс ханды сол жерде
өлтіртеді. Сахнаға оңтайланып жасалған, сонымен
қатар «Хайуандық комедия» деп қойылған тақырыбын
ақтау үшін осындай шешім жасалған деуге толықтай негіз бар.
Әйтпесе, Шыңғыс хан өз ордасында өз
ұлдарына таланып өлген деген ешқандай дерек жоқ.
Үзінді келтірейік:
«Шыңғыс хан –
тұрып-жығылып жаралы жыртқыштың күйін кешеді...
Ордадағы жан біткен хайуан кейіптеріне еніп – аламан-тасыр боп кетеді...
Қаһанның келеге келмейтінін біліп – таққа
ұмтылған Шағатайдың жолын Төле мен Жебе
бастаған нояндар бөгейді... Осы сәтті пайдаланып,
Үгедей – Шыңғыс ханның тағына қонады...
Үгедей (Күндей
күркіреп):
Жә!..
(Ордадағылар сілтідей
тынады...
Шыңғыс ханды
көрсетіп, сұқ саусағын төмен
нұқып...)
Ағызбаңдар
қанын!
Ауыртпаңдар жанын!..»
[1, 122].
Бұл драманың
соңы. Шыңғыс ханның әдебиеттен алған
орнының бірі. Қарапайым халық түсінігінің бір
қыры деуге болады. Шыңғыстың тағы – көлденең
көк атты болмаса да, сәл ерте қимылдағанның
тақымында кете беретін құнсыз дүние ретінде
суреттеледі. Сонша жерді қай
ақылымен өзіне бағындырғанын кім білсін, мынадай
дәрменсіз ханға бас иіп жүрген елде де ес жоқ деп
ойлауға болады автор идеясын, көркемдік шешімін
түсінбегендер.
Шыңғыс
ханның бірден-бір түпнұсқа тарихы саналып келген
«Моңғолдың құпия шежіресі» қаған
өлімі туралы басқалай сөйлейді. Шындық та сол болса
керек.
«Таңғыт елі
сөзін сендіре айтса да, сол уәдесінде
тұрмағандықтан, қайта соғысуға аттанып,
таңғыт елін күйреткен соң, доңыз жылы (1227 жылы
7-айдың он екісінде Дөрмегей кентінде – А. шеж.) Шыңғыс
хаған көкке ғайып болады. Ғайып болардан бұрын
көптеген таңғыт жұртын Есүй ханымға береді»
[2, 188].
Шыңғыс
ханның өлімінің тұсын драмадан оқысаңыз,
Есүй ханымды көре алмайсыз. Ол осыдан аз бұрын
Шыңғыс ханның бұйрығымен жер жастанған.
«Ім!..
Кеселдінің кесімін –
Тауып айттың,
Есүйім!
Өміріңнің
есігін –
Жауып айттың,
Есүйім!..
(Есүй-ханым шегіне
береді...)
Сақшы!
(Қайқы
қылышын жалаң ұстап сақшы кіреді)
Есүй
ханым:
Жо-жоқ! Жоқ!
Жоқ!
Жазығым не, хан
ием?..
Шыңғыс
хан:
Жазығың сол:
Сенің қатын
басыңмен –
Ақылыңның
асқаны!
Менің
қаһан басыммен –
Аруағымның
қашқаны!
...Ауыртпаңдар жанын!
Ағызбаңдар
қанын!!!» [1, 85-86].
Ақын
Шыңғыс ханның осы «Ауыртпаңдар жанын,
Ағызбаңдар қанын!»
деген үкім сөзін көп қолдану арқылы, және
ең соңында осы үкімнің Шыңғыс ханның
өзіне айтылатыны арқылы «өзің біреуге айтқан
үкімің бір күні өзіңді табуы мүмкін...»
деген ой айтады. Жалпы бұл шығарманың басты айтар ойы да осы
болса керек.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1.
Иран-Ғайып. Он үш томдық таңдамалы шығармалар
жинағы, 5-том. – Алматы: Полиграфсервис ЖШС, 2006.
2. Кекілбаев Ә. Он екі томдық шығармалар
жинағы, 2-том. – Алматы:
Өлке, 1992.