К.ф.н. Агабекова Б.Н.

Казахский национальный педагогический университет имени Абая, Казахстан

Теңеу логика-философиялық және лингвистикалық категория

       Теңеулер – танымдық қызметі зор, ең көне әрі қарапайым, тілде жиі қолданылатын логикалық теңестіру тәсілі. Шындық әлемді танудың қисынды құралы бола отырып, теңеу мейлінше көп қырлы, мазмұнды тілдік құбылысты білдіреді. Ол – бір заттың өзіне тән белгілерін өзіне ұқсас басқа затпен салыстырудың нәтижесі. Ойлау өрісі ретінде теңеудің дүниені эмоционалды түрде қабылдауы және ондағы қайсыбір құбылысты салыстыра бағалау тұрғысынан қандай да бір нысанға мән берудегі салмағы ерекше. Философиялық жақтан қарастырғанда, теңеу адамның абстрактілі ойлауын дамытудың көрінісі болса, лингвистикалық тұрғыдан осы ойдың тілдік қолданыста бейнеленуі болып табылады. Сонымен бірге ол – сипатталушы нысанның бейнелілік, көркемдік, эмоциональды-экспрессивтік сапасын күшейтетін көркемдік әдіс. Теңеуге философиялық тұрғыдан И.В. Полозова мынадай анықтама береді: "Одним из средств представить, выразить отношение к миру, осуществить живую картину целостного, не разделенного на фрагменты бытия, является сравнение. Именно сравнение становится носителем живого и безусловного отношения человека к действительности. Только через сравнение возможно постижение реальности в её целостности, во всей полноте её характеристик. Именно сравнение способно передать живое единство субъекта и объекта, человека и мира" [1,8 б]. Теңеуге берілген осы тамаша анықтамаға қосып аларымыз жоқ.

              Н.С. Федосееваның диссертациялық еңбегі теңеудің мағыналық, синтаксистік және коммуникативиті біртұтастығын зерттеуге арналған. Теңеудің номинативті, синтаксистік, морфологиялық және сөзжасамдық аспектілері көптеген ғалымдар тарапынан зерттелген десек те, алайда, "отандық және шет елдік зерттеу еңбектерінде тілдік теңеулер бір жақты ғана алынып, оның мәні толық ашылмайды" [2,3 б.]. Сондықтан автор қазіргі герман тіліндегі теңеу категориясының жүйелі құрылымын гносеологиялық, логикалық және лингвистикалық аспектілерде қарастырады, теңеу құрылысын ономасиологиялық және семасиологиялық жақтан суреттейді. Автордың кейбір тұжырымдары ерекше назар аударады:

а) теңеудің гносеологиялық операциясы әмбебап, ол жаңа ұғымдарды қалыптастырудың негізгі әдістерін танытады. Лингвистикалық теңеу заттың белгілерінің анализі мен синтезіне ойлау процесінің қорытындысын жүргізді. Оның логикалық формуласы теңеу актісін іске асыруға арналған нысанының қажетті минимумын қамтиды.

ә) теңеу негізінде ұқсастық, айырмашылықтың мағыналық категориясы жатыр. Ұқсастық – теңеудің міндетті алғы шарты, нәтижесі. Айырмашылық ұқсастықты жоққа шығармайды, ол оны теңеудің шарты ретінде белгілейді.

б) идеялық және қарама-қарсылық - ұқсастық пен айырмашылықтың шектік жағдайы болып табылады. Теңдестіруші теңделуші нысандардың сапалық және сандық қасиеттерінің сәйкестігін көрсетеді. Қарама-қарсылық теңдестірудің антиподы болып табылады.

в) Компаративті фразеологизмдер окказионалды теңеулер сияқты логикалық құрылымға ие. Салыстырмалық, экспрессивтілік, стилистикалық бірізділік олардың мағыналық компоненттеріне тән. Компаративті фразеологизмдердің құрамындағы компоненттердің бөлінбейтін біртұтастығы, суреттеушілік қасиеттері бар.

г) теңеу көрсеткіші сөйлеу кезінде теңеудің бар-жоғын белгілеп отырады. Ол ағылшын тіліндегі as, so, like, than лексикалық бірліктері арқылы жасалады. Неміс тіліндегі мұндай көрсеткіштер теңеу дәрежесінің суфикстері wie, als, denn шылаулары,  derart, massen, gleich, so, genauso, ungerfähr және т.б. лексикалық бірліктер [2,9 б.].

        Қазіргі қазақ тіліндегі теңеулер табиғатын зерттеген Т.Қоңыров ғалым Н.С. Федосееваның "компаративті фразеологизмдер лингвистикада жалпы жан-жақты қарастырылмаған [2]" – деген пікірін қостай отырып, тілдің теңеу сияқты құбылысына арнайы зерттеулердің болмауы және жалпы теңеу құбылысы туралы зерттеулердің жеткіліксіз екенін айта отырып, қазіргі қазақ тіліндегі теңеу мәселесі туралы ой түйеді. Т.Қоңыровтың еңбегінде қазақ лингвистикасында алғаш рет теңеу табиғаты, оның грамматикалық, лексика-мағыналық және мағына-стилистикалық ерекшеліктері кешенді түрде зерттелген. Автор теңеулерді компаративті фразеологияның нысаны ретінде қарастыра отырып, оның бірнеше белгісін анықтайды. Соның көмегі арқылы теңеулердің жалпы және айырмашылық белгілерін атап көрсетеді. Ғалым қазақ тіліндегі эмоционалды- экспрессивті теңеулер – қазақ теңеулерін мағыналық табиғатынан келіп туатын, әрі мағыналық, әрі стильдік топтарынан ең пәрменділерінің бірі деп тұжырымдайды [3].

       Ғалым метафора мен теңеудің мағыналық айырмашылығын былай көрсетеді: "теңеуде бір-бірімен салыстырылған заттар (предмет пен образ) әр уақытта өздерінің тура мағынасында қолданылады да, ал метафорада предмет тура мағынада, образ келтірінді мағынада жұмсалады", - дей отырып, мысалдармен айқындайды.

Зіркілдеп минометтер ақырады,

Бұлқынған бұрқ-сарқ қайнап арыстандай

Арыстан еді-ау Исатай,

Бұл фәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен! [3,14 б.].

    Нақтырақ айтқанда образ дегеніміз - "белгілі бір субъект, зат, құбылыстың адам санасында қалыптасқан бейнелі көрінісі", ал фон - "осы субъектінің негізгі ерекшеліктері..." (айталық, "ай десе аузы бар, күн десе көзі бар... "). Олай болса, тілші қазақ тілінің тұрақты тіркестері алдымен "танымдық әрекеттің", "адамның ойлау қабілетінің", "сана сезімінің" өзгеше үлгісін танытады деген қорытындыға келеді.

        Теңеуде мәнерлі бейне (образ) сөздің тура мағынасын бір мағыналық саладан келесі мағыналық саладағы затты білдіретін сөзге ауыстырады. Екі сөздің байланысы үшінші мүше (tertium comparationis) негізінде іске асады және теңеу шылаулары, аффикстер сондай-ақ теңеу мағынасындағы сөздер көмегімен байланысады. Метафора - бір заттың сыртқы ұқсастығы негізінде екінші заттың атау құралын сипаттайды.

            Сонымен, теңеу - шындықты танудың логикалық тәсілі бола отырып, ең маңызды және қуатты тілдік категориялардың қатарына жатады. Логикалық және тілдік теңеулер органикалық біртұтастықты білдіреді.

       Теңеудің лингвистикалық мәні - теңеу мағынасы, оның түрлері, берілу құралдарының өзара бірлікте әрекет ету жүйесінде. "Теңеусіз талдау мен өңдеу (синтез), абстрактілеу және жалпылау да мүмкін емес. Теңеу ойлау формаларының қарапайым түрінен оның жоғарғы түріне, тілдің әр деңгейіндегі көптеген бірліктерге лексикалық, сөзжасамдық, сөз тіркесі және сөйлем түріндегі фразеологиялық бірліктеріне дейін қамтиды. Теңеу үнемі олардың мағынасының, грамматикалық мағынасы немесе бейнелеу қызметінің негізінде болады.

            

Пайдаланған әдебиеттер:

1.                          Полозова И.В. Роль метафоры в философском познании.- М.:Мысль, 1993. - 230 с.

2.                          Федосеева Н.С. Функционально-семантическое поле сравнения в современном немецком языке: автореф. ... к.ф.н.- Нижний Новгород, 1997. -     С. 17

3.                          Қоңыров Т. Қазақ теңеулері.-Алматы: Мектеп, 1978.-192 б.

4.     Амосова Н.И. Основы английской фразеологии.- Ленинград: Изд-во Ленинградского университета, 1963. – 280 с.