Заң ғылымдарының кандидаты Нугыманов
Е.Е.
Магистрант Жарылғап З.Ш.
«Тұран-Астана» университеті,
Қазақстан
СУҒАРМАЛЫ
ЖЕРЛЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ МЕН ҚОРҒАУДЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ
ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Табиғатты
қорғау және оның байлығын тиімді пайдалану
мәселесін шешуді қамтамасыз ететін әдіс-тәсілдер
жүйесін жасауға әртүрлі
құқықтық институттар белсенді түрде
қатысады. Олардың барлығының да маңызды
мәні бар және экологиялық дағдарыс мәселесін
шешуде белгілі бір дәрежеде ықпал жасайды. Алайда оның
барлығы да табиғатты қорғау орындарының
өзара қарым-қатынасын дамыту мен жетілдірудегі мемлекеттік
басқарудың рөлін көтеруге негізделуі тиіс. Жер
оның қойнауы, ормандар мен су байлықтарын және оны
ұтымды пайдалануда заңды тұлғалар мен азаматтардың
қызметіне бақылау жасаудың, есеп жүргізудің
белгілі бір тәртібін енгізе отырып, мемлекеттік басқару институты
іс жүзінде табиғатты пайдалану мен оны қорғауды
қамтамасыз етудің барлық саласын қамтиды. Сонымен
қатар қоршаған табиғи ортаның сапасын қамтамасыз ету
мемлекет пен оның органдары жүргізетін шаралардын жүйесіне
тікелей байланысты. Мұның өзі осынау
қоғамдық қатынасқа қатысатын
субъектілердің ерекше құқықтарымен
қамтамасыз етілуін кажет етеді. Қазақстан Республикасы
тәуелсіздік алғаннан кейін табиғи ресурстарды ұтымды
пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекетгік басқаруды
одан әрі жақсарту жөнінде бірқатар шаралар
қабылданды. 1995 жылы 30-тамызда қабылданған Қазақстан
Республикасының Конституциясы, 2002 жылы қабылданған
«Қоршаған ортаны қорғау туралы», 2007 жылы қабылданған «Экологиялық
сараптама туралы», 1997 жылы 15-шілдеде қабылданған «Ерекше
қорғалатын табиғи аймақтар туралы» , 1996 жылы
қабылданған «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану
туралы», 1995 жылы 22-желтоқсанда қабылданған
Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер туралы»
жарлығы, 1995 жылы 7 шілдеде қабылданған
Қазақстан Республикасының «Мұнай туралы»
Заңдарында, сонымен қатар Қазақстан Республикасы
Президентінің жарлықтарында табиғатты қорғау
қатынастарын, табиғатты қорғаудағы мемлекеттік
басқаруды жақсартуды реттеу жөніндегі нормалары белгіленген.
Бұл құжаттарда нарық жағдайында табиғи
ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі
қарым-қатынастың құқықтық
негізін жасауға және жерді, оның қойнауын, ормандар мен
суды игеру ісіне шетелдік инвесторларды тарту мәселесін шешуге талпыныс
жасалған. Дегенмен жоғарыда аталған және басқа да
құқыктық құжаттар табиғи
байлықтарды ұтымды пайдалану мен қорғау
саласыңдағы мемлекеттік басқару ісіне байланысты
көптеген мәселелерді толық шеше алмайды. Оларда
әртүрлі мемлекеттік органдардың табиғи ресурстарды
басқару жөніндегі қызметтері нақты, дәл
анықталмаған. Көптеген нормативті актілерде табиғатты
қорғау жөніндегі қарым-қатынастарды реттеу туралы
нақты нормалар белгіленбеген.
Қазақстанның
әлем экономикасына белсенді енуі, оның бәсекеге
қабілеттілігінің артуы жер ресурстарын ұтымды
пайдалануға, халықтың экономикалық әлеуетін
және өмір салтын көтеруді ұтымды ұйымдастыру
үшін жақсы жағдай жасауға тікелей тәуелді.
Қазақстан
Республикасын дамытудың, Жер кодексінің ережелерін іске
асырудың стратегиялық жоспарларының негізгі
бағыттарының бірі жоғары өнімді, экологиялық
тазалыққа бағытталған және
лайықталған жер пайдалану, жерге орналастыруды, жер ресурстарын
басқарудың экономикалық тетіктерін жетілдіру, жер
заңнамасының сақталуын бақылауды қалыптастыру
арқылы жер ресурстарын ұтымды пайдалану және
қорғау болып табылады.
Суғармалы
жер ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғауды
қамтамасыз ету бойынша негізгі міндеттер:
-
суғармалы жер қорының құрылымын санаттар бойынша
жетілдіру және жердің мақсатты тағайындалуының
құрамын экономика және қоршаған ортаны
қорғау салаларын дамытудың талаптарына сәйкес келтіру;
-
суғармалы жерлерді сақтау және қалпына келтіру, жер
жағдайына жағымсыз антропогендік әсерлерді жою бойынша
іс-шараларды жүзеге асыру есебінен жердің сапалық
жағдайын жақсарту;
-
сапасы бойынша пайдалануға жарамды суғармалы алқаптарды ауыл
шаруашылығы айналымына тарту;
-
суғармалы жерді ұтымды пайдалану және қорғауды,
оңтайлы жер пайдаланудың экологиялық нормативтерін енгізу
іс-шараларын әзірлеу және жүзеге асыру кезінде
ландшафтық-экологиялық тәсілді кезең-кезеңмен
іске асыру;
-
әлеуметтік-тиімді жер нарығына және суғармалы жерді
ұтымды пайдалануды және қорғауды экономикалық
ынталандыруға көшу болып табылады.
Суғармалы
жер және басқа да табиғи ресурстар оларға байланысты
меншіктің түрлері мен мазмұнына, ол жағдай заңды
құжаттарда белгіленген бе, жоқ па, оған
қарамастан қоғамдық байлық болып табылады.
Дәл осыған байланысты дамыған нарықтық экономикасы
бар барлық мемлекеттерде жерді иелену, пайдалану және басқару
өкілеттілігін жүзеге асырудағы жер
құқығының субъектілерін реттеу абсолютті болып
табылмайды және оны мемлекет реттеп отырады.
Мемлекет
атынан жүзеге асырылатын табиғи ресурстарды – мемлекеттік
басқару ісіне қарағанда, ішкі шаруашылықты
басқаруды табиғат пайдаланушылар өздері және өз
аттарынан жүргізеді. Қоршаған ортаны қорғау
жөніндегі мемлекеттік басқарудың жалпы мақсаты мен ролі
бірдей болғанымен, ішкі шаруашылық басқару дегеніміз –
табиғатты қорғау заңдылықтарының
талаптарына сәйкес табиғат ресурстарын шаруашылық
мақсаттарға пайдалануды қамтамасыз етуге
бағытталған. Ішкі шаруашылық процесс кезінде табиғатты
пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғаудың ішкі
шаруашылық түрін жүзеге асырады. Сондықтан
қазіргі кезде көптеген кәсіпорындардағы тарап кеткен
табиғатты қорғау жөніндегі бөлімдерді қайта
қалпына келтірген жөн.
Нарықтық
қарым-қатынас жағдайында мемлекеттің экологиялық
кызметі одан әрі жалғасын табады. Бұл қызметтің
мәні қоршаған табиғи ортаға оның
байлықтарын ұтымды және кешенді түрде пайдалану,
табиғатты пайдалану ортасының жағдайын жақсарту,
табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуының алдын
алу және ол бұзылған жағдайда оны қалпына келтіру
мақсатында белгілі бір мақсатпен оған ыкпал ету де болып
табылады.
Соңғы
жылдары елімізде суғармалы жерлерді тиімді пайдалану мен
қорғау қатынастарын реттейтін бірқатар негізгі
нормативті актілер жарық көрді. Нәтижесінде
құқықтық реттеу саласына бұған дейін
толық немесе тіпті реттелмей келген қатынастар да енгізілді, ал
дәстүрлі түрде реттеліп келген жер, су және орман
қатынастары ғылыми-техникалық революция жетістіктеріне сай
реттеле бастады. Дегенмен табиғатты ұтымды пайдалануда
құқықтық реттеуді жетілдіру мәселесі
шешілген деуге болмайды. Табиғат пен қоғамның
арақатынастарының шиеленісуі, кұқықтық
шығармашылық ісі мен заң ғылымдарының алдына
бірқатар күрделі және жауапты мәселелерді қойды.
Олардың шешілуі – еліміздің табиғи байлықтарын тиімді
пайдаланудың маңызды кепілі болмақ. Біздің пікірімізше,
олардың ішіндегі ең көкейкесті мәселелер мыналар болып
табылады:
-
табиғи ресурстарды басқаратын мемлекеттік
органдардың жұмыс түрлері мен тәсілдерін және
басқарудың тиімділігін арттыру;
-
табиғатты қорғайтын заңды
бұзғаны үшін жауапкершілікті жетілдіру;
-
мемлекеттің жеке дара дербес экологиялық
қызметінің болуы табиғатты қорғау жөніндегі
мемлекеттік басқару органдарының дербес жүйесі
қажеттігін тудырады. Елімізде мемлекеттік органдарды үнемі дамыту және
олардың қайта орнатылып өзгертілуі Қазақстанда
бұрыннан бар табиғатгы қорғау жөніндегі
ведомстволық мемлекеттік органды жойып жіберуге апарып
соқпауға тиіс. Мәселе оның кызметін одан әрі
жетілдіру және жақсарту туралы ғана болуы қажет.
Еңбекте
жасалған тұжырымдық қорытындылар, ұсыныстар мен
нұсқаулар табиғи ресурстарды мемлекеттік баскарудың
ережелерін ғылыми тұжырымдау тұрғысындағы
экологиялық құқық теориясын тереңдетеді
және одан әрі дамыта түседі.
Осы
кiтапта сөз болған зерттеу нәтижелерін
оқулықтардың, ғылыми басылымдардың тиісті
жетілдірілген тарауларын дайындау кезінде, сондай-ақ экология
құқығы курсын оқыту кезінде қолдануға
болады.
Әдебиеттер:
1.
Қазақстан Республикасының Конституциясы. - Алматы:
Қазақстан.
2.
ҚР «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңы. //
Егемен Қазақстан.
3.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын
басқару жөніндегі комитет туралы ереже. Егемен
Қазақстан, 2012. №369.
4.
ҚР президентінің «Жер туралы» заң қүші бар
Жарлығы. - Алматы: Жеті жарғы.
5.
ҚР «Орман кодексі». // ҚР жоғарғы кеңесінің
жаршысы. 2003. №2.