Право/9.Гражданское  право

 

Шошаева Л.С. "Экономикалық қатынастарды құқықтық реттеу" кафедрасының  аға оқытушысы

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

Отбасылық әдет-ғұрыптардың отбасылық қатынастарды реттеудегі ролі

 

Қазақтардың отбасы және неке құқықтарын оқып-үйрену егеменді, тәуелсіз Қазақстанның идеологиялық жұмысы үшін де, тарихы үшін де, әсіресе отбасы тұрақтылығын  қамтамасыз ету жолында берері өте көп. Ата-баба зандарына негізделген отбасы әрқашанда мығым, былайша айтқанда «шаңырағы биік, керегесі кең, босағасы берік» болады. Бұрын-соңды зерттеушілеріміз ата-бабаларымыздың дәстүрлі отбасы мен неке құқықтарын зерттеп, әділ бағаларын бермегендіктен, қазіргі қазақ халқының отбасы сүреңсізденіп, тұрақсызданып барады. Тектік, діндік тұрақсыздық күйзеліске душар етіп, отбасы  ыдырау, күйреу    сипаттарына    ие    бола    бастады. Мұның    алдын    тез алмаса, асқынған «дертке» айналып, кешіксек бой  алдырмай  кетуі  мүмкін.

Қазақ халқында құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған  әдет-ғұрыптар саны қаншама. Дегенмен, нақты неке-отбасылық қатынастарды реттейтін әдет-ғұрыптар өте көп кездеседі. Төменде келтірілген әдет-ғұрыптар соның дәлелі болмақ.

Қазақтардың халық болып құралмай тұрған сонау ежелгі ғұн, сақ дәуірлерінен-ақ неке мен отбасына табиғи сұрыптау, тек пәктілігін сақтау, отбасы — ошақ қасы жетекші қызмет атқарған. Әр дәуірде отбасылық және неке қатынастары құрылымдық жағынан экономикалық, әлеуметтік, рухани өзгерістер әсерінен дамып, өзгеріп отырғаны хақ. Дегенмен, біртұтас бітім алған әдет-ғұрып заңдарындағы неке мен отбасы «синкретикалық» өмір кешуі нәтижесінде көп өзгерістерге ұшырай қойған жоқ. Соғымға айналған сонау дәуірлерде-ақ ата-бабаларымыз өзара жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алысуға тыйым салған. Бұл текті, қанды таза сақтау принципінен туындаған жәйттерге қоса туысқандық сезімді жоғалтпауға қарастырылған шаралар. Бұл дәстүр қазіргі таңда заңнама тұрғысынан да қамтамасыз етілген, өйткені, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 11- бабының 4- тармағында жақын туыстардың арасында неке қиылмайтындығы жайлы айтылған. [1]

Мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымызға бірігіп, жәрдемдесе отырып қатар өмір сүрудің қажеттілігі ерте сезілді. Отбасы мықты болмай, туысқандық қарым-қатынас әлсірейтінін түсінген ата-бабаларымыз отбасы және неке құқықтарына ерекше мән берді. Оны нығайтуға арналған қағида-ережелерді қалыптастырды. Қыздарын кәмелетке келгенде (яғни, 16 жаста) қияға ұшырып, ұлдарын ұяға (15 жас) қондыруға талпынған ата-ана некенің пәк те нық болуын қадағалады. Кәмелетке келмегендерге, есі дұрыс еместерге, ауру-сырқауларға, жақын туыстарға, діндес еместерге және қосылатын екі жұптың өзара келісімінсіз неке қиюға рұқсат етілмеді. Бұл шектеу де заң нормаларында көрініс тапқан. (11 – бап)

Неке құрудың ең көне түрлеріне «әмеңгерлік» пен «балдыз алу» жатады. Мұндай неке түрлері тіпті ежелден келе жатқан дәстүрлер. "Әмеңгерлік" – «аға өлсе жеңге мұра, іні өлсе келін мұра» деген нақыл сөзге байланысты, жақын туыстары мұрагерлік есебінде жесіріне үйленуі. Мұның басты мәні - өз туысының отын өшірмеу, артында қалған жас балаларын жетім, жат етпей, қамқоршы болу жауапкершілігін алуда жатыр. Ал, «балдыз алу» - ұрпақ жалғастыру, апасынан қалған ұл-қыздарын жетімсіретпеу себебінен туындаған.

Отбасын құру негізінен құда түсіп, айттыру жолымен шешілген. Айттырудың «бесікте айттыру», «сүйек жаңғырту», «құда түсіп айттыру», «қарсы құда» түрлері бар. Сол секілді «қыз алып қашу», «әмеңгерлік» жолдарымен де отбасы құрылған. Ежелгі дәуірлерде «күңіне аяқ салу»әдетімен күңіне де үйленетін.

Некелесудің басты көп таралған түрі қалыңмал төлеп, құда болу. Құдалық дегеннің мәні болашақ күйеу атынан ағайын-туыс, жақын-жекжат сөйлесіп келісуді білдіреді. Құда болудың, яғни келісімнің түрі әр алуан болуы мүмкін. Кейде кездесіп, тағдыры ұштасып, достасқан екі адамның әйелдері екі қабат болса, олар босанбай тұрып, кімде ұл,  кімде қыз боларын білмей тұрып-ақ, келісіп құда бола береді. Мұны «бел құда» дейді. Мұндай құдалықтың шарты - болашақ екі жасты қалыңсыз үйлендіру. Егер, екеуі де бір жыныс болса, онда екеуін дос етіп, достықты әрі қарай жалғастыратын болған.

Құда болудың тағы бір түрі – «бесік құда», яғни бесікте жатқан екі нәрестені атастырып қою. Кейде «атастырылған құда» деп те айтылады. Бұл  құдалық түрінің мақсаты - ұл-қыздары ержеткенше екі тарап өзара сыйластықтарын арттыру, қалыңмалын біртіндеп төлеуде жатса керек.

Некелесудің тағы бір түрі «қарсы құдалық». Келісетін екі жақ бір-біріне қыздарын беріп, ұлдарын үйлендіруді – «қарсы құда» дейді.

Енді бір түрі - қызды алып қашып үйлену. Қызды алып қашып үйленудің мәні әртүрлі. Бірі — күйеу балаға көңілі толмай, басқа адаммен құда болу. Енді бірі - қызым әлі жас деп, қалыңмалы төленгеніне қарамай соза беру. Тағы бірі - қыз күйеуін ұнатпаса, басқа біреумен қашып некелесу. Бұлардың бәрі де қазақ әдет-ғұрып заң нормаларымен қаралып, жазаланады. Сол секілді, ешкімге әлі айттырылмаған, басы бос қызды алып қашып үйлену, көбінесе бірін-бірі ұнатқан екі жастың арасында кездеседі. Бұрын шапқыншылық жағдайда қолға түскен тұтқын қыз, келіншектерге үйлену салты жиі болған. Үйленуші оны сауғаға алған. "Күшік күйеу", "кірме күйеу" деген некелесудегі атаулар әлеуметтік теңсіздіктен пайда болған некелесу түрлері.

Қалыңмал төлеп қыз алу, ұзатылған қызға жасау беру міндеттері туысқандар арасында мал мен мүлік теңсіздігін тудырды. Келіндер арасындағы өзара туыстық нышандарының болмауы үлкен отбасының сақталуына қатты кедергі болды. Қазақ «абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» деп текке айтпаған. Рас, көп әйел алу дәстүрі бір қарағанда үлкен отбасын еске салады. Бірақ, бұл көріністі біз негізінен мал шаруашылығымен айналысқан, көшпелі өмір сүрген ата-бабаларымызға жұмыс қолының көп қажет етілуінен деп ұғуымыз керек. Мал басы көп байлар малайлар жұмсағаннан гөрі көп әйел алып, балаларын көбейтіп, мал бақтырғаны әлдеқайда тиімді еді. Қайта, бұл әдет үлкен патриархаттық отбасының күйреуіне жол ашты. «Екі қатынның баласы екі рулы ел» деп халық сол үшін айтқан. Екі қатынның балалары өзара сыйыспаған соң, оларға енші беріп бөлек отырғызған. Енші беру дәстүрі тым ежелден қалыптасқан. Аңыз бойынша Алаша хан үш ұлына енші беріп, бөлек отырғызғанда бір үлесін келетін қонақтар үшін қалдырған екен. Осы балалардан үш жүз тараған делінген бұл аңыз жай шықпаса керек.

Енші алған балалары ұзап кетпей, «қара шаңыраққа» жақын отырған. «Қара шаңырақ» қатты қадірленіп, оған ең кенже бала ие болған. «Қара шаңырақта» қалған әке құқығы шексіз еді. Әке өлген соң орнына үлкен ұлын құрметтеу заңға айналды. Шаруашылығын бөлек ұстағанмен енші алған ұлдары әкесімен (не ағасымен) ақылдасып, шаруашылықтарын бірлесіп жүргізген. Кенже бала әке мұрагері саналып, «қара шаңырақ» иесіне айналып, мал-мүлікке ие болған.

Әке шаңырағы «қара шаңырақ», «үлкен үй» аталып, ол үй әкеден таралған ұрпақ үшін, тіпті ұзатылған қыз, құда-жекжаттар үшін де қасиетті   саналды.   Олар   бұл   үйге   бірінші   бас   сұғып,   әртүрлі сыйлықтар, сыбағаларды алдымен әкелетін. «Қара шаңырақты» қадірлеу, ата-баба аруағын кадірлеу деп түсінген.

Әке артында қалатын мұраны өсиетке қалдырған. Көбіне өсиет айту куәлер алдында айтылған. Өсиетте айтылған талап-міңдеттер сөзсіз орындалған. Мұрагерлер болып ұлы-қызы, әйелі, аға-інілері, жақын туыстары, олар болмаған кезде, аталас туыстары саналған. [2, 270 б.] 

Әдет-ғұрып заңы өсиет айтушыға мал-мүлкін тікелей мұрагерлерінен өзге, басқа ру адамына қалдыруға рұқсат етпейді. Өсиет айтылған күннің өзіңде билер, әлгі өсиет айтылған адамға жолын ғана беріп, мал-мүлкін мұрагерлеріне қалдырады. Рас, көзімдей көріп жүрсін деп мінген атын, ұстаған затын басқа біреуге өсиеттен беру дәстүрі бар. Көбіне өсиетті өлгелі жатқан адам ұл-қыздары әлі жас болса айтқан. Ал, енші алып кеткен ұлдары мұраға таласа алмаған.

        Әйелдердің мұра бөлісуде өзіндік ерекшеліктері бар. Егер, күйеуі өліп, жас қалған ана, «әмеңгерлік» жолымен күйеуінің жақынына тұрмысқа шықса, өзіне тиісті үлесімен кеткен. Мұра бөлісуіне араластырылмаған жесір күйеуге шықпай, қалған баласымен отыра беремін десе, еркі өзінде қалдырылып, мұра бөліске түспейді. Егер, басқа руға кетсе, не болмаса, төркініне кетсе, онда өзінің киім-кешек, төсек-орны мен мініс көлігінен басқа ештеңе берілмеген. Өзімен әкелген «жасауы» болса, оған ешкім таласпайды.

        Біз қазақ халқында мұра үшін айтыс-тартыс болмайтынын ескертеміз. Оның басты себебі, дер кезінде ұлдарына енші беріп, бөлек отау еткендіктен, қалған мұра кенже балаға, яғни «қара шаңыраққа» тиісті болғандықтан деп ұғамыз. Ал, басқа халықтарда мұра бөлу қиынның қиыны екені бәріне аян.

        Қолында кәмелетке жетпеген ұл-қыздары әке туыстарында қалады. Руластары тікелей мұрагерлері болмаған жағдайларда, басқаға иелендірмеуін біз тек рулық құрылыстың мықтылығы деп ұқпай, мұнда үлкен-үлкен адамгершіліктен туындаған қатынастар жатыр деп ұғамыз. Бұл адамгершілік, өзара жәрдем көрсету қыз ұзатып, келін түсіргенде туысқандар арасында ерекше көрінеді. Сол үшін туысқан бір өлі, бір тірі де керек. Осындай жағдайларда «жылу», «немеурін», «үме», «жұртшылық» деп, қуаныш пен азада, қиындыққа тап болғанда «көп түкірсе көл» дегендей жәрдем көрсеткен туысқандар, мұрагерлері болмаған жағдайда өлген марқұмның мал-мүлкін иеленулері де азайды. Осындай әдемі дәстүрлер кейін, бірте-бірте орыс патшалығы қарамағына ену салдарынан тап теңсіздігі шығып, мәні өзгерткені тіпті өкінішті. Сөйтіп, «бай — байға құяды, сай сайға құяды», «алмақтың да салмағы бар» деген қағидалар шықты. Тіпті, ежелден келе жатқан рулық қатынасқа    сына    қағылып,    туыстар    бірге    көшіп-қонбайтын айла-шарғылар жасалынып,   ол  заңмен  бекітілді.   Енде  ру түгіл, жақын туысқандардың ара жігі ашылып, аралары суый бастады.

Әке-шешесі бірдей өлген әрі артында кәмелетке жетпеген ұл-қыздар қалса, жақын туыстарының бірі қамқоршы болып, барлық мал-мүлік, қалған  ұл-қыздардың тәрбиесі соған өтеді. (Кодектің 4-бөлімі).

 Қазақ халқы ер баласы болмаған жағдайда жақын туысының
баласын бала етіп алған. Бұл қатынас Кодексте арнайы 13- тараумен реттеледі.Мұндай бала «заңды бала» есептеліп, барлық құқықтарға ие болған. Асыранды бала басқа рудан болса, өгей әке «асыранды балаға» өсиет айтып, мұрагер етеді. Олай етпегенде, туыстары «асыранды балаға»  қалған мал-мүлікті билетпеуге құқылы.       Өлген адамның аталас немере, шөберелері болмаса, аталас ағайындары мұраға иелік етеді. Бүл деген сөз рулық құрылыстың қызғыштай қорғалған құқықтық сипаттары.

        Баланың Кодексте атап көрсетілген құқықтарының біріне баланың даралану құқығы, яғни оның атын, тегін және әкесінің атын алуға құқығы. . (63-бап). Қазақ халқында осыған орай  «азан шақырып, ат қою» деген салт -дәстүр бар.

        Қазақтардың туысқандық қарым-қатынасының желістері өте көп болып, «Қарға тамырлы қазақ» аталғаны тегін емес. Ондай туысқандық тек ерлер тарапынан ғана емес, қыздар ұрпағы - жиендер мен нағашы арасындағы, құда-жекжаттар арасындағы қатынастардан тұрған. Жиен нағашысына 3 ретке дейін берсе қолынан, бермесе жолынан алуға, яғни ұрлап алуға құқықты болған. Ол үшін жиен айыпты саналмаған.[3, 42б.]

Күйеудің үш жұрты бар деп текке айтпайды. Ол: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Әсіресе, күйеуді қайын жұрты қадірлеп, алдына төс қояды. «Пайғамбар күйеу баласын сыйлаған» деп күйеулерді еркелетеді.

Күйеуге әйелі өлсе, балдызын береді. Балдызы жоқ болса, екі жақ арадағы желіні үзбей, «сүйек жаңғыртады», қыз беріп, қызды қайта алысады. Сол үшін «күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық», «құданы құдай қосады» деген  қағидаларды бетке ұстайды.

Әр елге ұзатылған қыздан туылған балалардың бәрі бір-біріне бөле болып саналып, ол бірнеше ұрпакқа созылады. (Немере бөле, шөбере бөле). Мұндай туысқандық қарым-қатынастар әртүрлі әдет-ғұрып заң нормаларына сай міндеттері мен жауапкершіліктерді сақтайды.

Жалпы айтқанда қазақтар қандай жолмен болмасын, өзара тату-тәтті сыйластықпен тұруға ұмтылған. Мал-мүлік мұраға бөлінгенде қоғам ішінде озбырлық, дүниеқорлық секілді жағымсыз қылықтар мүлдем кездеспейді. Бұл әрине, қазақ халқының отбасылық әдет-ғұрып нормаларының екшеленгенін көрсетеді.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.     «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі, 26.12.2011

2.     ҚР Азаматтық кодексі (ерекше бөлім), 01.07.1999ж.

3.     Усеров Н.Н. Қазақстардың дәстүрлі отбасы және неке құқығы. З.ғ.к. диссертациясының авторефераты, Алматы, 2005ж