ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ ҰЛТТЫҚ САНА СЕЗІМІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

            Әмірова Б.Ә.   Құсайнова М.А. Тусупова М.М.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Қарағанды қаласы

 

 Ұлттық сана-сезім өз ұлтының әлеуметтік-этникалық мәнін түсінуіне, ұлтаралық қатынастары қандай жағдайға ие екендігін, жалпы адамзат дамуына қандай үлесі барын ұғыну, әрі өзге халықтармен бірдей болатындықтан өмір сүруін т.б жағдайларды жете түсіну болып табылады.

Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсіне алады. Өз халқына деген сүйіспеншілігі, өзінің туған жеріне өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жату керек. Халықтық әдет-ғұрып, салт-санасының байлығы, патриоттық сезім Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.

Ұлттық сана-сезім, ұлттық патриотизм әр адамды, әр халықты ұлттық ойлау қабілеті, ұлттық әдет-ғұрып, ұлттық салт-дәстүр қоршауында сақтайтын негізгі рухани байлық.  Егер бір ұлттың бір бөлшегі басқа жерде, я өз Отанында бөлек ұлттың сана-сезімі негізінде тәрбиеленсе, онда ол қоғамның мүшелері басқа ұлттың әдет-ғұрыпын, салт-дәстүрін қабылдайды, біраз уақыттан кейін сол ұлтқа сіңіп кетеді. Сондықтан халықты ұлт ретінде сақтайтын жалғыз жол бар. Ол жол – жас ұрпақты ұлттық сана-сезім негізінде тәрбиелеу. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы бала дүниеге келгеннен бастап отбасындағы ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты. Егер отбасында ұлттық тәрбие болмаса, балалардың ұлттық тұлға болып қалыптасуы сондай теріс тәрбиеге лайықтанып қалыптасады [1].

Ұлттық сананың қалыптасуына және оның дамуына екі тұрғыдан қарауға болады: біріншісі-сезімдік, түйсіктік, екіншісі-саналы теориялық. Біріншісі өз елін, халқын, ұлтын сыйлайтын, сүйетін алғашқы ыстық сезімнен туса, екіншісі өз елінің, халқының, ұлтының өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп, халық тағдырына, ұлт мәселелеріне мемлекеттік, елдік, тіпті дүние жүзілік тұрғыдан теориялық ұлттық бағыт-бағдарлама тұрғысынан қарап, аңғару арқылы болатын саналы ойдан туады. Ал, ұлттық сананың жасаушысы, қолдаушысы, қорғаушысы, сақтаушысы әрқашанда ұлттық интеллигенция, ұлттық зиялы қауым.

Ұлттық сананың ең негізгі белгісі - әр ұлттың өзін-өзі танып білуі, өзін өзге ұлттардан айыра білуі, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді іске асыру үшін күресу, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді бүкіл адамзаттың мақсаттары мен мүдделеріне ұштастыра білу. Өз ұлтының жетімсіздер, мешеулеу жағымен күресе отырып, ілгері дамыған ұлттардың жақсы, жағымды жақтарынан үйрену, дүние жүзілік гуманистік санаға жету

Ұлттық сана-сезімнің пайда болуы халықтардың тарихи дамуының ерекше кезеңдерімен байланысты кейбір халықтар үшін феодалдық шашыраңқылықты жою үшін көрсеткен басқа біреулерде ұлт азаттық қозғалыстарды т.б құбылыстармен сипатталады. Аталған тарихи дамудың кезеңдері халықтар өмірінің барлық саласының нығаюына жалпы халықтық мәдениетін, әдебиет пен өнердің дамуына және олардың ғана сезімдерінің қалыптасуына себепкер болады.

Ұлттардың сана-сезімдерінің қалыптасуына рухани-мәдени шығармалар, ұлттық рухани мұралар үлкен роль атқарады. Ондай шығармаларда халықтың сана-сезімнің жетілуіне ерекше әсер ететін көңіл-күй оқиғалар бейнеленеді. Мәдениеттің белгілі қайраткерлері өз халықтарының тарихына үңіле отырып, ондай шығармаларды өздері дүниеге келтіреді.  Сол тарихи көркем шығармалар өз халқының тарихи процестердегі орны мен рөлін  анықтайды,сүйте отырып халық шығармашылығына көңіл аудару арқылы патриоттық тәрбиеге баулу мақсатын алға қояды.

«Ұлттық сана»  мен  «ұлттық санасын» ажырата қарастыруда негіз жоқ емес. Алдыңғы бапта көрсетілгендей «ұлттық» ұғымы «мемлекеттік» ұғымымен тең қойылатын болса, онда «ұлттық» сана да «мемлекеттік санамен» пқарапар болып шығады. Ал ұлттық сана бұл жерде нақты мәнге ие-қазақ ұлтының сапасын көрсетеді. Қазақ халқының қазіргі тарихи даму сатысындағы ұлттық ойын жетіп тұрған баспалдағы-қазақ ұлтының сапасы болып шығады. Сонымен «ұлттық сана»- Қазіргі Қазақстанды мекендеген барлық халықтың сапасы, ал нақты ұлттық сапасы бұл жерде қазақ ұлтының сапасы ұлттық сананың құрамдас бөлігі болып шығады. Мұның мемлекеттік мүддемен парапар болып тұрған қазақ ұлтының мүддесімен айырмашылығы да сонда; мүдде  - келешекте іске асырылатын мақсат-мұраттардың жиынтығын көрсеткенде, сана- қазіргі кездегі ұлттық ойдың жеткен жерін айқындайды [2].

Бүгін де тұлғаға  әлемдік деңгейде өркениетті негізде білім мен тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіру ғаламдық мәні бар проблемаға айналып отыр. Тіпті бүгінгі қоғамның талабы, адам тәрбиесіне мазмұнмен қарауды талап етеді. Яғни, мектепте оқушының жан-жақты дамыған тұлға етіп тәрбиелеу.  Ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсіну. Ұлттық тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана- сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.

Ұлттық тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі. Қазақ қоғамы қазір қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Жаһанданудың қауіпті тұсынан арылу үшін, әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алу керек.

Қазіргі кезеңде әлемнің әр түкпірінде өткір қойыла бастаған ең өзекті жайдың бірі – осы ұлттық тәрбие мәселесі болып отыр. Ұлттық тәрбиенің ең маңызды тұсы – адамды ойлануға үйретуі. Бұлай дегенде әрбір жеке адам ең алдымен өзінің белгілі бір ұлттың мүшесі екенін іштей терең сезініп, санада сілкініс жасауы керек екенін, содан кейін барып жалпыадамзаттық қоғамға лайық орнын белгілеуі қажеттігін сіңіруі болса керек. Бұл жерде негізгі әңгіме арқауы ұлттық тәрбие, ұлттық сана, ұлттық ұстаным, ұлттық мүдде туралы болып отыр. Өйткені біздің төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, қала берді ұлттық кейпімізді сақтап қалу бәрінен маңызды. Ол бізге мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниеде біржола жоғалып кетпеуімізге кепіл болуға тиіс. Қалай десек те ендігі жерде өзіндік «менін» сақтауға ұмтылған жұрт ең алдымен ұлттық тарихи жадын, бірегей ұлттық ойлау машығын, өзіндік дүниетанымын, ана тілі мен ділін, дінін, дәстүрлі мәдениетін аман алып қалу және оны одан әрі дамыту жолында күреске түсетіні анық[3].

Ұлттық тәрбиені ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарауға болады. Ол үшін ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеуді мақсат етіп алуымыз жөн. Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады.

Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды». Яғни елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету – басты міндетіміз [5].

Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.

Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын.Оны үзе алмаймын.Үзу қолымнан келмейді» - дейді. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін:бірі -өзім, екіншісі-халқым» - дейді [5].

Қоғамдағы адамдар жасаған рухани, материалдық, мәдени құндылықтардың алмасуы оқыту процесі арқылы жүзеге асырылады.Соның ішінде сын тұрғысынан ойлау жобасы арқылы оқыту – саналы процесс екенін айтқым келеді. Интеллектуалдық деңгейі жоғары тұлғаны қалыптастыру үшін, оны оқытып қана қою жеткіліксіз. Оны тұлға ретінде жан – жақты дамытуға қолайлы, оқытудың шығармашалақ түрін жасау қажет, яғни шығармашылық оқу әрекетін туғызу қажет. Бұл баланы, берілген оқу материалын жаттап алу ғана емес, керісінше өз бетімен білім алу үшін ізденуге үйретеді.

Жеке тұлғаны ұлттық тәрбие арқылы дамыта отырып, нақты әрекет арқылы оқытуда төмендегі құндылықтардың болуы қажет:

- белсенді қарым-қатынас:  оқушы мен мұғалімнің әрбір мәселеде өз көзқарастарын білдіріп отыруы;

- индивидтік: мұғалімнің әр жеке оқушының ерекшелігін дамытуы, қоғам алдындағы жауапкершілігінің болуы;

- өзіндік тәртіп: өзіндік бақылау мен бағалауды, шешім қабылдауды үйрену және оны дамыту;

- шыдамдылық: әр түрлі пікірлерді қабылдай алу, бір-бірінің пікірлері мен ерекшеліктерін құрметтеу, қабылдау.

Тұлғаның белсенділігі,өзін-өзі дамытып отыруға ұмтылуы өзгелерден бөлек жағдайда емес,өзге адамдармен диалогтық қатынастарға түсу кезінде жүзеге асырылады.Бірлескен қарым-қатынас негізінде оқушы-оқушы, мұғалім-мұғалім, оқушы-мұғалім арасында өзара құрметтеу, мойындау, түсіне білу және сыйластық әрекеттері пайда болып, толеранттық пен мейірімділік көзқарастары қалыптасады.

Сонымен бірге сыни ойлау арқылы тұлға бойында рефлексиялық сапаларды қалыптастыру. Рефлексиялық сапа дегеніміз білім мен тәрбиені өзіндік сана арқылы қабылдап, тұлғаның рухани дамуы, ғылыми ақпараттарды игеруі болып табылады.

Рефлексиялық әрекеттер барысында оқытудың жолдары талданады, өзіндік шешім қабылдауға жағдай туғызылады.Сөйтіп, бала өзін-өзі дамыту, тәрбиелеу, өз әрекеттерін ұйымдастыру мүмкіндігін алады. Өз ерекшелігі мен деңгейін таниды.

Ұлттық тәрбиенің көздері фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары болып табылады. Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері, ізгілік сынды тағы басқа сапалық бел­гілер ұлттық тәрбиенің негізгі көрінісі болады.

Ұттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу; қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру; бүгінгі қазақ елінің индустриялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасатты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу; білім және мәдени рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету; қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру.

 

 

Қолданылған  әдебиеттер тізімі

 

1.     Әмірова Б.Ә. Этностық жаңсақ нанымдар: теориясы мен практикасы. – Павлодар. 2009 – 360 с.

2.     С.Әбішқызы, Ж.Сарманов. «Ұлттық тәрбие – құндылығы мол дүние». 2008 ж. 

3.     Сульбах В. Ұлттық  сана -сезім. Москва, 1987.

4.     Сәрсенбаев.Т Ұлттық сана -сезім   мен қадыр -қасиет. Алматы. 1990. 39бет.

5.     М.С.Керімбаева. «Ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы мектептің рөлі». Астана, 2007 ж. 

 

 

 

Бұл макалада жеке тұлғаның  сана-сезімін қалыптасуы    ұлттық құндылықтар арқылы әсер ететіндігі жөнінде мәселе қарастырылған.

 

В данной статье рассматривается ценности в качестве личностно образующей системы которая  связана с развитием самосознания.

 

In this article it is considered values as personally forming system which is connected with consciousness development.


Тіркелу үлгісі

1. Тегі, аты-жөні    Құсайнова Маржангул Амантаевна

2. Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы 

 3.Жұмыс орны, қызметі Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды

  Мемлекеттік Университеті  психология мамандығы 2 курс магистранты

4.Мекен жайы, байланыс телефоны, факс Қарағанды қаласы 15ықш/ауд-37 -180

5.E-mail: marjanpretty@mail.ru

6.Баяндаманың тақырыбы  ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ ҰЛТТЫҚ САНА СЕЗІМІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

7. Секция атауы  Үздіксіз білім беру жүйесін дамыту;