БАЛАЛАРДЫ МӘНЕРЛЕП ЖӘНЕ ӘҢГІМЕЛЕП БЕРУГЕ
ҮЙРЕТУДЕГІ КӨРКЕМ СӨЗДІҢ АТҚАРАТЫН РОЛІ
Айтжанова Р.М., Мергембаева А.Ж.
Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті
Бүгінгі таңда
бала тәрбиесіне, балаларға сапалы білім беру дәрежесіне
айрықша назар аударылып отырғаны бәрімізге аян. Жас
бүлдіршіндерімізді мектепке дейінгі мекемелерде туған
халқымыздың ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап,
көркем әдебиетіміздің туындыларымен сусындата алсақ
қана олардың жан дүниесін жадырата аламыз. Баланың
ой-өрісін кеңейту, ақыл-ойын дамыту,
мінез-құлқын, еркін тәрбиелеудің бәрі
мәнерлеп сөйлеумен тікелей байланысты. Өзімізді
қоршаған өмір тіршілігімен бөбектерді таныстырып, білім
беруде баланың нені қай жәрежеде ұққанын,
нені есіне сақтағанын байқау, жалпы көрнекті
құралмен: ойыншықпен, түрлі затпен, оқу
құралымен, суретпен көрсетіп балаға үйретуде
тәрбиеші педагогтың әбден төселген, сөйлеу
дағдысы, сөйлеу мәнерінің қалыптасқан
үлгісі болады. Сөйлеу дағдысы қалыптасқан
үлгісі – тілдік тәсілдер мен сөз шеберлігін дәл орнымен
қолдану деген сөз.
Мектеп жасындағы
балалар тілді үлкендерден үйренеді. Балалардың сөздік
қоры, сөйлеу мәнері, сөз сарыны соларға еліктеу
арқылы қалыптасады. Сондықтан тәрбиешінің лекциконы
бай, тілі орамды, стилі жатық, дыбыстау мәдениеті өрісті де
өрелі болғаны абзал.
Мектеп
жасындағы балалардың естіген әңгімесін мәнерлеп
айтып беруі, тәрбиешіден алған білім деңгейіне байланысты
болады. Олардың алған білімдері неғұрлым
түбегейлі болса, тәрбиешілер сөз өнерінің
өресіне тез көтерілмек. Сөз мәнері түрліше болады.
Балалардың сөздік қорын, сөйлеу тәсілдерін
дамыту, адамгершілік мінез-құлық сапаларын қалыптастыру
мазмұны кеңейтіліп, тәрбие міндеттері атап көрсетілді.
Баланы мейірімділікке, татулыққа, ұйымшылдыққа
тәрбиелеудің негізі болып табылатын қоғамдық мораль
жайлы қарапайым ұғымдарды қалыптастыру мәселесі
Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың
2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында
нақты тұжырымдалды. Қызықты
әңгіме, ертегі, өлең, тақпактарды мақамдап
айту - халық творчествосын ұрпақтан-ұрпақка
жеткізудің дәстүрлі тәсілі болып келді. Ауыз
әдебиетінің шығармаларын ертедегі әйгілі жыраулар,
ертегішілер өздері жатқа айтып қана қоймаи, жас
жеткіншектерге де үйретіп отырған, оларды баулыған.
Сөйтіп, халық педагогикасы болашақ ұландар
тәрбиесін «баланы жастан» деген қағидамен, «өнер алды -
қызыл тіл» деп жеткіншектердің сыр сандығьна сала берген.
Бұған айғақ нәрестенің жерге шыр етіп
түскен шағынан құлағына сіңірген өмір
әліппесі - бесік жырынан бастап, кәмелеттік жасқа жеткенше,
ана тілінің сазын көкейіне кұйған, тілін
ширатқан, акыл, өнеге үйретіп, бағыттама сілтеген ауыз
әдебиетінің үлгілері [1].
Балалардың мәнерлеп сөйлеуі мен сөйлеу
дәрежесі жайлы ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге назар
аударсақ, көрнекті психолог-педагог ғалымдар баланың
сөздерді меңгеру ерекшеліктерін егжей-тегжейлі
қарастырғанын байқауға болады. Мысалы, баланың
сөздің негізгі мәнін түсінуі туралы Л.С.Выготский,
А.А.Люблинская, Психикалық өзгерістер мен баланың түрлі
іс-әрекеттерін жетілдірудегі сөздің әсері жайлы А.Р.Луния,
Ф.Я. Юдович, З.М. Истомина, сөздің дыбыстық
құрамын меңгеру ерекшеліктері жөнінде А.Н.Гвоздев,
сөздің грамматикалық формаларының бала тілінде
қалыптасуы хақында В.П.Вахтеров, сөздік қорды
меңгеру заңдылықтары туралы Е.А.Аркин, Н.А.Рыбников т.б.
жазған [2].
Халық тәлімі жас ұланға баланың
бүлдіршін кезінен-ақ көпшіл, ынтымакшыл, мейірімді, ізетті
болуына көңіл бөлген, өнеге көрсеткен. Баладан
адамгершілігі мол, ел азаматы болуын тілеген. Қара жүрек
қатал болмауын ата-ана балаға жасынан зердесіне құйып,
ұқтыруға тырысып баққан. Баланы әлпештеп
өсіру, ақ бесікке салып, аялы алақанмен
бағып-қағу, мәпелеп ер жеткізу - мәні)
қамқоршысы болу ата-ананың қасиетті борышы деп білген
[3]. Нәрестенің дүниеге келуін үлкен қуаныш
көрген, оның келешегінен үлкен үміт күткен
ата-ана:
Бармақтары майысып,
Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?! - деп игі тілектер тілейді,
өнерге, еңбекке баулиды.
Баласы өнерімен, талабымен елдің алды болсын
деп армандайды.
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз
бермей,
Шешен болар ма екенсің? - деп, бесіктегі бөбектің сегіз қырлы, бір сырлы,
жұртты аузына қарататын
шешен болып өсуін көксейді. Бірақ халық баланы
өз бейім-қабілетіне қарай икемдеп
тәрбиелеу керек екенін де назардан тыс қалдырмайды.
«Бесік жырын» ана сазды
әуенмен айтып, сәбидің көңіл күйін ашады,
бесіктің тербелуімен бірге шығатын ән ырғағы
нәрестені жұбатады, ұйықтатады.
Бесік жыры ғасырлар
бойы ұрпақтан-ұрпаққа ұласумен қатар бала
жұбату, тәрбиелеуде заман талабына сай мазмұны толықтырылып,
жаңғырып та отырады.
Демек, бесік жыры мәңгі өмір сүрмекші, дами
бермекші. Бесік жыры «балалар фольклорындағы халық ауыз
әдебиетінің алтын дәні, жыр, өлеңнің
бірінші бастамасы бола тұрып, сәби құлағына
ең тұңғыш рет ана сүтімен енген ана тілінің
әуезді үні, әндетіп айтылатын жырының
алғашқы әуені, сазы. Ендеше мәнерлеп термелеудің,
бет ашары да осы.
Мектеп жасындағы балаларды өмір мектебімен таныстыратын
қызықты ертегі, әңгіме, өлең
тақпақтардың бәрі де баланың эмоциялық
сезіміне әсер етіп, оларды ізгілікке, әдемілікке -
жақсылық атаулының баршасына баулиды.
Ғалым
Ғ.Дүкенбаеваның пікірінше, халық
бала бойына әсемдік пен нәзіктік қасиетін тәрбиелеу
үшін, ән мен жырға жасынан үйір болуға
олардың назарын аударған. Өйткені, ән мен жыр
арқылы көп нәрсені көкейіне тоқыған бала
өсе келе өз көңіл күйін өлең жырмен,
әнмен білдіруге ұмтылады. Сөйтіп, ол ақын жанды адам
болып өседі [4].
Қазақ халқы естігенін, көргенін ежелден-ақ
жадында сақтап, соны жатқа айтуға машықтанған.
Өлеңмен жазылған көркем шығармаларды жаттап алып,
жырлай беретін болған. Олар тілге шебер, өз ойларын еркін жеткізе
алатын суырып салма шешен болған.
Балдырғандарды тәрбиелеуде ауыз әдебиетінің,
нұсқаларымен қатар классик жазушылардың жас
өрендердің ұғымына сай жазылған
туындыларының да өсиет өнегелік мәні зор. Абайдың
жылдың төрт мезгіліне жазған өлең жолдары,
балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсарин
шығармаларының тәлімділік, білімділік мәні
айрықша «Ананың сүюі», «Бұл кім?», «Мақта
қыз бен мысық» - балдырғандардың зейін қойып,
тыңдайтын туындылары Ыбырай Алтынсарин шығармаларының
көпшілігі баланы еңбекке тәрбиелеуге арналады [5].
Әдебиеттер
тізімі:
1. Баймұратова Б.
Мектеп жасына дейінгі
балалардың тілін дамыту методикасы. А.1991г.
2. Қожахметова Х.
Мәнерлеп оқу. – Алматы: «Мектеп», 1992. – Б. 185.
3. Балақаев М. Тіл
дамыту мәдениетінің мәселелері. – Алматы, 1995. – Б. 289.
4. Желдербаева С.
Мәнерлеп оқу. - Алматы,1992. – 159 б.
5.
Қазыбаев С. Қазақ тілі методикасы. - Аламты, 1990. – 311 б.