БІЛІМ БЕРУ ҮРДІСІНДЕГІ ӨЗІНДІК САНА-СЕЗІМ МӘСЕЛЕСІ

Бекмуратова Г.Т. — КазНПУ им.Абая

Косшыгулова А.С.- КазНПУ им.Абая

Қазіргі таңда еліміздің егемендік алуы әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуымызға көптеген өзгерістер енгізді. Яғни, қоғамымыздың қарқынды әлеуметтiк дамуы белсендi, жасампаз тұлғаны қалыптастыруға жоғарыланған талап қояды. Әсіресе білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, үздіксіз білім берудің бірыңғай жүйесін құру, оқу мен тәрбие үрдісінің сапасын жоғарылату мен білім беру үрдісінде жеткіншектер тұлғасының өзіндік сана-сезімдерін дамыту болды.

Білім беру үрдісінде жеткіншектердің тұлғасының өзіндік сана-сезімдерінің қасиеттерін қалыптастыра отырып, болашағына жол сілтеу — қазіргі таңда ауқымды мәселе. Өйткені, жеткіншектердің тұлғасының өзіндік сана-сезімдерін қалыптастыру тек білім берумен ғана шектелмейді, яғни ол үшін мектепте өткізілетін тәрбие жүйесінің іс-шаралары жеткіншектердің болашақта парасатты, білікті, мәдениетті, білімді және дүниетанымы жоғары болып, еліміздің мәртебелі азаматы болуына ықпалын тигізуіне түйінделуі қажет. Сондықтанда, жеткіншектердің тұлғасының өзіндік сана-сезімдерінің психологиялық ерекшелiктерiн ғылыми-теориялық тұрғыда қарастырып, дәріптейік.

Сонымен қатар, кеңес психологиясында тұлғаның жалпы құрылымындағы өзіндік сана-сезім оның психикалық іс-әрекетінің күрделі интегративтік қасиеті ретінде қарастырылады. Бір жағынан, ол тұлғаның белгілі бір кезеңдердегі дамуын анықтайтын сияқты болса, екінші жағынан, мінез-құлықты іштен реттеуші ретінде көрінеді. Өзіндік сана-сезім тұлғаның үздіксіз дамуының ішкі шарты бола отырып, тұлғаның ішкі күйі және оның мінез-құлқы түрлері мен сыртқы ықпал арасында тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. «Тұлғаны психикалық тұрғыдан зерттеу мәселесі тұлғаның психикалық қасиеттерін — ерекшеліктерін, темпераменті мен сипатын — зерттеумен аяқталмайды, ол тұлғаның өзіндік сана-сезімін ашып көрсетумен аяқталады».

Өзіндік сана-сезім саласындағы зерттеулерге талдау жасай отырып, олардың көпшілігі өзіндік сана-сезім генезисіне арналғанын көруге болады. Мәселен, өзіндік сана-сезімнің дамуы психикалық іс-әрекеттің дамуымен, тұлғаның қалыптасуы мен даралануымен қатар жүреді, деп кеңес зерттеулерінде дәріптелген. Өзіндік сана-сезім динамикасы оның қалыптасуы деңгейімен салыстырмалы болады. Өзіндік санадағы сапалық «өзгерістер» ұдайы түрде орын алады. Тұлғаның қалыптасуына тікелей қатысы бар өзіндік сана-сезімнің қалыптасуы — психика дамуын сипаттайтын күрделі әрі ұзақ үрдіс. Қазіргі кезге дейін онтогенездегі өзіндік сана-сезімнің алғаш рет пайда болу сәті мен белгісі жайлы біркелкі пікір қалыптасқан жоқ. Сонымен қатар, кеңес психологиясында баланың өзіндік сана-сезімінің дамуы жайлы қайшы пікірлер айтылуда. Психологтар өзіндік сана-сезім туа бітпейді, бірақ оның пайда болуы мен дамуының алғы шарттары туа бітеді дейді.

Тұлғаның өзіндік сана-сезімін зерттеуге гуманистикалық психология өкілдері де яғни А.Маслоу К.Роджерс және т.б.айтарлықтай үлес қосты. Гуманистикалық психология тұрғысынан қарағанда, адамның өзіндік табиғаты оны тұлғалық шығармашылығының өсуі мен өзіндік жетілуіне ұдайы түрде бағыттап отырады, бұған төтенше жағдайлар кедергі жасап қалмаса. Осындай теориялардың көбі адамның ішкі тәжірибесінің дамуы мен құрылымын сипаттауға бағытталады. А.Маслоу теориясында тұлғаның өзіндік сана-сезімінің өзін-өзі белсендірудегі бастапқы қажеттіліктен тәуелділігі жайлы ой орын алады. Сонымен, өзіндік сананы дамытудың негізгі айғақтары ретінде ішкі факторлар, «жеке адамның өзінше қабылдайтын» түріндегі іс-әрекеті арқылы жүзеге асатын өзін-өзі барынша көрсетуіндегі тұлғалық ұмтылыстары саналады.

Жоғары дәріптелген тұжырымдамаларды ескере отырып, әр оқытушы өзіндік сана-сезімнің адам өмірінде өте маңызды екенін білуі қажет. Өйткені, үлкендердің түртпегінен шаршаған жеткіншектер жасандылыққа төзбейтін педагогтардың қайырымды қатынасын көріп, өздерінің құндылықтарымен толық келіспесе де, оларды бірге біртіндеп іштей өзгеруге тырысатын, түсінетін және мойындайтын адамдардың бар екенін біле бастайды. Сондықтан да, өзіндік сана-сезімнің теориялық мәселесін баяндай отырып, келешекте  педагогикалық ұжымға психологиялық көмек көрсету мақсатымен семинар, тренинг және әр түрлі психологиялық шаралар ұйымдастырылуы қажет екенін айтуға болады. Өйткені, бұл өз кезегінде оқытушының кәсіби  біліктілігін, тұлғалық қасиетін, үздіксіз білім беру үрдісін жоғарлата отырып, болашақ жас ұрпаққа өзіндік сана-сезімі қалыпты тұрғыда дамуына және адамгершілікті — өнегелі тәрбие беруіне көмек беретіні сөзсіз.

 

Әдебиеттер

 

1.     Леонтьев А.Н. Деятельность, сознание, личность. М., 1975. 25 б.

2.     Выготский С.Л. Собр. Сочинений в 6-ти т. М.: Педагогика, 1983. Т.5 78-95 б.

3.     Намазбаева Ж.И. Психология. Алматы, 2005. 290 б.

4.     Бехтерев В.М. Сознание и его границы. М. Л., 1988. 40 б.

5.     Рубинштейн С.Л. Основы общей психологий. М., 1989. т. 2.