Психология/Психология развития

Әлеуметтік ғылымдар магистрі, аға оқытушы Даурамбекова А.А.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

 

ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ КОМПЬЮТЕРЛІК ОЙЫНДАРҒА

ҚҰМАРЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Қазіргі кезде оқушы жастар арасындағы агрессивті мінез-құлықтың көбеюі күннен-күнге өзекті мәселеге айналып жатыр. Қоғамда жетістіктерге жету күресінің құралы ретінде агрессивтілік ашық және жасырын формада қолданылуы сирек емес. Мұндағы жасырын формаға компьютерлік ойындар жатады.

Агрессивтілік жеткіншектердің жеке тұлғасында негізінен қоғамдағы орнына қанағаттанбаудан, үлкендердің оларды түсінбеуіне қарсылық көрсету түрінде қалыптасады, яғни агрессивті мінез-құлық көрсетуінен байқалады.

Қазіргі кезде жеткіншектерге жаңа заманғы жеке өздерінің компьютерлері зиянды қауіп төндіріп отыр. Жеткіншектер әртүрлі көптеген компьютерлік ойындарға өзінің бос уақытының бәрін дерлік арнайды. Он бес жыл бойы фантазиядағы (ойындағы) және шынайы өмірдегі жауыздықтың арасында тығыз себеп-салдарлық байланысы бар ма деген пікір таластар жүруде. Алайда, психологияда компьютерлік ойындарға бейімділіктің, агрессивтіліктің  жеке тұлғалық қасиет ретінде қалыптасуына ықпалы аз зерттелінген.

Бүгінгі күні білім беру саласын компьютерсіз елестету мүмкін емес. Балалар бұл күрделі техниканы жылдам және үздік меңгеруде. Меңгеру барысында мектеп оқушыларының логикалық ойлау қабілеті жылдамдап, өзіне тиісті қызметтерді жетік жоспарлайды және өмірге икемді келеді.

Қазіргі кезде психологтар адамдардың құмарлық ойындарға тәуелділігі немесе гэмблинг тәуелділік сұрақтарын зерттеуге арналады. Ойынға тәуелді адамның өмірі қалыпты өмірден өзгеше болады және толығымен жаңа  құндылыққа бағынады.

Құмарлық ойындарға деген тәуелділік (ойынмания, лудомания және гэмблинг-тәуелділік) бүкіл әлемге жайылған, соның ішінде Қазақстанда да көптеп кездеседі. Құмарлық ойындарға жасерекшелік құрамы (жеткіншектік кезеңнен кәрілік кезеңге дейін), материалды қамтамасыздығы, қарым-қатынас шеңбері, этникалық тобы және т.б. жағынан әртүрлі адамдар қабаты тартылады. Бұл жәйт құмарлық ойындардың әртүрлі формалары мен түрлерінің адамдардың түрлі категориясының кіріс деңгейі мен қызығушылықтарына байланысты қарастырылған кеңдігімен түсіндіріледі. Сонымен қатар, құмарлық ойындарды кез келген адам ойнай алады, өйткені құмарлық ойындардың көпшілігі ерекше шеберлікті қажет етпейді [1].

Бұл мәселе қазірігі дамыған коммуникация кезінде ерекше өзекті болып отыр. Интернет жүйесінің пайда болуымен, компьютелік ойындар әрбір үйде қол жетерлік нәрсе. Бүгінгі күні жұмсақ жиғаздан тұрмай-ақ құмарлық ойындарды үйде ойнауға болады. Мұндай интернет-казинолардың тартымдылығы жасерекшелік бойынша шектеулердің болмауы, ойыншылардың толығымен жасырындылығының кепілдігі. Мұндай мүмкіншіліктердің болуы жас ерекшелік бойынша шектеу қойылған балалар мен денсаулық жағдайына байланысты ойын клубтарына бара алмайтын кәрі адамдардың ойнауына жағдай жасайды. Екінші жағынан, ойынға деген кіші отбасы мүшелерінің  қызығушылықтарының дамуына жағдай жасайтын кейбір теледидарлық лотереяларға бүкіл отбасының қатысуы кең таралған [2].

Сонымен бірге соңғы кездері компьютерлік ойындарға деген тәуелділіктің кеңінен таралып кетуін атап өтуіміз қажет. Мұндай тәуелділіктің таралуы компьютерлік технологияның адам іс-әрекетінің барлық аймағына енуімен және компьютерлік ойындардың жоғары деңгейде шынайы дамуы мен күрделігімен шартталған.

Құмарлық ойындардың таралуына келетін болсақ, соңғы кездерде құмарлық ойындар мәселесі ойын автоматтары мен казинолардың кең таралуына байланысты үлкен мәнділікке ие болып отыр. Әртүрлі, өзінің жарқыраған, көзтартарлық түрімен, жағымды акустикалық эффектісімен көптеген адамдарға күшті суггестивті әсер етеді. Аз уақыт ішінде көп ақша табу мүмкіндігі де маңызды мәнділікке ие болады. Ойын автоматтары көптеген елдерде көңіл көтерудің басқа түрлерін басып, кең таралды. Мысалы, 70-жылдардың аяғында Ұлыбританияда, әсіресе үлкен емес қалаларда, ойын автоматтары залдарының кең танымалдылығына байланысты кинотеатрларға барудың төмен деңгейі мәселесі басталып, оларды жабу сұрақтары да туындады. АҚШ-та Conrad (1978) мәліметтері бойынша, «мәселелі гэмблерлер» саны, яғни, ойын автоматтарына тәуелді аддиктивті ойыншылар саны 4-тен 10 млн. аралығында болды.

Осыған байланысты көптеген американдық зерттеушілері құмарлық ойындарды халыққа зиянын тигізетін салмақты әлеуметтік мәселе ретінде қарастырады. Ойын барысында босаңсу, эмоционалды қысымды жою, жағымсыз мәселелерден арылу және ойынға уақытты жағымды өткізу құралы  ретінде қарау мәселені тереңдете түседі. Бұл механизм бойынша біртіндеп ойынға тартылу болып, тәуелділік қалыптасады [3].

Алғашында ойын жайлы қуанышпен айтады және қатысуға шақырады. Біртіндеп уақыт өткізудің бұл тәсілі қайталана береді, адамға деструктивті әсер етеді.

  Құмарлық ойын аддикциясының белгілерін қарастыратын болсақ, Ц. П. Короленко және Т. А. Донских (1990)  аддиктивті мінез-құлықтың бір түрі ретіндегі құмарлық ойындарға тән сипаттарды бөліп көрсетеді. Оларға келесілерді жатқызады:

1.   Жиі әуестену, ойынға кететін уақыттың молаюы.

2.   Қызығушылық шеңберінің өзгеруі, алдыңғы мотивациялардың ойынмен ығыстырылуы, ойын жайлы ойлардың мазалауы, ойын комбинацияларымен байланысты қиялдық жағдайлардың үстемдік жасауы.

3.   Үлкен ұтыстан және жиі ұтылыстан кейін ойынды тоқтатуға  деген «бақылауды жоғалту».

4.   Ойыннан кейінгі аралықтағы салыстырмалы қысқа  уақытта және күрделі меңгерілетін ойынға қайта қатысу тілегінен психологиялық үйлесімсіздік, тітіркенушілік, мазасыздық жағдайы дамиды. Мұндай күй нашақорлардың абстиненция күйін еске түсіреді, адамда бас ауруы, ұйқының бұзылуы, көңіл-күйдің төмендеуі, зейіннің шоғырланушылығының төмендеуі байқалады.

5.   Ойынға қатысу біртіндеп жиілеп, жоғары тәуекелділікке талпынумен сиаптталады.

6.   Ойын тілегімен ілесе жүретін қысым жағдайы кезеңдері пайда болады, құмарлық ойынға қатысу жолдарын табудың   мүмкіндіктері  қарастырылады.

7.   Ойынмен қош айтысқысы келгендер аз ғана арандату бола қалған жағдайда, құмарлық ойындарға қатысуды қайта бастайды, яғни  азғыруға қарсы тұрушылықтың төмендеуінің   жылдам қарқындауы  байқалады [4].

Құмарлық ойынға қатысушы адамдар алкогольдік ішімдіктерді жиі қолданады, сонымен бірге есіркелік дәрілерге әуес болып келеді, яғни, аддиктивті мінез-құлықтың  қиыстылған формасы енгізіледі.  Оларға тұлғааралық қатынастардың күрт бұзылуы, отбасылық қақтығыстар, ажырасу, жауапсыздық, еңбек және өндірістік тәртіпсіздік, жиі жұмыс ауыстыру, заңды тікелей бұзу  әдеттегі жәйт.

Білім алу процесінде және оқу орнын тәмәмдағаннан кейін көпшілігінде мамандықты таңдауға және мансапқа байланысты көңіл қалушылық туындайды. Олар өз өмірлеріне қанағаттанбайды, өмірге деген қызығушылықтың жоқтығына, зерігушілікке шағымданады. Отбасылық өмір оңға баспайды немесе отбасын құрған жоқ немесе таңдаған адамы идеалға сәйкес болмағандықтан ажырасып кетті.

Құмарлық ойынға қатысу осы мәселесі бар  достар арасында, оқу орнында басталуы мүмкін. Ойын әдетте аз мөлшерде ішімдіктер ішумен (ойын ойнауға кедергі келтірмейтіндей мастықпен) жүреді. Басында «қызық үшін», содан кейін аздаған ақшаға, кейінен үлкен ұтыс тігулерге, бірақ материалды жағдайға қауіп төндірмейтіндей болады. Біртіндеп бұл стиль әдетке айналады, кешкі ойын фильм көруден, театрға барудан қарағанда, қызықты бола бастайды. Ойынсыз психологиялық вакуум  сезімі, бостық, бір нәрсе жетіспейтіндей көрінеді. өзін бір нәрсемен айналысуға көндіру қиын. Тітіркенушілік пайда болады, «босаңсу» мақсатында ішімдікке жүгінеді [5].

Сонымен, компьютермен айналысу бала үшін пайдалы болғанымен, ұзақ уақыт экран алдында отыру жүйке жүйесіне күш түсіреді, ұйқысы бұзылады, психикалық реакциялар пайда болуы мүмкін, арқасы, мойын еттерінің ауыруы  байқалады. Компьютерлік ойындардағы зорлық-зомбылық көріністері және соның салдарынан пайда болатын агрессивті фантазиялар жеткіншектерге де, қоғамға да қауіп төндіріп тұр.

Жеткіншектер виртуалдық әлемде рұқсат етілетін жауыздық қимыл, іс-әрекеттерді ойынның мақсатына жету үшін қолдануға әдеттеніп,  шынайы өмірде де өз көргендерін іс жүзінде асыруға, бірте-бірте өз мәселелерін шешетін әмбебап құрал ретінде қолдануға болады деген ұстанымның қалыптасу мүмкіндігі бар.

 

    Әдебиеттер:

1.   Арзуманов Ю.Л. "О   медицинских   аспектах   игромании.   Методы   выявления,   реабилитации   и профилактики. Опыт решения проблем игровой зависимости за рубежом" http://www.vesti.ee/avgust02/22/press.htm    

2.   Балғымбаева. З.М., Ахтаева Н.С. Мектептегі  психологиялық  қызмет. Алматы,  2006.

3.   Берн Э. Игры, в которые играют люди и люди, которые играют в игры. М., 1985

4.   Иванов М.С. Психологические аспекты негативного влияния игровой компьютерной зависимости на личность человека // Психологический журнал, 1999. том 20, 1, с 94 - 102.

5.   Кулаков С.А. Диагностика и психотерапия аддиктивного поведения у подростков. – М.: Смысл, 1998. – 195 с.