АЙМАҚТАҒЫ АЗЫҚ-ТҮЛІК
ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Шильманова
Алтынай Мусаевна э.ғ.к.,
Ахметова Клара
Нуртугановна магистрант,
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университеті
Азық-түлік мәселесі – экономикалық,
әлеуметтік және саяси астары бар көпқырлы,
күрделі құбылыс.
«Азық-түлік қауіпсіздігі»
ұғымы 1972-1973 жылдардағы астық дағдарысынан
кейін халықаралық қолданысқа ресми түрде
енгізілген болатын. 1974 жылы
БҰҰ Бас Ассамблеясы Азық-түлік және ауыл
шаруашылығы біріккен ұлттар ұйымының ұсынысы
негізінде «Әлемдегі
азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық
міндеттемелер» мақұлдаған болатын. Ол
құжаттың мәтінінде «Азық-түлік қауіпсіздігі – бәсекелесу қабілеті жоғары
отандық тамақ өнімдерінің кең ассортиментіне
деген тұрғындардың сандық және сапалық
қажеттіліктерін өндіру мен қамтамасыз ету шараларының
жүйесі» делінген [1].
А.А. Кайгородцевтың анықтамасы
бойынша «азық-түлік
қауіпсіздігі - бұл халықтың ең әлсіз, кедей
топтарының міндетті түрде басым болған жағдайда, адамдардың
өмірі мен әрекет істеуге бейімін сақтау және
қолдау үшін қажетті көлем мен сапада тамақ
өнімдерінің табиғи және экономикалық қол
жетімділігінің шарты және азық-түліктің
сыртқы көздерінен мемлекеттің толық тәуелсіздігі
кезінде оның өз өндірісі арқылы барлық
халықтың азық-түліктің негізгі түрлерімен
тұрақты қамтылуы мүмкін болатын экономиканың,
соның ішінде агроөнеркәсіп кешенінің жағдайы».
«Азық-түлікпен қамтамасыз
етілу» халықтың қолында азық-түліктің бар
болуын білдіреді, ал «азық-түлік қауіпсіздігі» сонымен бірге
азық-түлік ұдайы өндірісінің мүмкіндіктерін
қамтиды. Өз кезегінде азық-түлік тәуелсіздігі
азық-түлік қауіпсіздігінің және азық-түлікпен
қамтамасыз етілудің жиынтық көрсеткіші болып табылады.
Азық-түлік қауіпсіздігі
әртүрлі деңгейлерге сәйкес қарастырылады.
Әдеттегідей – бұл дүниежүзілік, ұлттық,
аймақтық және жеке дара (үй шаруашылықтары)
деңгейлері. Әр деңгейінде, сәйкесінше,
азық-түлік қауіпсіздігінің мақсаттары да әртүрлі
болады. Дүниежүзілік деңгейде азық-түлік
қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мақсаты - ашаршылыққа
ұшыраған адамдардың санын төмендету, әсіресе
дамушы мемлекеттерде; ұлттық деңгейінде – импорттың
мүмкін болу көлемі кезінде ішкі азық-түлік
нарығындағы тұрақты жағдайды сақтап
қалу; аймақтық деңгейінде – халықтың
қалыпты тіршілік қызметін қамтамасыз ететін тамақ
өнімдеріне қажеттіліктерін қанағаттандыру; үй
шаруашылықтарының деңгейінде – халықтың
қолында бар табыстарына сәйкес тамаққа деген қажеттіліктерінің
нақты қанағаттандырылуы [2].
Осы орайда,
Қызылорда облысы тұрғындарының азық-түлікпен
қамтамасыз етілуіне тоқталсақ.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік
өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру
мақсатында облыста 2014 жылы 1 жұмыс тобы, 1
тұрақтандыру қорын басқару комиссиясы және 1 штаб
құрылды. Бұл жұмыс топтарының жұмыс
органы - облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы -
күнделікті азық-түлік тауарларының бағасына
мониторинг жүргізуде. Қызылорда қаласының және
барлық аудандардағы ірі жабдықтаушылар мен өнім
өндірушілер арасында негізгі азық-түлік тауарларын 5-10
пайыздық үстемеден асырмай сату жөнінде 46 меморандумға
қол қойылған. Облыста 1-сұрыпты нан, 1-сұрыпты
бидай ұнының бағасын тұрақтандыру
мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Азық-түлік
келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ, «Астық Транс» АҚ
және Қызылорда облысының әкімдігі арасында қол
қойылған меморандумға сәйкес Қызылорда облысына
әлеуметтік нанның бағасын бір қалыпты жағдайда
ұстап қалуға мүмкіндік бар.
Облыстық ауылшаруашылығы
басқармасының мәліметіне сүйенсек, егін
қорытындысы бойынша 86 932 гектар дәнді дақылдар
ораққа түсіп, одан 451,2 мың тонна астық
өнімі алынды. Негізгі дақыл күріштен 439,8 мың тонна
күріш салысы жиналып, күріштің әр гектарынан 54,9 ц
өнім алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда
жиналған күріш көлемі 3,8 мың гектарға кем
болғанына қарамастан, жалпы өнім 16,2 мың тоннаға
артық. Сонымен қатар, әртараптандыру бағытындағы
майлы дақылдардан 5 003 тонна өнім жиналды, 4 755 га картоп, 4 992
га көкөніс және 7 196 га бақша дақылдары жиналып,
73 038 тонна картоп (2015 жылы - 61552 тонна), 96 732 тонна көкөніс
(2015 жылы - 84814 тонна) және 151 514 тонна бақша өнімдері
(2015 жылы - 130270 тонна) жиналды. Сондай-ақ, шаруа
қожалықтарын қоса алғанда барлық
агроөнеркәсіп құрылымдарында өндірілген ет,
сүт өнімдерінде өсу динамикасы байқалады. Есепті
кезеңде ауыл шаруашылық құрылымдарында ет өндіру
3,7 мың тоннаны құрап, 37,0 пайызға көбейді. Ауыл
шаруашылығы құрылымдарындағы сүт өндіру 9,0
мың тоннаны құрап, 2,8 пайызға артты.
Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік
тауарларының бағаларын тұрақтандыру және
нарықты өнімдермен молайту мақсатында өңірлік
тұрақтандыру қорының жұмысы жалғасын
табуда. Бүгінгі күнге тұрақтандыру қорында 2
564,4 тонна өнім (өсімдік майы-2,9 тн, қант - 161,3 тн, шай -
0,1 тн, күріш - 578,9 тн., ұн - 716,52 тн, картоп-618 тн, жуа-200
тн, сәбіз-150 тн, құс еті-74,8, макарон-62 тонна,)
сақталып, 13 әлеуметтік-сауда дүкендері және
«Әл-Асад» сауда үйімен жаңадан жасалған
әріптестік келісім негізінде қала мен аудандарда орналасқан
17 сауда орындары арқылы сатылып жатыр. Облыста азық-түлік
тапшылығын болдырмай, нарықты молайту мақсатында «Мирас»
сауда үйімен жасалған әріптестік келісім негізінде 2015 жылы
17 792 тонна өнім сатылған болса, 2016 жылы 12 758,0 тонна
өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен
бағада сатылды. Әріптестік келісімнің нәтижесі оң
әсерін бергендіктен, ӘКК тарапынан 20 млн. теңге
қосымша қаражат бөлініп, келісім 2019 жылға дейін
ұзартылды. Жыл басынан Қызылорда қаласы мен аудан
орталықтарында 30 жәрмеңке өткізіліп, 332,3 млн.
теңгенің 3 458,6 тонна өнімдері нарықтан 10-15 пайыз
төмен бағада сатылды [3].
Келтірілген мәлеметтер Қызылорда облысы
тұрғындарының негізгі деген азық-түлік
өнімдерімен қамтамасыз етілуі және бағасы жағынан
қолжетімді болуы қанағаттанарлық деңгейде екенін
білдіреді.
Ауыл шаруашылығы
министрлігінің мәліметтеріне жүгінсек, еліміз ет пен
сүттің, көкөністің 25 пайыздан артық
мөлшерін сырттан алады. Азық-түлік тапшылығы
белең алмас үшін азық-түлік қауіпсіздігін
қамтамасыз етуде, отандық өнімдердің саны мен сапасын
арттырудың орны ерекше. Ғалымдардың зерттеулері бойынша,
азық-түліктің 25 пайызы сырттан алынса, оған
бақылау жасау қиындап, қауіпсіздігінен айырылады. Ұлттық
азық-түлік қауіпсіздігін бақылауда ұстау
үшін өндірілетін өнім көлемі 80 пайыздық межені
бағындыруы керек. Азық-түлік мәселесі
ушыққан елді мекендерде саяси-әлеуметтік
тұрақтылықтың орнамайтыны да аян. Сондықтан
мүмкіндігінше аграрлық аймақтардың өндірістік
әлеуетін арттыратындай шаралар жергілікті жерде шешімін тауып және үкімет
тарапынан қолдау көрсе, азық-түлік қауіпсіздігіне
облыс және жалпы республика деңгейінде төнетін қатер
мөлшерін анықтап, бақылауда ұстау мүмкін болады.
Әдебиеттер:
1. Койгородцев
А.А. Экономическая и продовольственная безопасность Казахстана. Вопросы теории,
методологии, практики: Монография. – Усть-Каменогоск: Медиа-Альянс, 2006. – 384
с.
2. Молдашева А.Б.
Азық-түлік қауіпсіздігі: бағалау, болжамдау және
оны қамтамасыз ету механизмі. Афтореферат. Алматы, 2010.
3. http: // inform.kz
Азық-түлік қауіпсіздігінің алдын
алу шаралары оң нәтиже беруде - Қызылорда облысы. 2014 ж.