Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы сабақтың тиімділігін арттыру

 

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Шыниева Роза Туребековна

«Кеңес орта мектебінің тарих мұғалімі

Оразалиева Кенжетай Қырғызәліқызы

      

         «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, Ел басы атап көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор.

          Қазіргі білім берудің басты мақсаты да  жан-жақты дамыған, рухани бай жеке тұлға  қалыптастыру  болып  табылады.Сондықтан  заман  талабына сай оқыту үрдісін жетілдіре  отырып, қоғам сұранысына сай жеке тұлға қалыптастыру мәселесі  бойынша оқушыларға ақпараттық- коммуникациялық технологияларды сабақта көптеп  қолдану  тиімділігі артып  отыр.

Заманауи ақпараттық технология құралдары арқылы оқушыларға көмектің белгілі бір түрін ұсынып, оқу пәндерінің материалдарын, тапсырмаларын иллюстрациямен, графикамен және т.б. қамтамасыз етіп, оқушыларға белгілі бір ойын жағдайына жұмылдыра отырып, оқу әрекетін басқаруды айтарлықтай өзгертуге жағдай жасайды.

Жаңа ақпараттық технологияның негізгі ерекшелігі – бұл оқушыларға өз бетімен немесе бірлескен түрде шығармашылық жұмыспен шұғылдануға, ізденуге, өз жұмысының нәтижесін көріп, өз-өзіне сын көзбен қарауына және жеткен жетістігінен ләззат алуға мүмкіндік береді. Ол үшін мұғалім өткізетін сабағының түрін дұрыс таңдай білуі қажет.

Жаңа ақпараттық технологияның басты тиімділігі – бұл мұғалімге тарих сабақтарындағы оқу үрдісін түбегейлі өзгертуге, оқытудағы пәнаралық байланысты күшейте отырып, оқушылардың дүниетанымдарын кеңейтуге және қабілеттерін көре біліп, оны дамытуға толық жағдай жасауы.

Тарих пәнін оқытуда да ақпараттық технологияларды қолданудың мүмкіндіктері өте мол. Тарих сабағында логикалық жүйеге құрылған бағдарламаларды пайдалану арқылы өтілген тақырыптардан қайталау, пысықтау, мәтінді оқыту барысында талдау сияқты тапсырмаларды орындатуға болады.  

        Сабақтарда видеоны қолдану мен презентацияларды демонстрациялау оқу құралы ретінде қиялды, абстрактілі ойлауды, оқытылатын оқу материалына және пәнге қызығушылықты арттырады. Презентациялар бір жағынан оқушыларға жаңа материалды (иллюстрация, фотосуреттер, бейнелік, дидактикалық материалдар, т.с.с.) көрнекті түрде көрсету құралы болса, екінші жағынан, мұғалімдерге осы материалдарды және оны қолдану арқылы сабақты меңгерту процесін жеңілдетеді. Оқушылардың ақпаратты теледидар, компьютер және т. б. техникалық құралдардың көмегімен жақсы қабылдайтынын жақсы білеміз.

         Алдын-ала дайындалған оқу материалдары – презентациялар, мәтіндік, графикалық ақпараттық объектілер – сабақтың жақсы өтуін және барлық ақпарат түрлерін қолдануды қамтамасыз етеді. Интерактивтік электрондық тақтаны қолдану жаңа технологияларды пайдалану жолымен білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді.

       «Қанша білсең, ізден тағы, тағы да, білікті адам жетер тілек, бағына» деген ғұлама Баласағұнның сөздері менің өмірлік қағидам. Ұлы педагог Ушинский: «Мұғалім білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, іздеуді тоқтатса, мұғалімдігі де жойылады» деген болатын. Сондықтан әрбір мұғалім күнделікті сабағына өмір талабына сай дайындалып ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалануы тиіс. 

         Жаңа ақпараттық технологияларды сабақта қолдану келесі нәтижелерге жеткізеді:

1. Оқушыларға еркін ойлауға мүмкіндік береді;
2. Тіл байлығын дамытады;
3. Өз ойын жеткізуге, жан-жақты ізденуге үйретеді;
4. Шығармашылық белсенділігін арттырып, ұжымда бірігіп жұмыс істеуге тәрбиелейді.
5. Өз бетімен білім алатын, ақпараттық технологияларды жақсы меңгерген, білімді жеке тұлғаны қалыптастырады.

         Ақпараттық  технологияны оқу тәрбие үрдісіндегі қолдану оқушының өз мамандығына қызығушылығын арттырып, шығармашылық шабытын шыңдап, ғылыми көзқарасын қалыптастырып, мамандық сапасын арттырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда үлесі мол.

       Сонымен қатар, заманауи ақпараттық технология құралдарымен жұмыс істеу оқушыларды ұқыптылыққа, нақтылыққа, берілген тапсырмалардың нәтижелі орындалуына, басты мәселеге назар аудара білуге баулиды, сондай- ақ, ақпараттық технология құралдарымен жұмыс істеу барысында оқушылардың өзінің жеке іс-әрекетін дұрыс жоспарлауға, дұрыс шешім қабылдай алуға тәрбиелейді.

       Қорыта  айтқанда,  ақпараттық технологияларды  сабақта  қолдану -  бұл оның нәтижелігіне  қолайлы  жағдайды  жасаудың бірден-бір  жолы, ал ол өз кезегінде  бірлесе  жұмыс  жасауға, адами  қарым-қатынастарға  себепкер болады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. А. Иманбаева, Оқу-тәрбие үрдісін ақпараттандыру ділгірлігі. Қазақстан мектебі, №2, 2000

2. Шардарбекова Д.Н. Білім берудің жаңа технологиялары.А: Қазақстан мектебі № 9.

3. Бұзаубақова К.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Тараз, 2003.