К.Н. Сейтхазина, С.А. Елюбаева.

 

Қарағанды қаласы, КГКП № 63 «Мөлдір» балабақшасының тәрбиешілері

 

Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық тәрбие беру маңыздылығы

 

 

«Баланы табиғатпен жастай таныстыра дамыту, оның өзіндік логикалық ойлауын, сөздік қорын, санасының жетілуіне әсері мол»- деп К.Д. Ушинский айтқандай қазіргі таңда экологиялық тәрбие мәселесі балабақшадан бастау алуда.

Табиғат адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі. Сол сұлулықты, әсемдікті жоғалтпай қастерлеуіміз керек.

Бұл жайында халқымыздың қалдырған тағылымдық, тәрбиелік мәні зор:

«Атаңнан мал қалғанша,тал қалсын», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» тағы да басқа ұлағатты сөздері, табиғатқа сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақтағанда, адамзат баласы үшін табиғат кең сарай, мәңгі тозбас құтты қоныс болады.

Баланы өз туған өлкесінің табиғатын сүюге, оны аялай білуге, қорғауға қызығушылығын арттырып, жауапкершілігін күшейтуге, табиғатпен бірге өмір сүретінін сезінуге үйрету мақсат.

Соған байланысты балабақшадағы экологиялық тәрбие жұмысы, тәрбиенің негізгі салалары болып есептелетін адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиелерінің желісінде және халықтық педагогиканың қайнар бұлағын пайдалана отырып жүргізсе, айналадағы орта, табиғат жайындағы жалпылама ұғымдар нақтыланып, қалыптаса берер еді[1].

Экологиялық тәрбиенің психологиялық аспектілеріне орай бала табиғатқа жанашырлық, қамқорлық және еңбекқорлық, белсенділік, ұқыптылық сияқты дағдыны меңгереді. Экологиялық тәрбие тақырыбына сай іріктеліп, бала жасына лайықтап алунуы тиіс, мұндай шығармаларды тәрбиешінің қарапайым тілмен жеткізе білуі баланың табиғатқа деген жауапкершілік қарым-қатынасын арттырып, әрекет түрлерін меңгеруге мүмкіндік береді. Оқу жоспарында экологиялық тәрбие жұмысын аптасына бір рет, айналамен таныстыруды бір рет өткізілу көзделген.

“Ағаштың жемісін жеймін десең, түбіне балта шаппа…” - деген екен. Жас бала тамылжыған табиғатқа, әсем әуенге, айналадағы әсемдікке қызығады, содан әсерленеді, көркемдікті түсініп, оның мәнін, әсемдікті танып, талғауды үйренеді. Өлі және тірі табиғат нысандарына деген қызығушылық өте ерте жастан қалыптаса бастайды. Балалар бәрін байқайды: орман алқабындағы еңбекшіл құмырсқалар илеуін қалың шөптегі кіп-кішкентай өрмекшіні, ағаш басындағы ұяларды т.б.

Балалардың көңілін табиғаттағы маусымдық өзгерістер, түстердің ашықтығы, әр түрлі дыбыстар, иістер тартады. Олар өздеріне жаңа әлем ашады: барлығын қолмен ұстап қарауға, иіскеуге, егер жағдай болса дәмін көруге тырысады.

Балалармен жұмыс істеу барысында сабақ өтілетін бөлме ғана емес, сонымен қатар мекеме орналасқан ғимарат та әсем болуы керек. Егер балалар сұлулықты өмірден өз көздерімен көре отырып, оның өмірімен байланысын сезіне білсе, онда олар сұлулықтың бар екеніне сенеді.

Балаларды табиғатқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу барысында оларды сұлулықты көріп қана қоймай, сол сұлулық жолында еңбектене білуге үйретудің маңызы зор[2].

Балаларды үй жануарлары, құстар, балықтар, гүлдер, аңдар, жәндіктер, жеміс – көкөністермен таныстырып болған соң, “Қайсысы артық, неге?”, “Не өзгерді?”, “Дәмінен айыр?”, “Даусынан айыр” т. б. ойындар ойналады. “Егерде мен үлкен болсам” ойыны балаларды шығармашылыққа, жауаптылыққа үйретеді, табиғатты қорғауға тәрбиелейді.

Біз табиғи факторлар - су, ауа, күнді қолдана отырып экологиялық тәрбие мәселелерін шешеміз. Балаларды өсімдіктер және жануарлар әлемімен таныстыру арқылы, оларды күтіп баптаудың жолдарын үйрете отырып, оларды аялай білуге тәрбиелейміз. Мектепке дейінгі экологиялық оқыту, тәрбиелеу үрдісін ойын арқылы дамытамыз.

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде дамытушы ойындар мен сөздік ойындардың маңызы өте зор. Олар байланыстырып сөйлеу мен есте сақтауды, ойлауды дамытады. К.Ушинский бұл жөнінде былай деген: “Егерде педагог бір нәрсені баланың есінде қалдыруды көздейтін болса, ол сабақта көзбен көру, дыбыс органымен айту, қолымен ұстау және сезім мүшелерін қолдануы керек”.

Қорытындылай келе:

1. Балалардың дамуында экологиялық тәрбиенің   маңызы зор.  Балалардың барлық іс-әрекеті, ақыл-ойы осы айнала қоршаған ортамен тығыз байланыста және экологиялық тәрбие  балабақшамен шектелмейді, мектепте осы білімдерін одан әрі өрбітіп, байытады.

2. Экологиялық саяхаттар, серуендер, ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттердің барлығы ойындар арқылы дамиды, түйсікте  сақталады. Бала алған білімді көру, ұстап қарау арқылы тез қабылдайды. Балалармен өткізген ойындар көп жетістіктерге жеткізеді.

Адам баласы Табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең ұлы қамқоршысы да екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Оқу-тәрбие процесіндегі экологиялық сабақтастықтың ғылыми-теориялық негіздері. Монография. ТКО «Зерде» баспасы. –Алматы, 2005.-181 б.

2. Табиғатты бағала да аяла. (Баланы мектепке дайындау сыныбы мен топтарында экологиялық тәрбие беруге арналған көмекші құрал). –Алматы: «Зерде» баспасы, 2001. -72 б.