ИНТОЛЕРАТТЫҚ ҰҒЫМЫ: МӘНІ МЕН МАЗМҰНЫ

 

Мадалиева Ж.Қ.- философия ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ жалпыуниверситеттік саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының доценті

 

Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызды құбылыс ретінде толеранттылық мәселесі қоғамдық ғылымдардың әр түрлі бағыттарының назарын өзіне аудартып отыр. Бұл қыбылысты дінтанушылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, конфликтология бойынша мамандар, әлеуметтік және мінез-құлық психологтары, криминологтар, теологтар, философтар, заңгерлер және басқа мамандар зерттеуде. Сонымен қатар, толеранттылыққа тікелей қатысты құбылыс – интолеранттықты зерттеусіз бұл мәселе жеткілікті деңгейде сараланды деуге болмайды. Сондықтан толеранттылықтың мәні мен шекараларын түсіну үшін интолеранттылықтың формалары мен көрініс табуын талдау қажет.

Интолераттылыққа байланысты әртүрлі көзқарастар қалыптасқан.  Бір жағынан оны толеранттылыққа қарама-қарсы құбылыс деп таныса, екінші жағынан оны толеранттылықтың баламасы ретінде қарастырады. Мысалы, В.Ф. Федоров интолеранттылықты «толеранттылықтың болмауы немесе жеткіліксіздігі, тәрбиелеуді және дағдыландыруды қажет ететін тұлғаның қандайда бір жағымды қасиетінің жеткіліксіздігі» [1] ретінде түсіндіреді. Алайда бұл көзқарас педагогикалық және психологиялық ғылымдар үшін нақты болып табылады.

Интолеранттылық (латын тілінде intolerantia —шыдамау,  төзбеу) әлеуметтік және мәдени феномен ретінде күрделі және әртекті құбылыс болып табылады. Егер «толеранттылық» тұлғаның белсенді өнегелік ұстанымы және адамның өзге мәдениет өкілі болып табылатын, басқа көзқарасты, ұстанымды  басшылыққа алатын адамдармен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға дайын болуын білдірсе, интолеранттылықтың негізінде тұлғаның өзгені қабылдамауы, басқа мәдениет өкіліне, өзге көзқарастағы, өзге сенімдегі адамдарға төзімсіздікпен қарау тұрады. Интолеранттылық өзіміздікі, біздікі – дұрыс, жақсы, ойға қонымды, ал өзгенікі – қате, дұрыс емес деген түсінікке негізделеді.  Одан басқаларға, «біздікілер еместерге» қарсы күш қолдану, оларды адам қатарында санамау, қорлау секілді іс-әрекеттерге жол беріледі. Іс жүзінде интолеранттылық дегеніміз – «өзгені» оның өзгеше сырт келбеті, ойы, іс-әрекеті үшін қабылдамау, «өзгенің» бар болу құқығын жоққа шығару. Эмпирикалық деңгейде интолеранттылық  - өзгеге үстемдік ету мен оны  жоюға бастайтын басым болу әдісі. Оның ең шеткі түрі күш көрсету, қатыгездік көрсету арқылы қоршаған ортаға үстемдік ету болып табылады.  Қоршаған орта ретінде табиғатты, жеке адамдарды, адамдар қауымдастығын, қандай да бір мемлекетті қарастыруға болады.

Интолеранттылықтың көрініс табу деңгейлері әртүрлі боуы мүмкін. А.Н.Иоффе интолеранттылықтың төмендегідей деңгейлерін қарастыруды ұсынады:

1.     Тұлғалық деңгей: көрсеқызарлық, қызғаныш, агрессия.

2.     Психологиялық деңгей: бәсекелестік, жатсыну, жек көру.

3.     Әлеуметтік деңгей: кемсітушілік, ксенофобия, сексизм, экоцид.

4.     Этикалық деңгей: этноцентризм, сегрегация, апартеид, шовинизм, ұлтшылдық,  нәсілшілдік, геноцид, антисемитизм.

5.     Идеологиялық деңгей: фундаментализм, фанатизм, экстремизм, идеологизация немесе индоктринизация.

6.     Мемлекеттік деңгей: жауды іздестіру, тоталитаризм, милитаризм.

7.     Халықаралық деңгей: империализм, лаңкестік, соғыс [2].

Психологтар мен әлеуметтанушылар күш қолданудың барлық формалары негізінде девиантты тәлім-тәртіп тұрғанын дәлелдеген. Ал агрессияға себеп табылса, ол мақсаты мен мәні бар жеке немесе ұжымдық іс-әрекетке айналады.

Дегенмен, қоғамдағы әлеуметтік-саяси жағдайға әсері жағынан алғанда интолеранттылықтың  барлық түрлерінің маңызы бірдей емес.

Көптеген зерттеушілер төзімсіздік деңгейі (қарапайымнан күрделіге дейін) мен тигізетін зиянына байланысты интолеранттылықты төмендегідей жіктейді:

- кемсіту, қорлау, жақтырмау, төменсіну;

- ескермеу (мойындаудан, сөйлесуден бас тарту);

- жағымсыз стереотиптер, қате түсініктер, жалған наным-сенімдер (басқа мәдениет өкілі болып табылатын, өзге жыныс, нәсіл, этикалық топқа жататын адамдар туралы пікір, көбінесе теріс сипаттағы пікір);

- этноцентризм (эталон ретінде қабылдайтын және басқа топтармен салыстырғанда ең үздік деп танитын өз тобының құндылықтары мен дәстүрлері тұрғысынан өмірлік құбылыстарды түсіну және бағалау);

- жауды іздестіру (қандай да бір топты бақытсыздық, қиындықтар мен әлеуметтік қайшылықтар үшін кінәлі деп тану);

- қудалау, қысым көрсету, қорқыту, қоқа-лоқы көрсету;

- жыныстық, сексуальдық бағдар  және басқа өзгешеліктер  негізінде кемсітушілік (әлеуметтік игіліктерден айыру, адам құқығын жоққа шығару, қоғамда оқшаулау);

- діни және мәдени символдарды  қорлау;

-  діни қуғындау (белгілі бір сенімді, оның құндылықтар мен рәсімдерді орнықтыру);

- расизм (бір нәсіл екінші нәсілден артық деген түсінік негізінде белгілі бір нәсіл өкілдерін кемсіту);

-  этнофобия (антисемитизм, кавказофобия және т.б.), діни фобия, мигрантофобия (өзге мәдениеттің, топтың өкілдерін ұнатпау, «бөтендер» қоғамға зиянды деген сенім, «бөтендерді» қудалау);

- ұлтшылдық (өз ұлтының өзге ұлттардан артық екені туралы  түсінік, сондықтан өз ұлтының құқықтары да артық);

- фашизм (күш көрсетудің ең шеткі формалары мен жаппай террор тән реакциялық,  антидемократиялық режим);

- империализм (байлықтары мен ресурстарын бақылау мақсатында бір халықтың басқа халықтарды бағындыруы);

-эксплуатация (әділетті ақы төлеусіз өзгенің уақыты мен еңбегін пайдалану, ресурстар мен табиғи байлықты санасыз пайдалану);

-  қуғындау (ресми немесе күш қолдану арқылы);

- сегрегация, апартеидпен қоса (әртүрлі нәсілге, жынысқа жататтын және әртүрлі дінді ұстанатын адамдарды мәжбүрлі түрде бөлу, көбінесе бір топтың мүддесіне нұқсан  келтіру арқылы);

- репрессиялар (күш қолдану арқылы адамның өз құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігінен айыру),  жою және геноцид (қамауда ұстау, жоқ қылып жіберу, өлтіру) [3].

Бұл тізімге төзімсіздік пен күш қолданудың жаппай түрі болып табылатын экстремизм, лаңкестік пен соғысты қосуға болады.

Адамзат тарихына көз салатын болсақ,  соғыссыз өткен кезеңдердің өте аз екенін байқаймыз. Соғыстар әртүрлі халықтардың, ұлттардың, әлеуметтік топтардың арасындағы келіспеушіліктер мен қайшылықтарды шешудің бірден бір жолы болды. Алайда ең қантөгіс, қырғын соғыс ХХ ғасырдың еншісіне тиді. ХХ ғасыр соғыспен басталып, соғыспен жалғасты деуге болады. Тіпті ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында ірілі-ұсақты қарулы қақтығыстар әлемнің түпкір-түпкірінде орын алған болатын.

Соғыстың басты белгілері мынандай:

-   жаудың болуы;

-   қару-жарақ және армия;

-   жауды жою туралы бұйрықты орындауға дайын қоғам;

-   билікке тек күш қолдану арқылы жетуге болады деген сенім;

-   ақпаратқа бақылау орнату (құпиялық,  насихаттау).

Бір ескеретіні интолеранттылық бір мезгілде барлық белгілері бар болғанда ғана соғыс болып есептелінеді. Дэвид Адаме: «Егер бір нәрсе болмаса, соғыс мүмкін емес болады. Жау жоқ, соғыс жоқ. Армия мен қару-жарақ жоқ, соғыс мүмкін болмайды. Ақпаратты бақылау болмаса, соғыс болмайды.  Егер адамдар бұйрықтарды орындамайтын болса, егер олар билікті тек күш қолданудың көмегімен ұстап тұруға болатынына сенбесе, соғыс  болмайды»,- деген дұрыс пікір білдірген [4].

Соғыстың болуының осы қажетті жағдайларына тағы үш элементті қосуға болады:

- әскери басым түсу нәтижесінде немесе әскери-өнеркәсіптік кешен  арқылы пайда табу;

- ер адамдардың басым болуы;

- әскери білім беру.

Әлеуметтік-саяси мәселелерді шешудің күш қолданатын әдістері – террор, соғыс тактикалық сипатта болады. Ал адамдар қауымдастығының менталдық үйлесімсіздігінің бастаулары стратегиялық болып табылады. Тек осы негізде ғана қарсы тұру үдерістерінің алдын алу және әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтаудың тиімді тәсілдерін табуға болады. Осыған орай интолеранттылықтың екі – заңнамалық және әлеуметтік (заңды негізі жоқ қоғамдық айыптау)  деңгейде көрініс табатынын ескеру өте маңызды. 

Интолеранттылықтың табиғатын көптеген зерттеушілер сараптаған. ХХ ғасыр философиясының феноменология бағыты өкілдері интолеранттылық ретінде өз білім жүйесін, өмірлік тәжірибесін абсолюттендіру мен оны басқа «дұрыс емес» деп деп танылатын барлық дүниетанымдық айқындамаларға қарсы қоюды қарастырады.  Психоанализ саласында 3. Фрейд интолеранттылықты адам табиғатынан туындайтын «рахаттану ұстанымы»  мен «шынайылық ұстанымының» арасындағы, бір мезгілде адам сезінетін физиологиялық құштарлық пен мәдениет және басқалармен бірлесе өмір сүру нормаларына мәжбүрлі түрде бейімделу арасындағы тұрақты және қарама-қайшылықты күрестің салдары деп түсіндіреді.  Неофрейдист Э. Фромм интолеранттылықты тұлғаның сыртқы әлемге деген «өнімсіз» бағдарларының нәтижесі, өзгелерді жек көру сезімінде көрініс табатын өзін жақсы көру сезімінің жеткіліксіздігі деп түсіндіреді. Американдық әлеуметтанушы П. Сорокина объективті тарихи және субъективті адамға тәуелді себептерге байланысты қалыптасатын  мейрімділіктің тапшылығын интолеранттылық  ретінде қарастырады.

«Әлемді зерттеу» мектебінің негізін қалаушы, норвегиялық конфликтолог Й. Галтунгтың пікірінше, әлеуметтік шиеленісушілік пен әлеуметтік-саяси топтар арасындағы қарсылықтың басты себебі ресурстар мен өмірлік мүмкіндіктерді дұрыс бөлмеу. Алайда интолеранттылықтың барлық формаларының бастауында тек «өзінікі» ғана «дұрыс» және әрдайым «үздік» деген сенім жатыр. Өзінің ең соңғы шектеріне жеткенде ол әлеуметтік нарциссизмде, яғни өзін ғана жақсы көру және өзінің ерекше екеніне сенімді болуда көрініс табады. Ресейлік ғалым С.А.Эфировтың ойынша, «Әлеуметтік және ұлттық нарциссизмнің феномені радикалдық режимдер, топтар мен қозғалыстарға, ұйымдарға тән. Бұл олардың өзіндік санасының анықтаушы элементі: олар өздерін жоғары қоғамдық форма деп есептейді және осы сапада өздеріне сүйсінеді. Олар  өз тобын, халықты немесе тіпті барлық адамзатты «құтқарудың», олардың бақытқа қол жеткізуі мен өркендеуінің «абсолютті», айрықша рецептіне иеміз деп сенеді» [5].

Нарциссизмнің екінші жағы – «өзгелерді» жек көру, ұнатпау және агрессия. Э. Фромм топтық нарциссизмді топаралық өшпенділікпен, өз тобының сипатын, қадір-қасиетін дәріптеу және өзгенің бейнесін төмендетумен байланыстырады. «Өз тобы адамның ар-ожданын, құқығы мен әл-ауқатын қорғаушы ретінде қарастырылады. Басқа болса, қарғысқа ұшырайды, оған алдау мен негізсіздіктен бастап, қатігездік пен рақымсыздыққа дейінгі  барлық кінәлар тағылады... Топтық нарциссизм адамға тән агрессияның басты себептерінің бірі болып табылады» [6].

Этикалық жағынан алғанда  толеранттылықпен салыстырғанда қоғамдық санада интолеранттылыққа орын жоқ.  Алайда конфликтологияда «мораль тұрғысынан негізделген күш қолдану» деген дәстүр қалыптасқан. Бұл тұрғыда біздікілер мәдениет пен адамзат құндылықтарын ұстанушылар, ал өзгелер – жабайылар, тағылар, хайуан тәрізді адам еместер.

Артур Шопенгауэр  де  толеранттылықтың немесе интолеранттылықтың  себептері тұлғаның құндылықты ұстанымдарына байланысты туындайды деп есептеген. Адамның іс-әрекетінің белгілі негізгі себептері бар: тек өз пайдасын ойлайтын эгоизм, өзгенің қайғыға душар болуын тілейтін ашу-ыза, өзгеге жақсылық тілейтін, мәрттік пен кең пейілділікке дейін баратын  аяушылық, рақымдылық. Мораль тұрғысынан алғанда бірінші себеп  бойынша адамның іс-әрекеті  немқұрайлы сипат алады, екінші себеп оны зиянды етеді, тек үшінші себеп қана оған оң сипат береді. Жалпы шынайы, жалпыадамзаттық моральсыз адамдардың өзара қарым-қатынасында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, қақтығыстарды болдырмау мүмкін емес.

Интолеранттылық тұлғаның еркіндігіне, құқықтары мен ар-ожданына нақты қауіп төнген кезде пайда болады.  Сондықтан қоғам қаншалықты алдыңғы қатарлы,  демократиялық ұстанымдар толығымен орныққан болса,  интолеранттық құбылыстар соншалықты аз болмақ.

 

1       Федоров В.Ф. Интолерантность как существенный фактор этнорелигиозных конфликтов и пути её преодоления // Толерантность и интолерантность в современном обществе: материалы международной научно- практической конференции / под ред. И.Л. Первовой, Санкт-Петербург, 27-29 апреля 2005 г. - СПб.: СПбГУ, 2005. - С. 216.

2       Иоффе А.Н. Многообразие понимания толерантности: учебно- методические материалы по курсу «Права человека» / под ред. Е.Н. Рахмано­вой. - М.: ИД «Камерон», 2004. – С.18-23.

3       Солдатова Г.У., Шайгерова Л.А., Шарова О.Д. Тренинг «Учимся толерантности» // На пути к толерантному сознанию / отв. ред. А.Г. Асмолов. - М.: Смысл, 2000. - С. 183-184.

4       Адаме Д. От культуры войны к культуре мира // Толерантность - основа взаимопонимания: сб. материалов / сост. Т.Ф. Дьякова. - М.: Моск. центр культуры мира и толерантности, МГПУ, 2004. - С. 111-112.

5       Эфиров С.А. Толерантность и интолерантность в современном мире: концептуальные границы // Толерантность против ксенофобий / под ред. И.     Мукомеля и Э.А. Паина. - М.: Институт социологии РАН, 2005. - С. 16.

6       Фромм Э. Анатомия человеческой деструктивности. - М.: Республика, 1994.-С.253