Салтанат  Беисетаева

Абай атындағы ҚазҰПУ, 2 курс магистранты

 

ТЫҢ ЖӘНЕ ТЫҢАЙҒАН ЖЕРЛЕРДІ ИГЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫНАН 

Елбасымыз – Н.Ә. Назарбаев Халыққа жолдауында көрсеткендей әлемдегі бәсекелестік қабілеті бойынша алдыңғы отыз елдің қатарына кіру мақсаты. Дүниежүзілік тарихи дамумен байланысы бар Қазақстанның өткен тарихын жан-жақты үйрену мен зерттеудің қажеттілігін көрсетіп отыр. Кеңес дәуірінде дәріптелініп, ал тарихнамасы әкімшілік-әміршілдік саясат салдарынан тарихи жағдайлар мен әлеуметтік жайларды теріс түсіндіріп, ақиқатты айтпай, қисынсыз теория мен тұжырымдарға жол берді. Тарихи процестерді шындыққа жанаспайтын партиялық таптық тұрғыдан көрсету, оны маркстік-лениндік әдістеме негізінде түсіндіру осы жүйенің заңы мен тәртібіне саналды. Осының нәтижесінде Қазақстан тарихында көптеген «ақтаңдақтар» пайда болды. Солардың бірі – тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны.

Қазipгi инновациялы экономикаға көшу, осыған байланысты аграрлық кластерді дамыту процесi қазақ халқының 1920-1930 жж. қоғамдандыру, жаппай ұжымдастыру қacipeттi cүpгiнiнің оңай түспегенін ескертуі қажет. Қазақ жерінің ең шұрайлысы, суының ең мөлдірі патша үкіметінің отаршыл саясатының екпінді жалғасы болған «тыңды бағындыру» сергелдеңінің нәтижесінде кімнің қолында қалды? Керісінше, жергілікті халыктың басым көпшілігі шөл далада орналасты, оның ішінде артта қалған 70 селолық аудан бар. Өткендегі кемшіліктерді қайталамау үшiн Қазақстанның табиғи байлығын неғұрлым тиімділікпен пайдалану көзделген қaзipгi кезеңде тарихымызға әділ баға беру аса қажет. Биыл тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының басталғанына 60 жыл болып отыр. Тың және тыңайған жерлерді игеру шараларын жүргізу патшалы Ресей кезінен көзделген болатын. Ұлы Отан соғысы басталар алдындағы жылдары Қазақстанның Оңтүстігіндегі Мырзашөлді игеру шарасы да тың және тыңайған жерлерді игеру шарасы аясында жүргізілді. 1950 жж. кеңес үкіметінің арнайы қаулылары Қазақстан мен Сібірді Тың және тыңайған жерлерді игеру кең ауқымда жүзеге асырылды. 1954 жылы Қазақстанның солтүстік аудандарындағы игерілмеген жерлерге қатысты саясат тың және тыңайған жерлерді игеру шаралары басталып та кетті.

Елуінші, алпысыншы жылдардағы жел эрозиясының етек алуы eгін шығымдылығын да күрт кемітті: 1954-1958 жж. әр гектардан 11,4 центнерден болса, 1959-1963 жж. 6,1 центнерден астық бастырылды. Осыған орай арамшөптерді химикаттармен отау және егістікке тыңайтқыштар себу жұмыстары қолға алынды. Егер 1960 ж. Солтүстік Қазақстанның шаруашылықтарында 5,8 мың тонна минералдық тыңайтқыштар пайдаланылса, 1969 жылы 247,7 мың тонна немесе 44 есе көп минералдық тыңайтқыш бөлінді [2,43].

 Мәселенің ең бастысы – адамдарға қатысты. Осы кезде «бәpi де адам үшін» деген ұран көтерілді. Алайда тыңға шабуылды бастаған еліміздің және республиканың басшылары халыктың мүддесін назардан тыс қалдырды. Алды-арты ойластырылмаған тың майданы бұқараның, әcipece жергілікті тұрғындардың өміріне, тұрмысына қиындықтар туғызды, республика бойынша 25,4 миллион гектар жердің жыртылуы жайылымдыктың шұғыл азаюына, жеке меншіктегі малдарды өсіруді тежеуге әкеліп соқты. Мысалы ұсақ мал өсу қарқыны шаруашылыктың барлық категориясында үш есе азайды, жылқы саны 1916 жылғы 4340 мыңнан 1961 жылы 1158 мыңға азайды, ал түйенің саны 1928 жылға қарағанда сегіз есе кеміп, небары 140-ақ мың қалды. Яғни тәуелсіздік жылдарында осы мәселелер беті анық көрсетілді. Жергілікті тұрғындарды дәстүрлі тағамынан (қымыз, айран, тұз, сары май т. б.) айырып шектеу, Қазақстандағы ядролық каруды сынау тұстас келді [1, 93]. Мұның халықтың денсаулығына әсер етуі, алпысыншы жылдардың басында республикада өкпе ауруына, бруцеллезге, лейкомияға және онкологиялық ауруларға шалдығушылардың қауырт көбеюі ашық айтыла бастады.

1954-1960 жж. тың жерлерді жаппай игеру кезеңінде Қазақстан халқы 2,6 миллион адамға, ал Көкшетау облысында екі есе (612 мың адамға) өcтi. РСФСР, Украина және Белоруссиядан жүздеген мың адамдардың Солтүстік Қазақстанның жерлеріне қоныс аударуы мұндағы демографиялық жағдайдың күрделенуіне, жергілікті тұрғындардың ата-баба мұраты мәдениетінің құдырауына жол берді [1,93].

Сонымен бірге, тыңға келген мыңдаған саналы еңбеккерлердің жігерлі еңбегінің нәтижесінде пайдалы игі істердің болғандығын жоққа шығармаймыз. Оның бipi – студенттердің кұрылыс отрядтары. Костанай облысы Таран ауданының жастары 1954 жылдың күзінде игі бастама көтерді. Олар республиканың барлық еңбекшілерін мәдени-ағарту мекемелерінің жаңа құрылыстарын салуға, жөндеуден өткізу, қызметін жақсартуға көмектесуге үндеу тастады. Тарандықтардың бастамасы кең қолдау тапты. 1955—1956 жылдары селолық жерлерде 17 мәдениет үш, 450 клуб, 300 кітапхана, 50 оқу үйі, 500-ден астам қызыл мүйіс, 10 стадион мен спорттық алаңдар салынып, 230 елдімекенге радио және 130 елдімекенге электр жүйелері тартылды [3,94].

Тыңды игеру тым шұғыл және өте асығыс, осыдан бірнеше жыл бұрын аяқталған Ұлы Отан соғысының майдандарындағы шайқастар тәрізді жүргізлетін болды. Тың игергеннен кейін Қазақстан 6 рет Отан қоймасына 1 миллиарда немесе одан да артық астық өткізді. Рас, бұл миллиардтар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХХ пленумында (1990 ж.) белгілі ғалым М. Сүлейменов айтқандай, кезінде шу туғызып, ол шын мәнінде ауа райы қолайлы жылдары ғана алынды. Солай бола тұрсада қазақтың жаны жайсаң жомарт даласы сияқты шынында да кеңпейіл болып шықты. Бұл 1949-1953 және 1959-1963 жылдардағы екі бесждылдық кезеңінің көрсеткіштерін салыстырғанда айқын байқалады. Осы мерзімдерде еліміздегі негізгі тыңды игеруші аудандар астықтың орташа жылдық жалпы түсімін 227 процентке, ал РСФСР тыңында – 167 пайызға арттырса, ал Қазақстанның тың игерілген солтүстік аудандарында бұл көрсеткіш 500 пайызға көбейді. Қазақстан біртіндеп Кеңес одағындағы өндірілген бидайдың аса бағалы қатты және күшті сорттарының 60 пайызын беретін аймаққа айналды [4,118].

Дегенмен де, Қазақстан астық өнімділігі жағынан өзінен әлдеқайда жоғары көрсеткішке жете алатын, бірақ астық астық өсіруді негізгі кәсіпке айналдырғысы келмеген аймақтарды асыраушығак айналды. Басқанын нанын жеп күнелтетін және нағыз диқаншының дағдыларын жоғалта бастаған Қаратопырпақсыз облыстардың селоларының көп кешікпей-ақ адамдардан айырылып, қақпасы қаңырап бос қалатынын ол кездегі ғылым болжай алмай қалды. Тоқырау жылдары деп аталып жүрген 1971-1985 жж. аралығында Қаратопырақсыз облыстардың көпшілігіне астықтың жалпы түсімі айтарлықтай төмендеп кетті [4,119].

Тың жерлерді игерудің негізгі мақсаты – қысқа мерзімде шығынды неғұрлым аз жұмсап, кеңес халқын мол астықпен қамтамасыз ету болды. Ал ол үшін жоспар бойынша әр гектардан орта есеппен 14-15 центнерден астық бастыру қажет еді. Бұл белгіленген жоспар 1992 жылға дейін бip де бip рет орындалмады. Мысалы, 1961-1965 жж. әр гектардан 6,1 центнерден (КСРО бойынша – 10,2 ц.) астық жиналды. И. В. Русиновтың тұжырымы бойынша кеңес елінде өсірілген дәнді дақылдардың әр гектарының шығымдылығын 1 центнерге арттырғанда бүкіл тың игерудің нәтиже көрсеткінің өтеуге толық болар еді деген есебімен келісуге әбден болады. «Тың игеруге жұмсалған күрделі қаржы, – дейді ол, - ұқыптылықпен ойластырып жұмсалса, аз күш жұмсап алға қойылған мақсатты орындауға болар еді» [1,95].

Бұл арада біз тыңның тиімді нәтижелерін жоққа шығаруды көздеп отырғанымыз жоқ. Тың игерудің арқасында Қазақстанның экономикасы біршама нығайды, жаңа совхоздар, элеваторлар пайда болды, егін алқкабы молайды. Тың жерлер игерілмесе, 90-шы жылдардағыдай 32 миллион тонна мол астық жинап алу қолдан келер ме еді жоқ па белгісіз. Қайталаймыз, мәселе сол жетістіктердің құны мен құтында, зардабы мен залалында.

Тың игеру науқанынан кейінгі қазақ жерінің хал-ахуалына тоқтай келіп, президентіміз Н. Назарбаевтың: «жер құнары азып, атамекен тозып кетті. Кербез сулу Көкшетаудағы сексен көлдің сәні азайып, айдынды Аралымыз тартылды. Абай туған Шыңғыстауды қырық жыл бойы Семей атом полигонындағы сынақтар сілкінтпп тұрды, Сарыарқаның шалғыны азып, жер жанаты Жетісудың жайлауы жүдеді» деп атап көрсетуі өте орынды. Әрине еліміздің «тың эпопеясы» тұсында басынан кешкен қиыншылығы, жеріміздің кешкен қacipeтi мен мехнатына Қазакстанға келген тын игерушілер кінәлі емес. Оған сол кездегі саясатты туғызған мемлекеттік жүйе кінәлі. Бүгiнгi күні кейбіреулер қазіргі әлеуметтік ұлттық қайшылықтар ушығып тұрған шақта өткендегі кемшіліктерді көтерудің қажеті не деген сауал қоюы да мүмкін. Бұл жерде айтарымыз, тарихымыздың бұрмаланып көрсетілуі қоғамымыздағы бүгінгi дағдарысқа тікелей қатысы бар.

Қорытындылай келсек, төмендегідей ой түюге болады. Біріншіден, тың жерлерді игеру тақырыбы ол туралы әдебиеттің көптігіне қарамастан, әлі де одан әpi зерттеуді, әділ талдауды талап етеді. Тың игеру тарихын баяндауда әсірелеушіліктен, ұрандатушылықтан, тек табысын ғана мадақтап көрсетуге еліктеушіліктен, үстіртіктен арылу қажет.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Әбуов Қ. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру: тәжірибе мен сабақтар //Қазақстан тарихының «ақтаңдақ беттерінен». – Алматы,1994.

2. Төлеубаева К. «Тың эпопеясы» бізге не берді? // Ақиқат,1995.№4. 40-46 б.

3. Ковальский С.Л., Маданов Х.М. Освоение целинных земель в Казахстане. – Алма-Ата,1986.

4. Омарбеков Т. Тың тұмшалаған шындық//Жұлдыз,1991. №6. 118-131 б.