Нуралиев Ж.К.

Алғабас шағын орталықты  орта мектебі, Жамбыл облысы, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ

 ӘЛЕУМЕТТІК –ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙ (ХV-ХVІІ ҒҒ.)

 

 

  ХV-ХVІІ ғасырларда қазақтар шаруашылығының жетекші саласы –көшпелі  мал шаруашылығы болды. Әр рудың 800-1000 шақырымға дейін жететін көш жолдары  жазда жайлауға шығып, қыс  түсе қыстақтарға  оралуға мүмкіндік беретін. Олардың  қыстақтары  малға суықта пана болатын өзен, көл бойларында  орналасатын. Ертеден қалыптасқан тіршіліктің жүйесі  алыстағы шалғай жерлерге  көшіп-қону, табиғи жағрафиялық жағдайлары мен тарихи дәстүрлерге, ал көшіп барып қонатын жерлерді таңдап алу, көбінесе  халықтар арасындағы қақтығыс, соғыс, шайқастардың  бар-жоғына, саяси жағдайларға байланысты болды. Малдың негізгі түліктері қой, жылқы, түйе еді. Деректерге сүйенсек, қазақтардың ондаған, тіпті жүздеген мың бас мал табындар мен отарлары болған. Көшпелілердің өмірінде жылқы аса маңызды орын алды.  Қазақтың атақты ханы Қасым хан: «Біз даланың  тұрғындарымыз, бізде сирек кездесетін, қымбат заттар, тауарларды жоқ. Біздің басты байлығымыз  жылқы»-дейді [1].

Қазақ халқының өмірі ілгері басқан сайын мал шаруашылығын жүргізудің формасы мен оның өнімділігі жақсара түсті. Қолайлы жылдары мал басы үдемелі қарқынмен өсіп отырды.  Көшпелі мал шаруашылығы қазақ отбасының өмірін көп жағынан қамтамасыз етіп тұрды. Бұл сала қазақтарға ішіп-жейтін тамақ өнімдерін, киім кешек пен аяқ-киім, үй жабдықтары  мен жасауларын, көшіп-қонуға  қажетті тасымал  құралдарын берді.  Көшпелі  малшылар өздерінде артылып қалған малдан  түскен  өнімдерді Түркістанның Сығанақ, Сауран, Ясы және басқа қалаларының  базарларына  апаратын. Малшылар бұл өнімдеріне айырбасқа қалалардан әр түрлі  тауарлар: мақта маталары  мен жібек маталар, темірден соғылған бұйымдар, дайын киім-кешектер, шапандар, орамалдар, бас киімдер, аяқ киімдер, сондай-ақ әртүрлі үйге қажетті заттар т.б алатын.

Жайылымдарды пайдалану құқына көшпелі рулар мен қауымдардың барлық  мүшелері ие деп саналады. Бірақ соның өзінде  ру-тайпа ақсүйектері   мен қатардағы  көшпенділердің арасында жерді,  жайылымды пайдалануға іс жүзінде  тепе-тең құқығы болмады.  Ақсүйек феодалдардың қоныстарға иелік ету, өзінің  отарлары мен жылқы үйлері  және өз жақын –жұраттары үшін жақсы жайылымдарды, аңшылық құратын жақсы өңірлерді  пайдаланатын артықшылықтары болатын. Өз малдарын өсірумен жоғары ақсүйектер тобы да,  тайпалар мен рулардың көсемдері  де  және  рудың қатардағы мүшелері де  шұғылданды.  Малдың басым көпшілігі байлардың қолында жинақталды, олар мыңғырған малды бағатын жайылымдарға  іс жүзінде  өздерінің билеп-төстеу құқығын жүргізді.

ХV –ХVІІ ғғ. көптеген қайшылықтарға қарамастан  қазақтардың көшпелі шаруашылығының негізгі бағыттары іс жүзінде ешқандай өзгерістерге  ұшыраған жоқ. Дегенмен, ХVІ ғ. аяғындағы Бұхар хандығындағы  дағдарыс пен Тәуекел ханның Бұхарға  жорығы қазақтарды белсендіре түсті және олардың бір бөлігі едәуір алға жылжып, Мәуереннахрдың оңтүстік шеткері  аймақтарына, қоныс тебеді.

Егіншілік. Жетісу жері мен Оңтүстік Қазақстан өңірі ертеден бері егіншілік мәдениетінің бесігі болған орын еді. Қазақ хандығы дәуірінде  бұл аймақтардың  дәстүрлі егін шаруашылығы үздіксіз өркендеп отырды. Сырдария, Арыс, Шу, Талас өзендерінің алқаптарында суармалы егін шаруашылығы жақсы жолға қойылды. Өзен суларын тартып жер  суландыратын каналдар мен арықтар болды. Су өздігінен арыққа ағып шықпаған жерлерде шығыр орнатылды. 16-ғасырда Сауран маңында қарыз арқылы жер суару  жүйесі болған. Бұдан басқа қазақ даласының өзен  алаптарындағы, көл жағалауларындағы,  шөл және шөлейт алқаптардағы халықтары да егіншілікпен айналысқан. Қаратау, Ұлытау өңірлерінде, Ертіс өзені алабында, Зайсан көлінің  жағасында да егіншілік едәуір дамыды, егінші аудандарда жерге феодалдық  меншік қалыптасты.

Әдетте, егіншілікпен көбіне көшіп-қонуға  мүмкіншілігі жоқ кедей жатақтар шұғылданды. Негізгі дақылдар- тары, бидай, арпа, жүгері. Егіншілік саймандары тесе, кетпен,  қарапайым соқа, тіс ағаш,  тырма,  қол орақ болды. Дән түю, ұн тарту үшін ағаш келі, қол диірмен пайланылды. Астық ұраға көміліп сақталды.

Қазақ хандығына қарасты Сырдария алабындағы  қалалардың атырабында, соның  ішінде Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласының төңірегінде әр алуан дақылдар егілетін гүлденген егіншілік ошақтары болған. 1695 жылы Қазақ хандығына келіп, Тәуке ханның Түркістан қаласындағы ордасында болып қайтқан орыс елшісі В. Кобяков: «Түркістан қаласының маңында , Тәуке ханның жерінде сан түрлі астық шығады екен, бидай да, арпа да, тары да, күздік бидай да, жаздық бидай да егеді екен», -деп жазды [2].

Қазақтар аңшылықпен айналысты. Олар аң аулауға басты қару ретінде  көбінесе садақты қолданды. Аң аулаудың бірнеше түрі болған: құс салған, тазы иттер қосып және қаумалап аулаған.  Қыран құстардан қаршыға, бүркіт, сұңқар, лашын, т.б. пайдаланылған.

Қыран құстармен аң аулау  қазақстанда ХХ ғасырдың басына дейін кеңінен тараған. Көшпелілер бұлғын, сусар, түлкі, қасқыр, т.б. аңдардың терісін алу үшін, арқар, киік, құлан, елік, тау ешкі, қарақұйрық сияқты аңдардың етін жеу үшін, бұғы мен  бөкенді мүйізі үшін аулады. Қаз, үйрек, кекілік, қырғауыл, дуадақ, құр, бөдене, т.б. құстарды алуан түрлі әдістермен аулап көмекші азық етті.  Аю, жолбарыс, қабылан, қасқыр сияқты  жыртқыш аңдарды қазақтар төрт түлік малын сақтау үшін  аулады.  Олардың  терісін тұлып, тон, ішік, тымақ т.б. қыс киімдерін тігуге жаратты. Дегенмен, қазақтарда аң аулау дербес кәсіп болмаған, ол мал шаруашылығына  тек көмекші  кәсіп болған. 

      Өзен мен көл жағасын мекен еткен қазақтар балық аулаумен де шұғылданған. Балықшылықпен көбінесе малы аз, тұрмысы төмен кедей шаруалар айналысқан.

Көшпелілердің өмірінде сауда орасан зор рөл атқарады. ХV –ХVІІ ғғ. көшпелілер көрші елдермен  белсенді сауда жүргізді, Шығыс пен Батыстың арасындағы трансконтиненталдық саудада кепілдік беруші рөлін де атқарған.  Бұл рөлдің мәні делдалдық қызмет пен керуендерді қорғап, қатарласа жүріп, белгілі межеге дейін жеткізіп салу.

ХV- ХVІІ ғғ. екінші жартысындағы Қазақ хандығы дәуірінде Оңтүстік Қазақстанда қалалақ өмір дамуын жалғастырды.  Сырдария мен оның сағаларының оң жағалауындағы: Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Иқан, сол жағалауындағы- Аркөк, Үзген, Аққорған, Құтжан. Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі-Созақ, Құмкент және басқа қалалар.

Оңтүстік Қазақстандағы Сауран, Созақ, Сығанақ, Отырар, Сайрам, Түркістан қалалары  Қазақ хандығы  мен Шайбани әулеті арасындағы  ұзақ күрестен кейін, ақырында Қазақ хандығының  құрамына қосылды.  Осы қалалар арқылы Үндістан, Қытай, және Еуропаға апаратын транзиттік сауда жолдары өтті.

ХVІ – ХVІІ ғасырларда Қазақстанда 70 мыңдай қала халқы болған. «Түркістанда 30 қала болған» - деп Ибн Рузбихан осындай  дерек қалдырған [3].

ХVІ- ХVІІ ғасырларда қала тұрғындарының саны: Отырарда-5500 адам, Сығанақ-5500 адам, Созақ-5500 адам, Түркістанда-9180 адам, Сауранда-1100 адам, Сайрамда-7560 адам, Қарнақ, Аркөк,Аққорғанда-1500-2000 адам, Сури, Құтжанда -800-1000 адам мекендеді [4].

Орта  ғасырдың тынышсыз уақытында  қалаларда   үйлер, діни және қоғамдық ғимараттар- мешіттер, медреселер, мазарлар, моншалар, дүкендер,  үсті жабық базарлар,  керуен-сарайлары салынып жататын.

Қазақ хандығының дәуірлеп тұрған кездегі, әсіресе Қасым хан, Тәуке хан тұсындағы  қолайлы саяси жағдай,  соғыстар мен өзара талас-тартыс тоқтауы,  қалалар мен сауданың дамуына мүмкіндік берді.      

Бұл қалалар тегінде Қытайдың  ішкі өлкелерінен батыс елдеріне баратын «Ұлы жібек  жолының» сауда керуен  жолы үстіне орнаған қолөнер-сауда орталықтары еді. Олар Қазақ хандығы кезінде де Қытайдан, Мауараннахрдан және орыс мемлекетінен келетін керуен саудаларының түйілісетін тораптары болды.

Көшпелі қазақтарға күнделікті тұрмыс пен өндіріске қажетті астық, мақта, мата, тағы басқа қолөнер бұйымдары керек еді.  Қала тұрғындары  мен қолөнершілер көшпелілерден  мал, ет, жүн, тері және жүннен жасалған текемет, киім-кешектер, ағаштан жасалатын бұйымдар, аң терілері, тон-ішектер, тымақ-бөріктер сатып алатын болды. Малшылар өз өнімдеріне айырбасқа Түркістан аймағы қалаларына әр түрлі тауарлар: мақта маталары мен жібек маталар, балшықтан күйдіріліп(қыш құмыралар) және темірден соғылып жасалатын бұйымдар, мата мен теріден тігілген дайын  киім-кешектер, шапандар, орамалдар, бас киімдер, аяқ киімдер, ат әбзелдерінің бөлшектерін, сондай-ақ әр түрлі үй аспаптарын, қарулар, қымбат металдардан жасалатын әшекей заттар, айналар және көптеген басқа дүниелер алатын [5].        

ХVІ - ХVІІ ғасырларда Оңтүстік Қазақстандағы Түркістан, Сығанақ, Отырар, т.б. қалаларда  сауда-саттық  мейлінше  өркендеді, Мауараннахрдағы және Хорезмдегі қалалар мен бұл қалалар  арасында сауда жүріп жатты, бұл  қалалар өз маңындағы егіншілік аудандардың және көшпелілердің  сауда-саттық орталығы болды[6].

Сонымен, ХV-ХVІІ ғасырларда Қазақ қоғамында шаруашылықтың және мәдениеттің дамуында елеулі ілгерілеушілік орын алды. Оның басты бір себебі, қазақ халқының біртұтас  мемлекетке бірігуі мен байланысты еді.

Қорытындылай келе Қазақ хандығының  нығаюы  көшпелі шаруалардың бұрыннан қалыптасқан дағдылы мал жайылымдарын жыл мерзімдері бойынша тиімді пайдалануына жағдай жасады. Шаруалар дер кезінде өріс-қонысқа, жайлау мен қыстауға көшіп-қонды. Бейбіт өмір, мамыражай заман орнады. Сөйтіп Қазақ хандығының іргесі бекіп, күш-қуаты мен беделі артты.

 

Әдебиет:

 

1.        Ж.О. Артықбаев. Қазақстан тарихы. Астана «Алматы кітап»2010ж

2.        Н.Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы  «Жалын» 1994ж.

3.        Ч.Мусин.        Қазақстан тарихы. Алматы «Норма-К» 2008ж.

4.        К.Аманжолов.   Қазақстан тарихы Алматы «Білім»2004ж.

5.        А.Алдажұманов, Қ.Балақаев ред. негіз.  Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. 2-том. Алматы «Дәуір» 1994ж

6.        С.Сабырұлы. Қазақстан тарихы. Алматы «Білім» 2006ж.