«Педагогические науки» /3.Методические основы воспитательного процесса

 

Букенова Жанат Сембекқызы

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің оқытушысы, Қазақстан Республикасы

Тәрбие негізі – ұлттық игіліктерді бағалау

Қазіргі таңда қоғамды біріктіретін, елдің ұйытқысы болатын арнайы концепция, ұлттық идея қажеттігі туындап отыр. Яғни азаматтық қоғам, адамгершілік, мораль қағидаларын жоғары қоятын, ұлттық мәдениетімізбен ерекшелендіретін құқықтық мемлекет құру идеясы. Бұл қарқынды дамып келе жатқан еліміз үшін өте өзекті мәселе болып отыр. Ұлттық мәдениеттің бабаларымыздан қанымызға сіңетіні  айқын дәлел. Кейінгі тарихи кезеңдер әсерінен ұлттық мәдениетіміздің түрлі өзгерістерге ұшырағаны да белгілі. Әлемдік деңгейдегі мәдени, этикалық, эстетикалық және моральдық қағидаларға біз өз ұлттық бояуымызды енгізіп, ұлттық  мәдениетті қалыптастыруымыз керек.

Ұлттық мәдениет тұрғысында  екі мәселенің аражігін ажыратып алуымыз қажет:алғашқысына ұлттық сананы, оның рухани, адамгершілік, ізгілік, діни және т.б. тәлім-тәрбиелік мәні бар құндылықтарды жатқызсақ, екіншісіне тарихи ескерткіштер, әдебиет және т.б. материалдық құндылықтарды жатқызған жөн. Екінші мәселе бойынша арнайы «ұлттық мұра» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқандығы аян. Ал алғашқы мәселе дамуды және дамытуды қажет етеді. Бұл мемлекеттік саясаттың негізіне айналуы тиіс екендігін көрсетті. Аталған мәселеде мемлекеттің құқықтық тетіктерінің осы бағыттағы арнайы саясатына тоқталсақ, онда Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207 Заңында «мәдениет - адамзат жасаған әрі жасайтын және жеке адамның жарасымды дамуына, Қазақстан Республикасы азаматтарының отаншылдығын тәрбиелеуге және эстетикалық қажеттері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы» деп көрсетілген. Сондай-ақ осы заңда мемлекет өз мәдени саясатын анықтай отырып, «мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат - мәдени және рухани құндылықтарды жасауға, қайта түлетуге, сақтауға, дамытуға, таратуға және пайдалануға арналған, мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар кешені» деп белгіленген.

Ұлттық мәдени игілік - Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген, ел тарихы мен мәдениеті үшін айрықша мәні бар мәдени құндылықтар» деп тұжырымдалса, ал адами игіліктер жөнінде  «азаматтарды эстетикалық тәрбиелеуге жағдайлар жасау; мәдени құндылықтарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету» деп жалпы қамтылып келді. Тек қана үстіміздегі жылы ҚР Президенті бұл мәселеге аса ден қойып, өзінің «Қазақстан жолы – 2050:Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында  «жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек» деп мәдени саясаттың нақты бағытын белгіледі.

ҚР Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп бекітілген. Адамгершілік қағидасының да негізі адамды басты құндылық ретінде бағалау. Бұл тұрғыда  құқықтың тірегі рухани, мәдени, діни және т.б. институттар болып отыр. Бұлардың барлығының дәріптейтіні – адамгершілік қағидалары, мейірімділік, ізгілік, инабаттылық, парасаттылық. Адамның  мемлекеттің қабылдаған ережелерімен ғана жүріс-тұрысын, санасын билеу мүмкін емес.  Мұндай құндылықтар біздің бойымызға ұлттық тәрбиемен сіңіп келген. Өкініштісі бүгінгі таңда өз рухани мұрамызды дұрыс бағалай алмай отырмыз. Оған себеп экономикалық құндылықтардың жоғарғы орынға шығуы, мемлекет тарапынан жүйелі саясаттың болмауы, ұлттық нақыштағы мәдениеттің ғылыми-теориялық зерттеу жобаларының болмауы, тәлім-тәрбие мен білім беру салаларында адамгершілік пен моральдық құндылықтардың басты орында тұрмауы.

Сақ, ғұн заманынан бастап, қазақ хандығы, тіпті Кеңес үкіметі тұсында бұл мәселеге аса назар аударылған. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы 23 жыл болса да, бұл күрделі мәселеге ең басты мәселе ретінде қарай алмай отыр. Әрине, моральдық-рухани, адамгершілік қағидалары еліміздің көп ұлтты мемлекет екендігі ескеріле отырып қалыптасуы қажет. Яғни қазақ халқының ұлттық-рухани мұрасы және өзге ұлттар мен ұлыстардың  рухани дүниесі біріге отырып, адамгершілік қағидаларын дәріптейтін және іс жүзінде жұмыс істейтін тетікке айналдыру қажет. Бұл механизм барлық дамыған елдерде көрініс береді. Жапондықтар, ағылшындар қалыптастырған мәдениет кімді де болса сүйсіндіреді. Дамыған елдердің барлығы дерлік мәдениет пен адамгершілікті ең басты құндылық ретінде бағалайды, дәріптейді, мақтан тұтады.

Қазақ халқы – мәдени бай мұрасы, өзіне біткен табиғи ерекшелігі бар, сергек ой, сезімтал жүрек, дәстүрлі тәрбие, әдіс-тәсілдері бар халық. Қазақ топырағында туып, білім алған, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырған ұлы тұлғалар: Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, А.Байтұрсынов, С.Торайғыров, М.Сералин, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Көбеев, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, М.Шаханов ұлттық мәдениетті, адамгершілікті дәріптеді. Біздің мақсат - ұлағатты ой-түйіндерді басшылыққа алу, олардан жаңа заманға сай ұлтқа ұйытқы болатын мәдени идеяны дәріптеу.

 

Әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207 Заңы

2.   ҚР Конституциясы. 1995 жыл 30 тамыз

3. Моль А. Социодинамика культуры.М., 1973