Нұрбаева Ж.Р.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университеті,Тараз қ.
ОРФОГРАФИЯ
МӘСЕЛЕСІНДЕГІ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Жалпы қазақ тілі білімінде де ерте заманнан бері
сөз болып келе жатқан бірнеше салалар бар. Олардың
қатарына тілдің де, ол туралы ғылымның да негізіне
жататын фонетика, лексикология, грамматика деп аталатын салалар жатады.
Бұл үшеуінің әрқайсысы өз ішінен
әртүрлі тарау-тармақтарға жіктеледі. Графика және
орфография- бұл екеуі фонетика ғылымының
құрамдық бөлшектері. Графика — тіл дыбыстарын жазуда
таңбалайтын шартты белгілер жиынтығы. Дыбыс алғашқы,
табиғи, ал графикалық таңба соңғы жасалынады.
Тарихтың әрқилы даму жолдарынан
өтіп, бүгінгі күнге жеткен жазуы бар тілдер адамдар
арасындағы қарым-қатынас
құралы болуға тиіс міндетін шама шарқынша атқарып келеді.
Пайда болып, дамып қалыптасуы
тарихтың тереңінен келе жатқан қазақ
тілінің графикалық формасы осы күнгі қалпына
қалай жеткендігін «Қазақ тілі энциклопедиясында» берілген
Ә. Қайдардың деректері бойынша былай көрсетуге болады: «Қазақстан жерін
мекендеген көне ғұн, сақ, скиф, тайпалары (б.э.б.
V-IVғғ.) пайдаланған көне («Есік») жазуы сол
тайпаларға тән мәдениетінің, жазуының тарихи
мұрагері қазақ халқының негізін
құраушы үйсін, қаңлы, қыпшақ, т.б.
тайпалардың ең көне жазуы болып саналады. Көне
замандағы қазақ ру-тайпаларының
түркі дүниесіне ортақ, Орхон, Енесей, Талас ескерткіштеріне
негіз болған «руна» жазуы (V-XIIғғ.), көне
ұйғыр жазуы, VIIIғ. бастап күні бүгінге дейін
(ҚХР қазақтары тілінде) қолданылып келе жатқан
араб жазуы, бір кездерде (1929-1940; ҚХР 60-70жж.) қолданыста
болған латын жазуы, (1940ж. кейін) кирилл жазуы – осылардың
бәрі қазақ жазуының негізі болып саналады. Араб
графикасына негізделген қазақ әліпбиі кезінде А.
Байтұрсынұлы тарапынан тіл ерекшеліктеріне сай жетілдіріліп, 30
жылға дейін «төте жазу» деген атпен қолданылып келді.
Бұл жазудың емлесі морфологиялық дәстүрлі
принципке негізделген. 1940ж. орыс графикасы негізінде қалыптасқан
қазақ әліпбиі мен орфографиялық емлесіне әр кезде
(1957, 1970) әр түрлі өзгерістер енгізіліп келеді. Кириллица
негізіндегі жазудың қазақ тіліне тән
ерекшеліктердің бәрін дұрыс көрсете алмауына байланысты
кейінгі жылдары (1993ж. бастап) қазақ ұлттық жазуын
латын графикасы негізінде қалыптастыру мәселесі қойылып
көбірек көтерілуде». Соңғы
уақытта латын қарпіне көшу мәселесінің
көтерілуінде жалпытүркілік ортақ бір қаріпке
түсу, компьютерге бейімделу деген сияқты тағы басқа
себептердің бар екені жасырын емес.
Қандай тіл болмасын,
оның орфографиясында шешілмеген сұрақтардың қатар
өмір сүріп отыруы заңдылық, өйткені тіл бір
орында семіп тұрмайды, әрдайым өзге тілдермен қарым-қатынаста қоғам
өмірімен бірге өсіп, дамып отырады. Сол себепті тіл мәселесі
қай елде болмасын, ауық-ауық күн
тәртібіне қойылып отырады.
Ағылшын тілінің жазу емлесі «қызықтармен»
толтырылған қалың кітаптардан тұрады. Негізгілері
мыналар деп, қысқартып беруге болмайды, өйткені
біртұтас орфографиялық ереженің бір бөлігінің
маңызды, бір бөлігінің маңызды емес болуы мүмкін
емес. Сондай 200-300 бет жазылған ережені жаттап алған күнде
де, шындығына келгенде, тіл үйренуші тұрмақ, тіл
өкілінің өзі де 100 пайызға оқу мен жазуды
меңгеріп бола алмайды, бұл мүмкін емес. Себебі тілдегі
мыңдаған терминдер мен ономастикалық атаулардың
оқылуы мен жазылуын тек қана транскрипциялы сөздіктер
арқылы, ал антропонимдерді тек құжаттар мен кісінің
өзінің әріптеп айтуына қарай дұрыс жазуға
болады.
Жазуға ең қабілетті деген
ағылшынның да, американның да қандай да бір жалқы
есімді қағазға түсірерде “Could you please spell the
word/ your name?” (Сөзді/ есіміңізді әріптеп айтып жібересіз
бе?) деп сұрауы тұрақты қалыптасқан. Егер де тіл
үйренуші тіл өкілінің бірінен жазылып тұрған
сөзді «Мына сөз қалай оқылады?», не болмаса «Мына
сөз қалай жазылады?» деп сұрағандай болса олардың
өздерінің сөздікке жүгінуі жиі кездесетін жағдай.
Өз ана тілінің мұншалықты жазуда да, оқуда да
қиындық келтіретіні туралы кезінде американ ағылшын
тілінің жазу стандартын қалыптастырушы жазушы-ғалым Ной
Уэбстер (Noah Webster) өзінің сөздігінің
алғашқы бетінде Бенджамин Франклиннің: «Those people spell best who do know how to spell», яғни «Қалай жазуды білмейтіндер –
ең дұрыс жазатындар»
деген сөзін жазып қойған.
«Біріккен Корольдықтың 100 сұрағына жауап» деп аталатын кітаптың 58-сұрағы «Не себепті көптеген ағылшын сөздері жазылуынан басқаша айтылады?» деген сұрақтың жауабы былайша түсіндіріледі: «Ағылшын мектеп оқушылары мен дүниежүзілік ағылшын тілін үйренушілердің бұл тілдің орфографиясы болжап білуге болмайтын, жүйесіз жазу» дейтін ортақ пікірде екеніне дау жоқ. Дегенмен, тіл білімі зерттеулері ағылшын тілінде бар болғаны 400 сөздің жазылуы «дұрыс емес» дегенді растайды».
«Ағылшын жазуын түсіну» (Understanding English
Spelling) кітабының
авторы Masha Bell орфографиялық нормаларына
сай жазылмайтын ағылшын тілінде 3500, неміс тілінде 800 сөз, испан
тілінде 600 сөз, италиян тілінде 400‑ге жуық сөз бар
деген мағлұматты береді .
Ағылшын
орфографиясының мұндай күйге
қалай келгенін көру үшін жазу тарихына көз
жүгіртіп шығудың маңызы бар.«Ағылшын тілінің тарихы мынадай
кезеңдерден тұрады: Көне заман ағылшын тілі (Old
English) – 450-1100 C.E., Ортағасырлық ағылшын тілі (Middle
English) – 1100-1500 C.E., Ерте жаңа заман ағылшыны (Early Modern
English) – 1500-1800 C.E., Қазіргі ағылшын тілі (Present-Day
English) – 1800 C.E.-бүгінгі күнге дейін».
Жазу жүйесінің проблемасы ағылшын
тілінің мың жылдық даму тарихымен бірге өмір
сүріп келе жатыр. Қиындықтар тым ертеден-ақ Көне
заман ағылшын тілін латынның 23 әрпіне көшіріп жазумен
пайда болды. Көне ағылшын тілінде 40-қа жуық дауысты
мен дауыссыз бар болатын.
Ағылшын тілінің орфографиясын
жеңілдетуге бағытталған XVI–XVIIғғ.
жасалған қарекеттің барлығы мардымсыз ғана
өзгерістер әкелумен шектелді. XVIIIғ. қарай
ағылшын орфографиясы тұрақтана бастайды және
бүгінгі күнге дейін сол қалпын сақтап келеді .
Ағылшын орфографиясын модернизациялау ғасырлар бойы өзгеріссіз келе
жатқан сөздерді тек қана жаттап алу арқылы жазып келе
жатқан халыққа бірден-бір жеңілдік алып келген болар
еді, бірақ мәдени дәстүрден, мұрадан қол
үзу қаупі енді уақыт озған сайын арта беретіні
анық. Себебі, халықтың ғасырлар бойғы
мұрасын жаңа жазуға ауыстырып шығу бірнеше
ондаған жылдардың ішінде де мүмкін емес көрінеді.
Оның үстіне ағылшын тілі бір ғана ағылшын
ұлтының тілі емес, бүгінгі күні әлем
халықтарының тек қана халықаралық қатынас
құралы емес, көптеген (80-ге жуық) мемлекеттердің
ресми тілі, миллиондаған халықтардың екінші тілі. Сондықтан, орфографияның жаңа
ережелерін жасау тәуекеліне енді бел буу мүмкін емес тәрізді.
Ағылшын тілінің орфографиясымен
салыстыра қарағанда қазақ тілінің бүгінгі
орфографиясы фонетикалық транскрипция тәрізді көрінеді.
Дегенмен де, фонематикалық (фонологиялық) принципке негізделген орфографияның
қандайында болмасын оның жазуы мен айтылымы арасында толық
сәйкестіктің болуы мүмкін емес, оған себеп жазба
тілдің сөйлеу тілін толықтай қамтамасыз ете алу
мүмкіндігінің шектеулі екендігі туралы тіл мамандары тарапынан
айтылып келеді.
1. Satinova V.F. Read and Speak about Britain
and the British // Минск: «Вышэйшая школа»,
2000. – 255 с.
2. Daniel
J. Boorstin. The Americans: The Colonial Experience. A Caravelle Edition. New
York, VINTAGE BOOKS, A Division of RANDOM HOUSE, 1958. – 435
p.
3. Қайдар Ә. Қазақ әліпбиі. Қазақ
жазуы. Қазақ тілі // энциклопедия «IDK-TIPO» редакциялық баспа орталығы. Алматы,
1998. – 509 бет.
4. http://www.spellingsociety.org/aboutsss/leaflets/whyenglish.pdf
5. http://facweb.furman.edu/~wrogers/phonemes/
6. Аракин В.Д.История английского языка. Учеб. пос.
для студентов по спец. №2103 «Иностр. яз.» М.: Просвещение, 1985. – 256 c.