Қосыбаева У.А.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қазақстан Республикасы

п.ғ.к., доцент

Оразгалиева М.А.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қазақстан Республикасы

Оқытушы

Алданхан Х.

6М010900 Математика мамандығының 2-курс магистранты

 

Оқушылардың білімі мен іскерлігін дамытатын үйретуші компьютерлік бағдарламалар

 

Алгебраны оқытуда және үйретуде ақпараттық технологиялардың жаңа перспективалық қолдануларын іске асырады. Олар алгебра курсында өте маңызды иллюстративті ұғымды беруге мүмкіндік жасайды, яғни оқытудың дәстүрлі әдісімен салыстыра отырып сапаны қамтамасыз етеді. Олардың негізінде көрнекіліктердің жақсару, оқушының танымдық қызметінің белсенділігі, вербалды-логикалық және бейнелі ойлау механизмдерінің сәйкестігі жатыр.

Компьютерлік бағдарламалар негізінде оқыту – динамикалық процесс. Оның дамуындағы негізгі тенденциялар компьютерлерді оқу процесінде пайдалану аясын кеңейтуге байланысты. Мұнда дайын шешімдерді бермеу керек, себебі, компьютердің негізгі міндеті – есептердің шешімдерін табуға итермелеу, оқушылардың алған нәтижелерін тексеріп, қайта қарауына жағдай жасау.

Зерттеу нәтижелерін талдау қазіргі таңда математика пәні бойынша әртүрлі фирмалар және жеке қолданушылар өздерінің шығарған өнімдерін ұсынып отырғанындығын көрсетті. Олар:  «Математика 5-11 классы. Практикум» («1С»), «Все задачи школьной математики» («Просвещение-Медиа»), «Математика абитуриенту» («Новый диск»), «Математика 5-11. Новые возможности для усвоения курса математики» («Дрофа»), «Интерактивная математика. 5-9 классы» («Дрофа»), «Курс математики базовый. Для школьников и абитуриентов» («Медиа Хаус»), «Алгебра. 7-11 класс» («КУДИЦ», «Кордис & Медиа»). Осындай бағдарламалардың көпшілігі: 1) оқыту, 2) жаттығу,  3) бақылау деп аталатын алгоритм бойынша жасалған. Өздерінің қарапайымдылығына қарамастан мұндай бағдарламалар мұғалім мен оқушыларға жақсы көмекші ретінде қызмет етуде.

Аталған бағдарламалық құралдардың артықшылықтарымен бірге кемшіліктері де бар. Сондықтан нақты бір құралды таңдағанда оларды сабақтың мақсатына, міндеттеріне, формасына, сабақ түріне және оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес ескеру қажет.

Қарастырылған бағдарламалық құралдарды алгебраны оқытуда пайдалану:

-       оқушылардың мотивациялық негізін арттыруға; шығармашылық қабілетін дамытуға;

-        математикалық ойлауын қалыптастыруға;

-       оқушыларды зерттеу жұмыстарына жұмылдыруға;

-       өзін-өзі басқаруға;

-       есте сақтау қабілетін, логикалық ойлауын дамытуға мүмкіндік береді.

Арнайы өңделген компьютерлік бағдарламалар қазіргі заманғы компьютерлік технологиялардың жетістіктерін, атап айтқанда, жоғары сапалы графиканы, анимацияны, дыбыстық қолдауды, бейнероликтерді және мультимедияның басқа да құралдарын пайдалануы тиіс.

Оқытудың тиімді жүйелерін жасағанда компьютерлік жүйе мен оқушының өзара қатынасындағы дидактикалық және психологиялық талаптар мен принциптерді ескеру керек. Өзін-өзі  оқытуға арналған компьютерлік бағдарламалардың айрықша ерекшелігі мұғалім мен оқушы арасындағы тікелей немесе қандай да бір техникалық құралдар бойынша сұхбаттық өзара әсердің болуында. Сондықтан дербес және өзін-өзі оқытуға арналған бағдарламаларды жасағанда сұхбаттың жалпы құрылымын ғана емес, оның тұжырымдарын, тапсырмалардың, мәселелердің толықтығы мен дәлдігін, сұхбаттың басқа да элементтерін өте  тиянақты түрде құрастыру керек.

Егер оқушы мен компьютер арасында тығыз қарым-қатынас байқалса, бұндай оқытуды интерактивті деп атайды. Әдетте, мұндай қарым-қатынас оқушылар қандай да бір тапсырманың шешімін табуға тырысқан кезде байқалады. Интерактивті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды өз бетінше тапсырманың жауабын табуға үйрету. Оқушыларға дайын жауаптарды берген кезде олардың ақыл-ой белсенділігі өспей қалады. Ал әлдебір мәселені өздері шешіп үйренген кезде ақыл-ой белсенділігі артады.

Интерактивтіліктің түрін анықтау негізінде О.Г.Смолянинованың еңбегіне сүйендік. Ол интерактивтіліктің үш түрін қарастырады:

1.     Реактивті интерактивтілік: оқушылар бағдарлама ұсынған сұрақтарға жауап береді. Тапсырмалар реті белгілі бір ережеге сүйеніп, өте қатаң түрде анықталады (оқытудың сызықтық моделі);

2.     Іс-әрекетті интерактивтілік: оқушылар бағдарламаның жұмыс істеуін өздері басқарады. Олар тапсырмаларды ұсынылған ретпен орындауды не бағдарлама көлемінде өз бетінше іс-әрекет етуді өздері шешеді (оқытудың сызықтық емес моделі). Сызықтық емес модель қашықтан оқытуда тиімді болады;

3.     Өзара интерактивтілік: оқушы мен бағдарлама бір-біріне бейімделуге қабілетті («Басқарылатын ашықтық» модель). Бұл модель оқып-үйренушіге кездесетін әртүрлі кедергілерді жеңе отырып зерттеу жүргізуге, жеке есептерді шешуге мүмкіндік береді. Бұндай түрдегі бағдарламаларға жаттықтыратын және практикумдық оқыту бағдарламалары және т.б. мысал бола алады.

Бұл модельдердің үшеуінде де оқушы және бағдарлама тарапынан бақылау деңгейі әртүрлі. Реактивті деңгейде оқып-үйренушінің іс-әрекеті бағдарламамен анықталады. Ал іс-әрекеттік, әсіресе, өзара деңгейлерде басқару және қимыл-әрекет қолданушының өз еркінде.

Курсқа және ақпараттың мазмұнына әсер ету үшін интерактивтіліктің кең мүмкіндіктері бар екендігі анықталды, олар: экрандағы объектілерді тінтуірдің көмегімен басқару, айналдыру жолағының көмегімен экранда жылжу, анықтамалықтың сұхбаттық қызметі, кері байланыс, құрылымдық өзара әрекет, рефлексивті өзара әрекеттер.

Интерактивті компьютерлік бағдарламаларды жасағанда біз дидактикалық принциптерді, сонымен қатар түрлі оқыту мақсатындағы бағдарламалық құралдарды жасау проблемаларымен айналысып жүрген көптеген ғалымдардың [Ш.Х.Құрманалина, А.І.Тәжіғұлова, Ю.А.Винницкийдің т.б] еңбектерінде қарастырылған принциптерді басшылыққа алдық. Атап айтсақ, олар:

-  Қажетті мақсатқа лайықтылық принципі. Жасалатын компьютерлік бағдарлама оқу процесінің тиімділігін арттыруы тиіс. Нақты оқу курсында компьютерлік технологияларды әлдеқайда тиімді қолдануға болатын аймақты анықтауға көп көңіл бөлу керек.

-  Модульді пайдалану принципі. Жобалау кезеңінің өзінде қолданылатын модульдерді анықтап, олардың сыныптық-сабақ жүйесінде орындалу мүмкіндігін ескеріп компьютерлік бағдарламалардың модульдігін қамтамасыз ету қажет. Мұғалім педагогикалық сценарийді құрастыра отырып, оқу модульдарын тапсырмалармен толтыра алуы керек. Бұндай мүмкіндік ашық модульдік архитектура негізінде жүйелерді жобалау кезінде пайда болады.

-  Оқу сәйкестігі принципі. Оқытуға арналған компьютерлік бағдарламаларды жасауда қолданылып жүрген оқулықтар мен оқу бағдарламалары және оқушыларға қойылатын талаптар деңгейі ескерілуі керек.

-  Ұйымдастырылған эргономикалық принцип. Бұл принцип компьютерлік бағдарламаларды қолданып өтетін сабақты ұйымдастыруға және жұмыс барысында алынған нәтижелерді талдауға мұғалімнің аз уақыт жұмсауы керектігін ұсынады;

-  Ашықтық принципі. Қолданушы өзінің әдістемелік тәжірибесіне байланысты толықтыра және өзгерте алатын  ақпараттар, тапсырмалар, жаттығулар және тест жүйесі болуы керектігін білдіреді.

Біздің ойымызша, қолданбалы бағдарламалық жабдықты қолдану бір жағынан, барлық кезеңдерде оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескерсе, екінші жағынан, оқытудың өзін жекелендірудің өлшемдері ретінде қарастыра отырып, білім алушыны қалыптастыруға бағытталған оқу процесін құруға мүмкіндік береді. Ол төмендегі талаптар орындалған жағдайда мүмкін болады, олар:

-       алынған деректердің негізінде білім моделін құру;

-       берілген көрсеткіштердің сипатына бағытталған білім, білік, іскерлік дағдыны меңгеру процесін ұйымдастыру;

-       оқушылардың жеке біліктіліктерін дамытуға бағытталған элементтерді оқу материалына енгізу;

-       білім алушының моделін сәйкесінше түзету және жекелендірудің өлшемдерін үнемі тексеру.

Қолданбалы бағдарламалық жабдықты қолданып белгілі бір ақпаратты бергенде мынандай принциптер қанағаттандырылуы керек:

1. Қолданбалы бағдарламалық жабдықта оқу материалдары белгілі бір жастағы оқушылардың меңгерген білім жүйесіне сәйкес келіп, оқушының үйренген тілінде жатық баяндалуы қажет. Басқаша айтқанда, оқу материалдарының баяндалуы оқушыға түсінікті болу керек, бірақта, өте жеңіл болмауы тиіс. Өйткені, материал жеңіл болса, оқушының оған деген қызығушылығы азаяды.

2. Төменгі сыныптарға арналған қолданбалы бағдарламалық жабдықтар ақпаратты көрнекі қабылдауға, ал жоғары сыныптардың оқушыларына арналғаны ақпаратты логикалық ойлау арқылы қабылдауға  бағытталған болуы керек.

Психологтардың пікірінше дәстүрлі оқыту жүйесі тек қана мидың сол жақ бөлігін дамытуға бағытталған. Соңғы зерттеулердің қорытындысына қарағанда мұны толықтай дұрыс деуге болмайды. Сонымен, қолданбалы бағдарламалық жабдықтарға қойылатын үшінші принципті тұжырымдайық.

3. Қолданбалы бағдарламалық жабдықтар оқушылардың көрнекі, сондай-ақ, логикалық ойлауын да дамытуы қажет.

Мұғалім оқушыларға белгілі ақпаратты хабарлайды, яғни түсіндіріп айтып береді. Және де мұғалім барлық оқушылар ол ақпаратты толықтай қабылдады деп ойлайды. Бірақ, мұғалім бір мезгілде 25-30 оқушыны оқыта отырып, оқыту қарқынын, ақпаратты түсіндірудің мән-мағынасын әрбір оқушының ерекшеліктеріне сәйкестендіре алмайды, себебі ол ерекшеліктер саналуан. Көптеген мұғалімдер сабақты «орташа қарқынмен» жүргізіп, орташа оқитын оқушылардың «ыңғайына» қарайды. Мұндай қарқынмен сабақ өткізу барлық оқушылар үшін ыңғайлы емес. Себебі нашар оқитын оқушылар бұл «орташа қарқынға» ілесе алмай, яғни мұғалімнің айтқанын меңгеріп түсіне алмай, қалып қояды. Бұл жағдайда мұғалім «асығыстық» жасады деуге болады. Ал, мұғалімнің айтқанын тез қабылдайтын оқушылардың дамуында тежеу басталып, ол оқушылар меңгеретін материал «жеңіл» болып, мұғалім оны «баяу» баяндағандықтан жалыға бастайды. Сонымен қатар, мұғалім «орташа» оқитын оқушының білім деңгейін ескере отырып сабақты жүргізетіндіктен білімнің белгілі бөлігі меңгерілмей қалады.

Оқушылардың барлық (жақсы, орташа, нашар оқитын) категориясына бірдей ыңғайлы болатын әмбебап әдістемені жасауға болмайтын болғандықтан, әрбір оқушының жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеруге тура келеді. Ол жеке ерекшеліктер әрбір оқушының оқу материалдарын жеке-дара мысалдан бастап түсіндіріп, содан кейін жалпы жағдайға көшсе жақсы түсініп, материалды жеңіл түсініп кетеді. Ал, басқа бір оқушылар алдымен жалпы жағдайды қарастырып, содан кейін, оған жеке-дара мысалдар келтірсе, жақсы түсініп материалды меңгеруі артады.

Бiлiм мен ғылым салаларындағы ақпараттық жүйелердің негiзгi мiндетi – бiлiм беру мен ғылыми салада ақпараттық жүйелердi қолданудың ғылыми негiздемесiн жасау, бiлiм берудегi ақпараттық жүйелердің ғылыми бағыттарын анықтау, ол:

-                   ақпараттық жүйелердің бiлiм саласындағы әлеуметтiк үйлесiмiне талдау жасау;

-       компьютерлiк техника, жаңа ақпараттық технологияларға байланысты пәндердi ғылыми-әдістемелiк қамтамасыз ету;

-       оқу орындарын уақыт ағымына байланысты аппараттық құралдармен қамтамасыздандыру;

-       мамандарды даярлаудың педагогикалық-психологиялық негiздерiн анықтау;

дүниежүзiлiк бiлiм стандартына жақындау, ашық оқыту әдісiн пайдалану.

                                                                                                            

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1               Қабдықайырұлы Қ., Нұрғалиева Д.Қ. Хабаршы. «Физика математика ғылымдар» сериясы. «Болашақ матемаика пәні мұғалімдерін жаңа талапқа сай даярлау». –Алматы. 2006. № 2. –бет. 80-84.

2               Скиба М.А., Сакенова Е.Н., Кирьянова К. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Хабаршы. «Использование презентаций для реализации культурологического подхожа на уроках математики». – Алматы: 2006.-бет.125-131.

3               Зайцева Л.В. Некоторые аспекты контроля знаний в дистанцинном обучении. Сборник научных трудов 4-й междунородный конференции. Харьков-Севастополь. УАДО. 2000. -стр.126-131.

4                Мәлібекова М.С., Исаева К.Р. Дербес компьютерді оқу процесінде қолдану. – Алматы: «Ғалым», 2001.