Магистр-аға оқытушы Ганмиркун Ганмирхановна Турганалиева   

 

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті,

Орал қаласы

 

М.ӘУЕЗОВТІҢ ДРАМАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ОДАҒАЙ СӨЗДЕРДІҢ ЭМОЦИОНАЛДЫ-ЭКСПРЕССИВТІ ҚЫЗМЕТІ

 

М.Әуезов – қазақ драматургиясының өз топырағында қалай туатынын, халық әдебиетінен қалай нәр алатынын жетік білген, айқын болжау айтқан, сонымен бірге өзге жұрттардың өскен - өнерлі драмалық үлгілерінен қалай үйренуге ғылыми нұсқау көрсеткен ғалым-жазушы. Ол осындай, драмамызға теориялық піскен ойлар айтушы бола тұрып, өзі жазған пьесалары арқылы – қалай оқып, қалай жазудың тәжірибесін де көрсетті. Сондықтан біз: М.Әуезов қазақ драматургиясының негізін салушы және оның теориясын бастап айтқан ғалым дейміз [ 1, 56].

Ұлт пен өнер егіз ұғым. Кез-келген ел әлемдік өркениетке өзінше үлес қосады, ұлттық руханиятымен ерекшеленеді. Қазақтың ұлттық болмыс-бітімін танытатын баға жетпес қазынасының бірі, бірігейі –  театр өнері.

       Қазақ даласына еуропалық тұрғыдағы кәсіби театр, өткен жиырмасыншы ғасырдың басында келгені белгілі. Әрине тұтастай көшірілген жоқ, мәдени өзеріске «аккультурацияға» ұшырады. Ұлттық сахна өнері шаңырағының уығын, кәсіби білім алмаса да, халық таланттары Қаллеки, Ел-ағаң, Сер-ағаңдар қадаған еді. Ал ұлттық драматургияның негізін қалаушылардың көш басында Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сынды саңлақ тұлғалар тұрды.

       Алайда қазіргі уақытқа дейін өнертану саласында М.Әуезов драматургиясы ғылыми тұрғыда өз алдына арнайы зерттелмеген. Дипломдық жұмыста бірінші рет қазіргі қазақ театр өнеріндегі М.Әуезовтың драмалары мен прозалық шығармалары негізінде сахналанған қойылымдарды талдай отырып, эстетикалық ой сүзгісінен өткіземіз.

       Ең бастысы, Әуезов драматургиясын зерттеу тұрғысынан автордың драмалық шығармаларындағы эмоционалды-экспрессивті лексикасы саралануы қажет.

         Сөздер зат, құбылысты, олардың белгі-қасиетін, болмаса іс-әрекетін ғана атап білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге адамның сезіміне әсер ететіндей стильдік мәнге ие болады. Адамның сезіміне әсер ететін сөздер тобы экспрессивті-эмоционалды лексика деп аталады [2, 49].

Қазақ тіл білімінің негізін ана тілімізде алғаш қалаған, қазақ тілінің мәселелерін зерттеуде теңдессіз жетістіктер жасап, қазақ тіл білімінің тілдік категорияларын анықтап, қазіргі кезде қолданылатын терминдердің көбін қалдырып кеткен – ұлы Ахмет Байтұрсынов. Одағай атауын алғаш қазақ тілі біліміне енгізген де А.Байтұрсынов. Ғалымның „Одағай дегеніміз – одағайланып, оңаша айтылатын сөздерді” [3,61] деген анықтамасы бұл сөз табының тілдік сипатын атап көрсетеді.

Одағай сөздер де бейнелілікке өте бай. Одағай сөз табына жататын сөздер адамның көңіл-күйін, сезімін білдіру мақсатымен ғана емес, сонымен қатар басқа біреуге бұйыру, ишара білдіру немесе малды, үй хайуандарын шақыру, айдау, қорғау мақсатында да қолданылады. Тіліміздегі одағай сөздер осындай мәніне қарай үш топқа бөлінеді:

1.                 Көңіл-күй одағайлары; 2. Императивтік, ишара одағайлар; 3.Тұрмыс-салт одағайлары.

1. Көңіл-күй одағайлары. Бұл топтағы одағайлар адамның әп түрлі сезімдерін, көңіл-күйін білдіреді. Олар сан жағынан мол, семантикалық құбылу жағынан әр қилы, семантикалық реңкі өте бай топ. Бұл топтағы одағайлар әрі жағымды, әрі жағымсыз көңіл-күйді білдіре алады. Осы қасиеттеріне қарай көңіл-күй одағайлары ішінара үш топқа бөліеді.

1) Жағымды көңіл-күйді білдіретін одағайлар қатысқан сөйлемдер

1. Еңлік (күліп, мазақтап). Ойбу, бетім, батыр шөгелім-ай! Барың сол-ақ па? (Күледі)

2. Абыз. Бәрекелде, баламсың! Досың бар ма?        

3. Есен. Уай, Еңлік деймін, қашпа менен, қашпа, жаным, қинама. Қайда ғана батып жүр, тоба! Әй, бәлем, тұра тұр... Ойнайсың ғой. Ендеше тәңір бергені (Қайта бұрылады, Жапал да қайта айналады. Ән. Есен ыза бола бастады.) Уа, болды... болды, Еңлікжан! Көрін... Көрін, ойбай, көзіме! Уау, ойбай... Қайдасың, Еңлік...

4. Жапал. Жығылды! Омақата жығылды...Әй, апатай... Өзіңнен асқан кіші бар!

5. Кебек (қасына таңырқап жетіп кеп). Япыр-ау, жаным, сен кімсің осы? Сөзің қалай ұрымтал еді! Жөн-жосығың кім деймін, ә?

6. Япырым-ай, елі болса да, жауы болса да келетін уақыт болып еді, әлі де бір елес жоқ!

7. Байсалбай. Япырай десеңші? Осы менің де Әбділдәмен жолдас болғаныма көп болды ғой.

8. Қайша. Шіркін, өзгені былай қойғанда да, Есендіктің мал-жанын соған билетіп отырғаным жоқ па?

9. Көп даусы. Бәрекелді, айтқаның келсін! Айтқаның келсін!

10. Жанұзақов (қуланып, күліп). Ойпыр-ой, сіздер қандай қыз ішінде қып-қызыл қыздар едіңдер? Мен мұндай балаларды жақсы көретінмін. И какие вы красные, прекрасные девушки? (сылқ-сылқ күледі, өзгелер де күледі)

11. Фурманов. Жасасын Ресейлік кеңес үкіметі! Жасасын Жетісудың қаһарман Қызыл әскері! Урра!.. Урра!!

12. Беляев. Жасасын бұрын езілген Күншығыс ұлттары! Жасасын бүкіл дүние, Октябрь, кеңес үкіметі! Ур... ур... ур... Ура!..

13.  Арыстан

   Пай-пай, дүние жалған-ай,

   Екеуін бірдей құшар ма ем,

   Қалмас еді арман-ай!

14. Арыстан

  Ойпыр-ай, неткен асау ең,

  Тістегіш те тебеген...

15. Нұғыман. Уа, бәрекелде, оларың ақыл-ақ, олай болса өнер ізде, оқыңдар.

16. Намысұлы. Бәсе, айналайын, тезірек дайындашы.

2) Жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар қатысқан сөйлемдер:

1. Жапал (оқыс шошынып қап, жалт беріп, жата кетіп). Ойбай, олда! Ағатай! (Қырылдап қалады, дауысы да шықпайды)

2. Есен. Ой, түбің түскір, Еңлікті айт деймін!

3. Есен. Уа, доғар, доғар, сайқал қыз.

4. Рақыш (аңырып). Е-е, мына құдай не дейді? Қалқам-ау, қай арада өтірікші боп қалыппыз?!

5. Қайша (жарыса айқайлап). Ойбай-ай, өлтірді, Есендік мына күндестің балалары!

6. Күләш (жылап тұрып). Ойбай-ай, не істедіңдер? Бет-аузының бәрін қан басып кетіпті ғой. Қу тоқал-ай, түпке жеттің-ау!

7. Төлеш. Уү-үһ.. Үу-уһ!(бүктеліп) Әттең, арманым!

8. Күләш. Уу-уһ, апам өткенге неше күн болды, Еркем? Есім шығып кеткен ғой деймін, қара басып ұмытам да қалам.

9. Дауыс. Әй, байғұсым-ай! Жүрек шерін тарқатар көсемсеркем осы да!

Әттең, әттең!.. Бар қайғы-шер – Қарагөз. Қайран, Қарагөз ару!.. Ару Қарагөз! Ол-ару, сен арыс ен! Әттең, ару-алыс қам көңілде, армандылар.

10. Нұрқан. Ойбай-ойбай, бау-уы-рым!

11. І-шөмекей, ІІ-шөмекей (қоса)

Ойбай-ау, есебін айт, қисынын тап, қисынын тап, ойбай-ау, есебін айт. Пәледен құтылсаңшы күні бұрын...

12. Көтібар

Уай, құбылған сайқал дүние-ай,

Көркейіп тұрған күйін-ай.

Уылжыған тәтті жас

Әкетер ме ем, үйіме-ай...

13. Шолпан

Сапар ғана дейсің-ау,

Көрем деген кер ме еді?

Әттең, ұл боп тумадым,

Кеудемді құса кернеді,

Өлер-ақ ем бүйткенше,

Тілекті құдай бермеді.

14. Өзбек жігіті (Айманға)

Уай, уай, апажан,

Нендей хайла болады

Шығарлық бұл қападан?

15. Көтібар (жұлқынып)

Уай, сұм-сұрқия дәурен-ай,

Басыма түскен әурені-ай.

Жіберші, уа, жібер былай,

Сорлататын неме екен,

Сірә мені сол құдай!

16. Сыбанбай (есікке таман барып). Ой-бой, әлгі құтырған малшылар келеді екен, жүріңіз, Әшеке, кетейік.

17. Нина. Апырай, сіз әуелі жараңызды емдетсеңізші.

3) Әрі жағымды, әрі жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар. Бұл топтағы одағайлар әдетте көп мәнді болып келеді де, олардың мағыналары контекст ішінде не ситуацияда анықталады: Пай-пай! Одағайы қарама-қарсы екі мәнде жұмсалады а) Пай-пай, шіркін, Алатау, шандоз едің неткен сен! (Ә. Сәрсенбаев) ә) Ал, енді бұлар төбелесті, пай-пай, аяқтарының астында қаламыз-ау! (М. Әуезов)

1. Есен. Болды, бала!  Тоқта, баба, толас бер. Жеңілдім, жеңдің сен мені... Тек осы кебің Кебекке жетпей жүрмесін... Жеңілдім, жеңдің... Жеңдің, бай – бай, сен мені! (деп атқып жүріп кетеді)

2. Жарас

Пай-пай-пай, екі нар,

Қайғысқан соң не амал бар?

3. Көтібар

Уай, дәурен-ай, дәурен-ай,

Басыма түскен әурені-ай.

Кезек иіскеп жатар ма ем,

Екі бірдей сәулені-ай!

(Мыналардың тобын көріп)

Пай-пай, мынау не, түге,

Ойыны әлі қанбаған,

Не қылған ішің толғыр ед?

4. Әшім. Қап, Қондекеңе амандаса алмай да қалдым-ау? (Қондыбай)

5. Бөлтірік. Ойбай, соп-сопақ болған байғұс.

6. Бөлтірік. Ой-бай, бетім... Өзі бай-құлақтың құйыршығы ғой, мынау.

7.  Еңсебай. Ойпырм-ай, қарағым-ау, бұл неткенің үстіп тас болып, табанын тиіп. Бұл қорлыққа неге келдің, шырағым-ау! Әттең, шіркін дүние, қарашы енді мынаны...

8. Шуашбай. Әттең, қор қылған дүние-ай, есіл бала, қарашы!

9. Шолақ (екіленіп, ескектеніп). Әттең, тәңір-ай, қуушы көңіл аз ба еді осынша?

10. Жастар

Ойпыр-ай, неткен сұмдық, неткен қорлық!

Жұрт көрген аз боп па еді өзге зорлық!

Адыра бұл тіршілік берген қор қып.

2. Императивтік ишара одағайлары. Бұл топқа адам не хайуанатқа бағышталып айтылатын шақыру, жекіру, тыйым салу, бұйыру мақсатымен қолданылатын одағай сөздер жатады. Бұлар бағышталып отырған обьектісіне қарай үлкен екі топқа бөлінеді. 1) Адамға бағышталып айтылатын одағайлар: бұған адамның адресіне бұйыру, жекіру, тыйым салу мақсатымен қолданылатын Айда! Тәйт! Сап-сап! Стоп! Кәне! Жә! Тек! Әуп! Әлди-әлди сияқты одағайлар жатады. Мыс: Жә, тоқтат, ақсақал Базаралыдан алмаған өшің бар ма?! (М. Әуезов) 2) Малға, үй хайуанаттарына бағышталып айтылатын одағайлар: бұл топқа айтақ, моһ-моһ! Шөре-шөре! Сарап-сарап! Көс-көс! т.б сияқты үй хайуанаттарын шақыру, айдау, үркіту, қорғау мақсатымен қолданылатын сөздер мен одағайлы тіркестер жатады. Мыс: Әукім-әукім, ақ бұзау, ертерек өс, құтты бол!.. Сиыр бол да, сүтті бол! (Тұрманжанов)

М.Әуезовтің драмалық шығармаларындағы императивтік ишара одағайлары қатысқан сөйлемдер:

1. Есен. Өй, әрмен! Сілемді әбден қатырдың ғой, түбің түскір! Сен сүмелек, неге жүрсің?

2. Көбей. Жә, өрекпімей-ақ қой!

3. Есбике. Тәйт арман, өңшең жүгірмек, қара бұны, бірі бастап, бірі қостап!

4. Сейткерей (жүзін томсартып Исаға). Жә! Әлгі соңғы бес баланы не қып сандалтып қойдыңдар, қарағым-ау?

5. Сыдық. Жә! Айттың, айттың: Енді осы пікір қай ұлтшылдан жұқты? Бұны кім айтты? Соны да айт!

6. Ғани. Жә, жолдастар, қазір біз біраз сөйлесіп алайық...

3. Тұрмыс-салт одағайлары. Бұл топ сан жағына шағындай болғанымен, өмірде жиі қолданылатын одағайлар. Оған адамдардың амандасу, қоштасу т.б сыйластық белгісі ретінде қолданылатын Хош! Хайыр! Рахмет! Ассалаумағалейкум! Құп! Ләббай! Кеш жарық! сияқты сөздер жатады.

Сабыр. Құп, олай болса сол фирмаңыздың маркасын оправдать етіңіз. Өзгеше, өзгеше жүріс шығарыңыз...

Жәлел. Құп, һәммасымен де. Мен мұндағы партийный қазақ жігіттерін және Батыршаларды білемін...

Зере (тізесін дар жаққа иіп, бата қып, қол жайып тұрып).

Қош, ағатай, қайран ер!

Қайғың болар қалың шер,

Асыл басын ағамның

Жұтты-ау тағы қара жер.

Сонымен, ғылыми мақаланың басты өзектілігі – драматург ретінде М.Әуезов шығармаларының болмыс-бітімі кеңес үкіметі уақыты және тәуелсіздік жылдарындағы саяси, мәдени құбылыстармен, рухани құндылықтармен, мемлекет идеологиясымен тығыз байланыста қарастырылды.

     Әуезов драмаларындағы адамдар бейнесі қоғамның бағдарын, әлеуметтік-философиялық, адамгершілік этикасын бейнелеп, бейнелі ойдың деңгейін сипаттауы, өнерде бүтіндей дамуы, әрбір кезеңдегі шығармашылық ізденістің негізгі бағыт-бағдары, сол кезеңдердегі көркемдік жүйенің маңызды компоненті болып келеді.

Қорыта айтқанда, одағайлар эмоционалды-экпрессивті лексиканың қайнар көзі болып табылады.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Ә.Тәжібаев. Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы. – Алматы: Жазушы, 1971 ж.

2. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә., Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.    – Алматы 2006 ж.

3. Тяжина Е.Б. Одағайлардың прагматикалық қолданысы: филол. ғыл. канд. дисс. – Алматы, 2006. – 148 б.

4. Лукьянова Н.А. Экспрессивность в системе, языке и речи // Человеческий фактор в языке. Языковые механизмы экспрессивности. –М., Нука, 1991.

5.Сембаева А. Көркем шығармадағы эмоционалды- экспрессивті лексика (О.Бөкеев шығармалары бойынша): филол. ғьіл. канд. ...дисс: 10.02.02. -Алматы, ҚазҮУ, 2002. -116 б.

6. Әуезов М. Жалпы театр өнері мен қазақ театры. Шығармалар жиырма томдығы. Он жетінші том. Алматы: 1996. 132 б.

7. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1981 ж., Т.9.Пьесалар.- 

8. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1982 ж., Т.10.Пьесалар.-  432 бет.

9. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1982ж., Т.11.Пьесалар.-  424 бет.