КОНРАТБАЕВА КАРЛЫГАШ

Абай атындағы ҚазҰПУ 2-курс магистранты

 

ШЕТ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ

 

Қазіргі қоғам өмірінде болып жатқан саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістердің еліміздің білім беру жүйесінде де ықпалы үлкен. Мемлекетіміздің халықаралық байланыстары барған сайын күшейе түсіп, еліміздің қай саласында болмасын шет елдермен қарым-қатынас орнаған. Бұл қарым-қатынастарды нығайтып, жандандыра түсу үшін шетел тілін жете меңгерудің маңызы зор.

Қоғам өмірінің саяси-әлеуметтік және экономикалық аясындағы интеграциялық процесстер мәдениетаралық қарым-қатынастың орнауына үлкен септігін тигізеді. Мәдениетаралық қарым-қатынас әртүрлі ұлт өкілдерінің тепе-тең немесе біріге отырып өзара әрекет жасауын талап етеді. Шетел тілін жасанды тілдік ортада оқыту жағдайында екі немесе үш шетел тілін меңгеретін полилингвальдық тұлғаны қалыптастырудың мүмкіндік деңгейі жеткілікті және ғылыми тұрғыдан дұрыс дәлелдеуді қажет ететін мәселе болып табылады. Оқушы мұндай қарым-қатынас асай алу үшін тек шетел тілін жақсы меңгеріп қана қоймай, ол сонымен қатар сол тілде сөйлеуінің тілдік және тілдік емес өзгешеліктерін түсініп, ұғынуы тиіс. Мәдениетаралық қарым-қатынас процесіне қатысушы көп тілді меңгерген сайын, сол елдің мәдениетін, ұлттық менталитетін жете түсінеді.

Шетел тілін қатысымдылыққа бағдарлап оқыту мәдениетаралық қарым-қатынасты қалыптастыру мүмкіндіктері мен құралы ретінде қарастырылады. Шеттілдік қарым-қатынасқа үйретуді мәдениет диалогы мен мәтінінінде ұйымдастыру талап етіледі. «Мәдениетаралық қарым-қатынас құзіреттілігі» ұғымы «қатысымдық құзіреттілік» ұғымын ығыстыра бастады, ол сонымен шетел тілін оқыту мазмұнының мәдениетаралық компоненті жетекші екенін, ал оқыту материалының аутентті болуы – пән мазмұнына қойылатын талап екенін негіздеді. Шеттілдік авторлармен бірігіп тіл оқытылып отырған ел халқының менталитеті мен өмір сүру стилі, мінез-құлығы, дәстүрі туралы ұлттық мәдени ақпараттарға толы оқулықтар, оқу кешендері мен бағдарламалар жасала бастады.

Шет тілін оқып үйрену – студенттердің өзі сабақ барысында ұшырасатын жат әлемді жақсырақ түсінуге, сол жат әлеммен ұшырасу нәтижесінде өз әлемін айқынырақ, дәлірек түсініп, анығырақ білуге төселдіруі тиіс. Шет тілін мәдениетаралық қарым-қатынас концепциясына негіздеп оқыту барысында студенттер өз әлемін тілін оқып отырған елдердің әлемімен салыстыруға, жат әлемнің өз әлемін өзгешелігі, оның қызықтылығы, тартымдылығы неде екендігін анықтауға талпынады.

Оқытудың жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларын меңгеру - қазіргі заман талабы. ХХІ ғасыр – ақпараттық технология ғасыры. Қазіргі қоғамдағы білім жүйесін дамытуда ақпараттық - коммуникациялық технологиялардың маңызы зор. Білім беруді ақпараттандыру және пәндерді ғылыми – технологиялық негізде оқыту мақсаттары алға қойылуда. Ақпараттандыру технологиясының дамуы кезеңінде осы заманға сай білімді, әрі білікті жұмысшы мамандарын даярлау оқытушының басты міндеті болып табылады. Қоғамдағы ақпараттандыру процестерінің қарқынды дамуы жан-жақты, жаңа технологияны меңгерген жеке тұлға қалыптастыруды талап етеді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 11 – бабының 9 тармағында оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану міндеті қойылған [1].

Қазіргі білім жүйесінің ерекшілігі – тек біліммен қаруландырып қана қоймай, өздігінен білім алуды дамыта отырып, үздіксіз өз бетінше өрлеуіне қажеттілік тудыру. Бiлiм беру саласында инновациялық үрдiстi жүзеге асыру мұғалiмдерден өз мінез - құлықтарын, ұстанымдарын, мүмкіндіктерін түрлендiрудi талап eтедi.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Бүгінде мектептерді компьютерлендіру толықтай аяқталды. Орта білім берудің 12 жылдық моделі енгізілуде. «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» делінген [2].

Ал Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада «Е-learning» электронды оқыту жүйесі бойынша білім беру сапасын және басқару тиімділігін арттыру үшін оқу процесін автоматтандыру, педагогтар мен студенттердің ең жақсы білім беру ресурстарына және технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсаты атап көрсетілді [3].

Дамыған елдердегі білім беру жүйесінде ерекше маңызды мәселелердің бірі - оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үрдісінде ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану. Қазіргі таңда елімізде білім беру жүйесінде жаңашылдық қатарына ақпараттық кеңістікті қүру енгізілді. Ақпараттандыру жағдайында білім алушылар меңгеруге тиісті білім, білік, дағдының көлемі күннен күнге артып, мазмұны өзгеріп отыр. Білім беру саласында ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы білімнің сапасын арттыру, білім беру үрдісін модернизациялаудың тиімді тәсілдері пайдаланылуда және одан әрі жетілдірілуде.

Білім алушылардың ақпараттық құзырлылығы мен ақпараттық мәдениетiн қалыпастыру қазiргi таңда үздiксiз педагогикалық бiлiм беру жүйесiндегi ең көкейтестi мәселелердiң бiрiне айналып отыр.

Ағылшын тілі сабақтарында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудың тиімді жолдары:

Оқытушы сабағында ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы оқушыға үйретуге тиісті ақпараттар мен білім қорын жүйелі түрде көрсете біледі. Ақпараттық- коммуникациялық технологияны пайдалану оқытудың тиімді әдістерінің бірі.

Ағылшын тілі сабақтарында электрондық оқулықты пайдаланудың маңызы зор. Электрондық оқу құралы – бұл оқу курсының ең маңызды бөлімдерін, сонымен бірге есептер жинағы, анықтамалар, энциклопедиялар, карталар, атластар, оқу эксперименттерін жүргізу нұсқаулары, практикумға, курстық және дипломдық жобаларға нұсқау және т.б. білім беруді басқаратын мемлекеттік органдар тағайындаған арнайы статусы бар берілген түрдегі баспаларды қамтитын электрондық оқу басылымы.

Оқу процесінде оқытудың ақпараттық – коммуникациялық технологияларын тиімді пайдалану және қолдану айтарлықтай оң тәжірибе беріп отыр. Атап айтсақ, оқушылардың өз бетімен ізденісі, пәнге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылығын дамытуға, оқу қызметінің мәдениетін қалыптастыруға, дербес жұмыстарын ұйымдастыруға өте маңызды.

Сонымен қатар электрондық оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Әрбір оқушы таңдалған тақырып бойынша тапсырмалар мен тарау бойынша тест жұмыстарын орындап, анимациялық практика тапсырмаларымен жұмыс жасауға дағдыланады. Электрондық оқулық арқылы түрлі суреттер, видеокөріністер, дыбыс және музыка тыңдатып көрсетуге болады. Бұл, әрине мұғалімнің тақтаға жазып түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді, әрі әсерлі. Меңгерілуі қиын сабақтарды компьютердің көмегімен оқушыларға ұғындырса, жаңа тақырыпқа деген баланың құштарлығы оянады.

Құзірет - оқушының жеке және қоғам талаптарын қанағаттандыру мақсатындағы табысты іс-әрекетіне қажетті білім дайындығына әлеуметтік тапсырыс. Құзыреттілік – оқушының әрекет тәсілдерін жан-жақты игеруінен көрінетін білім нәтижесі. Ақпараттық құзыреттілік – бұл жеке тұлғаның әртүрлі ақпаратты қабылдау, табу, сақтау, оны жүзеге асыру жәнеақпараттық – коммуникациялық технологияның мүмкіндіктерін жан-жақты қолдану қабілеті. Ақпараттық құзіреттілікті қалыптастырудың басты мақсаты - оқушыларды ақпаратты беру, түрлендіру және оны қолдану білімдерімен қаруландыру, олардың компьютерлік технологияны өз қызметтеріне  еркін, тиімді пайдалана алу қабілеттерін қалыптастыру.

Ақпараттық құзіреттілікті қалыптастырудан күтілетін нәтиже жаңа заманға сай ақпараттық мәдениеті мен құзіреттілігі қалыптасқан, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алатын, информатика пәнін басқа пәндермен байланыстыра алатын жеке тұлға қалыптастыру.

 «Қазіргі заманда болашақ жұмысшы мамандарды ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, - Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы

2. “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз”. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 2011 жыл.

3. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

4. Пассов Е.И. Технология коммуникативного обучения иноязычной культуре. URL: http://www.150solumc.edusite.ru/p316aa1.html