Жұбаназар
Асанов,
филология
ғылымдарының докторы.
Қ.Жұбанов
атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті. Қазақстан. Ақтөбе қаласы.
ОТАРЛЫҚ ЕЗГІ ЖӘНЕ «ЕДІГЕ»
ЭПОСЫ: МҰХАМЕДЖАН ТЫНЫШБАЕВ
ЗЕРТТЕУЛЕРІ
Отарлық езгі
астындағы түркілердің ең әйгілі эпосы «Едігені»
зерттеген Алаш ардақтысы Мұхамеджан Тынышбаевты Совет үкіметі
1937 жылы атып тастады. М.Тынышбаев 1924 жылы «Сана» журналында «Ертегідегі
Едіге мен тарихтағы Едіге» деген ғылыми еңбек жариялайды.
Мұнда эпостағы Едіге мен тарихтағы Едіге мәселесі
сөз болып, өзара салыстырылады. Ғалым бұл шағын
еңбекті жазу кезінде жырдың тоғыз нұсқасы бар
екендігін атап өтеді. Олардың ішінде 1820 жылы Г.И.Спаский жариялаған
нұсқа, Шоқанның, В.В.Радловтың,
Н.Березиннің, Ә.Диваевтың, М.Османовтың
нұсқалары бар. М.Тынышбаев жырдың генезисіне, сюжетіне,
тарихи негізіне қатысты салмақты пікірлер айтады. Тоқтамыс
хан мен Едіге және Әмір Темір бастарындағы
қарама-қайшылықтар сырын, оның салдарларын ашып
көрсетеді [1]. «Жыр әуелде ноғайлар арасынан
шыққан, сондықтан тек осы халыққа тиесілі» деген
пікірлердің жаңсақтығын дәлелдеп береді.
Едіге турасындағы
аңыздар мен әпсаналарды зерттеген қазіргі татар ғалымы,
профессор Ф. Урманче: «... сначало в среде ногайского народа возникает и
формируется черезвычайно богатый по содержанию и исключительный по форме
дастан. Проходят годы и десятилетия. И этот дастан распространяется и среди
других тюркксих народов и превращается в один из самых популярных историко-эпических
героических сказаний тюркских народов», дейді [2, 47]. Осы дастанның
пайда болуын зерттеген ғалымдардың бірі П.А. Фалев ноғайлар
туралы: « Они отрядами выходили из своих улусов и нанимались в военные
защитники в соседних ханствах и у соседних племен. В этот период ногайцы
разнесли свой эпос по всей Средней Азии до самого Алтая. Их значение было столь
велико, что киргизы до сих пор называют ногайцами приходящих в их степи с
Запада (т.е. откуда приходили настоящие ногайцы) поволжских татар» дейді [3,16].
Академик В.М. Жирмунский де
«Едіге» жыры әуелде ноғайлар арасында пайда болды, содан
сыртқа тараған деген пікір ұстанады.
Одан бұрын зерттеген Радлов
пен Мелиоранский де осындай пікірде.
ХХ ғасыр басында өмір
сүрген қазақ білімпазы Мұхамеджан Тынышбаев бұл
көзқарастарды теріске шығарады: «Сонымен Қырымнан
Алтайға шейін Қызыл Шәріден, Ташкент, Үргенішке шейін,
баяғы Жошы ұлығындағы жұрттың
тұқымдарына Едіге ертігісі тегіс жайылған, осы ортадағы
түрік тұқымына Едіге ертегісі әбден белгілі.
Едігенің дәурен сүрген жері көбіне Еділ-Жайық
маңайы, тарих көрсетуінше Едіге Маңғыт (ноғай)
және балалары ноғай арасында қалған еді деп.
Сондықтан Едіге әңгімесі әуелде ноғайдан
басталып, содан жан-жаққа, өзге көршілес елдерге
таралған ғой деп Радлов айтады. Бұл сөзді Мелиоранский
де қоштаңқырап отыр. Біз Радлов, Мелиоранский айтқанын
қате деп білеміз. Европа тарихшылары, орыс тарихшылары қанша жетік
болғанымен, жергілікті, отырықшы жұрттың жүрісі,
тұрысына қарай пішіп, көшпелі елдің салтын жете
түсінбей, жоғарғы жұрттар бір-біріне туысқан
болса да, Қырымдағысын Қырымға тұсап, Қазандағысын
Қазанға, Ноғайдағысын Ноғай жеріне бекітіп,
қазақ, Сібір татарлары, қарақалпақты орын-орнына
жылжытпай матастырып, байлағандай қылып қояды» [1], – деп орынды уәж айтады. Тарихты жетік
білетін М. Тынышбаев Алтын Орда кезінде түркілердің бір мемлекетте
тұрғанын, татар, ноғай, башқұрт,
қарақалпақ, қазақ, кавказ түркілері
бір–бірімен мидай араласып жатқанын, ру, тайпаларының бірдейлігін
Алтын Орда ыдыраған соң бұрынғы бірліктің неге
кеткенін аз сөзбен, аса ұтымды тәсілмен
ұғынықты қылып түсіндіреді. Ғалым ол
жөнінде былай дейді: «Өзгелер елемеген бір істі Аристов жазып кетті
– бұл түрік тұқымдарының ата тегі, ру,
таңбалары. Бұдан жеті жыл бұрын Бродеков олардың
ұрандарын тізіп еді. Осынша қызық істерді көрсетіп
отырып, Аристов өзі жол тауып, сөзін аяқтапты.
Мұның
көрсетуінше:
1). Қырым татарының
рулары – арғын, қыпшақ, қоңырат, найман, алшын,
байұлы, жағалбайлы, тама, керейт, қаңлы, ширин, барин,
дхөүрмен.
2). Астрахань ноғайлары:
найман, бағаналы, ергенекті, жағалбайлы, қоңырат,
қыпшақ, кете.
3). Башқұрт: табын,
тама, қыпшақ, керей, таз (байұлы).
4). Қазанда: арғын,
қыпшақ, тама, беріш (байұлы). Бұларды өзіміз
тауып отырмыз.
5). Кавказда: арғын, шеркеш
(біздің шеркесімізбен олар бір жерден шыққан –
бұған біздің толық дәлеліміз бар).
6). Қарақалпақта:
найман, қыпшақ, қоңырат, әлім, шөмен, тама,
жағалбайлы.
7). Еділдің орта
ағымындағы Еділ татары көбінесе қыпшақ
тұқымынан.
Осы айтылғандардың
бәрі баяғы замандарда араласып жүріп, кейін Алтын Орда
бұзыларда, тоз-тоз болып жыртылып, біреуі онда, біреуі мұнда кетті.
Бұл турадан толық дәлелімізді жазбақшымыз; анық
осындай болмаса да, 16-ншы жылы Жетісудан Қытай қашқан
қазақ-қырғыз осы тәрізді жыртылып, әр жерде
қалғаны бізге анық белгілі.
Көшпелі ел бір жерде
тұрмай, біресе ары, біресе бері толқып жүргенде әр
аудан, әр жерде қала берген. Мұны Ташкент уезіндегі
құраманың құралғанынан көріп
және отырмыз. Тама атақты Нәрікұлы Шора батыр
Қазанда өлгенін Карамзиннен оқып отырмыз. «Ата-бабамыз
Қырымнан келген екен» деген сөзді қазақ арасынан,
әр жерден естиміз. ХҮІ ғасырдың ортасында Қазан,
Қырымды орыс алған соң, ары-бері жүруге жол кесіліп,
қырымдағысы – Қырымда, Қазандағысы –
Қазанда, Ноғайдағысы – ноғайда қала берді.
Жайықтан күншығыс жақтағылар енді олармен
үйірі қосылмасына көз жетіп, күдер үзіп, орыстан
ығысып барып, бөлек қазақ хандығын
құрды. «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген
сол заман (1570–1590 жылдар). Оған шейін Алтын Орда арасы
(жалғыз–ақ Қырым демесе) ашылмаған. Едіге батыр,
Әмір Темір, Тоқтамыс хан бәрі замандас; Едіге 1419-1420-сыншы
жылдарда өлді, онда ел жапсары ашылмаған кезі. Алтын Орда осыдан
130-150 жыл кейін бұзылып, Жошы ұлысы жан-жаққа сонда бытырады» [ 1].
«Едіге» жырына теріс
таластың әлі күнге дейін барлығын біз жоғарыда
атап өттік. Бұл мәселені Мұхамеджан Тынышбаев ХІХ ғасырдың
басында-ақ шешіп берген еді. Өкінішке орай, білікті тарихшы
ғалымның оң пікірі «Едіге» жырына қатысты
проблемалардың ең басында тұру орнына көбіне
мүлде ұмыт қалдырылады.
«Бір ел дегенің
өмірінің әр қайсысы әр түрлі қылып,
өзді-өзінің тұрмысына қарай ыңғайлап,
атадан – балаға баяндап қалдыра берді. Сондықтан ертеде болған
Тоқтамыс хан, Едіге, Уақ –Ер Көкше, Ер Қосайы, Тама
Шора, Едіге тұқымы, Орақ, Мамай, Орманбет бидің аттары
қазақ арасында (әсіресе аттасы, суласы болған Кіші
жүзде) осы күнге шейін ұмтылған жоқ.
Сондықтан бұларды Қазан да, Қырым да, Ноғай да
ұмытқан жоқ... Сондықтан 1922 жылы Ташкенде басылып
шыққан 7 батырға таласып «біздің батырларымызды
қазақ өзінікі қылыпты» деп отыр. Едіге ертегісі,
әуел Ноғай арасында шықты, содан жан-жаққа жайылды
деген Радлов пен Мелиоранский сөзін осы себептен қате қылып
отырмыз. Алтын Орда бұзылғаннан бұрын болғандарға
барлық ұзақ ертегілер бәріне бірдей», – дейді білімпаз Мұхамбетжан Тынышбаев
[1].
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1.Тынышбаев М. Ертегідегі Едіге мен тарихтағы
Едіге. // «Сана» журналы, № 2-3. 1924 ж.
2.Урманче Ф. Народный эпос Идегей. – Казань:
Фән, 1999. – 200 с.
3.Сикалиев А. Ногайский героический эпос. –
Черкесск, 1994. – 328 с.