Жұбаназар
Асанов,
филология
ғылымдарының докторы.
Қ.Жұбанов
атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті. Қазақстан. Ақтөбе қаласы
ОТАРЛЫҚ ЕЗГІ ЖӘНЕ «ЕДІГЕ»
ЭПОСЫ: ҚАНЫШ СӘТБАЕВ НҰСҚАСЫ
Отарлық езгі, құлдық бұғау
тұсында қуғынға түскен эпостарымыздың бірі
– «Едіге». «Едіге»
тарихи-қаһармандық эпосы – Алтын Орда дәуіріндегі
біздің ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған
үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана
күркіреп тұрған мемлекетін, тұтастығын, рухани
бірлігін, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан дауысы,
имандай сыры[1]. Қазіргі күні «Едіге» жырының
оңтүстіктегі Түрікмен, Өзбек Республикаларынан бастап,
Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында барлығы, алыс шет ел
Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны
айқын болып отыр. Қырықтан астам нұсқасы бар.
Олардың кейбіреулерінің көлемі отыз мың жолға
жетеді. Сондықтан бұл эпикалық шығарманың
табиғатын терең танып, зерделеп шығу үшін оны тек
қазақ халқы мұрасы аясында, тар ауқымда тексеру
жеткіліксіз. Жартыкештік етпек. Әрі эпостың архаикалық
нұсқалары мен кейінгі классикалық
нұсқаларының болуы, ұлттық
нұсқаларының молдығы түркілердің
эпикалық дәстүрінің даму динамикасын білуге,
ерекшеліктерін ашуға зор
үлес қосады. Себебі ғылымда әр түрлі
халықтардағы ортақ құбылысты салыстыра зерттеу
жалпы заңдылықты анықтайтыны бұрыннан мәлім.
Бұл әлі күнге дейін толық шешуін таппай келе
жатқан мәселе.
«Едіге» эпосын тек
қазақ қана емес, татар, ноғай,
қарақалпақ, башқұрт, өзбек, түрікмен
халықтары ХV ғасырлардан бастап
1944 жылға дейін айтып келді.1944
жылы татар обкомының жұмысы туралы «Татарстан партия ұйымы
бұқаралық-саяси және идеологиялық
жұмысының жайы мен оны жақсартудың шаралары туралы»
ВКП(б) Орталық комитеті қаулы алып, сонда «Едіге» эпосы қатты сыналды[2]. Бұл өткен
заманды дәріптеушілік, бұнда басқыншылықты ақтау
бар деген күйе жағылды.
1944 жылға шейін жырдың версиялары, тарихи
негіздері, ондағы сюжеттік желілер туралы азды-көпті
зерттеулердің, ғылыми пікірлердің айтылғаны
мәлім. Соның бірі қазақтың аса дарынды
ғалымы, СССР Ғылым Академиясының мүшесі,
Қазақ СССР Ғылым Академиясының президенті
болғанҚаныш Сәтбаевтың «Едіге» эпосына қатысты
еңбегі болып табылады[3].
1927 жылы Қаныш
Сәтбаев Мәскеуде СССР халықтарының Орталық
баспасынан «Едіге» жырын 3000 дана етіп
бастырып шығарған. Өзінің алғы сөзінде
ғалым эпостың тарихи негіздеріндегі кейбір
алшақтықтарға қарамастан, қазақ
эпосының түрлері мен идеялық, көркемдік құндылығы
жөнінде татымды пікірлер айтады. Шоқан нұсқасын негізге
алады. «Ел аузындағы ескі сөздер, ғылымға үш негізден маңызды деп білеміз», – дейді аса
зейінді алғыр ғалым:
1. Олардың ішінде
қазіргі буынға мүлде жат көрініп, ұмтылып бара
жатқан қазақтың ескі сөздері көп кездесіп
отырады. Бұл – «тіл сақтау», «тіл байыту» жақтарынан үлкен
бағалы нәрсе.
2. Ескі сөздердің
ішінде келетін толғаулар көбінесе кестелі түрмен жасалады.
Бейнешілдік, кеңдік, суретшілдік жақтарынан алғанда
қазақтың ескі толғауларының кейбіреулері
әлі күнге дейін жаңа ақындардың көбіне
үлгі болуға жарамды. Бұл – әдебиет жағынан
маңызды нәрсе. Және осы күндерде «Әдебиет
қай жолмен баруына керек?» деп қойылып жүрген сұрауды
ел аузындағы ескі сөздер қағаз бетіне түсіп,
қазақ әдебиетінің тарихи-табиғи бағыттары
әбден айқындалмай, көмескі тұрған кезінде
дұрыс шешілуі айрықша қажет деп атауға болады.
3. Ескі сөздердің ішінде қазақ
жұртының өткен кездегі тұрмысы, салт-санасы,
әдеттері көп суреттеліп отырады. Бұл – тарих жағынан
қымбат нәрселер. Бірақ әзіргі кезде ел
көпшілігінің жалпы салт-санасының өзгеруімен
қатар, ескі сөздің көбі де елеусізденіп, көп аузында ұмыт болып бара
жатқан сияқты. Сондықтан осы кездегі әр жерде жасалып
жатқан «Аймақтану» ұйымдарының қазақ
ішіндегі істейтін нысаналы жұмыстарының ең алды елдің
ауыз әдебиетін жинап алудың
шаралары болуы керек. Әйтпесе, қазақ жұрты да
әзірге татарлар сияқты, енді біраздан кейін әдебиетінің
деректерін «орхон жазуларынан» іздеп жүруі мүмкін. Шоқан
бастап жиған осы Едіге батырдың әңгімесін тарих, тіл,
әдебиет жақтарынан қарағанда қазақ ескі
сөздерінің ішінде маңызды орын алуға лайық деп
білетіндігім үшін оның жыр уәзіндері мен толғауларын
тізіп, жазу түрін қазақшаландыруды дұрыс деп таптым», –
дейді [3, 14-б.]. Академиктің бұл пікірлері әлі күнге
шейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Аталмыш жыр да
өз құндылығының үдесінде.
Қ.Сәтбаев ондағы кейбір түсініксіз сөздерге
өзінше түсінік береді. Ақсақ Темір мен Тоқтамыс
арасындағы соғыстың тарихына тоқталады. Жырдағы
Орманбет би, Қарақыпшақ Қобыландыға қатысты
ойлар айтады. Сөйтіп едігетануда «Сәтбаев нұсқасы»
пайда болады.
Осы игі іс үшін
Қ.Сәтбаев соғыстан кейінгі репрессия тұсында
қуғын-сүргінге түседі. Қызыл империя басшылары
ғалымды өз ісімен айналыстырмай, көптеген
комиссиялардың тексеруіне салып, президенттік қызметінен босатады.
Содан Сталин өлгенге шейін тергеу-тексеруде жүреді. Академикке
қойылған басты кінә «Едіге» жырын жеке кітап қылып
бастырғаны еді. Кітапқа байланысты 1951 жылы 8 қазанда Коммунистік партияның Орталық коммиетінің секретары
Ж.Шаяхметовке берген анықтамасы үш бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімінде былай дейді: «Центральным издательством народов СССР
был выпущен в 1927 году на казахском языке вариант сказания об Едиге. В книжке
имеется мое предисловие. На обложке ее указано, что собирателем сказания
является «Каныш», то есть я. Должен прежде всего отметить, что «собирателем»
сказания об Едиге я указан здесь по очевидному недоразумению, так как первые же
строки помещенного в этой книжке моего предисловия начинаются именно с указания
на тех, кто действительно собирал рассматриваемый вариант сказания об Едиге.
Таковыми были Ч. Валиханов и проф. П.М. Мелиоранский.
Личная моя роль также совершенно
ясно указана в этом предисловии. Она заключалась во-первых, в переписке
сказания, точно по варианту Ч. Валиханова-Мелиоранского, на основе казахской
орфографии, с целью освобождения его от «книжно-татарского» жаргона и , во-вторых,
в упорядочении тех явных искажении, которые вкрались в строй стихотворных
разделов сказания, в варианте, опубликованном проф. П.М. Мелиоранским» [3.132].
Анықтаманың екінші
бөлімінде 1920–24 жылдары студенттік практика кезінде, одан
соңғы халық судьясы болып істеп тұрған
уақытта қазақтың халық әдебиетіне
қызығып, Шоқан мен Мелиоранский вариантына зейін
аударғанын, бұл жырда
Едігенің Ресейге, Литваға қарсы соғысы туралы бір ауыз
сөз жоқтығын, оқиғалары Алтын Орданың ішкі
жағдайын, яғни Тоқтамыс хан мен Едігенің
арасындағы күресті баяндайтынын жазады. Өзі дайындаған
Шоқан нұсқасын Москваға 1924 жылы жібергенін,
оның кешеуілдеп 1927 жылы басылып
шыққанын, 1926 жылы Томскінің технологиялық институтын
бітіріп, одан соң ауыз әдебиетіне соқпай, өз
мамандығымен айналысып кеткендігін хабарлайды.
Үшінші бөлімінде
аталмыш нұсқадағы алғы сөзді орыс тіліне
аударғанын, мұнымен толық танысуға мүмкіншілік
жасағанын, совет үкіметіне зиян келтірерлік ештеңе айтпағанын
жазып ақталады. Осы мазмұндас мәселені және өзінің совет
үкіметіне істеген ерекше
қызметін айтып, ақталып, 1951 жылы 12 қазанда ВКП(б)
орталық Коммитінің секретары М.А. Сусловқа хат жазады. Мәселе мұнымен шешілмеген
соң, басы даудан арылмаған соң, 1952 жылы 20
қаңтарда ВКП(б) Орталық Коммиетінің бас секретары И.В.
Сталинге хат жолдайды. Мұндағы да айтылған мәселе дау-дамайлы
«Едіге» жыры болды[3.149]. Бұл оқиғаға егжей-тегжейлі
тоқталмағанмен, біраз кідіріп отырған
себебіміз СССР Ғылым Академиясының мүшесі, Қазақ
СССР Ғылым Академиясының президенті, қызыл империяға
еңбегі сіңген көрнекті ғалымның өзі «Едіге»
үшін осындай сүргінге түсіп жатқанда, отарлық
езгі астындағы өзге пендеге не жорық дегенді меңзеу.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Асанов Ж. Едіге: аңыздар мен жырлар. – Алматы:
Ел-шежіре,2008ж.-312б.
2. «Ислам в татарском мире: История и
современность» материалы международного
симпозиума, Казань, 29 апреля – 1 мая, 1996 // «Панорама-форум», №12, 1997.
3.Сәтбаев Қ. Ер Едіге. – Алматы:
Ғылым, 1995. –152 бет.