Ж.Секей, Г.Ахметова

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

РАМАЗАН ТОҚТАРОВТЫҢ «АБАЙДЫҢ ЖҰМБАҒЫ» РОМАНЫ ЖАЙЫНДА

 

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан соң араға жарты ғасырдай уақыт салып жарық көрген танымал қаламгер Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» (1999) роман-хамсасы бес кітаптан тұрады. Аталмыш шығарма Абай өмір сүрген заманның бұған дейін көркемдік зерттеу назарына ілікпеген тұстарына ден қойғандығымен ерекшеленеді. Бұл шығармада тарих кілтінің бұрауын өз қолында сезінетін халықтан гөрі оның маңдайға басқан перзенттерін суреттеуге көбірек күш салынғанын айту ләзім. Романда Абай, ақын Һәм хакім Абай заманынан озып туған асқақ бейнеде көрінеді. Абай тұлғасы – өз дәуірінің, жалпы қазақ атаулы халықтың тұтас бейнесі, ақыл-ойы, ұшқыр шығармашылық қабілетінің ұлан-асыр шексіз, шетсіз мүмкіндіктерінің айнасы.

Р.Тоқтаров шығармасында суреттелетін Абайдың рухани жан дүниесіне ғарыш сарындарының кірігуі жұртшылықты елең еткізер қасиетке ие, рәміздік сипатты жайт. Мәселен,  Абай «қызылшақа нәресте әлі қырқынан да шықпай, жөргекте ораулы жатып, екі көзін тоқтатып шаңырақтан айырмайтын әдет тауып еді. Онда да түндікті жауып қойса, не өзі жатқан жерінен босағадағы жүктің үстіне апарып тастаса, қыңқылдап жылай бастайды. Орнына әкеліп жатқызса, қыңқылдауын қойып, бетіне ұйықтап жатып та сәби күлкісін үйіруден бір тынбайды [1, 6 б.].

Рамазан Тоқтаров туындысында ақынның ғұмырбаяндық деректері шығармаларының туу тарихымен қоса бір сюжетте өрбиді. Әсіресе романның екінші бөлегінде Абайдың әр өлеңінің дерлік туу тарихы сюжеттегі оқиға желісінің негізін құрайды. Оқырман кейіпкерлер қарым-қатынасының қыр-сырына қаныға түседі. 

Тоқтаров романының кей кейіпкерлері М.Әуезовтің «Абай жолы» романында сомдалған бейнелермен сабақтас. Айталық, бала Абаймен дөкір қалжыңға баратын Майбасар, бала кезінен іші тар, дәті берік Тәкежан бай «Абай жолын» оқыған кісіге «таныс әрі бейтаныс» болып көрінеді. Бұндай сабақтастық Рамазан романының ажарын бұзып тұрған жоқ. Керісінше мұндай тақырып, образ үндестігі әлем әдебиетінде жиі кездесетін үйреншікті жайт.  

Романның прологында, яғни беташар сөзде жазушының өзі дәл тауып айтқандай, «Абайдың өзі заман озған сайын сан түрге еніп, әр жайда құбылып көрініп, көп сөздеріне уақыт ыңғайымен басқа түсініктер енеді» [1, 454 б.].

Әр заман Абай бейнесін өзінше кескіндемек. Даналық – сарқылмас кеніш. Абай поэзиясы оқыған сайын жаңа қырынан ашылып отыратын себебі осыдан болса керек.

Романда атап айтар жаңалық –  Абайдың орыс зиялыларымен терезесін тең ұстайтындығы. Үстінен арызды қарша борататын Үзікбай Абайдан кешірім сұрағанда, Абай кешіреді. Қасында отырған Михаэлс бұл кеңпейілділікті түсінбейді. Өз кінәсін толық мойындауға жетесі жетпеген адамға кешірім жасау қалай болар екен деп аңтарылады. Сонда Абай Үзікбай туралы:

«– Ол да адамның баласы ғой. Түсінеді... - дей отырып, өзін көп қинаған ойының қорытындысындай етіп: – Жақсылыққа жақсылық әр кісінің қолынан келеді. Жамандыққа жақсылық ер кісінің ғана қолынан келеді. Соны ұқса, маған жасаған бар қиянатынан бір күнде ада болғаны – деді» [1, 455 б.].

Бұл жерде ұлы Абайдың аузына сөз салып, олай баспа, былай жүр деп қақпайлап тұрған орыс көрінбейтіні хақ. Қайта біз: 

«– Ибрагим, сен жаратылыстың бел баласысың. Сенің бойыңа оның бар қасиеті жұққан. Сондығыңнан өзге жұрттан асып туғансың» [1, 556 б.] - деп бас иіп жалбырап тұрған Михаэлсті көреміз.

Романның «Толғақ (Кенесары-Құнанбай-Қодар)» деп аталатын  бірінші кітабына Мағжан Жұмабаевтың «...Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң, Толғанып қарауым сол баяғыға...» деген өлең жолдары эпиграф етіп тегіннен тегін алынбаған.   Жазушы Құнанбайдың  ауыр, қатты характеріне сыналап отырып Құнанбайдың Кенесары қозғалысына іш тартуы, жасырын түрде қолқабыс еткендігі сияқты ұлттық  оң мінез енгізеді. Кенесары – Мағжанның сүйікті қаһарманы –  романның алғашқы беттерінде ұлт жалауын желбіретеді. Осы тұстарда, шығарманың прологы мен эпилогында философиялық публицистика Рамазан романының стильдік дара қасиеттеріне айналып отырған.

«Жұлдыз құрбандық» аталатын екінші кітап Шоқан, Достоевский, Құдайберді секілді ойшылдарға арналғанда, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанымызда ел боп, жұрт боп ойласатын арман-тілектерімізге қозғау салынатын сан алуан салиқалы пікірлер ағытылады. Халиолла, Михаэлис, Шәкәрім «Қызғаныш» атты үшінші кітап ұлттық идеяны қаулатса, «Хақиқат мекені» дейтін төртінші кітап ұлы  Абайдың интеллектуалды, ойшыл ортасын кеңейте түседі (Саққұлақ шешен, Мұса мырза, Долгополов). Бесінші кітап аты – «Нұрсипат». Бұл кітапта бұрын кеңес цензурасы ауызға алуға тыйым салған Әлихан Бөкейханов секілді боздақтарға орын берген. Абай айналасында жоғарыда аталған есімдермен бір лекте сұлтан Шыңғыс, хазрет Ахмет Риза, Мәшһүр Жүсiп жүреді.

Рамазан романы – тәуелсiздiк дәуiрiнiң ұлттық мәдени мұрамызды қайта қарап, жоғын жоқтап, барын түгендеп жинақтау, жүйелеп тәртiпке келтiру талабының өзiнше бiр жемiсi. Роман-хамса Абайдың бұған дейiн ақтаңдаққа саналған ортасын, «интеллект тынысын» кеңейттi, адамгершiлiк биiк парасатының жаңа беттерiн ашты. «Абай өмiрiнiң соңында өзiне қастық ойлаған жауларының бәрiн досы етiп кеткен» [1, 8 б.] - деген тұжырымды біз роман прологынан кездестіреміз. Абайдың: «Бiрiңдi  қазақ, бiрiң дос Көрмесең iстiң бәрi бос» деп өсиет айтып қана қоймай, сол ұстаным үдесінен табылып, шыға білгенінің өзі – романның үлкен жаңалығы.  Ел тәуелсiздiгін нығайтудың басты алғышарты – ұлттың береке-бiрлiгiн сақтау болса, бұл iске Рамазан Тоқтаровтың роман-хамсасының қосқан үлесі сүбелi деп ауыз толтырып айтуға негiз толық.

Пайдаланылған әдебиеттер

1 Тоқтаров Р. Абайдың жұмбағы. – Алматы, 1999. – 615 б.