САУЯЕВ НАҒЫМЖАН АРАЛБЕКҰЛЫ
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ
2-курс магистранты
Т.НҰРМАҒАМБЕТОВ
ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ІЗДЕНІСТПР
Қазіргі қазақ әдебиетінің қай жанрына
назар аударсақ та, оның шындықты көркемдікпен бейнелеу
құралдары жағынан үлкен ізденіс үстінде екенін
аңғара аламыз. Ал, әдебиеттің дамуы үлттық
сананың өсуіне, әлеуметтік
әрі азаматтық ой-сезімнің толыса бастауына тікелей байланысты
екендігі әмбеге аян.
Халық
өмірін, замана бағдарын, уақыт тынысын,
қоғамдағы әлеуметтік шындықты қыруар
қырынан ұңғыл-шұңғылына дейін ашып
талдап, жинақтап, қорытындылап көрсетуде ең
мүмкіндігі мол жанр повесть пен роман екені белгілі. Прозалық
шығармалардың қай - қайсысында болсын
қысқалық пен нақтылық, оған қоса
ойдың тереңдігі аса қажетті фактор екенін естен шығаруға
болмайды. Осы орайда, Тынымбай Нұрмағамбетов шығармалары өмірде
болған немесе болуы мүмкін оқиғалардан астарлы
терең ойлар түйіндейтін, ол оқиғадан жазушының
өмір туралы философиялық концепциясы көркемдік көрініс
табатын арналы проза. Жазушы ретінде Т.Нұрмағамбетов әрі
шебер, әрі танымы терең ойшыл.
Қазіргі қазақ прозасы ұлгтық типтердің
әртүрлілігін көрсете отырып, олардың тарихи дамуын,
әлеуметік рөлін, қоршаған ортамен тығыз
байланысын көрсете отырып, қазіргі өмір тынысын дәл
бейнелеуде. Әсіресе, қазіргі қазақ жазушыларына осы
заманғы әдебиеттің даму жағдайына сәйкес
уақыт қойып отырған үлкен міндеттің бірі –өмірдегі
адамның шығармадағы бүркеншік аты-кейіпкердің
жан-дүниесін ашу, дәл айтқанда, оның ішкі сарайына
психологиялық талдау жасау бағытында тегеурінді тер төгетін
ізденуден, ойланудан бір сәт алшақтамау. Адам жансыз робот емес, ол
шалқар ойдың, сыршыл сезімнің иесі, оның қуануы,
ренжуі, ойлануы, торығуы, қысқасы, тағы басқа
адамға тән сезімдердің, қасиеттердің барлығын
көркемдікпен әрлей жеткізу оңай емес. Бұл бағытта
Ә.Кекілбаев, О.Бөкеев, Д.Исабеков, С.Мұратбеков, т.б.
ізденістері мен Т.Нұрмағамбетовтің де еңбегі бар.
Аталған жазушылар повестерінің кейіпкерлері қарапайым,
елеусіз адамдар болып көрінеді. Бірақ, әрбір қаһарманның
өз тағдыры, соны мазмұндауда, әрбір
қаламгердің жеке мәнері болады. Аталған
қаламгерлер шығармаларымен Т.Нұрмағамбетов прозасы
көркемдік деңгейі, стильдік-тілдік ізденістері тұрғысынан
әркелкі, әр бағытта болғанымен, бүгінгі заман,
бүгінгі күн мәселесін көтерудегі мақсаткерлікте
ортақтасып жатыр. Қоғам тіршілігі адамдар арасындағы
қарым-қатынас арқылы, солардың
өмір-тағдырындағы күресті тыныс-тіршілігінің
арнасында ашылады.
«Көркем шығармада адамның сыртқы
түр-тұлғасын, нақты қимыл-
қозғалысымен бірге оның ішкі жан әлемі, адам әрекетінің
бұл екі формасы үнемі тығыз бірлікте болып отырады.
Адамдардың ішкі әлемімен, психологиясымен байланыссыз
ешқандай әрекет жоқ» [1, 45] - дейді белгілі сыншы С.Әшімбаев.
Психологиялық талдау- қоғамдық құбылыстың
шырқау шыңы адамды, оның жанындағы сезімнің жықпылдары
мен қат-қабат қалтарыстарын, шуағы мен ызғарын,
ондағы қарама-қайшылықтарды дәл де
нақтылық жағдайда зерттеудің тамаша тәсілі деп
қорытынды жасауға болатын сияқты. Психологизмнің
көркемдік мәні- толыққанды образ, өміршең тұлға
жасауда бірден-бір оңтайлы тәсіл екендігі. Образ, характер
жоқ жерде көркем шығарманың елесі де жоқ. Ал,
образдың ашылуы оның психологиясы мен нәзік сезім
пернелерінің бейнеленуіне тікелей байланысты. Ендеше, кейіпкер
психологиясын шынайы өрнектеу шеберлігі суреткердің
эстетикалық ерекшелігі гана емес, оның ерекше талантының
айғағы да. Мұндай ерекшелікке
ие болу бақыты қолына қалам ұстағанның бәрінің бірдей маңдайына жазыла бермейді. Яғни, төрт
кұбыласы тең көркем шығарма дүниеге келуде
психологизмнің жөні бір бөлек болатынын
бағамдадық. Осы мәселе турасындағы зерттеулердің жуан ортасында Т.Нұрмағамбетовтің
аты аталмай қалмайды. Бұл заңды жайт. Жазушы шығармаларында психологиялық тереңдік пен нәзік сыршылдық та айқын көрініп тұрады.
Т.Нұрмағамбетов алғашқы шығармашылық
қадамынан бастап-ақ жылы лебізге ие болған қаламгер.
Өйткені жазушы әдебиетті – өмір айнасы деп ұғынған-ды.
Сондықтан ол не жазса да, қалай жазса да беріле жазды. Өз
естелігінде жазушылық лабораториясында мына бір
оқиғаның есінен кетпейтінін баса айтады:
“Бірде аулымыздың бір сыйлы
ақсақалы мені оңашалап: “Өтірік жазуды қою
керек”дегені бар. Мен жауап орнына күлдім. Әрине аса жетіскен
күлкі де емес еді. Менің жарық көрген дүниелерімді
немерелеріне оқытып, біліп отыратын қарияның ұғымында “жазушы қалайда өзі білетін орта, адамдарды жазуы
керек, ал бұл жазғандарында ауылдың
бірде-бір адамының атын да атамайды. Сонда мұның жазып жүргені шылғи өтірік болмағай”деген
күдіктің болғандығын сездім. Бірақ сол елден, сол
жерден екенімді білдіріп, жер-су аттарын атап қалатыным бар.
Мен қарияға жазып
жүргендерімнің өтірік-шыны жөнінде ештеңе дегенім
жоқ. Ол кісі де одан әрі тәптіштемедІ.
Әрине, жазатын жайларды – әсіресе мінез бен тілді - аспаннан алмаймыз ғой.
Сол ауыл. Сол өзім білетін адамдар. Бірақ ауылдастар түгілі
былайша білетін адамдарымның атын да пайдаланғым келмейді. “Бәленше туралы жазыпты” деген басы артық сөзден
қашқандығым болар. Әлгі айтып отырған
ақсақалымыз әлдеқашан қайтыс болды. Болмаса одан
кейінде жарық көрген дүниелерімді
немерелеріне оқытып, тыңдап алып: “Мына баламыз
нағыз жорға өтірікшінің өзі болып алған
екен” деп шын қынжылып та қалар ма еді, қайтер еді” [2, 92].
Әңгімеден кейін Т.Нұрмағамбетов повесть жанрының да
әдеби әлеміне еркін кірді. Өндірте жазып
та келеді. Оның қаламынан күнделікті ақиқат
өмірдің сан салалы сырына терең сүңгіп,
өнеге тұтарлық
идеяларды ұсынатын, адам характерін даралап ашқызатын тартыстар
баяндалатын “Тұнық су”, “Бойтұмар”,
“Дарияның арғы жағы”, “Түкпірдегі ауыл”,
“Көгілдір аспан”, “ Қош бол, ата”, т.б. орта көлемді шығармалар жазылды. Және, олардың бәрінің де, жалпы сілемі, композициялық құрылымы, баяндау мәнері, бейнелеу тәсілі жазушының өзіндік ерекшеліктерінің бірі болып
табылатын ықшамдылық шартынан ауытқымайды. Бір сөзбен
айтқанда, Т.Нұрмағамбетов
өз повестерінде қарапайым, кішкентай нәрселер арқылы
түбегейлі кесек мәселелер
көтеріп, әлеуметтік-көркемдік ірі, күрделі
ойлар айтумен бірге, осы мақсатта барша детальдар мен баяндау формаларын,
монолог, диалогтарды шебер пайдалана алған.
Көркем әдебиеттің
міндеті тек өмірде кездесетін ұшы-қиырсыз
оқиғаларды тізбектеп айта беру емес, әдебиет - адам жанын зерттейтін ғылым. Ол адамның ішкі
әлеміне бойлап, болмысын рентген сәулесіндей көрсетіп, жан
құбылысындағы дерттің сырын ұғуға ұмтылса,
көркем дүние осылардың себебін анықтап, айықтыру
жолдарын қарастырады. Алдына қойған осындай
философиялық мақсатты орындап, адамның жан әлемін, ой- дүниесін, сезім сырын сипаттауда авторлық баяндау,
суреттеу, әңгімелеу, пікір айту тәсілдері
тез алмасып отырады да, ішкі монологтік форманың ашық
сөздерге ұласа салуы
сияқты әдіс-амалдар
арқылы қиял, толқу, тебіреніс мезеттері, драмалық жай-күй бейнесі оқырманға жеткізіледі.
Кез-келген жазушы шығарманың
ен бойында баяндаудың ерекше ритмді түрін қолданып, негізгі
сюжеттік мағына мен кейіпкерлерін көрсету үшін әр
түрлі әдіс-амалдарға бой ұрады. Өз кезінің өзекті шындығын кесек- кесек
толыққанды образдармен елестетіп көрсетеді. Өз
шығармаларында жаңа уақытқа үн қосумен
бірге, оның аяқ алысын аңғарған Т.Нұрмағамбетов іс-әрекеті, мінез-құлқы нағыз табиғи қалыпта бейнеленген кейіпкерлер
сомдауға талпынады. Сөйтіп, өмір шындығының
нағыз қайшылықтарын бар толық мәнінде бейнелеуге тырысты. Ащы шындықты айтып, әлеуметтік
өмірдің көлеңкелі жақтарын әшкерелеуге ұмтылған. Т.Нұрмағамбетовтің
баяндау мәнері іріктеліп алынған тәсілдер мен тек бір нәрсені хабарлап
қана қоймай, көркем-эстетикалық мақсаттарға
толы болып келеді.
Т.Нұрмағамбетовтің
повестерінің біршамасына тән бір ерекшелік-
кейіпкердің жан әлемін бейнелеудегі
нәзік сыршылдық,
көңіл-күйінің толқымалы құбылыстарын сезімталдықпен аша білу, шығармада парасат
нышанының адамгершілік сипаттарымен үйлесімді дамуы болып табылады,
“Лирикалық прозаның дүниетанымдық,
эстетикалық мұраты - арқау еткен, өзара үзбей
шынайы өрбитін оқиғаларды майын тамыза тәптіштеп
баяндап беру емес, кейіпкердің жан әлемін толқытқан
сезім шуағын, қуаныш-сүйінішін, қасірет-мұңын
өмірдің тап өзіндегідей сиқырлы да айшықты
суретке айналдыра алуы, оқушысын иландыра білуі,
психолоғиялық реализмнің сан иірімдерін ширықтырып
беруі” [3, 80] - десек, осы орайда, автордың
“Қарлығаштың ұясы” повесінің сыршылдығы
өте терең.
“Қарлығаштың ұясы” - адам тағдырын,
қоғам өмірін психологиялық сарынмен
алдыңызға жайып салады. Бұл повестің
де мазмұнымен бірге идеялық мақсаты да
өте терең. Шорман бейнесі арқылы
жазушы өзінің эстетикалық мұратын танытады. Шығарманың сюжеттік желісі де осы Шорман
образына байланысты өрбиді. Қарапайым ғана сөздер
жан-жүйкеңді босатады. Тағы да жазушы талантына таң
қаласың, шеберлігіне бас иесің.
“Өмірдің қай саласында
болсын шынайы суреткер өзіндік орнышен,
нақышымен көрінеді. Ақын-жазушы тек өзіндік
қолтаңбасымен, даралық суреткерлігімен, өз стилімен
айқындалады. Онсыз өнер иесі жоқ” - дейді Т.
Ақшолақов [4, 194].
Осы орайда, “Қарлығаштың
ұясы” - терең психологизм мен лиризмге
толы шығарма екенін атап өткен жөн. Автор адамның
жан-дүниесіне үңіле түсіп, өзінің шынайы психологиялық, романтикалық суреттеуге бейім
ерекшелігін танытады. Шығарманың негізгі тақырыбы - панасыз
жетім балапан тағдырымен ұқсас тірі жетім тағдыры. Жазушы осы хақындағы негізгі идеясын жеткізуге лайықты деп повесть жанрын дұрыс таңдап алған.
“Шығармаға автор тікелей
қатысса, не лирикалық кейіпкердің рөлін атқарса
міндетті түрде жазушының бейнелеу объектісіне
көзқарасы, қаһарман
характеріндегі қалтарыстарды ашу ниеті, психологиялық
жүрістері өз жүрегіндегі қылдарды қозғап,
азаматтық тебіреністер тудырады” [5, 97].
“Қарлығаштың ұясы” повесінің негізгі кейіпкері - жеті жасар Шорман – Оштай әжесінің қолында тәрбиеленеді. Кәрілік меңдеп, өмірдегі татар дәмінің таусылуға жақындағанын сезген әжесі оны жақын ағайыны - Қиянбектің үйіне жібереді. Сандықтан
көрші кемпірдің алып берген судай жаңа киімдерді киіп,
Шоқатайдың тракторына мінуге асыққан Шорман еш алаңсыз ол үйге
келеді. Келе сала Шабаркүл кесек тасытып қойса, тосырқамай
қолынан келгенше қолғабыс етеді. Автор шығармада баланың нұрлы жан дүниесі мен кіршіксіз
сезімдерімен қоса Қиянбек, Шабаркүл бейнелерінің
тартымды жасалуына күш жұмсаған.
Бейтаныс ауылды көп жатсынбаған Шорманның
тұнық тұмадай таза көңілі мен әдемі
қиялдарының астан-кестеңін шығарған оқыс жағдай - әжесінің қайтыс болғанын кенеттен естіп
қалуы еді. “Бұл кезде Шорман
үйдің басқа бір бөлмесінде өзінше ойнап
отырған. Оған Қиянбек пен Шабаркүлдің
сөздері естіліп жатты.
Әй, өзіңнің де
денсаулығың болмай жүр-ау, - деп Шабаркүл
Қиянбектің жанына жалп етіп отыра кетті.
Қиянбектің дауысы да енді
жуастау шықты.
- Әлгі өлердей құсатыным қай күні еді?
- Ойбай-ау соны да ұмыттың ба? Оштай апамның өлетін күні ғой. Ойпырмай, сол жолғы қорыққанымды-ай!
Әлдебір темірмен кесек сынығын
ұнтап ойнап отырған Шорман селт етіп
Шабаркүлге қарады. Сонан соң
орнынан ұшып тұрып жанына келді.
- Өтірік, әжем өлген
жоқ...Өлмейді” [6, 52].
Осылайша, мына өмірдегі жалғыз жанашыры мен тірегі – әжесінің енді
жоқ екенін, қаласа да қаламаса да осы үйде
түруға мәжбүр екенін
сезінген бала жалғыздықпен іштей арпалысады. Көзі
көрмегеннен кейін еш сенбеген баланың көңілі сенбей,
“үйіме ала кет” - деп Шоқатайдың тракторының
соңынан жүгіреді. Ештеңеге зауқы соқпай, іштей
егіледі. Шорман әке- шешесінің
тірі екенін, жұмыр жердің бір бұрышында
жүргенін, әкесі Есенжол, шешесі Айбарша екенін сан мәрте
естіген. Осылардың барлығы бала санасын әбден сансыратады.
Әжесінің айтқан ертегісі есіне түседі. Осы тұрғыда,
қаламгер бала психологиясын тұнық
күйінде жеткізу үшін ескі тіреуге салынған қарлығаштың ұясы мен тіреуді
Қиянбек алатын болған соң балапанға Шорманның
қамқорлық жасауын, тілдесуі секілді өмірлік нақты
детальдарды - көркемдік детальдар ретінде шебер пайдаланып,
авторлық суреттеу мен бейнелеу арқылы баланың рухани әлемін жан-жақты ашып, Шорман образы арқылы өмірлік
ситуациялардың көркемдік-эстетикалық, әлеуметтік өткір проблема ретінде бейнеленуіне күш салады. Және бұл турасындағы өзінің
көркемдік концепциясын ұсынады.
Бар үміті ұшып бара жатқан қарлығаштың балапанында болып,
соған үздіге қарап тұрған Шорман
бірден көз алдыңызға елестеп, жан-дүниеңіз
алай-дүлей болады. Үйіне қаладағы қызы мен
оның кішкентай Гүлжан есімді
қызы келгенде Шабаркүлдің бәйек болуы, өзгеше
мейірім көрсетуі бала сезіміне үлкен әсер етіп,
жабырқау тартады. Сәби көңілі аяулы адам, мейірім шуағын аңсайды.
Қарлығашқа айтқан сөздері еріксіз
көзіңізге жас алдырады.
“Айтпақшы, сен Айбаршаның
үйінің үстінен өтесің. Мен
оған өкпелеп жүрмін. Бұл
жаққа келмей кетті. Туфлиімнің жыртылғанын айтшы.
Көйлегім де тозды. Неге келмейді екен. Өкпелеп жүр деші...
Жо-жоқ сағынып жүр де. Мен оны шынында сағындым.
Есіттің бе, қарлығашым...
Мен оны түнде түсімде
көрдім. Ол да сағынып қалыпты. Ұзақ сүйді.
Сонан соң құшақтасып
жатыр едік... Оянып кетсем, жалғыз өзім.
Сен, мүмкін Есенжолды да
көрерсің. Оны бәрі де жамандайды.
Бәлкім, жақсы адам шығар.
Бірақ, ол мені неге іздемейді? Мен оның баласымын ғой. Осылай
деп әжемнің өзі айтқан. Айбарша екеуі мені неге тастап кетті. Неге? Екеуіне де айтшы. Сағынып жүр
деші. Ең болмағанда бір күнге келіп көріп кетсінші. Бір
күнге...
Балапан бірте-бірте биіктеп, алыстап кетті. Бірақ, оны енді Шорман көре
алған жоқ. Көзін жас жуып кетті. Қырлы тастардың табанын тіліп кеткенін де елеген жоқ. Жүгіре берді» [6, 55].
Осы жолдарды оқып отырып,
қарлығашқа шын жүректен ашық аспанда ақ жол
тілейсің...
Шормандай тас тағдыр балалар
өмірде аз емес. Соларға қарап отырып, олардың да
өз қиялы-арманымен алысып, шартарапты шарлап ыстық
алақан, аяулы адам іздейтіні жүрегіңді қан жылатады.
Неге? Кім кінәлі?, т.б. сауалдар тіл ұшына оралғанымен нақты жауап жоқ.
“Қарлығаштың ұясы» - қазақ балалар әдебиетінің алтын қазынасына
қосылған көркем дүниелер санатынан саналады. Бұл повестің артықшылығы мен өміршеңдігі
образды өмір шындығына сай сомдап, өткір проблема
көтеріп, соған орай жазушының үлкен рухани
күш-қуатқа жұмсауы десек, еш
қателеспегеніміз. Осы шығармасында жазушының
қарлығаш туралы ертегіні кейіпкер психологиясына қажетті
бейнелеу құралы ретінде қолданады.
Т.Нұрмағамбетов
өмір шындығын көркем шындыққа айналдыруда
кейіпкер көңіл-күйіндегі күйініш пен сүйініш,т.б.
жүрек түкпіріндегі терең тебіреністерді тамаша суреттей
отырып, оның мінез-құлқын, рухани
болмысын; қысқасы, психологиялық ішкі портретін оның
өз аузынан шыққан сөздері арқылы, әсіресе
ішкі монологпен жарқырата ашып береді.
Түптеп келгенде көркем
шығарманы толық түйсіну - оның дүниеге әкелген автордың жазушылық табиғатын саралау арқылы
жүзеге асырылады. Шығармаларының көркемдік құрылуында персонаждардың сыртқы кескін- келбеті, үй-ішінің көрінісі, пейзаж, диалог, ішкі монолог пен
авторлық баяндауды пайдаланып, бұдан да басқа
әдіс-тәсілдерді көркемдік жүйеде өз орнымен жұмсай білген Т.Нұрмағамбетов
ортақ төл сөздер, көркем деталь-штрихтар,
авторлық ремаркаларды көркемдеуші-бейнелеуші құралдар ретінде қолданады.
Жазушының кез-келген
шығармаларын оқи отырып, кейіпкерлермен іштей сырласып, әр
түрлі образдармен жүздесіп, сөйлескендей боламыз. Ішкі сезім дүниесін ашуда ешқандай жасандылыққа бой ұрмайды. Кейіпкерлерін өз қадір-қасиетіне сай
сөйлетіп, өз шамаларына шақ ой толғатады.
Қаламгер қаламынан туындаған шығармалар
күнделікті өмірдің мәселелерін әлеуметтік
проблемаларымен ұштастырып,
оқырман көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап беруге
тырысады. Жазушы туындыларында өмір мәселелері тереңінен қозғалып, талқыға
түсумен қатар, кейіпкерлердің жан-дүниесін ашып
көрсетіп, мінез сипаттау барысында өзіндік ерекшелігімен
көзге түседі. Өзі өмір сүрген заманның
жақсы-жаманын саралай келіп, оны келешек ұрпақтың пайдасына лайықты жазылған Тынымбай Нұрмағамбетов шығармалары маңыздылығымен
ерекшеленеді.
Әдебиеттер тізімі:
1.
Әшімбаев С. Шындыққа
сүйіспеншілік. - Алматы: Жазушы, 1993- 623 б.
2.
Нұрмағамбетов Т. Аптапқа бет алу
// Жалын. - 1987. -№1.-91-94 бб.
3.
Әйтімов М. Қазақ повесіндегі
лиризм: Дис. филол. ғыл. канд. - Алматы, 1998. -163 б.
4.
Ақшолақов Т. Шығарманың
көркем айшықтарын талдау. -Алматы: Рауан, 1994.-224 б.
5.
Майтанов Б. Қазақ прозасындағы
замандас бейнесі. - Алматы: Ғылым, 1982. - 148 б.
6.
Нұрмағамбетов Т. Қош бол,
ата. - Алматы: Рауан, 1993- 224 б.