Мырзағұл Ж.Ұ. , Мустафаева А.А. 

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы

Араб тілін оқытуда кездесетін тыңдап-түсінудің ерекшеліктері

Түйін сөздер: тыңдап-түсіну, мәтін,  оқыту әдістемесі, араб тілі.

Қазіргі таңда шетел тілін окыту барысында тыңдап-түсінуге байланысты туындайтын қиындықтар және оның ерекшеліктері психологтар, психолингвистер мен әдіскерлердің  басты назарын аударуда. Аталмыш қиын үдерісті  меңгеруге бағытталған маңызды теориялық ізденістер жүргізілу үстінде, алайда осы уақытка дейін шетел тіліне оқытудың бұл саласы толық меңгерілмей келеді. Н.В.Елухинаның пікірінше, шетел тілін оқыту әдістемесіндегі ең бір зерттелмеген сала – тыңдап-түсіну болып табылады. Көп жағдайда оқушы өзінің естіп тұрғанын, тіпті кейде өзінің не айтып тұрғанын түсінбей жататын жағдайлар да кездеседі [1, 226].

Тыңдап-түсіну дегеніміз – ауызша айтылғанды қабылдау және түсіну процесі. Егер оқытушы сабақта аудиожазбаларды пайдаланбаса, ол қанша жерден сол тілде сөйлейтін ұлт өкілі болғанымен, оның оқушылары аудиториядан тыс жерде ауызша тыңдап-түсіну барысында қиындықтарға ұшырамайды дегенге кепілдік бере алмаймыз. Тілдік құрылысы жағынан ең қиын тілдердің қатарына жататын араб тілі өз кезегінде тыңдап-түсіну саласы бойынша үлкен қиындықтарға кездесіп жатады. Мұның себептері көп, біріншіден, Азия және Африка құрлығында орналаскан жиырма бір араб мемлекетіне ортақ бір тіл – әдеби араб тілі болғанымен, бұл мемлекеттердің өздеріне тән жергілікті диалектісі кеңінен таралған, диалектілердің айырмашылығы сондай, кей кездері арабтардың өздері бірін-бірі түсінбей жатады және бұл диалектілер арабтардың күнделікті өмірінде, бүқаралық ақпарат құралдарында кеңінен етек алған. Екіншіден, фонетикалық құрылысы жағынан қарар болсақ араб тілінде дыбысталуы жағынан ұқсас әріптер өте көп, студент бұл әріптерді жазылу барысында айыра білгенімен, айтылу кезінде ажырата алмай жататын кездер жиі кездеседі.

Ғалымдардың айтуы бойынша шетел тілін оқыту әдістемесіндегі кенже қалып келе жатқан сала – тыңдап-түсіну болып табылады. «Мұның себептерінің бірі - тыңдап-түсіну оқытушылар мен әдіскерлер тарапынан біраз уақытқа дейін шетел тілін оқытудың жеңіл түрі деп есептеліп келуінде. Шетел тілін орта деңгейде сөйлей алған адам, ауызша тыңдап түсінуді де сол деңгейде қабылдай қабылдай алады деу қате түсінік», – деп жазады З.М.Цветкова [2, 11].

Тыңдауға оқытудың спецификалық ерекшеліктері. Біз өмір сүріп отырған қоғамда адамдардың 45%-ті тыңдайтындығы, 30%-ті сөйлейтіндігі, 16%-ті оқитындығы жэне 9%-ті жазатындығы анықталған. Яғни, бұл көрсеткіш қандай жағдайда да, қай уакытта да тыңдап-түсінудің «лидерлік» орында қала беретіндігін дәлелдейді.

Сөйлеу және тыңдап-түсіну ауызша сөз әрекетінің негізгі құралдары болып табылады. Сөйлеу мен тыңдап-түсіну механизмдерінің бір-бірімен тығыз байланыстылығы сондай, кей кездері олар дәл келіп жатады. Сондықтан, тыңдап-түсінуді сөйлеу әрекетінсіз оқыту немесе керісінше сөйлеуді тыңдап-түсінусіз оқыту мүмкін емес. Сөзді оқымас бұрын оны айта алу керек. Мұнан шығатын түйін, тыңдап-түсінуге оқытуды сөйлеуге үйретуге дейін оқыту қажет.

Тыңдап-түсінудің негізгі компоненті оның психологиялық ерекшеліктеріне байланысты дейтін болсақ, мұндай жағдайда шетел тілінде айтылған нәрсені қабылдау және оны түсіну бірінші орында тұруы қажет.

Сөз әрекетінің осы бір қиын да күрделі түрін игеру үшін, оқушы барлық барлық назарын естіп отырған затына ғана аударуы қажет, осындай жағдайда ғана оқушы тыңдауға, түсінуге және оны толық талдауға мүмкіндік алады. Тыңдап-түсінудің жалпы басқа да қабылдаулар сияқты, негізгі мағынасы біріншіден, қабылданған обьектіні тану жэне басқалардан ажырату, екіншіден, ұзақ мерзімдік ес эталонындағы сақталған затпен салыстыру болып табылады. Бірінші әрекет психологияда айыру, ажырату деп аталса, екіншісі тану деп аталады [3, 89].

Тыңдап-түсінуге оқытудың лингвистикалық ерекшеліктері. Тыңдап-түсінудің лингвистикалық компонентіне қарастыру үшін ең бірінші тілдік жэне сөз материалына тоқталамыз. Тілдік материалдарға: фонема, морфема, сөз, фразеологиялық тіркестер, микро және макро мәтіндерді қамтитын тіл бірлігі жататыны белгілі. Мұндай кезде барлық назар сол тілдің ең қарапайым элементтеріне дейін аударылады. Қабылдау бірлігі жеке сөздермен тікелей байланысты деп қарастыратын болсақ, бұларды қабылдау үшін оқушылардың санасында фонематикалық есту қабілетін қалыптастыру қажет. Фонематикалық есту қабілеті дегеніміз ­сөздегі дыбыстарды ажырату және оларды тиісті фонемалармен ұштастыру. Оқытушы оқушыға сол үйретіп отырған тілдегі дыбыстар мен олардың айтылуын, айырмашылықтарын, дыбыстың ұзақтылығы мен қысқалығын, ритм, екпін және интонациясын толық түрде түсіндіру арқылы тыңдап-түсіну барысында кездесетін қиындықтардың алдын-алу шараларынқамтамасыз етуге мүмкіндік алады.

 Араб тілінде тыңдап-түсіну барысында кездесетін ерекшеліктер ішкі интерференцияға, сыртқы интерференцияға, фонемаларға, дыбыстардың айтылуына, диалектілердің көп болуына байланысты туындап жатады.

Араб тіліндегі тыңдап-түсіну барысындағы ерекшеліктероның тілдік диалектісінде байланысты. Жиырма бір араб мемлекеті бар дейтін болсақ, бұл елдердің әрқайсысының өзіндік диалектілері бар. Араб тілін осы аталған аймақтардың бір өкілінен үйренген адам, арабтың әдеби тілінен баска міндетті түрде ауызекі тілін де үйренеді. Осылайша тілді жақсы меңгерген адам келесі жолы осы тілде басқа араб мемлекеттерінің адамымен сөйлескен кезде мүлде түсінбей қалуы ғажап емес. Әрине, араб тілінің өкілі таза әдеби тілде сөйлессе, мұндай қиындық болмайды, әйтсе де ауызекі тілді қоспай таза әдеби араб тілінде сөйлейтін арабтар көп емес.

Араб тіліндегі тыңдап-түсінудің ерекшеліктері тілдің дыбыстық айтылуына, оқытушы адамның сөйлеу дикциясына, сабақ жүргізу методикасына, тыңдаушы адамның жас ерекшелігіне, психологиясына, т.б. байланысты. Осы аталған жайттардың бәрін ескере отырып, қазіргі таңда араб тілін оқыту методикасында тыңдап-түсінуге арналған түрлі жолдары қарастырылуда. Олардың қатарына араб тілін оқу барысында тыңдап-түсінуге үйрететін мультимедиялық курстар, бейнемагнитафон ленталары, аудио ленталар, аудиожаттығуларға берілген анықтамалар жатады [4, 79].

 

Әдебиет:

1. Елухина Н.Б. «Основные трудности аудирование и пути их преодоления» в книге: «Методика и психология обучения иностранным языкам»  M., 1991 – 226 стр.  

2. Цветкова З.М. О методике устной речи  // Иностранные языки в школе. M., 1965. № 4 – 11 стр.

3. Жинкин Н.И. «Обучение аудированию» в книге «Современная методика обучения иностранным языкам» M.,2003 – 89 стр.

4. Машкан М.Т. «Методика преподавания арабского языка в университетах Казахстана» Алматы 2002 – 79 стр.