Алибаева Г.К.

Жезқазған қаласы, Талап ауылы №2 орта мектеп мұғалімі

 

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ  РУХАНИ МҰРАСЫ

(Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл)

 

Абай Құнанбайұлы — қазақтың ұлы ақыны, сазгер, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі,  ұлы ұстазы, дана ұстазы. Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған, ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан.

Абайдың өмірі мен шығармашылығындағы өзекті тақырыпты танып білу үшін Құнанбай заманы мен Абай өмір сүрген дәурдің ерекшелігін, айырмасын жете білу маңызды.

Абайды оқып зерттеген жазушы М.Әуезовтің атап көрсеткеніндей Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды. Оқи жүріп, іштей толысып жетіле жүріп ақындық өнердің қоғамдық санада зор тәрбиелік мәнін танып, жасы қырықтан асқан шақта ақындық өнерге құлай берді.
         
 Адам болу мәселесі сонау тар қапас заманда дүниеге келген ұлы Абайды ерекше толғандырған. Міне сондықтан да ақынның ғылым, білімге шығарған өлеңдері бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес.

Абай өз заманының перзенті ретінде сол дәуір дайындаған көлемде ұлан-ғайыр еңбек етті. Кемеңгер Абай өлеңді сөздің патшасы, сөз сарасы деп бағалады. Ол өлең құрылысы жағынан да жұп-жұмыр шығып, артық сөз, орынсыз ой қосылмай, өлеңнің бас-аяғы теп-тегіс шығуын, мазмұн мен түр бірлігін керек етеді. Сырты күміс, іші алтын болып өрнектелуін акындар алдына жаңа әдебиеттің эстетикалық мұраты ретінде ұсынды [1,54 б.].

Абай жаңа поэзияның биік мақсаты, міндеті — халыққа қызмет ету, адамды қайта тәрбиелейтін және қоғамды қайта құруға көмегін  тигізетін жаңалыққа шақыру деп біледі. Абайдың бүкіл поэзиясы, оның жаңа лебізді, орамды өлеңінің, өмірлік қуатқа толы образдарының күші қазақ қоғамын ескірген идеялар мен сезімдер шеңберінен шығарды, ауыл еңбекшілерінің ортасынан шыққан адамдардың басын қатырған мұсылман медреселерін аяусыз шенеді.

Ол барлық адам баласына әділетті жол көрсеткен, өмірден шындық іздеген дана ұстаз. Халқымыздың басынан кешкен жақсы-жаман тағдыры Абай жырынан орын алған деуге болады. Халқымыздың тілі де, өнері де, тарихы да, діні де, ғылымы да, тіршілігі де Абай жырынан елестейді. Абай жыры адамның ар ұятын оятатын нұр сәулесінің шапағаты. Абай   ұлы  данышпан,   қазақтың ақылшысы, ұстазы, досы, халқымыздың тірегі, сенімі, ар-ынсабының әділ таразысы.

Абай халықтың өмір шындығын, көрген білгенінің бәрін шығармаларына түсіріп отырады. Ол мектеп ашуды, бала оқытуды, ғылымды білуді, халықты ағартып, оның мәдениетін көтеруді — қазақ өмірін прогресшіл жолмен өзгертудің негізі деп санайды. Қазақ арасындағы берекесіздіктің, басқа кемшіліктердің түп тамыры надандықта, оқымағандықта деп түсінеді, халқының "көңіл көзін" ашу үшін жастарды білім алуға шақырады.

Абайдың әр өлеңі, қарасөздері – қазіргі таңда ұлттық идеологиямыздың темірқазығы. Абайдың өмірлік кредосы – ар жолы, адамгершілік жолы, адалдық, әділдік, білім, ғылым. Бұл туралы данагөй жазушымыз Мұхтар Әуезов «Ұлы Абай дәуіріндегі мәдениетсіздікті, надандықты, жалқаулықты, залымдықты қазақ елінің басты бөгеттері деп білді, қаламымен күресті», - деп жазды.Одан әрі жазушы «Абайдың кейбір  бұрынғы өлеңдерінде айтылған ойлар қарапайым, оңай, жеңіл ұғымдармен қайтадан айтылады. Бұл жерде ақын өзінің көпшілік оқушы, тыңдаушысымен әңгімелеседі. Және сол әңгіменің үстінде адамгершілік мәселелерінен: әділет, ақтық, турашылдық, шыншылдық, ғылымға құмарлық, еңбекті бағалағыштық сияқты жайларды айтады», - деп түсіндіреді.

Ақын толғаныстарының ең басты түйіні-адамшылықты сақтай отырып, халқымен бірге болу, бірге өсу.

Атымды адам қойған соң,

Қайтіп надан болайын.

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын?!

Міне, адамшылықты сақтау үшін, надандықты жою үшін не істеу керек? – деген сұраққа жауапты оның тұтас поэзиялық шығармалары мен қарасөздерінен табамыз.

Абайдың ғылым  жөніндегі өсиеттері көптеген өлеңдерінде, қара сөздерінде  бар. Ол кісінің 17 және 31-32-інші сөздері түгелдей осы мәселеге арналған. «Білім-ғылым үйренбекке талап кылушыларға әуелі білмек керек…» Талаптың өзіндік шарттары бар: Абай шарттарының қысқаша мазмұны мынадай: Бірінші шарт: Ғылымға алдымен берік ынта-ынтықтық, білмегенді біле беруге құмарлық, махаббат керек. Екінші шарт. Ғылымнан ақиқат табу мақсатын қою. Үшінші шарт. Әр нәрсенің шындығына өз көзің толық жеткенде ғана, сенімің берік болғанда ғана, соны ғылым тұт. Төртінші шарт. Ғылымды үздіксіз зорайтып, молайтып, көріктеп отыратын нәрсе керек, — ол ақыл ойдың ісі. Бесінші шарт. Ғылымда салғырттықтан, еріншектіктен сақ болу керек: Алтыншы шарт. Ғылым-білімде ұстамдылық қажет, ақыл ойдың, мінездің беріктігі керек, ол үшін қайрат керек. Ғылымды да, ақылды да сақтайтын сауыт сол ұстамдылық, табандылық мінез. Сонымен Абайдың ғылыми жолы: құмарлық — махаббат, шыншылдық әділет, берік сенімділік, ғылымды дамытатын нұрлы, ойлы парасат, жақсыны іске асырып отыратын батыл еңбек, шындықты сақтайтын ұстамды қайратты мінез деп біледі.

 «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны», немесе «Адамның баласы – бауырың», «Адам баласы адам баласынан тек қана ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген нақыл сөздері осы сұрақтардың жауабы деп тануымыз керек [2,18 б.].

 «Ақыл, Қайрат, Жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек»… Басқаша айтқанда ойлау-зерттеу әрекеті, оны іске асыру, өмірге пайдалану әрекеті, адамдық сезім, әділеттік іс-әрекеті. Немесе іздену, өмір, адамдық. Осылар бас қосқан жерден ғылыми шындық шығады, Ғылым үйрену, өнер үйрену өзі де жақсылық жолы — ихсан. Бірақ ол өнерді адамдық, әділетті жолға жұмсау шарт. Халықтың қамына жұмсау шарт. «Қазаққа күзетші болайын деп, бізде ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» [3, 46 б.]. Сонымен ғылым — өнер үйренудегі мақсат Абайдың қағидасында алдымен надандықтан арылу, шындыққа көз ашу үшін. Онан кейін адамдық әділетті жолда болу үшін. Екіншіден өзіңнің халқыңды жақсылық, адалдық, адамдық, шындық жолға салу үшін. Өз еліңді адасудан, апаттан сақтау үшін, соның күзетінде болу үшін. Ғылым мен өнердің табысы әділет жолға жұмсалып «адам аулауға, адам алдауға салынатын болса онан келер пайда жоқ, зиян көп». Халық   қамын   ойлаған   Абай   алдымен   бірлікке шақырады: «Біріңді қазақ бірің дос, — Көрмесең істің бәрі бос». Осы ұстаздық жолынан Абай жалықпай өтті.

Дана Абай ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің төрешісі ретінде ғылымға жүгіндіріп, адамның баянды өміріне сілтеме жасайды. Ақын осы үш қасиетті, сипатты түгел меңгерген адамды толық адам деп таниды.

Бұл идеяның қорытындысы ақынның мына өлең жолдарында берілген:

         Үш – ақ нәрсе адамның қасиеті-

         Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек [4, 35 б.].

Адамның арманы, тек ақынның ғана емес, бүкіл даналардың мұраты – әрбір адамның жүрек қалауымен ақылын, ойын, тәжірибесі мен қуат-күшін еліне, оның гүлденуіне жұмсауы. Біздің міндетіміз – Абай салып берген сара жолмен өркениеттің биігіне көтерілу, ел үшін ерінбей еңбек ету, ұлттық болмысымызды сақтап қалу. Абай парасатын, Абай діттеген кісілік салауатты бойымызға сіңіріп, күнделікті рухани кәдемізге жарата білсек, Абай жарқын бейнесімен, жалынды жырымен, нақыл сөздерімен халқымен бірге мәңгі жасай бермек.

Абайдың тәрбие жөніндегі пікірі ұстаздың ісіне жатады. Еңбегіңді сат, арыңды сатпа, арың таза болсын, сонда ғана сен адамсың, - дейді ұстаз өзінің халқына. «Малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой», — деді емес пе? «Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолы өнерлі — қазақтың әулиесі сол». «Қазақтың жамандыққа үйір бола беретінінің бір себебі жұмысының жоқтығы. Егер егінге салынса, не саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп адам саумақ, — өнерсіз иттің ісі…» «Қайратыңа сүйеніп, енбегіңді сау; еңбек қылсаң, қapa жер де береді, құры тастамайды».                                        

Тамағы тоқтық,                                                    

Жұмысы жоқтық.                                                     

Аздырар адам баласын…                                                    

Егесіп босқа, жау болып досқа                                                    

Қор болып құрып барасың…                                                     

Біріңді қазақ бірің дос,                                                    

Көрмесең істің бәрі бос [5, 17 б.].

Халқының ел болуын арман еткен данышпан өзінің 39 сөзінде елдіктен кетіп бара жатқан жаман ниетке талдау жасаған. Әлеуметтік   ойын   қорыта   келіп   Абай   артындағы ұрпаққа аманат артады: «ей, жүрегімнің қуаты перзенттерім    «Адамның   адамшылығы   істі   бастағандығынан білінеді, қалайша біткендігінен емес, дегенді айтады: Мен бастадым, сендер әрі іске асырарсыңдар»; — дегені. Елдіктен кетудің тағы бір мінезін Абай ескертеді: «Жаттың бір тәуір кісісін көрсе «жарықтық» деп жалбыpaп қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтындығын» айтады. Данышпан ұстаздың осы ауыр аманатын мойынға алу, соған еңбек ету, соған тілектес болу, сол жолдағы адамға қол үшін беру бәріміздің  міндетіміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Абай туралы естеліктер. 1 кітап.-Семей: Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы, 2013.-260 б

2. Құнанбаев Тұрағұл. Әкем Абай туралы. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 56 б.

3. Еспенбетов А. Абайдың туған күні хақында // Семей таңы.-2009.-1 қазан.-3 б.

4.  Молдабеков Ж. Абай тұлғасымен табысу // Абай.-2007.- № 3.-35-39 б.

5. Омаров А. Кемеңгердің кереметі // Абай.-2009.- № 1.-17-22б.