ҚАЗАҚТЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ
Тулегенова
Ш.И.
Қостанай қ. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Sangik_98@mail.ru
Биыл жыл қазақтың тума
талантты ұлдары, халқымыздың
дарынды ақыны, аудармашы -
Абай Құнанбаев, тарихшы, этногроф, саясатшы – Ш.Уәлиханов,
қазақ хандығының кезеңдерін ашып
көрсеткен - І.Есенберлин, «Оян,
қазақ!»,- деп жар салған - М.Дулатов сынды асыл
ұлдарымыздың аталы мерекелерімен ұштасып келіп отыр.
Қазақ
даласының саңлағы, сан жұлдыздай жарқырап, алып
жұлдыз – Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың
кіндік қаны тамған жері Қостанай өңіріндегі
Құсмұрындай дала төсінде дүниеге келген.
Шоқанды біз - саясатшы, философ,
публицист, тарихшы, талғампаз әдебиет зерттеушісі, суретші, білгір
этнограф ретінде білеміз. Тұтас алғанда, Шоқанның
әдеби мұрасы бүтіндей бір дәуірдің шежіресі
іспеттес.
Шоқан
қазақ халқының ежелгі рухани мұраларын
кеңінен зерттеп, мол жырлар,
аңыз-әңгімелер тудырған халқымыздың
ақынгер таланты, қазақ поэзиясының аса
сұлулығы мен өнердің бітім-болмысы жайында кесек ойлар
айтқан аса көрнекті ғалым. Өзінің қысқа
ғұмырында жыр-дастандарын, аңыз-әңгімелерін,
ертегілерін, мақал-мәтелдерін жұмбақтарын қай
жерде жүрсе де жинаумен болған.
Алаулаған
ғұмырында сирек ұшырасатын дарындылығымен қатар
замандастарын қайран қолдырған Шоқанның
бүгінгі ұрпаққа жеткен мол мұрасы бар! Жазып
қалдырған толағай туындылары мен көкейтесті
мәселелерге толы еңбектер қазірде де жаңа өмірмен
үндестік табуда. Осы мұраларының бірі - «Қырғыздар
туалы жазбалар».
Шоқан Қырғыз
еліне XIX ғасырдың екінші жартысында барды. Құпия
өлкеде өткізген Шоқан елге саясат үшін де, ғылым
үшін де аса зор маңызы бар көптеген деректерді жинастырып
әкелді. «Қырғыздар туралы жазбалар» очеркінің
«Кіріспесінде» Шоқан: «...Оңтүстік Сібірден босқын боп
келіпті-міс делініп жүрген, «Қоғам жазбаларында» осы
күнге дейін үзіп-жарып басылып келе жатқан, ғылым
әлемінде орын тебе бастаған Фишер мен Левшин деректерін
бұлардың аңыздары бүтіндей және дәлелді
түрде теріске шығарады. Алатау қырғыздары сияқты
әлі онша танымал емес Орта Азия халықтары жайлы деректер өте
қызғылықты болатынын білгендіктен, Азияны зерттеу
әрекетіне кіріскен Географиялық қоғамға мен
азиялық ретінде өз қолжазбаларым арқылы
қолғабыс етуді жөн көрдім», - деп көздеген
мақсатын ашып айтып алады да, «Географиялық очерктен» соң
қырғыз елінің «Ерте заманғы ескерткіштері»
жөнінде тарқата әңгімелеп кетеді: «... Ерте замандарда
даңқты адамдардың, батырлығы және өнегелі
істерімен атағы шыққан адамдардың моласына
топырақ үю дәстүрі, әрине,
қараңғы халықтардың баршасына ортақ дәстүр
болған. Таудай ғып топырақ үйе салу үшін
көп өнердің қажеті жоқ. Гректер де обалар
салған және бұл сияқты топырақ үйінділері
Солтүстік Америкадан да табылып жүр. Қытай тарихшылары
мұндай дәстүр хунныларда (ғұндар) да
болғаны жайлы айтады. Оңтүстік Россия мен Сібір және
Орта Азия далаларында тізбек-тізбегімен шұбай созылған
ескіліктің бұл қалдықтары көп кездеседі
және олар ғылым жүзінде талай рет зерттелген. Сол обалардан
табылған бұйымдар бойынша, олардың кейбірі
құрбандық берілген жер, ал енді басқалары әскери
күзет орны болыпты деген әр қилы қорытындыға келген, бірақ табылған
бұйымдардың көпшілігі және бұл пікірлерді теріске
шығарып отырған көптеген мәліметтер
бұлардың мола екендігін дәлелдеп отыр [1:81]. Қырғыз
даласында мұндай обалар өте көп кездеседі. Олардан адам
сүйегі, күл салған құмыралар, кейде мал
сүйегі де табылып отырған. Соның бәрі мола бұйымы
болуы ықтимал, өйткені моланың басына апарып мал сойып,
өлген адамның асын беру әдеті күні бүгінге дейін
қалмай келеді және сахаралықтардың дәстүрі
бойынша, тірісінде жанына балап жүрген жақсы атын өлгенде
бірге көметін болған. Қайтыс болған адамның
жұбайы мен құлдарын, соның ажалына ортақтас
адамдар есебінде, бірге жерлейтін монғолдардың ескілікті және
бірнеше шошқаны өлікпен бірге көметін манчжурлардың
ескілікті ғұрыптары да осындай дәстүрлердің бір
түрі болған.
Ғимараттардың
қалдықтарына, бейіттер мен төмпешіктерге
қарағанда, қырғыз даласының оңтүстік
шығыс пұшпағы, яғни Лепсіден Сырға дейінгі
аралық, қолөнерінің іздері, су
құбырларының қалдықтары, құлпытас
жазбалары, жартастағы таңбалар, түрлі заттар табылатын
қорғандар мол ұшырасатын Шу мен Талас өзендерінің
бойларын бір кездерде халық мекендеген деген тұжырымға
келеміз.
Шоқан қырғыз елінде
1857 жылы, Қашқария сапарының алдында тағы да болып,
1856-1857 жылдар аралығындағы сапарларының негізінде біз
үзінді келтірген «Қырғыздар жайындағы жазбалардан»
өзге «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай
империясының Батыс провинциясы және Құлжа
қаласы», «Ыстықкөлге бару сапары» атты ел назарын өзіне
бірден аударған әйгілі еңбектерін жазған.
Шоқанның бізге тікелей қолжазба ретінде жеткен бұл
шығармаларында сия, тұш, қарындашпен салған тартымды
суреттер де бар. Тексаралық суреттер, әсіресе «Ыстықкөл
сапарының күнделігінде» мейілінше мол ұшырасады әрі
онда қырғыз бен қазақ халқының сәулет
өнері үлгілері салыстырмалы түрде кеңінен қамтылған.
Алатаудың
қулық жотасымен биік мойнаққа шыққанда қарсы
алдарында биік жарқабақты, жылғалы сайдың
көрінісі ашылады. Оның төменгі етегінде ағыны
қатты Мерке өзені шуда жіптей ширатылып жатты. Үстінен
қарағанда өзен төңірегі барынша көркем:
теп-тегіс, жасыл желекке бөленген ойпаңнан өзен
көкпеңбек болып көзге шалынады, өзеннің қос
қапталын жапырағы жерге төгілген сәмбіталдар
тәрізді көркем тау жоталары көмкеріп тұр» [1:86], -
деген сипаттама жасайды.
Шоқан қолжазбаларында
әрдайым, осылайша, сиямен немесе қарындашпен салынған
суреттеме мен сөзбен бейнеленген суреттеме қатар беріліп, бірін
бірі жандандырып, толықтырып отырады. Тұтас алғанда,
қолжазбадағы әрбір жекелеген беттердің
композициялық үйлесімі көз тояттарлық әдемі.
Автор әр беттің әрлі шығуына да көңіл
бөлген. Мұнан Шоқанның неге болмасын суретшілік
көзбен қарағандығын аңғарамыз.
Сапар үстінде жұлып-жарып
кесімді пікір айтып, ғылыми тұжырым білдірмегенімен, Түптен
Сарыбұлаққа қарай жүргенде кезігіп отыратын
кемпір тастарға, айрықша көңіл бөлген.
«Көлге қарай Қарабатқақ маңы батпақты
жерлер», - деп жалғастырады. Шоқан Ыстықкөл
сапарының күнделігін, - Қарабатқақ пен Саты
маңындағы біздің соңғы аялдаған жерімізден
шамалы әрменірек Сарыбұлақ атты екі өзен ағады;
Сарыбұлақтан Күрметі өзеніне дейінгі жерлер тасты болып
келеді, айнала төңіректе дәу-дәу қой тастар
теңкиіп-теңкиіп жатыр. Мен осы жерден жартысы жерге сіңіп
кеткен кемпір тастарды (адам пішіні мүсінделген тастарды) таптым. Бір
таңырқарлығы, бұлар жатқан жерде Сібір мен Кіші
Ресейде кезігетін қорғандар болған жоқ».
Шоқан мұнда тас
мүсіннің жанында тас қоршаудың
болмағандығына таңырқап отыр. Әдетте тас
мүсіндердің жанында қақпа тастар, сын тастар
қатар кезігеді. Шоқан дәуірінде кемпір тастар бүгінгі
таңдағыдай балбал және тас мүсін деп екіге жіктелмеген.
Сондықтан Шоқан жазбаларындағы кемпір тас ұғымын
балбал мен тас мүсіннің біріккен атауы деп түсіну керек.
Шоқанның кемпір тастардың мұнан өзге
үлгілері барлығын мегзеуіне қарағанда ол ХІІІ
ғасырдағы саяхатшы В.Рубруквистің немесе Рубруктың тас
мүсін төңірегінде жасаған мәлімдемесімен
жән басқа да осы төңіректегі көптеген деректерден
хабардар болса керек. Рубрук кемпір тастарды қыпшақтардың ХІ
– ХІІ ғасырдағы мәдени мұрасы деп санаған. Кемпір
тастар қола дәуіріндегі, сақ-сармат кезеңдеріндегі,
байырғы түркі заманындағы тас мүсіндер болып төрт
топқа жіктелген. Яки, Шоқан заманының өзінде кемпір
тастардың карпат маңынан Монғолияға дейінгі Евроазия аралығындағы
жазықтардың көп жерлерінен ұшырасатындығы
ғылым әлеміне мәлім болған. Қазір балбал
және тас мүсін делініп негізгі екі жікке ғана бөлінеді.
Ескілікті қорғандар
және тас мүсіндермен қатар, Шоқан жол-жөнекей
ұшырасқан жан-жануарлардың және шөптесін
өсімдіктердің суреттерінде бейнелеген. Шоқанның
нағыз сыршыл, сезімтал нәзік жанды суреткер екендігін
көрсететін еңбектер негізінен осылар – оның тексаралық
сурет ретінде емес, әрқайсысы жеке-дара картина ретінде
қаламмен жекелеген парақтарға салған туындылары.
Олардың біріне өз қолымен ат қойылғанымен, енді
бірін атауыз қалдырып кеткен. Алайда, олардың қай жерде,
нендей мақсатпен салынғандығын айқындау қиындыққа
түспейді. Себебі, Шоқан жолжазбаларында оларға міндетті
түрде түсініктеме беріп отырған.
Мысалы, Шоқан бірде:
«Ыстықкөл жиегіндегі шырғанақ бұталарының арасында
қабандар кезігеді», - деп жазса, енді бірде Торайғыр тауының
күнгейіндегі алапта қарақұйрықтардың
мыңғырып жүргендігін, тіпті
қарақұйрықтың бірнеше лағын ұстап алғандықтарын жазады. Шоқанның
жан дүниесіне өшпес із тастағаны соншалық,
сапарларының бәрінде жолай ұшырасқан теректер
тізбегінен екі ғашықтың қатар өскен
бәйтеректеріне келетін теректер шоғын іздейді. Яки, өз
көңілінше соған ұқсайды-ау деген қос бәйтеректің
суретін ғана Шоқан үлкен сүйіспеншілікпен
қағазға қарындашпен де, қаламұшпен де
бейнелеп салған, бедерлеп жазған. «Бұл оқтай түзу
теректердің өзі бір қандай сұлу ағаш
десеңізші[1:90], - дейді Шоқан, - күмістей
жарқыраған жапырақтары жел лебімен жүз
құбылып, қалай түседі десеңізші!
Көлеңкесінде шатыр тігіп ұйықтар ма еді
шіркіннің, дейсің де тұрасың», - деп сүйсіне
жазады.
Шоқан ғұмыры бар жоғы отыз жыл ғана болса да,
оның бейнесі біздің жүрегімізден еш уақытта да өшпек емес. Ол жазып
қалдырған толағай туындылар мен көкейкесті
мәселелерге толы еңбектер, зерттеулер қазір де өз
мән-мағынасын жоғалтпай, жаңа өмірмен
үндестік тапқан сайын ғұлама ғалым
жөніндегі әсерлі естеліктер де біздің жадымыздан берік орын
ала бермек.
Әдебиеттер тізімі
1. Мұхтарұлы С. «Шоқан және Өнер» Алматы –
«Өнер» 1985
2. Шоқан Уәлиханов. Коп томдық шығармалар
жинағы. І, ІІ том. Алматы, 2010ж.
3. Бегалин С. «Шоқан асулары». Алматы, Балауса 1996ж.