К.Т.
Жанузакова – ф.ғ.д., доцент
Г.Утепбергенова – магистр-оқытушы,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті,
қ. Алматы
САНА ТАРТЫСЫ МЕН ЕКІГЕ
ЖАРЫЛУ
Адамдар
арасындағы күрделі қарым-қатынастарды, сана
тартысын бейнелей отырып, адам
психикасының терең құпияларына батыл бойлау білуі –
М. Жұмабаевтың эстетикалық жаңалығы, сол
тұстағы қазақ прозасындағы тың қадамның бірі. М. Жұмабаевтай ұлы
тұлғаның көркемдік дүниетанымы да күрделі.
Сондықтан табиғатынан романтик,
сыршыл суреткердің шығармашылығын, кереғарлыққа толы
өмірі мен өлімін аңызға айналдырған қатал
уақыттың аясында талдау заңды. Ақиқатқа
адал суреткер әдебиетте
үстемдік еткен қасаң қалыптар мен
ережелердің шектеулі шеңберінен шыға алды. Өз
туындыларында қатал да қайғылы өміріне налып,
өлімді жиі ауызға алуы, түнекті жырлауы қарсыластарына
ақынды даттауға табылмас айғақ болды.
М.Жұмабаев
шығармашылығындағы негізгі тақырыптардың бірі –
адам өмірінің трагедиялық сипаты, адам
жалғыздығы, кемел емес, кем-кетігі көп әлемде адам
өмірінің қайғы мен мұңға толы болуы.
Бірақ ол суреткер үшін тылсымды жүрекпен танудың
тәсілі, өмірге деген ұлы махаббаттың ащы
толғағы іспетті. Оның
туындыларындағы басым романтика-символистік сарындардың сырын осы
тұрғыдан таныған жөн. Жаңа заманның алмағайып
өзгерістерін қабылдай алмау, қоғамға
көңілі толмау ақынға идеалды тек өткеннен іздетіп
қоймайды, өзінің ішкі әлеміне үңілтеді.
Көркем туынды суреткердің жанынан терең орын алған
сезім-күйлерден, өзін айрықша толғандырған
құбылыстардан туады.
Оның
шығармаларынан рухани үйлесімді, сұлулық пен
жақсылықты ерте заманнан аңсауын, ал өз ортасына,
заманына деген сенімсіздігін, қанағат етпеген мінезін танимыз.
Ақын жаңа дүниемен келісе алмағандықтан
жалғызсырайды, ішкі сезімін көбірек жырлайды. Мағжан бабалардың
байырғы дәуірін, өткен күнді аңсайды,
өйткені жаңаның кескіні оған анық емес.
Бірақ ол бірыңғай тірліктің қызығынан
түңіле бермейді. Оның шығармалары терең
сыршылдығымен, алысқа меңзер қиялшылдығымен,
нәзік саздылығымен, түпсіз мұңға толы
өзгеше бітімімен ерекшеленеді. Осы қасиеттер оның
дүниетанымының көркемдік-эстетикалық жүйесін
құрайды. Романтизм әдісі ақынға сырттан келген
жоқ, оның табиғи дарыны мен ол нәр алған
ұлттық сөз өнерінің тереңінен бастау алды.
Мағжан дүниетанымына
жақын бұл әдісті уақыттың өзі алға тартты, ХХ
ғасырдың басындағы өтпелі дәуір ұсынды.
1920
жылдардың алғашқы жартысында кейіпкерлерінің
іс-әрекетіне қарап, басты сарынын анықтау қиынға
түсетін көркем дүниелер де осы кезеңде жазылды. Осы
орайда М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» [1]
әңгімесін атауға болады. «Шолпанның күнәсі»
– ХХ ғасыр басындағы
қазақ прозасының қазанына үлкен көркемдік олжа әкелген ерен
аңсарлы дүние.
М. Жұмабаевтың сезімді, махаббатты суреттеуде
қазақ әдебиетіне тәсілдік, стильдік
тұрғыдан жаңалық әкелгені ақиқат. Ол
М. Әуезов, Ж. Аймауытовтар сынды 20-шы жылдардағы
психологиялық прозаның шебері болды. Өліммен қатар
өмірге деген құштарлық, шетсіз-шексіз ойдың тұңғиығы
мен күнделікті күйбең тіршілік, рух өрлігі мен
қайғыға салыну, махаббат пен дүниеден безіну
сияқты қым-қиғаш жағдайлар - суреткер болмысына
тән. М. Жұмабаев адам
баласының рухани жетілуіне кедергі келтіретін, оны жабайы қалпында
ұстауға тырысатын таптық түсінікке қарсы көзқарасын
ашық білдірді.
М. Жұмабаев
дүниенің қарама-қайшылығын сезінумен қатар
болмыстың осы қасиетімен қызық екенін түйсінді.
Суреткерді шытырман жағдайлар жалаң күйінде
қызықтырмайды. Ол
ақиқатқа жету жолында қарама-қарсы
категорияларды, ұғымдарды, ойларды бір арнаға
тоғыстырады. Суреткердің адам болмысының, оның ішінде
әйел табиғатының күрделілігін, қайшылығын
және жұмбақтығын: тұлғаның бір
мезгілде асқақ арман биігіне көтеріліп, күнделікті
күйкіліктің қалыбынан шыға алмау қабілетін,
діндар және күнәһар, мейірімді әрі қатігез
бола алатынын бейнелеуі негізгі шығармашылық нысанға
айналды. Осы сипат ХХ ғасыр
басында жарық көрген шығармалар көшіндегі Мағжан
туындысына ерекше рең, өзгеше сипат береді.
Жеке
тұлғаның жаза басып, ары мен нәпсі арасындағы
арпалысы, қым-қиғаш сезімдер тартысы негізінде екіұдайы күйге
түсуін шеберлікпен бейнелеу М. Жұмабаев прозасының
көркемдік жаңалығы болды. «Шолпанның
күнәсі» әңгімесінде осындай идеялар
жаңғырық тапты. М. Жұмабаев осы шығармасы
арқылы қазақ прозасының қалыптасу
тұсындағы дәстүрлі әйел теңсіздігі
тақырыбын ғана емес, әйелдің бақыт
жолындағы арпалысын, жан дүниесіндегі сезімдер тартысын жүрек түкпірінен зерделеуімен
ерекшеленеді. Жазушы әйелдің «бақытты жар, ана болсам» деген
арманын күйзелткен тағдыр
мұңы мен зарының иірімдерін, зардабын тереңнен
қозғайды. Шығарманың мұңды бесік жырымен
басталуы болашақ қайғылы оқиғаны
тұспалдайды. Әңгімеде
Шолпан мен Сәрсембай – әуел баста бір-бірін сүйіп
қосылған жандар. Алайда баланың болмауы олардың арасына
жарықшақ түсіреді. Жас кезінде бала көтеруден бойын аулақ салып, «бала бере
көрме» деп тілеген Шолпан Сәрсенбайдың көршінің
балаларына көңілі ауғанын көріп, күрт
өзгереді. Ол енді алғашқы райынан қайтып,
құдайға мінәжат етіп, бала сұрайды.
Шолпан –
оқшау кейіпкер. Шолпанның өмірі де, ойлау жүйесі
өз ортасынан өзгешеленіп, сол тұстағы
қоғамдағы қазақ әйелдерінен дараланады. Ол
– сол тұстағы дәстүрлі қазақ әйелінен
характерлік даму эволюциясы өзгеше, ешкімге ұқсамайтын, соны
тұлға. Ауылдағы көп әйелдердің бірі емес,
өз теңіне қосылған, танымы мен түсінігі
бөлек, тәкаппар, қатарынан оқ бойы озық.
Өзгені ойлауға мұршасы жоқ, мына дүниеде тек
өзі мен күйеуі ғана бар. Оның санасындағы
екұдайылық реалды болмыстан алшақтай отырып,
өзінің қалауындағы, ішкі дүниесінің
талабына сай өзге әлем жасауға ұмтылысында жатыр.
Шығармада өз әрекетін күнә, қылмыс деп
қармайтын Шолпанды жеңіл жүрісті әйел дей алмаймыз.
Өйткені ол қандай жолмен болса да, күйеуін бақытты
етудің, бала сүюдің құрбаны болуға дайын.
Шолпан өз күнәсіне арының алдында жауап береді. Оны
бас-көзге қарамай соғып жатқанда, оның
қорғанбауы, аяушылық сұрамауы осыны көрсетеді.
Шолпан өз қиялының неге күйрегеніне, оның
себебіне тереңдемейді. Ол тіпті Сәрсенбайдың үйінде
тәрбиеленетін болашақ баласының тағдыры туралы да
ойланып жатпайды. Бұл кереғарлық түйін Шолпанның
өз басында, санасында өтіп жатыр. Тағдырдың
әділетсіздігін түзеткісі келген Шолпан өзімен-өзі бір
жақ та, бүкіл дүние бір жақ. Міне, осы тұста
Шолпан табиғатының екіұдайылығы көрінеді.
Шығарма
бастан-аяқ Шолпанның ой толғанысына, санасындағы
тартысқа құрылған. Оқиға желісі, кейіпкерлер
характері Шолпанның көзімен, ойы мен санасындағы «таластан»
сомдалады. Жазушы мәңгілік мәселе етіп адамның
өзін-өзі табуын, өзінің ішкі дүниесін
түсінуін қояды. Әңгімеде бар оқиға
Шолпанның санасындағы құбылыстар арқылы дамиды.
Ол – жалғыз және сырымен жан адаммен бөліспейді.
М. Жұмабаев
«күнә» тақырыбына жаңа қырынын келеді. Адамды
дүниенің жалғандығы, соған қарамастан
қызығы өз иіріміне салады. Өлерінің алдында
Шолпанның санасында бүкіл өмірі алдынан
«найжағайдың отындай жарқ етіп» өте шығады:
жаңа шолпысының сыңғыры, Сәрсенбаймен
алғашқы кездесуі, оның өзін алып кетуге келуі,
алғашқы түні... және молданың үкім
оқып, күбірлеген дауысы. Кейіпкердің жан дүниесіндегі
сән-салтанат пен оның өмірге құштарлығы
дүниенің опасыз жалғандығымен
қайшылыққа түседі. Кейіпкер өз өлімі
арқылы жазықсыз «күнәдан» арылғандай күй
кешеді. Шолпанның
бақытқа ұмтылған адамшылық болмысы мен
тұрмыс, тағдыр шарасыздығы күйзелткен
қайғы-шерін суреттеуге құрылған кереғар
оқиғалар өз шешімін трагедия арқылы табады.
М. Жұмабаевтың философиялық лирикасында да,
«Шолпанның күнәсі» әңгімесінде де
тұрақты мотив – адам тағдыры тақырыбы жоталанып
көрінеді. М. Жұмабаев концепциясында ол құпия да
қатал, жұмбақ та еліктіргіш, қашып құтыла
алмайтын әрі адамға
тән емес ғарыштық күштердің көрінісі ретінде қабылданады.
Суреткердің
романтикалық-символистік дүние қабылдауында тағдыр тақырыбы өлім
тақырыбымен етене байланысты.
Ақын шығармаларындағы лирикалық кейіпкер
өлгеннен кейін кеудеден жанның ұшып кетуін бір терең тылсым, қасиетті
құпия ретінде
қабылдайды. Б. Майтанов: «Өмір мен өлім тайталасын
романтиктер де, осы әдістің аясында қанат жайған
символистер (бейнешілер – Ж. Аймауытовтың термині) де жырлайды.
М. Жұмабаевтың туындыларында осы екі сарын молынан
қамтылады. Мұндай творчестволық өрнек қаламгер стилінің басқа
жағдаяттарға да байланысты соны қырларын танытпақ» [2,
56] – дейді. «Шолпанның күнәсі» шығармасында
романтикалық, символистік сарын реалистік шеберлікпен,
психологиялық тереңдікпен тұтастықта көрініс
береді.
Жазушы жас
өмірі қиылған Шолпанды
қаралап-даттамайды да, ақтамайды да. Оқырманға
бағасын өзі берсін дегендей өз пікірін таңбайды да,
ойлануға азық болар
ұзын арқан, кең тұсау ой тастайды. Бірақ
М. Жұмабаевтың
қандай жағдай болса да, қандай қателіктер жасаса
да, әрқашан адам өмірінің құнды,
бағалы екендігін болмыс
заңдылығының басты
бағдары деп танитынын байқаймыз. Автордың өз
қаһарманына деген жанашырлығы айқын да терең.
Мағжан әңгімесінің астарында ең асыл
арманының жолында өлген қорғансыз, нәзік, аруды
жоқтаған аза жатыр. ХХ
ғасыр басындағы
әйел тағдыры
тақырыбына қол артқан қазақ жазушыларының түпкілікті идеясы жеке
тұлға бостандығы мен
жеке адамды қайталанбайтын
рухани
құндылық ретінде қадірлейтінін
бағамдаймыз. Әңгіме қарапайым оқиға
желісіне құрылғанымен, адам психикасының күрделі қатпарларын
қозғап, астарында көп ойларға меңзейді.
Кейіпкердің алға қойған мақсаты мен
бүкпесіз шындығы, іс-әрекетінің қайшылығы
шығарманың көркемдік деңгейін көтере
түседі.
М. Жұмабаев
стилінің күрделілігі, даралығы бірден көзге
түседі. Шығармада Шолпанның, яғни «рухани
құлаған» тұлғаның ішкі жан
дүниесінің екіге жарылуы, жоғары мен төменнің,
діндарлық пен нәпсіқұмарлықтың,
құдай мен шайтанның арасындағы сергелдеңі романтикалық арнада дамиды.
Шағын әңгіме сана күресінен, пікір
қайшылығынан, ой арпалысынан тұрады. Шығарманың
басты эстетикалық сапасы – кейіпкердің ішкі әлемін
күрделі психологиялық талдау, оның әдеттен тыс
шытырман, қым-қуыт рефлексиялық күйлерін ашып
көрсету. М. Жұмабаевтың
шағын шығармасы қазақ әйелінің басында бола бермейтін тосын оқиға арқылы айтар ойының
күрделілігімен, психологиялық шеберлігімен, әйел
затының жан иірімдерін, зар-қайғысын тереңнен
толғауымен ерекшеленеді. «Шолпанның күнәсі»
реализмнің қалыпты шеңберіне сыймайды. Шын мәнінде де,
ақ некеден аттап, жат қылыққа барған,
күйеуінің алдында «қылмысты, күнәлі»
болған Шолпан өз қасіретімен, өмірін
құрбандыққа
шалуымен-ақ сол күнәсін жуады, тазарады. ХХ
ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің
дамуында М. Жұмабаев көркемдік әдісінің
өзгешелігі ең алдымен қаһарманның рухани
өмірін мүлде жаңа психологиялық баяндауында
көрінеді.
Әдебиеттер:
1
Жұмабаев М. Шығармалары: өлеңдер, поэмалар,
қара сөздер. – Алматы: Жазушы, 1989. – 448 б.
2
Майтанов Б.Қ. Сөз сыны (ХХ ғасыр әдебиетінің
көріністері). – Алматы: Ғылым, 2002. – 344 б.